Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:15

Совет өкіметінің өзі кешірімді еді...

Сәбит Құрманбек
Сәбит Құрманбек

Қытайлармен бірігіп «Композитор» деген фильм түсірдік. Сол фильмнің режиссері, қоюшы суретшісі болдым. Қытайлардың Алматыны түсірген көрінісі маған ұнамай қалды да, өзім осы жақта Абай атындағы опера және балет театрының шатырындағы көк туды уақытша алып, орнына КСРО туын іліп, түсірілім жасадым.

 Себебі оқиға өткен ғасырдың 40-жылдарын бейнелейтін. Түсірілім 10-15 минут уақыт алды. Мен сол жерде әкімдіктен рұқсат сұрамай қателік жібердім. Ешкім байқамай қалады деп ойладым. 15 минуттың ішінде полиция жетіп келді. Оларға фильм түсіріп жатқанымызды, көк туымызды қайтадан іліп қойғанымызды айттым. Бірақ «заң бұздыңыз» деп көнбей қойды. Кейін «Қазақфильм» арқылы бәрін түсіндірдік. Дәл сондай жағдай «Эвакуация» дейтін фильмімді түсіріп жатқанда да болды. Бірінші Алматы жақта ескі мәдениет үйінің алдына Сталиннің ескерткішін қойдық. Бәрі де сол сценарий бойынша ғой. Бір түннің ішінде ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойып, толтырып кетіпті. Ол да айқай-шу болды, газетке де жазылды. Тағы да «Қазақфильм» арқылы бастық. Ол кезде киностудияның беделі бар еді. «Айналайындар, бұл кино» деп түсіндіретін.

Ал мына жағдайда полиция өкілдері есерсоқтау ма деймін. Хат жазып, түсіндірсе түсінуі керек. Бұлар ұрлап жатқан жоқ, қылмыс жасап жатқан жоқ. Полициядан рұқсаты болса не үшін айыппұл салып, соттатып жатқанын түсінбей отырмыз. Министрлікке – бәріне хабарласып, түсіндіру керек. Кино деген өнер. Оған кешіріммен қарау қажет. Совет уақытында кешірімді еді. Қағазыңды көрсетсең түсінетін. Ол кезде де кірмейтін жерге кіріп кететін кезің болады ғой. Бірақ түсініп қарайтын. Ал мына жағдай қамап қою, айыппұл салу дегенің өрескелдеу боп тұр.

Қазір заман өзгеріп барады. Ұнамайтын жайттар көбейіп кетті, әсіресе осы ішкі істер саласында. Қысу, айыппұл салу көбейді. Соның бәрі биліктің нашарлығынан-ау деймін. Себебі билік нашар болса, ішкі істер саласы күшейе түседі. Енді оларға қой дейтін қожа жоқ, жоғарыдан айтатын күш те жоқ – полиция еліне айналып барамыз. Мысалы, мен шығармашылық адамымын. 40 жылдан бері кинода жүрмін. Советтік кездегі жүйені білемін. 1980 жылдары фильм түсірген кезімізде ішкі істер саласы бізге кешіріммен қарайтын. Өнер адамы кейде еркелеп кетеді. Әртістерге бір жұмсақтық болды. Сол қазір қатайып кеткен секілді.

Мен қоғамнан өнер адамын бөліп отырған жоқпын. Мұны тағы бір мысалмен түсіндірейін. 1990 жылдары қилы заман кезінде шетелге шығып табыс таптым. Еуропаның бірнеше елінде болдым. Түркияға дейін барып қайттым. Сол жақтан түсінгенім, олар өнер адамына жылы қарайды. Көшеде жүрсең тиіспейді. Әйтеуір бір жылылық бар. Оларда өнер адамына тиіспеу керек, қыспау керек, қала берді дұрыс қарау керек деген жазылмаған заң бар. Бұл бүкіл дүниежүзінде солай қалыптасқан. Өйткені олар қоғамның сәнін келтіреді. Қазір бізде сол сақталмайтын секілді. Өнерді сыйлау жоғалып бара жатқан сыңайлы.

Сәбит Құрманбек,

режиссер