Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:47, 18 Қаңтар 2024

Совет қоғамынан қалған әдеттен арыла алмай келеміз

Руслан Ақмағанбет
Фото: из открытых источников

Тұлғалар туралы әртүрлі пікір біз қаласақ та, қаламасақ та айтылады. Мәселе соны қалай қабылдайтынымызда. Ертеректе бір кісінің айтқаны бар еді: «француз әдебиетін оқысаң бас кейіпкердің кей тұстарында кемшілігі, оның өмірінің ақтаңдақ жері жазылады, ал «Абай жолын» оқысаңыз одан ешқандай кемшілік таппайсыз, кілең періште адамның болмысы жазылған» деп.

Бұл дегеніңіз – Советтік, тоталитарлық қоғамдағы сыни ойлаудың кемшіл екенін білдіреді. Себебі авторитарлық қоғамда ешқашан сыни ойлау, баламалы нәрсе болады деген түсінік болмайды. Ол бір жақтылы не жақсы, не жаман болуы тиіс. Біз осы Совет қоғамынан қалған әдеттен арыла алмай келеміз, мысалы Совет үкіметі тұсында алашшылар жаман болды, ал тәуелсіздік алған соң алаш зиялылары жақсы болды да, советшіл пиғылдағы біздің интеллигенциямыз нашар болып шыға келді. Сол баяғы ескі үрдіс, ақ, қара түстер, біз біріншісінен екіншісіне секіре салдық.

Әдетте азаматтық қоғам туралы көп айтамыз, шындап келгенде, сол азаматтық қоғамның басты шарты – сөз бостандығы. Адам алуан түрлі, сондықтан сан түрлі пікір болады, шынын айтқанда, біздің саяси, тарихи тұлғаларымыз да біз секілді пенде, сондықтан «оның жеткен жетістігі мен өмірінде кемшін тұстары болуы мүмкін» деген адамды қабылдау тұрғысындағы қарапайым түсінік болуы қажет. Тіпті біреуді даттап отырған кісінің «мен ол уақытта ондай болмағам, советке қатысым жоқ» деген сөзінің өзі күмәнді. Себебі кез келген адам өзі жасаған қоғамның жемісі, ол ерекше бір құбылыс емес. «Алма алма ағашынан алысқа түспейді».

Ең әуелі тұлғатануда осындай кемшіл тұстарды жетілдіру керек. Содан соң ғылыми әдістемелік жағын арттыру қажет. Мысалы, бізде әлдебір тұлға туралы айтқанда әуелгі позициямыз оны мақтау болса, басынан аяғына шейін сыдыртып мақтаймыз, ал мақсатымыз тұлғаны даттау болса басынан аяғына дейін қаралаймыз. Демек, бізде тұлғатануда объективті қарау жағы әлі жетілмеген. Мұның себебі – совет кезеңімен жалғасып жатыр. Өздеріңіз білесіздер, ол кезде марксизм, ленинизмді сынаған бір адам болмады, тек қана мақтады, буржуазиялық капиталистік қоғам нашар деп бір жақтылы қорытынды шығарды. Дәл осы бір жақтылы ойлау бізге әлі көлеңкесін түсіріп келеді. Сол себепті бізде мұның артықшылығы неде, кемшілігі қайсы деп сыни ойлау жоқ. Әрине, бұдан арылуға уақыт керек. Ол үшін ақпарат құралдары немесе ғалымдар қандай да бір тұлға туралы айтқанда мәселені таразының екі басына тең тартып, саралап беруді көбірек қаузаса, қоғамның оны қабылдауы да жылдам болады.

Дәл осы тұрғыда С.Сейфуллин мен Т.Рысқұловқа қатысты даулы пікір жиі айтылады. Әрине, бұл тұлғалардың жасаған ізгі істері де, кемшілігі де бар. Біз соны баспасөз бетінде ғылыми түрде талдап жазуымыз керек. Мысалы, Сәкеннің көзқарас тұрғысынан алашпен келіспеген тұстары болды, дегенмен оның да қазақ деген атауды ресми түрде қайтаруы, қазақ тілінің кеңсе тілі болуы деген сияқты ұлтқа сіңірген еңбектері бар. Сонымен қоса ағаттықтары да болды, осыны ғалымдарымыз талдап, нақтылап, түсіндірсе оқырман соны қабылдар еді. Қорыта айтқанда, тұлғатану мәселесінде әлі де методологиялық, объективизм жетіспейді, сонымен қоса белгілі деңгейде тәуелсіз басылымдар көбеюі тиіс, себебі тәуелсіз басылым саны артқан сайын плюралистік ойлар алға шыға бастайды, сондай-ақ ғалымдар, әдебиетшілер тұлға туралы жазғанда оны әртүрлі қырынан қарап көлеңкелі де, жарық та тұстарын айтуы керек, осы арқылы уақыт өте келе қоғам тұлғаны дұрысынан танып білуге мүмкіндік алады.

    Руслан Ақмағанбет

Тегтер: