Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:48, 08 Ақпан 2024

Совет көсемдері Назарбаевтан бақыттырақ

Назарбаев
Фото: из открытых источников

Оның осымен үшінші ескерткіші құлады. Көзінің тірісінде. Демонстративті түрде емес, елеусіз ғана орнынан алып тастады. Тоқсаныншы жылдардың басында диссидент Хасен Қожа-Ахмет бастаған ұлтшылдар талтүсте қызыл жендет Феликс Дзержинскийдің ескерткішін Алматының төрінде құлатқан еді.

Бұл халықтың тоталитарлық жүйе мен пұтқа айналған билеушілерге деген жеккөрініші еді. Содан бері ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де коммунистердің ескерткіштері әлі құлап біткен жоқ. Өлісінің де, тірісінің де. Бірақ Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің ең соңғы хатшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тас мүсіндері тарих қоқсығына тастала бастады.

Ескерткіш ұлы тұлғаларды мәңгілік ұрпақ жадында қалдыру үшін қойылады. Адамзат тарихындағы ең алғаш тас мүсіндер ежелгі рим императорларына қойылды. Қаншама билеуші өзін тарихта қалдыру үшін тастан мүсінін қашатты. Бірақ солардың барлығы тарихта қалды ма? Өзіне ғашық, өзін қызықтап кеткен билеушілер біздің заманымызда да бар. Сол ерте замандағы императорлардай көзі тірісінде өзіне ескерткіш орнатты. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Мәңгілік ел» емес, «Мәңгілік Назарбаев» идеясын аялағанның үстінен аялай түсті. Экс-президенттің мүсіні тіпті Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібектен де бұрын қойылды. 2009 жылы Астанада «Қазақ елі» мәдени-архитектуралық монументі ашылғанда «Халық және Президент» деген барельеф пайда болды. Бес метрлік Назарбаев конституция үстіне қолын қойып, ант беріп тұрған сәті бейнеленген. Мемлекет басшысының сыртында халық тұр. Әрине, олар бес метр емес. Бұл Назарбаевтың «ескерткіштер эпопеясының» басы еді. Сол кезде Астана қалалық мәслихат депутаттары «Бұл жекелеген адамға қойылған ескерткіш емес, тұтас халыққа қойылған ескерткіш» деп ақталғандай болып еді.

Ең еңселі ескерткіш Назарбаевқа 2011 жылы Алматыдағы Тұңғыш президент саябағына орнатылды. Тәуелсіздіктің жиырма жылдығын Қазақстан халқы осылай қола, гранит, мәрмәрдан тұрғызылған Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішімен қарсы алды. Бастамашыл топ – интеллигенция өкілдері деп хабарлады урашыл бұқаралық ақпарат құралдары. Олардың қатарында Ақмырза Рүстембеков, Тимур Сүлейменов, Байтұрсын Омарбеков, Любовь Нысанбаевалар бар. Нұрсұлтан Әбішұлының Алматыда қасқайып отырған тас мүсіні ҚР құрметті сәулетшісі, «Құрмет» орденінің иегері Қазбек Жарылғапов пен суретшілер одағының мүшесі, белгілі скульптор Мирлан Азмағанбетовты шабыттандырды. Олардың қолынан шыққан биіктігі 4,5 метрлік Нұрсұлтан Назарбаев ескерткіші 2016 жылы Талдықорған қаласының орталығында бой көтерді. Мемлекет басшысына арнап ескерткіш соғу ауруы ушыға түсіп, қалалар арасында бәсекеге айналғандай болды. Бір әттеген-айы мынандай бір өлең жетпеді.

Қараңдар, Лениннің тұрысына,

Әр істің қолын сілтеп дұрысына,

Тұрған соң туралықтың туын ұстап,

Дүниенің кетті аты төрт бұрышына.

Жазы, қыс жатсақ, тұрсақ жабығамыз,

«Ер еді» деп елдің туған ырысына.

Енді оның өсиетін орындайық,

Қызықпай қу дүниенің мырышына.

Бұл Тұрмағамбет Ізтілеуұлының Ленин ескерткішіне арнаған жыры. Әрине, бізде де президентке жыр арнаған ақындар аз емес. Поэмалар да жазылды. Бірақ бір ақынымыздың Назарбаев ескерткішін жырламағаны «өкінішті». Өзіміздің бірінші секретарьдің осы жағынан өзге секретарьлардан қалып қалғанына кәдімгідей күйінеді екенсің. Негізі Нұрсұлтан Назарбаев көзі тірісінде өзіне ескерткіш қоюға қарсы болған. Оны республикалық телеарналардың эфирінен де айтқан. «Адамды ісімен бағалау керек» дегені де есте. Бірақ өзі қарсы болғанымен, тыйым жасай алмады. Коммунистік идеологияны қимай Советтер одағынан ең соңғы боп шығып, Еуразиялық экономикалық одақты белсене құрған Назарбаев совет көсемдерінің жолынан айный алмаған болу керек. Өйткені көзі тірісінде ескерткіш соғу сол советтік салт. Сталин, Хрущев, Брежнев, тіпті Дінмұхамед Қонаевқа да көзінің тірі кезінде тастан мүсін орнатты емес пе? Алайда совет заманының қызыл көсемдері Назарбаевқа қарағанда бақытты. Олар өз көздерімен ескерткіштерін қалай құлатып жатқанын көрмей кетті. Жер жүзінің ең ұлы билеушісіміз деп о дүниеге асқақ қалыптарында аттанды. Ал Назарбаевтың Талдықорғандағы ескерткішін Қаңтар оқиғасы кезінде халық құлатты. Қорғаныс министрлігіне қарасты жоғары оқу орнындағы мүсіні қоқысқа лақтырылса, Ұлттық музейдегі Назарбаев ізім-қайым жоғалды. Ендігі кезек қай қаладағы ескерткішке келеді екен?

Қанат Тілеухан

Тегтер: