Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:10

Сотталған Атырау облысы әкімінің экс-орынбасары тойда көзге түсті

Хаменова
Фото: Бәсе

Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары, жемқорлық үшін сотталған экс-депутат Бақытгүл Хаменованың тойда жүрген видеосы қоғам арасында талқыланып жатыр.

 Ол Атырауда өткен элиталық қыз ұзату тойында көзге түсті.

Бейнежазбадан байқауға болатындай, Хаменова сәнді киініп, облыстың жоғары лауазымды тұлғаларының ортасында, құрметті қонақ ретінде отыр. Той иесі — жоғары шенді полицей.

Еске сала кетейік, Атырау облысының бұрынғы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова ісі соңғы жылдардағы ең көп талқыланған сыбайлас жемқорлық оқиғаларының бірі болды. Бір кезде қоғамда беделді, белсенді әйел саясаткер ретінде танылған Хаменова қазір жемқорлық айыбымен сотталған шенеунік ретінде есте қалды.

2021 жылдың желтоқсанында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Бақытгүл Хаменованы пара алу күдігімен ұстағанын хабарлады. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевпен бірігіп, жергілікті кәсіпкерден Абай ескерткішін орнатуға арналған тендер бойынша 4,5 миллион теңге көлемінде пара алған.

Бұл ақша мемлекеттік сатып алу келісімін "қолайлы шешу" үшін сұралған деген айып тағылды. Кейін кәсіпкер бұл туралы құқық қорғау органдарына хабарлаған.

Сот процесі 2022 жылы басталып, бірнеше айға созылды. Айыптаушы тарап 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

Сот үкімімен Бақытгүл Хаменова кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сонымен бірге ол мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды.

Алайда сот оның екі баласы бар екенін, олардың бірі ерекше күтімді қажет ететінін ескеріп, жазаны өтеу мерзімін үш жылға кейінге қалдырды.

Хаменованың қорғаушылары үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірді. Олар істің саяси астары бар екенін және айыптаудың жеткілікті дәлелге негізделмегенін айтты. Дегенмен сот шешімі күшінде қалды.

Тегтер: