Сот саласындағы пилоттық жобалардың маңызы
Еліміздесоңғы жылдары қарқынды дамып, көптеген өзгерістер енген саланың бірі – сот жүйесі.
Мәселен, отбасылық сот пилоттық жобасының енгізілуі қоғамымыздағы ажырасу, отбасы құндылығының төмендеуі, алимент берешегінің көбеюі секілді мәселелердің алдын алуда өзінің тиімді жоба екенін көрсетіп отыр. Әу баста отбасылық сотты енгізудің басты мақсаты – отбасы құқығын қорғау, кәмелеттік жасқа толмағандардың ата-анасының келісімінде өмір сүруіне, олардың тұлға ретінде қалыптасуына жәрдем ету болса, бүгінде отбасын сақтап қалу мақсатында бастапқы психологиялық көмек көрсетіп, отбасылық құндылықтарды насихаттап, қажетті іс-шаралар өткізіп, кәмелетке толмағандардың мінез-құлқын түзеу мәселелері бойынша бірлескен әлеуметтік бағдарламалар да әзірленуде.
Алғаш рет отбасылық соттың қызметі Жапонияда 1947-1948 жылдары қалыптасқан. Жапониядан кейін Франция, Англия, Белгия, Люксембург пен АҚШ-та енгізілген. Аталмыш елдерде отбасылық соттың әлі күнге жұмыс істеуі оның қоғамымызға қаншалықты қажет екенін байқатады. Біздің елімізде де ерлі-зайыптылардың ажырасуы, алимент өндіруге қатысты істердің көбейе түсуі отбасылық соттың қоғамымызға қажеттілігін айқындай түседі. Отбасылық сот аясында ерлі-зайыптылар ажырасу бойынша арыз-шағым түсірген мезетте, судьялар істі психологтарға жолдайды. Психологтармен жұмыс жүргізілген соң, медиаторлардың алдына барады. Олар бітімгершілікке шақырады. Егер іс мұнымен тоқтамаса, судья ажырасудың алдын алуға бағытталған жобаларды жүзеге асырады. Осындай кешенді жүргізілген пилоттық бағдарламаның нәтижесінде бүгінде сотқа жетпей татуласып, шаңырақтары шайқалмай сақталған отбасылар саны арта түскен. Елімізде ажырасу мәселесі ушығып тұрғанда мұндай пилоттық жобалардың маңыздылығы сезіледі.
Бүгінде осынау кешенді жобаны жүзеге асыру үшін арнайы судьялар бөлінген. Олар тек отбасылық істермен айналысады. Арнайы медиатор, психолог мамандар тартылған отбасылық сот жобасының игілігін қоғамымыз сезіне түсуде. Осыған дейін ажырасу немесе алимент төлеуді сұрағандарға судьялар тез шешім шығаратын еді. Нәтижесінде қоғамымызда ажырасатындар саны жылдам өсе түсті. Ал пилоттық жоба іске асқалы мамандар отбасылық мәселелерге терең үңіле түсіп, мәселенің шешу жолдарын жан-жақты қарастыруда. Нәтижесінде, ажырасуға арыз тастағандардың 30 пайызға жуығы, өзара келісімге келіп, іс бітімгершілікпен біткен. Қоғам үшін бұл – үлкен жетістік. Отбасы шағын мемлекет десек, мемлекетіміз осындай шағын мемлекеттердің жемісі. Ендеше, отбасыларды сақтап қалуға барынша тырысуда отбасылық сот жобасы өзінің тиімділігін көрсете түсуде.
Жалпы, соңғы жылдары өзге елдерде сәтті жүзеге асып жатқан жобаларды салаға енгізудің нәтижесі жоғары болып отыр. Осы орайда отбасылық сот жобасы да қоғам қажеттілігінен туындап отырған жоба деуге болады. Алдағы уақытта отбасылық сот аясында атқарылып жатқан жұмыстар мен кешенді бағдарламалардың нәтижесінде отбасына қатысты туындаған мәселелердің азая түсетініне сенім мол!
Осы орайда отбасылық сот жобасына қоса, «түнгі сот» пилоттық жобасына да тоқтала кетсек, 2018 жылы сот органдары шет елдердің тәжірибесі негізінде ұсақ істерді қарауға уақыт бөлу үшін «түнгі сот» жобасының іске қосылатынын айтып, сүйіншілеген болатын. Атап айтқанда, аталмыш жобаның қаралымына жол-көлік оқиғасы, отбасы-тұрмыстық қатынастар, ұсақ бұзақылық және т.б. құқық бұзушылықтар жатады. Түнгі сотты өткізудің басты талабы – «айыпталушы өз кінәсін мойындауы керек». Еш адвокатсыз, жауапкер күдіктінің мойындауынсыз, келісімінсіз түн ішінде сот өткізіп, ондаған тәулікке қамау үкімін шығару дұрыс емес. Түнгі соттың негізгі қызметі, мақсаты жол көлік оқиғасы, отбасылық жанжал туғанда дер уақытында азаматтардың құқығын жедел қалпына келтіру үшін қолға алынған шара деуге болады. Яғни халықтың сотқа сенімін арттыру үшін, адам құқығы дер кезінде қорғалуы үшін қолға алынған «түнгі сот» жобасы осынысымен құнды. Ең жоғарғы мінбер – прокурор, тергеу және қорғау тараптары үлкен сыйластықпен баратын сот қызметі өзіне артылған міндетті абыроймен көтеруі шарт. Сондықтан «түнгі соттардың» әділ шешім шығаруы бәрінен маңызды. Түнгі сот мемлекеттік институт ретінде жолға қойылуы үшін қазір көптеген жұмыстар атқарылуда.
Атап өтер жайт, мұндай пилоттық жобалар алғашында сынақ ретінде белгілі бір өңірде ғана қолданысқа енгізіліп, кейін тиімділігін дәлелдесе ғана жалпыхалықтың деңгейде, ресми түрде қолданысқа еніп жатады. Осы орайда отбасылық сот та, түнгі сот та қоғамның көңілінен шығып жатқан сәтті пилоттық жобалар деуге болады.