Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 20:26

Сөз бостандығы мен жауапкершілік: жаңа Конституция медианы қалай өзгертеді?

Е

Жаһандық ақпарат ағыны қарқын алып, әлеуметтік желілер үстемдік құрған заманда мемлекеттік медиа да өзгеруге мәжбүр.

Бүгінде қоғаммен шынайы диалог орнату – тек журналистердің кәсіби міндеті емес, жаңарған Негізгі заңнан туындайтын талап. Наурыз айында өтетін референдум қарсаңында «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Ернұр Бурахан арнайы сұхбатта медианың трансформациясы, фейктермен күрес және реформалардың мәнін елге түсіндіру жұмысы жайында айтып берді.

– Ернұр, сіз еліміздің ең ірі медиахолдингін басқарасыз, сонымен қатар Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның құрамындасыз. Мемлекеттік БАҚ халықтың нақты мәселелерінен алшақтап кетті деген сын айтылып келеді. Бүгінде жаңа Конституцияның рухына және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай болу үшін ақпараттық саясат қалай өзгеріп жатыр?

– Бұл сыннан қашпау керек деп санаймын. Қоғам өзгеріп жатыр, ақпарат тұтыну мәдениеті де өзгерді. Сондықтан медиа да заманға бейімделуі тиіс. Жақында Бас редакторлар клубының алаңында медиасарапшылармен жаңа Конституция сөз бостандығының аясын қалай кеңейтеді деген маңызды мәселені жан-жақты талқыладық. Негізгі түйін біреу: сөз бостандығы – демократиялық мемлекеттің басты құндылығы. Бірақ ол жауапкершілікпен қатар жүруі тиіс. Қалам ұстаған кез келген азамат сөздің қасиетімен бірге құқықтық салмағын түйсінуі керек. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мемлекеттік медиадан ашық диалог алаңына айналуды талап етеді. Қазір ұлттық деңгейдегі телеарналар эфирінде өңірлердегі өткір әлеуметтік мәселелер ашық айтылады. Негізі БАҚ еркіндігі шексіз сынау мүмкіндігі деген сөз емес, ол – адамдардың нақты мәселесін көтеріп, шешім табуға ықпал ететін құрал. Ел сөзін, пікірін, қалау-ниетін жоғарыға, тиісті құрылымдарға жеткізетін алаң. Сонымен қатар ұлттық медиа – халықтың рухани айнасы, оның бірлігі мен ұрпақ сабақтастығын сақтайтын да орта.

Әдетте Конституция, жалпы кез келген заң мәтіні күрделі құқық тілімен жазылады. «Қазақстан» корпорациясы реформалардың мәнін халық түсінуіне және олардың нақты не үшін дауыс беретінін ұғынуына қалай көмектесіп жатыр?

– Заң тілі күрделі деген пікір қалыптасқаны бәрімізге белгілі. Бірақ бұл жолы Ата заңның жобасы алдымен толық қазақ тілінде жазылып, кейін орысшаға аударылды. Бұл оның тілі жатық, ұғынықты болуына әсер етті деп ойлаймын. Ал Конституция жобасын жалпыға ұсыну, түсіндіру, сұрақтарына жауап іздеу – тұтас елді қамтитын медиакорпорация ретінде біздің тікелей міндетіміз. Сондықтан осы кезеңге хабар тарату желісін толықтай қайта қарап шықтық. Орталықтағы жаңалықтар, ток-шоу, сараптамалық бағдарламалардан бастап, өңірлік филиалдардың күнделікті ақпараттық өнімдеріне дейін Конституция жобасын түсіндіру, пікірлерді ұсыну, сауалнамалар жинау сияқты жұмыстарға басымдық берілді. Сарапшыларды, заңгерлерді, қоғам қайраткерлерін шақырып, қарапайым тілмен нақты сұрақтарға жауап беруге тырысамыз. Ең бастысы, әрқайсысымыз жаңа Конституцияның өзіміз үшін жазылып жатқанын сезінуіміз керек. Референдумдағы әр дауыс – болашаққа әсер ететін жауапты шешім.

Сіз реформаларды дайындау процесін ішінен көріп жүрсіз. Қай өзгерістер ашық азаматтық қоғамды дамытуға серпін береді деп ойлайсыз?

– Бір ғана норманы бөліп айту қиын. Өйткені бұл – жүйелі әрі кешенді жаңғыру. Бірақ жеке өзім үшін, идеологиялық және ақпараттық салада жұмыс істейтін маман ретінде, адам құқықтарын қорғауды күшейтетін және азаматтық қоғам институттарының рөлін арттыратын түзетулер маңызды. Жаңа Конституция теңгерімді қалыптастырады. Бір жағынан Парламенттің рөлін дамытуға қажетті пікір алуандығы мен бәсекеге қабілетті саясатты қолдаса, екінші жағынан азаматтардың жеке деректерін, ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға нақты кепілдік береді. Бұл құқықтық іргетас қоғамға радикал ұрандар мен бос популизмге ермей, өркениетті түрде дамуға жол ашады.

Тарихи оқиғаларға дайындық кезеңінде әлеуметтік желілерде жалған ақпарат жиілейтіні белгілі. Бұл жағдайда қоғамның ақпараттық сауаттылығы және арандатуға ермеу қаншалықты маңызды?

– Өте маңызды. Әсіресе осындай жауапты сәттерде эмоцияға құрылған, тексерілмеген ақпарат тез таралады. Бұл кез келген елде кездесетін құбылыс. Фейк, манипуляция, эмоцияға құрылған ақпарат – мұның бәрі қоғамның бірігуіне кедергі келтіруі мүмкін. Бізге сол үшін алдымен медиасауаттылық керек және оқитын, көретін, тыңдайтын ақпарат көздерін таңдай білу қажет. Ақпаратты салқынқандылықпен қабылдау, дереккөзін тексеру, асығыс қорытынды жасамау әр азаматтың мәдениетіне айналса дейміз. Сенімді, кәсіби редакциялық сүзгіден өтетін ақпаратқа сүйену маңызды. Біз де өз тарапымыздан дәлдік пен жауапкершілікті басты ұстаным етіп келеміз. Сауатты аудитория тексерілген дерек пен анонимді хабарламаның айырмасын бірден ажыратады. Бұл – елдің бүгіні мен ертеңі үшін өзекті. Алдағы референдум – азаматтық кемелдігімізді көрсететін кезең. Әркім өз ұстанымын саралап, байыппен шешім қабылдайды деп сенемін.