Сотталған шенеуніктің ұлы Президент әкімшілігінде қызметке келді

Президент әкімшілігінде жаңа тұлға — Жандос Иманалиевтің тағайындалуы қоғам назарын аударды. Бір қарағанда — жас маман, сыртқы саясат бағытының жаңа жетекшісі. Бірақ оның тегі мен отбасы тарихы бұл кадрлық шешімнің кездейсоқ емес екенін аңғартты.
Орда басылымының жазуынша, оның әкесі – бұрынғы «нұротандық», Назарбаев тұсында әкім орынбасары болған.
Жандос Иманалиевтің әкесі – Бахытбек Иманалиев, кезінде «Нұр Отан» партиясының мүшесі, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев тұсында Президент әкімшілігінде қызмет атқарған.
Алайда оның аты кейін жемқорлық және мемлекет қаржысын талан-таражға салу ісімен аталған.

«Тушенка ісі»: соя қосылған ет және 6,5 миллиард теңге
Бахытбек Иманалиев бірнеше жыл бұрын елге белгілі «тушёнка ісі» бойынша сотталған. Ол сол кезде Мемлекеттік материалдық резервтер комитетінің төрағасы қызметін атқарған.
Тергеу мәліметінше, 2018 жылы комитет сапасыз сиыр етінен жасалған консервілерді сатып, мемлекетке 6,5 миллиард теңге көлемінде залал келтірген.
Антикоррупциялық қызмет анықтағандай, өнім ГОСТ талаптарына сай болмаған, құрамында соя еті болған және бұл туралы Иманалиевтің өзі де білген.
Нәтижесінде ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды,
-
мемлекеттік қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды,
-
және бірінші президенттің қолынан алған барлық марапаттарынан айырылды.
Тек бір жыл ғана түрмеде отырған
Алайда сот үкімімен берілген 8 жылдың тек бір жылын ғана өтеп, Иманалиев «денсаулық жағдайына байланысты» мерзімінен бұрын босатылған.
Осылайша, бұрынғы сотталған шенеуніктің ұлы бүгінде Президент әкімшілігінде сыртқы саясат бағытында жетекші қызметке келген.
Бұл тағайындау қоғамда түрлі пікір туғызды — кей сарапшылар мұны «ескі элита мен жаңа билік арасындағы кадрлық сабақтастықтың көрінісі» деп бағалап отыр.