Сот жүйесі уақыт сұранысына сай дамуда
Елімізде қарқынды түрде дамып, қоғам сұранысына сай бейімделіп үлгеріп келе жатқан саланың бірі сот жүйесі.
Саланың дайындығын уақыттың өзі сынап, бірнеше жыл бұрын әлем халқы карантинге орай онлайн тіршілігін жалғастырғанда, кейбір мекемелер тіпті жабылғанда – сот жүйесі ғана еш абдырамастан, халыққа деген қызметін онлайн жалғастырып, жұмыс қалыбын еш тоқтатпады. Тіпті техникалық жағынан да сақадай-сай екенінің айғағы – онлайн сот отырыстары арқылы екі тарапты кездестіріп, сот үкімін де онлайн шығарып, жұмыс ырғағын онлайн жалғап әкетті. Бұл саланың үнемі уақыт сұранысына сай екенінің айғағы.
Соңғы бес жыл көлемінде ғана сот жүйесінде қыруар жұмыс атқарылып, талай игі реформалар жасалғанын байқап отырмыз. Мәселен, соңғы жылдағы бір өзгеріс қазір Жоғарғы Сот төрағасы бұрынғыдай біреуді судья қыла алмайды. Судьяларға қойылар талап күшейді. Қабылданған жаңа тәртіп кез келген жанның судья болуына мүмкіндік те бермейді. Бір сөзбен айтқанда, біліксіз, кездейсоқ заңгерлерге 2019 жылдан бастап жол жабылды. Соттарға қойылар талап күшейіп, соңғы 5 жылда әр бесінші судья жұмысынан босатылды. Кейбірі төмендетілді, тіпті шектен шыққандары жазаға тартылды. Статистика тілінді сөйлер болсақ 475 судьяның 471-іне шара қолданылған. Бұлардың барлығы 2018-ші жылға дейін тағайындалғандар екен. Демек, судьялар корпусы жаңарып, тазарып келеді. Ал соңғы үш жылда тағайындалған судьялардың әлеуетін алдағы 3-4 жылда толық білетін боламыз. Әлі де болса судьяларды іріктеу жұмыстарына талап күшеймесе, азаймады. Демек нағыз білікті судьялардың аузынан қате шешім, бұра тарту, сот жүйесіне қарсылық туындататындай әрекет шықпайды деп үміттенеміз.
Сот жүйесіндегі тағы бір жақсы өзгеріс бұрынғыдай емес, төрағалардың билігі мен тергеу органдарының судьяларға деген ықпалы азаюда. Судьялардың тәуелсіздігі күшеюде. Бұған сот жүйесіне енгізіліп жатқан реформалар да, заңнамалар да жақсы жағынан әсер етуде. Сот тәуелсіздігі бар жерде шешімнің де әділ болары анық. Сондықтан бұл өзгерістер сот саласы қызметкерлерін қуантып отыр.
Еліміздің сот жүйесінде ауыр қылмыстар бойынша ақтау үкімі бұрынғыдан 7 есеге өсті. Бұрын тергеу біреуді қамайық деп келсе, соттар 5 пайыз жағдайда келіспейтін. Қазір бұл көрсеткіш 20 пайызға өскен. Баяғыдай бәрін соттай бермегесін прокурорлар да өздері істерді қысқартуда. Соның айқын мысалы – 2017-ші жылы 65 мың адамға іс түссе, биыл бұл көрсеткіш 35 мың адамды көрсетіп отыр.
Соңғы жылдары елімізде медиациялық істердің де қатары арта түскен. Халқымыз: «Жол мұраты – жету, дау мұраты – біту» деп бекер айтпаған. Сондықтан сотқа жетсе айлап созылатын талай істер қазір медиация арқылы тез шешілуде. Өз кезегінде Жоғарғы Сот төрағасынан бастап барлық соттар халықты дауласуға емес, татуласуға шақырып жатыр. Бұрынғыдай емес халық та медиация жүйесінің маңызын түсініп келеді. Нәтижесінде, сотқа түскен арыздар 5 жылда 2,5 есе азайған. Яғни сотқа келіп түсетін талап арыздардың 900 мыңнан 370 мыңға дейін төмендеуі байқалып отыр. Бұрын соттағы істердің 2-3 пайыз бойынша ғана татуласу болса, қазір медиация арқылы шешімін тапқан істер 40 пайызға жетіп қалыпты.
Сондай-ақ елімізде бір жарым жылдан бері әкімшілік әділет жүйесі жұмыс істеуде. Бұл жеке адам мен кәсіпкердің мемлекеттік органдармен соттасуы. Органдар бұрын 85 пайыз ұтып, 15 пайыз ұтылса, қазір, керісінше, 61 пайызы ұтылуда. Бұл да болса мемлекеттік органнан гөрі, халықтың мүддесін ойлаудан туындап отырған шара. Сәйкесінше, енгізілген реформалар өз дәрежесінде жұмыс істеуде.
Сот жүйесінің соңғы жылдардағы жетістігіне тоқтала отырып, Жоғарғы Соттың баспасөз хатшысы Айдос Сәдуақасовтың да пікірін білген едік. «Сот жүйесінде қыруар жұмыстар атқарылды. Мұның бәрі – үлкен жұмыстың бір бөлігі ғана. Мысалы, Жоғарғы Сот енгізген көп идеяның біріне тоқталайын. Әр облыста, әр қалада, әр ауданда сот бар. Онда 2 мыңнан астам судья жұмыс істейді. Күніне 6 мыңға жуық шешім шығарады. Адам болған соң олар да елмен араласады. Біреумен көрші, біреумен дос, біреумен құда дегендей. Оны жұрт көрмей тұрмайды. Сосын жергілікті билік бар, құқық қорғау органдары бар. Олар да судьямен таныс. Біреулер ұтылса, «анау судьяның танысы, бүйрегі соған бұрып кетті» деген өкпе де аз емес. Осындай өкпе ел ішіндегі наразылықты күшейтеді. Сондықтан еліміздің сот жүйесіне енгізілген «Аумақаралық соттылық» жобасы осы олқылықтың орнын толтырғандай болды. Айталық, Қызылордада арыз берсеңіз, оны робот елдегі мыңнан астам судьяның біреуіне бөледі. Мысалы, Оралға немесе Петропавлға. Сонда жемқорлық азаяды, төрағалар мен жергілікті биліктің ықпалы болмайды. Судьялардың жүктемесі де теңеседі. Бұл тәртіп болашақта апелляцияға да енеді деп күтілуде. Бұл да болса халықтың сотқа деген сенімін арттыру үшін жасалып отырған бір шара», – дейді баспасөз хатшысы. Бес жыл ішінде осынша өзгеріс жасалған сот жүйесінің алдағы уақытта да игі істері көбейе берері анық.