Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:18, 09 Сәуір 2025

Сотта Мұса Әбдірайымов өзін жәбірленуші ретінде танудан бас тартты

Мұса Әбдірайым
Фото: Жас Алаш коллаж

Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотында әуежай қызметкерін кепілге алған Машрапбек Баратовқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасуда. Бүгінгі отырысқа күдіктінің әрекетін тоқтатып, қызды құтқарған Мұса Әбдірайымов та қатысты.

Процесс түстен кейін басталды. Сот отырысының басында судья іс қатысушыларының мәртебесіне қатысты құқықтық қателік орын алғанын айтып, үзіліс жариялады. Белгілі болғандай, жәбірленуші тараптың адвокаты Мұса Әбдірайымовты да жәбірленуші ретінде тіркеген. Алайда Әбдірайымов бұл мәртебеден бас тартып, өзін куәгер ретінде ғана мойындайтынын мәлімдеді.

Ол ешқандай жарақат алмағанын, жағдайды саналы түрде бағалап әрекет еткенін, басты мақсаты — қызды құтқару болғанын айтты. Күдіктінің қолындағы пышақты бейтараптандырып, жағдайды ушықтырмауға тырысқанын жеткізген Әбдірайымов өзінің жәбірленуші ретінде тіркелуіне келіспейтінін нақтылады.

Сотта ол адвокатымен дұрыс түсініспеушілік болғанын, ешқандай шағымы жоқ екенін айтты. Бұл мәлімдемеден кейін судья үзіліс жариялап, процестің 17:00-де жалғасатынын хабарлады.

Айта кетейік, Машрапбек Баратовқа үш ауыр қылмыстық бап бойынша айып тағылып отыр: кепілге адам алу, қарумен бұзақылық жасау және терроризм актісі туралы жалған хабар беру. Ол кінәсін ішінара мойындап, әрекетінің себебін материалдық қиындықтармен және бұрынғы әскери қызмет кезінде алған жарақатымен байланыстырған.