Социалистік реализмнің канондық рамкаларынан шыға алмаған әдеби байқаулар немесе әдебиеттегі «еңбек адамы»
Совет үкіметі кезінде өнердің қай түрі болса да белгілі деңгейде идеологияға қызмет етті, қолдағы қаруына айналды.
Соның ішінде сөз өнері де коммунистік мораль идеяның насихатшысына айналып кеткені жасырын емес. Мерзімді басылымдарды, баспалардан шығатын кітаптарды Орталық комитет қадағалап, бақылап отырды. Артық-ауыс ештеңе жібермеді, Советтік идеологияға «қайшы» дүниелер сылынып алып тасталды. Абайсызда цензурадан сыналап өтіп кеткен кітаптар баспаханада туралды. Макулатураға жіберілді. Баспасөзде жарияланып кеткен бірлі- жарым «Совет үкіметіне қарсы» дүниелер үшін редакцияларға, редакторларға аяусыз сөгіс жарияланды. Бір сөзбен айтқанда, советтік жүйе өнерді қолбала есебінде пайдаланды.
Осындай пәрменнің, нұсқаудың кесірінен өнер дегеніміздің мамандық та, күнкөріс көзі не идеология құралы емес, күллі адамзаттың қасіретін айғақтап, мың қатпарлы адам жанының нәзік иірімдеріне терең бойлайтын еркін шығармашылық екенін ұмыт қалдырдық. Анығында, әдебиеттен идеология жасау – өнердің өзегі саналатын рух, ар-ойдың тұнығын былғап, табиғатынан айырады. Советтік әдебиеттің тірегіне айналған социалистік реализмнің канондық рамкалары ұлттық әдебиеттегі еркін ой мен рухты жаншып тастауға көп ықпал етті. Әсіресе кеңестік кезеңде еңбекші тұлғалардың бейнесін ашуға бағытталған шығармалар, идеологияның қолшоқпарына айналған қаламгерлер – осының бір көрінісі болса керек. Әрине, біз – Совет қазақ әдебиетін, ондағы қадау-қадау қаламгерлердің шығармашылық еңбегін тұтастай мансұқтағалы отырған жоқпыз. Қақпаймен, шектеуден сытылып, қиялап жол тауып, жауһар дүниелер жаратқан қаламгерлеріміз қаншама? Біз мұнда жалпы Совет үкіметі тұсында өнердің, әдебиеттің идеологияға қызмет еткенін айтпақшымыз. Сондай-ақ әдебиет қашан да өз биігінде қалғаны дұрыс дейміз. Дегенмен тәуелсіздікке қолымыз жеткен соң да Советтік қасаң, жаттанды идеялардан арыла алмадық. Керісінше, ескі сүрлеумен әлі мимырттап келеміз. Мысалы, мәдениет министрлігі осыдан бірнеше ай бұрын қаламгерлерге арнап еңбекші тұлғалардың бейнесін ашып көрсетуге, қоғамдағы қарапайым еңбек мамандықтарын насихаттауға бағытталған әдеби байқау жариялады. Талаптарын оқи қалсаң, Кеңес үкіметінен қалған идеологияның сарқыншағы секілді көрінеді. Егер сіз Совет үкіметі тұсында жарық көрген ескі газет-журналдарды ақтарыстырсаңыз, мұндай мәтіндерге көптеп жолығар едіңіз. Осындай оқиғалардан соң еңбек адамын насихаттауға, жұмысшы тұлғаның бейнесін ашуға арналған осындай бәйге-байқаулар, жобалар әдебиет пен мәдениетті қайтадан идеологияның құралына айналдырып, социалистік реализмге бастап әкелмей ме деген сұрақ туындауы заңды. Жоғарыда біз мысалға келтірген байқау осы бағытта жарияланған алғашқы не соңғы әдеби байқау емес екені анық. Бүгінгі әдеби өмірде әртүрлі тақырыптағы азды-көп әдеби бәйгелер мен жобалар жиі ұйымдастырылып жүр. Мәре төріне бірінші келген қаламгерлер мен «әттеген-айлап» қалғандар кейде қырықпышақ болып жатса, кейде орынды сын-пікірлер айтылып та қалады. Қалай десек те, әдеби бәйгенің айналасында дау-дамай мен атүсті пікір, алыпқашпа әңгіме көп. Бүгінгі қазақ әдебиетінде байқаудан жүлде алса да оқылмай қалған шығармалар да, мүлде байқау көрмеген, бірақ жақсы оқылған шығармалар да жетерлік. Көп байқаудың талабы қаламгерге тақырыптық, жанрлық шектеулер қоятынын байқауға болады. Әдеби жоба, байқау атаулының бәрі ұлттық әдебиеттің дамуына пайдасын тигізіп, қазақ әдебиетін байытып жатыр ма? Әлде мұның бәрі өзара бәйге бөлісу ме? Мүмкін мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар тарапынан берілетін әртүрлі марапаттарға өзгеріс керек шығар. Біз осы сұрақты біраз жас әдебиетшілерге қойып көрдік, алайда көбісі өз пікірін білдіруден, ойын ашық айтудан тартынды. Шығармашылық адам еркін болуы керек дегенімізбен, бұл осындай байқаулардың салқыны емес пе деген ой туады. Осы тақырып аясында біз бүгін жазушы Ырысбек Дәбей, Арман Әлменбет және әдебиеттанушы Нұрбол Құдайбергеннің пікірін білдік.
Ж.А: Мәдениет министрлігі осыдан бірнеше ай бұрын қаламгерлерге арнап еңбекші тұлғалардың бейнесін ашып көрсетуге, қоғамдағы қарапайым еңбек мамандықтарын насихаттауға бағытталған байқау жариялаған еді. Бұл осы бағытта жарияланған алғашқы не соңғы әдеби байқау емес екені анық. Маған байқау талабы Кеңес үкіметінен қалған идеологияның сарқыншағы секілді көрінді. Осы бағыттағы әдеби байқаулар әдебиетті қайтадан идеологиясының құралына айналдырмай ма?
Ы.Д: «Еңбек адамын насихаттауға арналған байқау» дегенде, әрине, «жүз қойдан екі жүз төл алған» сәбеттік пафос, Кеңестік шаблон еске түседі. Бірақ осы байқауға қатысып, шығарма жазғысы келген жас қаламгер тәуелсіздіктің 30 жылында болған дүниелерге сергек қарап, пропаганданың жетегінде кетпесе, жақсы шығарма тудыруына болады деп ойлаймын. Мәселен, сол нысанаға алған еңбек адамың бүкіл қаржысын, энергиясын жұмсап, сонша қағазбастылықтан, сонша бюрократиядан әупірімдеп жүріп өзінің бір кәсібін ашты делік. Енді соның игілігіне кенеліп, жемісін жейтін кезде Болат Назарбаев немесе отбасының басқа мүшесі тартып алады, пайызға отырады. Әлгінің құқығы өрескел тапталады, зорлық-зомбылық көреді. Меніңше, мәселеге осы қырынан келсе, тәп-тәуір дүние жазып шығуға болар еді. Қағазбастылық, бюрократия, зорлық-зомбылық... Тамаша драмаға толы шығарма емес пе!
А.Ә: Әдеби байқаулар мен жобаларға бұрыннан көп қатыса қоймаймын. Кезінде қатысқанда да жүлде алғанымнан алмаған кезім көп. Бір жағы, қазір өндіріп жазып та жүрген жоқпын. Екі жылдан бері жазып жатқаным әлі аяқталған жоқ. Шығармамды ешқандай жоба, байқауға ұсынатын ойым да жоқ. Ал қандай да идеологияға бағытталған болса да, байқаулардың жарияланып жатқаны аса жаман нәрсе емес. Ештеңе жасамағаннан гөрі осындай бағыттағы жоба, байқаулардың жүзеге асқаны дұрыс. Әйтеуір, қалай болса да мемлекеттен жазушыларға ақша бөлінсе артық болмайды деп ойлаймын. Себебі қаламгерлер де адам, ол сондайға қатысып ақша таппаса, бәрібір тойға шығып, журналист боп, әйтеуір, ақша табудың қамымен жүреді. Одан гөрі осындай байқауларға арнап шығармалар жазғаны дұрыс. Жазылған отыз шығарманың біреуі сәтті шықса да жаман нәтиже емес қой.
Н.Қ: Мен байқау шарттарын оқығам жоқ. Сондықтан бұл байқау совет кезіндегідей идеологиялық үгіт-насихаттың құралына айналып кетпей ме деген сұраққа нақты жауап бере алмаймын. Дегенмен осындай байқаудың жариялануының өзі советтен қалған әдістердің әлі де қолданылатынын көрсетеді. Совет кезінде де төменгі тап пен орта таптың өмірін арқау еткен шығармалар көп жазылды. Саясат солай бағыттады. Қазір тап деген ұғым қолданылмайды. Бірақ қарапайым жұмысшылардың бейнесі ашылуы керек дегенінің өзі соған сілтеп тұрғандай көрінеді. Алайда бұл еңбекшілердің бейнесі әдебиетте жасалмауы керек деген сөз емес. Әрине, керек. Бірақ олардың бейнесін жасауда қандай эстетикалық негізге сүйенеді? Мысалы, совет кезінде социалистік реализмге сүйенді. Ал бұл көркемдік-эстетикалық платформаның шындық туралы өзіне тән өлшемдері бар. Болмыс туралы, адам мен қоғам туралы концепциялары бар. Арғы жағы марксизмге, позитивизмге барып тіреледі. Ол кезде де еңбекші адамдар бейнесі көп жазылды. Бірақ шынайы бейнесі ашылған жоқ. Себебі совет кезінде қарапайым еңбек адамы типтендіру арқылы суреттелді. Тип дегеніміз – белгілі бір әлеуметтік топқа тән қасиеттерді бойына жинаған кейіпкер. Мысалы, мұғалім типі, етікші типі деген сияқты. Бірақ бұл жерде жазушының мақсаты жеке тұлғаның ішкі әлемін таныту болмайды, жеке адамның мысалында жалпы қоғамды танытуды көздейді. Жеке адамның басында болатын ерекше жағдаяттарды да жаза бермейді. Көпке ортақ, бәрінің басынан кешетін жағдаяттар суреттеледі әдетте. Қазіргі байқаудың талаптарында мұндай шектеулер жоқ деп ойлаймын. Қазіргі әдебиетте объективті шындықтың орнына субъективті шындықты жазу алға шықты, кесек-кесек эпикалық сюжеттердің орнын бір адамның жан дүниесіндегі арпалыстарды ежіктеп, терең, жан-жақты талдау арқылы өмірдің күрделі де күрмеулі мәселелерін суреттеу маңызды болып отыр. Егер қазіргі әдеби-эстетикалық үрдістер аясында еңбекші адамының бейнесі ашылып жатса, оған қуану керек. Тек совет кезіндегідей типтендіру сияқты көркемдік тәсілдерден қашу керек. Себебі ол шындықтың шеңберін тарылтып жібереді.
Ж.А: Әдеби байқау деп қалдық қой. Жалпы кез келген жарияланған әдеби байқау, жобаның талаптары қандай болуы керек? Қаламгерге тақырыптық шектеу, талап қою қаншалықты дұрыс?
Ы.Д: Еркін тақырыпқа қалам сілтеуге мүмкіндік беретін байқаулар аз екені рас. Байқау өткізген тарап қаржысын тауып, ұйымдастырып отырған соң қалайда өзінің бірдеңесін тықпалайды, айтқызып қалуға әрекет етеді, талап қояды. Ол талаптары сені пропагандалық шығарма жазуға мәжбүрлейтін, намысыңа тиетіндей, қорлайтындай болса, қалыс қалған жақсы.
А.Ә: Менің ойымша, әдеби жүлдені онсыз да жазылып, оқырманға ұсынылған, кітап боп жарыққа шыққан шығармаларға берілсе ғой деймін. Мәселен, байқау шартында: «Биыл «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Түркістан», «Айқын» газеттерінде жарияланған әңгіме, «Жұлдыз», «Жалын» журналдарында жарияланған повесть-романдарға беріледі» деп тұрса, басылымдарға да жан бітер еді, оқырман да қай шығармалар бақ сынап жатқанын біліп отырар еді. Руханият саласындағы қаламақы төленетін кез келген бәйге, жүлде дегендердің болмағанынан болғаны жақсы деген ойымды тағы бір қайталап айтайыншы.
Н.Қ: Меніңше, тек қарапайым еңбек адамының бейнесін жасаңдар деген талап қоюға болмайды. Жалпы қазіргі қазақ қоғамының шындығын көрсететін шығарма десе, ол – басқа әңгіме. Біреу еңбекші бейнесін, біреу байдың бейнесін, біреу министрдің бейнесін жасап келсін. Әдебиетті еңбек адамымен шектей алмаймыз ғой. Біз қоғамда өмір сүріп жатқан әлеуметтік топтардың бәрінің бейнесін әдебиеттен көруіміз керек.
Ж.А: Бүгінгі қазақ әдебиетінде байқаудан жүлде алса да оқылмай қалған шығармалар көп. Сондай-ақ байқауға қатыспаған, бірақ жақсы оқылған шығармалар да аз емес. Қазір жарияланып жатқан әдеби конкурс, әдеби жобаларды жиі байқауға болады. Осының бәрі әдебиеттің дамуына пайдасын тигізіп, қазақ әдебиетін байытып жатыр ма? Әлде өзара бәйге бөлісу ме деген сұрақ туады.
Ы.Д: Байқауға қатысқан, жүлде алған шығармалардың бәрі ұлттық әдебиеттің дамуына үлесін қосты, керемет деуге келмес, әрине. Бірақ қаламгерге еркіндік беретін, таза әдеби шығармаларға ғана назар аударатын байқаулар да боп жатады, жақсы дүниелер жазылады. Ертеректе «Жас Алаш» ұйымдастырған, қатарынан бірнеше жыл өткен «Қазақ пен қала» байқауында (басқа да сол секілді байқаулар болды) жақсы дүниелер жазылды, жарияланды.
А.Ә: Өзара бәйгені бөлісу деген мәселемен тиісті органдар айналысуы керек. Қолымда дәлелім болмаған соң, ешкімге айып таққым келмейді. Бәйгелерге жиі қатысып, сол ортаның ішінде жүрмеген соң, шынымды айтсам, бұл тақырып маған аса қызық та емес.
Н.Қ: Бұл да әлеуметтанушыларға азық болар қызық тақырып екен. Байқаулар әдебиетті дамытып жатыр немесе дамытпай жатыр деп айта салу оңай. Оны шағын әлеуметтанулық зерттеу аясында анықтау қиын емес. Қазіргі байқауларға арнап жазылып жатқан шығармалар әдебиетке серпін береді дегенге өз басым сенбеймін. Себебі мүшәйра, байқау дегендердің өзіне тән формасы, техникасы бар сияқты. Соны меңгеріп алған кейбір қаламгерлер бар. Одан қалды, тамыр-таныстық бар... Айналып келгенде, шығарманың тағдырын оқырман шешеді. Нашар шығармаларды оқырман оқымай-ақ «соттайды». Одан артық қандай жаза керек?!.
Ж.А: Шығармашылық адамдарға еркін болуы керек деп жатамыз. Бірақ бәйге алып, жүлде алған қаламгерлер көп жағдайда ойын айтудан тартынып жатады. Бұл осындай байқаулардың салқыны емес пе?
Ы.Д: Шығармашылық адамның еркіндігін марапат-мадақ, медаль, сый-сияпат тұсаған заман бұрын да, қазір де, келешекте де бола беретін дүние ғой. Зынданда отырып та еркін, бостан жүріп те тұтқын болатын адам болмысы туралы баяғыдан айтылып келе жатыр. Айтыла да береді.
А.Ә: Әр шығармашыл адамнан қайраткерлік күту дұрыс емес. Қайраткерлік санаулы адамның ғана қолынан келеді. Біреуге атақ-даңқ бергеніңмен, қайраткер боп кетпейтіні анық. Ал енді қайраткер боп жүрген адам атақ-абыройға қол жеткізген соң үнсіз қалса, қайратын о бастан сол мақсатқа жұмсаған шығар. Біреуді жазғырудың қажеті жоқ. Мәселе, тіпті де, атақ-даңқта емес секілді. Тақырыпты тереңірек қазатын болсақ, жік-жікке бөліну, атақ-абырой алып берген ағалардың айтқанымен жүру, солардың ықпалынан шыға алмау сынды кеселдің бар екені рас. Әдеби ортада атақ алса, беталды емес, біреудің арқасында ғана қол жеткізу сынды құбылыстар байқалып қалады. Кезінде бұл жайтты сынап, ашық айтқан да едім. Бірақ айтумен ғана ештеңе өзгермейді. Бұл құбылыс түбегейлі жойылып кетпейді. Бірақ ең болмаса, рушылдық-жүзшілдік принциптерден ада, ортақ құндылыққа орай біріккен адамдардың шоғыры шықса дұрыс болар еді.
Дайындаған Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ