Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:34, 17 Тамыз 2022

Сот жүйесі уақыт сұранысына сай бейімделуде

None
None

Тәуелсіздік алған жылдар ішінде еліміздің сот жүйесі қалыптасып, жұмысын жүйелеп, барынша жетілдіріліп, халықаралық талаптарға жақындай түсті.

Жыл өткен сайын заңдарымызға да өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, уақыт сұранысына сай жаңару үстінде. Салаға енгізілген сандық технология да сот жүйесінің уақыт сұранысына сай бейімделуіне ықпал етуде.  

Мәселен, бүгінгі күні тараптар барлық процестерге видео байланыс арқылы қашықтан қатысып, талап-арыздарын сот кабинеті арқылы онлайн тапсырып, сот мамандары халықтың түрлі сұрақтары мен өтініштері бойынша әлеуметтік желілерде кері байланыс орнатуда. Мұндай ашықтық пен жариялылықтың сот жүйесін халыққа жақындатуда маңыздылығы жоғары екені сөзсіз. Халық пен соттардың арасын жақындату мақсатында жасалып жатқан тағы бір игі іс ол соттардың өз шешімдерін түсіндіруі. Қазіргі таңда «Сот шешімі туралы» нормативтік қаулыға өзгерістер енгізіліп, судьялар сот шешімін жариялағаннан кейін тараптарға өз шешімін түсіндіруде. Бұл сот актілерінің одан әрі талқыға салынбауына, азаматтардың әр шешімді түсінікпен қабылдауына, сотқа деген сенім мен құрметті арттыруға септігін тигізуде. Бұрын сот өз шешімі жайлы хабарлаған соң сот отырысынан шығып кететін. Ал қазір өз шешімін түсіндіріп, халыққа сот шешімін түсіндіруге әрекеттер жасалуда. Бүгінгі күні сот шешіміне қатысты наразылықтардың азаюы бұл өзгерістің оң ықпалы болғанын көрсетіп отыр.

Сондай-ақ елімізде Жоғарғы Соттың бастамасымен халықаралық тәжірибе мен бабаларымыздан қалған бітімгершілік заңын сабақтастыра отырып, дауларды сотсыз шешу жобалары өз жемісін беріп келеді. Түрлі факторлар зерделеніп, медиация мен бітімгерлік шаралары ынталандырылуда. «Сотқа даумен келген азаматтарға сотқа дейін де, сотта да татуласа алатын мүмкіндік туғызылуы сот істерінің де азаюына айтарлықтай ықпал етуде. Сотқа дейінгі татуласу бойынша медиаторлар, заңгерлер және басқа да кәсіби мамандар дауласушы тараптарға құқықтық көмек көрсетсе, сотта татуласу бойынша кез келген уақытта тараптар істі тоқтатып, судья-медиаторға жүгіне алады. Оған қоса, өңіріміздегі соттарда медиация кабинеттері ашылды, пилоттық тәртіпте татуластырушы-судьялар жұмыс істеуде. Билер кеңесі құрылып, сотқа түскен дауларды қарауда. Онлайн режимде тараптарды татуластыра алатын, өз шешімін түсінікті тілде түсіндіре білетін, кез келген дауды шешуде заң мен арды қатар ұстап, біліктілікпен шеше білетін судья – тәуелсіз елдің нағыз тәуелсіз судьясы болып қалыптасатынын уақыт көрсет отыр.

Соңғы жылдары салада жасалған тағы бір өзгеріс әкімшілік әділет институтының жандануы. Мемлекет басшысының жария-құқықтық дауларда билік пен қарапайым азаматтар тең болмайтынына алаңдауы салада өзгеріс қажет екенін аңғартты. Президент тапсырмасынан кейін заң жобасын дайындау бойынша кешенді жұмыстар қолға алынып, бүгінгі күні азаматтар өз құқығын қорғауда билік өкілдерімен де соттасуда. Әкімшілік әділет салтанат құрған елде азаматтар мемлекеттік органдармен соттасуға, кемшілігін көрсетуге қорықпауының өзі елімізде азаматтардың құқығын қорғаудың жетіліп келе жатқанын аңғартады.  

Өткен жылдың шілде айынан бері Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске үлкен міндет артылып отыр. Қазіргі таңда әкімшілік процестегі судьяның рөліне ерекше басымдық берілген. Бұрын судьялар сот ісінде белсенділік көрсетуден тартылып тұрса, қазір өз ойын білдіріп, тіпті өз құқығын толық білмей тұрған тарапқа түсіндіруге, бағыт бағдар сілтеуіне мүмкіндігі бар. Бүгінгі күні әкімшілік процестегі судья – белсенді, іске қатысты өз пікірін айта алады, қосымша деректер сұратып, қажетті анықтамаларға сұраныс жасауға да толығымен құқылы. Мұның барлығына заң аясында мүмкіндік берілген. Судьяларымыздың ҚР Конституциясында кепілдік берілгендей азаматтар құқығының мінсіз қорғалуына ықпал ете алуы саланың барынша жетіліп келе жатқанын аңғартады. Заңнамада мемлекеттік құрылымдар мен қарапайым азаматтар арасындағы дауды шешудегі теңсіздікті жоюдың барлық мүмкіндігі қарастырылуы еліміздің құқық қорғау орындарының халықтың құқығын қорғауға аса мән беріп отырғанының бір көрінісі.  

Тегтер: