Сотта күдікті Әскентай Қаржаубай Нұрымовтың үстінен қылмыстық іс қозғауды сұрады

16 жасар Шерзат Полат қазасына қатысты істегі күдікті Дархан Әскентай жағдайды Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов ушықтырды деп есептейді.
Ол ерегесті бастаған да, адам жинаған да, пышақты бірінші болып шығарған да Қаржаубай Нұрымов екенін жеткізіп, «Шерзатты әкесі арандатты» деді.
Дархан Әскентай Қаржаубай Нұрымовтың үстінен қылмыстық кодекстің 293-бабы бойынша іс қозғауды сұрады.
Сотталушы Нұрбол Тоқтаубаев та сөзін отбасыдан кешірім сұраудан бастады.
Марқұмның жатқан жері жайлы болсын. Өкінем. Тергеу барысында өз кінәмді жартылай мойындаймын. Ешқандай қылмыс жасау ниетім болған жоқ. Менен Дархан көмек сұрады. Оның жайын білуі үшін бардым. Ешқандай күш қолданған жоқпын. Мен екеуін татуластырып, Дарханды алып кетуді ғана ойладым. Туған бауырым Азамат пен Шыңғысты ғана шақырдым. Мен жәбірленуші Нұрымовты сабырға шақырып, мәселені жанжалсыз шешуге тырыстым. “Хуторскиймін, денсаулығын балаң қояды” деген сөзді айтқан жоқпын. Олай десем, Қаржаубай маған емес, неге Дарханға пышақпен жүгіреді? Қолымда пышақ болған жоқ. Азаматтың төбелеске еш қатысы жоқ. Пышақ онда да болмаған. Жәбірленуші Ғайыпбаев мылтықты бізге қарата атқаннан кейін екі рет тептім. Сол үшін кешірім сұраймын. Маған 293-бабының 3 бөлігі деп прокурор айып тақты. Онымен келіспеймін. Шерзат Полаттың өліміне Нұрымов Қаржаубайды күдікті деп танып, қылмыстық іс қозғауды сұраймын. Төбелесте Дидар Қалиахметті көрмедім. Балалардың қолынан пышақты да көрмедім. Құрметті сот, сізден әділеттілік пен мейірім сұраймын, – деді ол.
Азамат Тоқтаубаев 7 жылға сотталған. Ол сотта судьяға тыңдап отырғаны үшін алғысын айтты.
Мен сол түні үйде болғам. Үйқамақта. Денсаулығыма байланысты дәріханаға бару керек болды. Кенет Шыңғыс сол кезде келіп қалды. Екеуміз Талғарға түсіп қайтайықшы деп өтіндім. Жөргек алуға бара жатқан едім. Сол кезде маған өзімнің көршім Нұрқияс хабарласып, кафеде отырғанын айтты. “Мені алып кетіңдерші” деді. Алып кетпек ниетте барған едік. Адамдар тобын құрып, бұзақылық жасау пиғылы болған жоқ. Шыңғысқа ағам хабарласыпты. Төбелес, пышақ дегенді білмеппін. Ағамның жағдайын білуге бардым. Қолымда қару-жарақ, пышақ болған жоқ. Беттестіру кезінде Нұрқанаттан тергеуші “Азаматтың қолынан не көрдің?” деген кезде “бабочка” дейді. Ал мұнда прокурор “ас пышағы” дейді. Мен соны түсінбедім. Сол сөзден-ақ маған жала жабылып тұр. Істі болдым. 7 жылға сотталғанымды өмір бақиға сотталғандай болып тұр. Бәрін түсініп тұрмын. бала қайтыс болды. Туған ағамның атынан кешірім сұраймын. Сол жерге барғаныма қатты өкінемін. Ағамның жағдайын білу үшін ғана бардым, – деді ол.
Жарыссөзде айыпталушы тараптың адвокаттары не деді?
• Абзал Шынасылдың адвокаты «Шерзатты әкесі өлтіріп алуы мүмкін» деген нұсқа айтты.
«Пышақ мүмкін Қаржаубайдың қолында жүргенде бір-бірімен итерісіп, абайсызда тиіп кетуі де мүмкін», - деді адвокат Жұман Әбенов.
• Абзал Шынасылдың адвокаты 16 жасар Шерзат Болаттың тәрбиесі жайлы да теріс пікір айтты.
«Төбелестің басталуына жас баланың тәрбиесін дұрыс жүргізбегені, баланы әкесі саудаға араластырғаны да дұрыс емес деп ойлаймын», - деді ол.
• Айыпталушы Дидар Қалиахметтің адвокаты өмірде жоқ Шерзат пен Нұрғанатты соттауды сұрады.
«Шерзат Полатты, Нұрқанат Ғайыпбаевты және Қаржаубай Нұрымовқа байланысты қылмыстық іс қозғау туралы жеке қаулы шығаруды сұраймын», - деді адвокат.