Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:00

Социалистік реализмнен басталған эпостық поэтика (Константин Баранов шығармашылығы туралы)

Константин Баранов
Константин Баранов. Фото: ашық дереккөз

Константин Барановтың қазақ эпосына иллюстрация жасаған тұңғыш суретшілердің бірі екенін бүгінде көбі біле бермейді. Бірнеше жылдар қазақ мемлекеттік баспасының бас суретшісі қызметін атқарған Барановтың еңбектері еліміздің кітап графикасының алғашқы кәсіби үлгілерінің бірі саналады.

 Ол тек шығармашылықпен шектелмей, басшылық жұмыстарға да араласып, 1949-1951 жылдары Суретшілер одағының төрағасы болып қызмет етті. Сол себепті біз Александр Барановтың есімін қайта жаңғыртып, оның қазақ өнері тарихындағы орнын айқындауды жөн көрдік.

К.Баранов 1910 жылы 3 маусымда қазіргі Горький (бұрынғы Нижегород) облысы Большое Козино ауылында дүниеге келген. Суретшінің әкесі Яков Маркович Баранов атақты Сормов зауытында қазандықшы болып жұмыс істеген. Бұл зауыт жазушы А.М.Горькийдің «Ана» романына арқау болған 1902 жылғы жұмысшылардың революциялық күресінің ошағы саналады. Барановтың әкесі де, шешесі де – осы оқиғалардың белсенді қатысушылары.

К.Барановтың балалық шағы тарихи дүрбелеңдерге тұспа-тұс келді. 1914 жылы басталған Бірінші дүниежүзілік соғыс Барановтар отбасы үшін ауыр сынақ болды. Әкесі майданға аттанып, бірнеше жылдан кейін 1918 жылы қыста үйіне оралып, көп ұзамай Кеңес өкіметі жағына өтіп, алдымен партизандық жасақтарда, кейін Қызыл Армияның ерекше мақсаттағы бөлімдерінде қызмет етті.

Дәл осы жылдары суретшінің отбасы жиі көшіп-қонып жүрді. Оның балалық шағы қиындыққа, саяси шиеленіске толы болды. Бұл оқиғалар болашақ суретшінің дүниетанымына, әсіресе әлеуметтік әділетсіздікке деген сезімталдығына және кейінгі шығармашылығындағы қаһармандық тақырыптарға деген ішкі талпынысына ықпал етті.

1923 жылы барлық қиындықтарды артта тастап, Барановтар отбасы Иркутск облысының көмір өндіру орталығы Черемхово кентіне тұрақтады. Әкесі мұнда демобилизациядан кейін механик-қазандықшы болып жұмысқа орналасты. Ал К.Баранов болса 1927 жылы Иркутскіде орта мектепті бітіріп шықты. Жоғары сыныпта оқып жүргенде оның сурет салу қабілетін мұғалімі Ярослав Николаев байқап, оны суретші болуға баулыды. Мұғалімнің кеңесімен сол жылы Баранов Иркутск көркемсурет училищесіне (ол кезде – ГОСИЗО Иркутск көркемсурет шеберханалары) оқуға түседі. Осы шеберханаларда ол 1928-1930 жылдары білім алып, өнердегі алғашқы қадамдарын бастайды.

Алпамыс
Алпамыс. 1950 жылдар. Қағаздағы акварель 42x36

Оқуын аяқтағаннан кейін 1931 жылдары Баранов Новосибирск қаласындағы гарнизондық клубта суретші болып жұмыс істей жүріп, «Трибуна ударника» газетімен, «Сибирские огни», «Товарищ», «Охотник и рыбак Сибири» журналдарына сурет сала бастады. Оның болашақта графиканы таңдауына да осы жылдардағы еңбек жолы әсер етсе керек.

Барановтың шығармашылығына тағы бір әсер еткен жағдай оның 1932 жылдың басында Мәскеуге шеккен сапарын айтсақ болады. Үлкен шаһарда ол кеңестік тамаша графиктердің бірі Петр Староносовпен танысты. Староносовтың игі ықпалы жас суретшінің бойында өзіне деген қатаң талапты қалыптастырды, сондай-ақ Баранов одан кітапты безендіру және иллюстрациялау принциптері туралы құнды ақпараттар алды. Сонымен қатар Староносов оны сол кездегі көрнекті гравюра шеберлері: И.Н.Павлов, И.А.Соколов, М.В.Маторинмен таныстырды. Бұл шеберлер Барановтың өнердегі философиялық және техникалық деңгейін арттырды.

Баранов Новосибирскіге оралған соң тиянақты жұмысқа кірісіп, М.Ошаровтың «Солтүстік ертегілерін», «Үшінші буын» жинағын, И.Ерошиннің «Алтай әндерін» (линогравюра техникасында) және беларусь ақыны Александровичтің «Күн мен әндер» кітабын (ағаш гравюрасы техникасында) иллюстрациялады және безендірді.

Осы орайда графиктің М.Ошаровтың «Солтүстік ертегілеріне» жасаған иллюстрацияларын ерекше атап өтпеске болмас. Бұл туындыларда суретші солтүстіктің түрленген ландшафтық ерекшеліктерін – тайганы, ұсақ шоқыларды, көлді орманды тундраны шағын кеңістікке сыйғыза білді. Солтүстік өлкенің аңшылармен, бұғы өсірушілермен танысып, оларды кейіпкер немесе модель ретінде пайдаланды. Бұл жұмыстардағы этнографиялық дәлдік пен тарихи контекстті терең сезіну оның кейін қазақ эпосы иллюстрацияларында көрініс табатын шеберліктің алғышарты болды. 1935 жылы «Солтүстік ертегілерінен» кейін Баранов И.Ерошиннің «Алтай әндерін» безендірді, И.Ряполовтың «Бүлікшілер» повесін және А.Кравковтың «Мұздағы жыл» кітаптарын көркемдеді.

1940 жылы К.Баранов Новосибирскіден Алматы қаласына келді. Оның Қазақстанға келуінің нақты себептері белгісіз болғанымен, бұл шешімнің шығармашылық ортаға тигізген әсері өте жемісті болды. Баранов келген жылдары жаңадан ғана құрылып үлгерген республикалық Суретшілер одағы негізінен суретші-графиктерден тұратын. Осы шығармашылық ұжымның құрамына кірген Баранов одақтың ісіне өзінің үлесін қоса бастады. Ол Алматыға келген алғашқы күндерінен бастап қазақстандық көрнекті суретшілер: Георгий Брылов, Қожа Қожықов, Николай Крутильников, Әубәкір Ысмайылов сияқты шеберлермен танысты.

Константин Баранов Қазақстан баспаларында 35 жылдан астам уақыт қызмет етті, оның ішінде 10 жылға жуық Қазақ мемлекеттік баспасының бас суретшісі болды. Сонымен қатар ол Қазақ мемлекеттік баспасында және «Қазақстан әдебиеті мен өнері» (қазіргі «Простор»), «Пионер» журналдарының редакцияларында жұмыс істеді.

1941 жылы Совет-Герман соғысы тұтанды, бұл жолы әкесі емес, Барановтың өзі майданға аттануына тура келді. Майданда ол топограф ретінде артиллериялық панорамаларды салып, бірнеше ірі шайқастардан өтті. Соғыстан аман-есен оралған ол 1946 жылы Алматыға келіп, өзі бұрын жұмыс істеген баспалардағы қызметін жалғастырды.

Бұл кезеңде КСРО өнерінде жалғыз ресми танылған әдіс социалистік реализм оның да шығармашылығының басты бағытына айналды. Суретшінің негізгі міндеті кеңес адамының еңбегі мен ерлігін дәріптеу және бейнелеу болды. Баранов осы мақсатта еңбек адамдары шоғырланған жерлерге барып, олардың бейнесін өнер арқылы жеткізуге тырысты. Дәл осы жылдары Барановтың әйгілі «Тың игерушілер туралы», «Қарағанды шахтерлері туралы», Теміртау металлургтері туралы» линогравюралар циклі дүниеге келді.

Соғыстан кейінгі жылдары Константин республиканың көркемсурет өміріне ерекше белсенділікпен атсалысып, кітап безендірумен қатар станоктық гравюралар жасауға ден қойды. Константин бірнеше рет Қазақстан Суретшілер одағының басқарма мүшесі, Қазақ КСР Көркемсурет Қорының мүшесі, партұйым хатшысының орынбасары, тексеру комиссиясының мүшесі болып сайланды. 1947 жылдан бастап, Константин КСРО Суретшілер одағының мүшесі болса, 1948 жылы Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы қызметін атқарды. Осы ауқымды қоғамдық міндеттер оның станоктық және кітап графикасындағы шығармашылық жұмысының қарқынын азайтқан жоқ.

Баранов эпостық мұрамен қатар Кеңестік Қазақстан жазушыларының шығармаларын да үзбей иллюстрациялады. 1940-шы жылдардың соңында ол «Азаттық» әңгімелер мен өлеңдер жинағын, Ә.Сәрсенбаевтың «Ақша бұлт» өлеңдер кітабын, 1916 жылғы көтеріліс туралы К.Әзірбаевтың «Әли-Батыр» поэмасын, кейінірек И.Шуховтың «Ащы желі», С.Мұқановтың «Ботагөз» және басқа да көптеген шығармаларды безендірді.

Қазақ кітап графикасының кәсіби негізін қалауға атсалысып, қоғамдық қызметте белсенді болған К.Баранов 1985 жылы 15 қыркүйекте ұзаққа созылған ауыр науқастан 75 жасқа қараған шағында Алматы қаласында дүниеден өтті.

Соғыстағы жылдар

1941 жылдың 3 қыркүйегі Константин Баранов Алматыда құрылып жатқан 391-ші атқыштар дивизиясының 951-ші артиллериялық полкіне топографиялық барлау бөлімшесінің құрамына шақырылды. Дивизия алдымен Мәскеуді қорғауға қатысып, содан кейін 3-ші соққы беретін әскер құрамында Солтүстік-Батыс майданға, Ескі Русса бағытына ауыстырылды.

Майдан шебінде К.Баранов топограф ретінде маңызды әрі өзінің суретшілік қабілетін талап ететін міндетті атқарды. Ол нысаналардың бағдарларын көрсететін, соғыс үшін өте қажет «Артиллериялық панорамаларды» салумен айналысты.

1943 жылы К.Баранов Мәскеу маңында, Ұлы Луки, Невель, Новоржевск және Латвия жерлеріндегі шабуыл және қорғаныс ұрыстарында болды. 1944 жылдың қыркүйегінде Риганы азат етуге қатысып, кейіннен Польша, Одерден өту және Германия шайқастарына қатысты. Жеңісті Чехословакияда қарсы алды.

Соғыс аяқталған соң 1945 жылдың жазында 391-ші Қызылтулы атқыштар дивизиясы таратылып, 951-ші артиллериялық полк 406-шы артиллериялық бригада құрамына қосылып, Австриядағы Вена аймағына ауыстырылды.

1946 жылдың маусымында К.Баранов лейтенант шенінде, батарея басқару командирі қызметінен демобилизацияланды. Ерлігі үшін ол: «Қызыл Жұлдыз» орденімен; «Отан соғысы 2-дәрежелі» орденімен;» «Ерлігі үшін» медалімен; «Мәскеуді қорғағаны үшін» медалімен; «Праганы алғаны үшін» медалімен; «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталды.

Сәбит Мұқановтың портреті
Сәбит Мұқановтың портреті, 1970 жылдар, қағаз, литография 40x28

Қазақ эпосы

1950 жылдардың басы Қазақстанда баспа ісінің күрт өрлеу кезеңі болды. Осыған байланысты кітап графикасының дамуы аса өзекті міндеттердің біріне айналды. Кітап иллюстрациясының қайнаған ортасында қызмет еткен К.Баранов осы миссияға өз үлесін қосуға тырысты. Ол қазақ халық шығармашылығының тарихи-мәдени ескерткіштерін ерекше ықыласпен зерттеді. Себебі оның алдында сурет арқылы қазақ эпосының терең философиялық және қаһармандық бейнесін сомдау міндеті тұрды. Дәл осы ізденістердің нәтижесінде ол «Қазақ ертегілерін», «Қазақ эпосын», «Қазақ және ұйғыр ертегілерін» және «Махаббат дастандарын» иллюстрациялады. Бұл топтамалар суретшінің кітап графикасындағы ең ауқымды әрі көркемдік тұрғыдан маңызды жобаларының бірі болды.

Ал бұл топтамалар кітапқа жасалған иллюстрациялар болғасын, оның басты оқырманы жас ұрпақ екендігін ескерген жөн. Барановтың суреттері оқырманға тақырыптық ақпарат беруден бөлек, эстетикалық тәрбие беруі тиіс болды. Сондықтан болар суретші бірден көз тартар әдемі иллюстрациялар жасауға тырысты. Соның нәтижесінде бұл туындылардағы оқиғалар поэтикалық тереңдікке толы бейнелерге айналады.

Отар
Отар. 1970 жылдар, қағаз, линогравюра 44x62

Иллюстрациялардың әр бөлшегі: кейіпкердің киімі, оның қозғалысы, тіпті айналасындағы табиғатқа дейін көрерменді өзіне тартады. Мәселен, жауынгерлердің айқас сәті бейнеленген туындыларында аттар мен шабандоздар ең шиеленіскен динамикалық ракурстарда беріліп, қозғалыс пен күш-жігердің драматизмін күшейтеді.

Барановтың еңбектерінің тағы бір үлкен құндылығы оның ізденістерінде жатыр. Суретші батырлардың сауыт-саймандарын, қару-жарағын (жебе, қылыш, найза, қалқан), тіпті ат әбзелдерін (ер-тұрман, жүген) мұқият бейнелейді. Оның бұл жұмысы этнографиялық дәлдік пен шығармашылық еркіндікті ұштастырды. Бұл дегеніміз – тарихтың материалдық мәдениетінің көрінісін көркемдік еркіндік призмасынан өткізіп, оны мәңгілік символға айналдыру.

Сөз соңында айтарымыз: Кез келген тарих – бұл уақыт универсумында жүзеге асатын ұлттық рухтың онтологиялық көрінісі. Оның ұзақтығы немесе мәңгілігі халықтың дәстүрімен, ғасырлар бойы сақталған тұрмыс-салтымен және ұрпақтан-ұрпаққа мұқият беріліп келе жатқан құдіретті эпостарымен ғана өлшенуі мүмкін. Міне, осы мәдени-тарихи континуумда сурет өнері – эстетикалық және семиотикалық құралдар арқылы эпосқа жақындаудың ең маңызды құралына айналады. Демек, сурет өнері ұлттық мәдени жадты сақтауға, оны актуализациялауға және ең бастысы, оны жаңа ұрпақтың санасына жеткізуге себепші болатын философиялық акт бола алады...

Санжар Сырғабаев

суретші-өнертанушы