Социалист Антониу Жозе Сегуру Португалия президенті болып сайланды
Солшылдарға жақын Социалистік партия (PS) ұсынған кандидат Антониу Жозе Сегуру Португалиядағы президент сайлауының екінші турында аса оңшыл Chega («Жетер!») партиясының кандидаты Андре Вентураны жеңіп, мемлекет басшысы болып сайланды.
Бұл туралы Португалияның мемлекеттік телеарнасы RTP үкіметтік есеп-қисаптарға сілтеме жасап, 9 ақпанға қараған түні хабарлады.
63 жастағы Сегуру сайлаушылардың 66,8 пайыз дауысын жинаса, оның 43 жастағы қарсыласы Вентура 33,2 пайыз дауыс алған.
Андре Вентура жеңілісін мойындап, Сегуруға «сәтті президенттік мерзім» тіледі. Сонымен бірге ол өзінің партиясы Португалияда «түбегейлі өзгерістер» үшін күресті жалғастыратынын айтып, Chega өкілдері алдағы уақытта ел басқаруға келеді деген сенім білдірді.
Сегуруды сайлаудағы жеңісімен қазіргі премьер-министр, оңшыл-орталық бағыттағы Социал-демократиялық партия (PSD) жетекшісі Луиш Монтенегру құттықтады. DPA агенттігінің хабарлауынша, үкімет басшысы болашақ президентпен конструктивті ынтымақтастық орнайтынына үміт артқан.
2016 жылдан бері екі мерзім қатарынан Португалия президенті болған Марселу Ребелу де Соуза (PSD өкілі) билікті 9 наурызда тапсыруы тиіс. Осылайша, Социалистік партия өкілі 2006 жылдан бері алғаш рет ел президенті атанып отыр. Ол жылы социалист Жоржи Сампайюдың екінші президенттік мерзімі аяқталған болатын.
Португалияда президент сайлауының бірінші туры 18 қаңтарда өтті. Оның қорытындысы бойынша, 1986 жылдан бері алғаш рет үміткерлердің ешқайсысы 50 пайыздан астам дауыс жинай алмады: Сегуру – 31,1 пайыз, Вентура – 23,5 пайыз дауыс алған. Бұл елдегі саяси тұрақсыздықтың бір көрінісі ретінде бағаланып отыр, өйткені соңғы үш жылда Португалияда парламент сайлауы үш рет өткен.
Сонымен қатар, сарапшылар Сегурудың елдегі саяси жағдайды түбегейлі өзгерту мүмкіндігі шектеулі екенін айтады. Себебі Португалияда президенттің өкілеттігі негізінен өкілдік және символдық сипатқа ие. Дегенмен мемлекет басшысы парламент қабылдаған заңдарға вето қоюға, сондай-ақ ерекше жағдайларда парламентті таратып, мерзімінен бұрын сайлау тағайындауға құқылы.