Сөз зергері

«Ақиқаттың алдаспаны» байқауына
2018 жылдың 20 ақпаны. Қазақтың қайталанбас тұлғасы Рахымжан Отарбаевты ақтық сапарға шығарып салған қаралы күн. Бейіт басында мең-зең күйде тұрмыз. Уақыт тоқтап қалғандай, аяқастынан дүние астан-кестең болды да қалды. Тіршілік есінен адасқан секілді. Миымыз саналы түрде ойлаудан қалған. Ақылдан жаңылғандаймыз. Әрі қарай қайда барып, не істейтінімізді білмейміз. Екі көзден парлап аққан жасты тоқтата алар емеспіз. Құдды туғанымыздан айырылғандаймыз. Аспан да қараңғы кейіпке енген. Күннің көзі көрінбейді. Зеңгір көкті қалың тұман мен қара бұлт басқан. Түнімен жауған жаңбырдан қара жер ми батпаққа айналған. Аяқ алып жүргісіз. Тек біз ғана емес, табиғат та жылап, қимай қоштасып жатқан сияқты...
Бұл көркем сөзбен сурет салып, дүниежүзінің оқырмандарына есімі мәшһүр болған әлемдік деңгейдегі дарынды қаламгер, аса көрнекті жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев ағамыздың қазасы бәріміздің қабырғамызды қайыстырып, қапыда қан жұтқызып кеткен уақыт еді. Төбемізден жай түскендей болып, қанша жерден көңіліміз елегізіп, сенгіміз келмесе де, талайды талантымен табындырған тұлғаның қоштасу рәсімінде болып, өз қолымызбен топырақ салғаннан кейін амалсыз сенгендейміз...
Қазақ әдебиетіне құбылыс болып келген қайсар мінезді қаламгер қалам ұстағанның бәрін бауырына басатын. «Бәріне болсын» дейтін дархан көңілді, кең пейілді сөз зергері, әсіресе, жастарға ерекше қамқор болатын. Мен де арда азамат, ақиқаттың алдаспаны атанған Рахымжан ағамыздың қамқорлығын, шапағатын көрген жандардың бірімін.
Ең алғаш рет «Рахымжан Отарбаев» деген есіммен мектеп қабырғасында жүргенде оның «Соңғы спектакль» атты әңгімесі арқылы таныстым. Сонда «апыр-ай, осылай да керемет әңгіме жазуға болады екен ғой» деп таңғалғаным бар. Осы таңданысым жазушының 2009 жылы жарық көрген «Аспандағы ақ көбелектер» атты кітабын облыс орталығы – Қызылорда қаласындағы облыстық кітапханадан аттай қалап жүріп алдырып, бас алмай оқуыма себеп болған еді.
Сыртынан атына, атағы мен дақпыртына қанық жазушымен тұңғыш рет тілдескен сәтті қалай ғана ұмытайын? Ол күнді бір сәтке де ұмыту мүмкін емес. Әлі есімде, 2010 жылдың ақпан айы болатын. Мен ол кезде елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультетінің 1-курс студентімін. Әрі бас қаладағы республикалық «Ел» қоғамдық-саяси газетінің тілшісімін. Бұл басылымға жұмысқа тұруыма туған жерімдегі аудандық газетте 8-сыныптан бастап штаттан тыс тілші болып еңбек еткен тәжірибем көп көмегін тигізді. Қаңтар айында бас редакторым Динара Дауылбайқызы жаңа жылдан бастап газетте «Тұлға мен тағдыр» атты жаңа айдар ашылатынын айтып, осы айдарға сұхбат алынуы тиіс зиялы қауым өкілдерінің тізімін бірге жасағанбыз. Рахымжан Қасымғалиұлымен сұхбатты ақпан айындағы нөмірлердің біріне деп бекіткен. Осылайша өзіме шығармалары арқылы етене таныс Рахымжан ағаның нөмірін жүрексіне теріп, қоңырау шалдым. Аға үшінші рет қайыра хабарласқанда барып тұтқаны көтерді.
– Әл-лоу! – деді ар жағынан гүрілдеген дауыс.
Мен өзімді таныстырып, шаруамды айттым. Рахымжан аға үнсіз тыңдады да:
– Сұрақтарыңды қызымның поштасына жібер, – деп қысқа қайырды.
Содан екі күн өтті. Ағадан хабар жоқ. Газеттің кезекті нөмірі шығатын күн де жақындап келеді. Редактор күнде сұрап қояды. Үшінші күн дегенде жазушыға хабарластым.
– Сұрақтарыңды қарап шықтым. Бәрі таптаурын, қайталама. Мен бұл сұрақтарға осы уақытқа дейінгі сұхбаттарымда жауап беріп кеткенмін. Егер қажет болса, солардан аларсың! – деді де, тұтқаны қоя салды.
Тауым шағылып мен қалдым. Бас редакторым сұрақтарды қайтадан дұрыстап дайындап, сұхбат алуыма алдағы айға дейін уақыт берді. Бірақ мен сол күйі жазушыға хабарласқаным жоқ. Шынымды айтсам, батылым бармады. Ағаның мысы басып кетті, білемін...
Мен оқыған жылдары өзім оқыған факультет студенттерінің әлеуметтік жағдайына көп көңіл бөлінетін. Сол кездегі декан Намазалы Омашев ағамыз, деканның ғылыми істер жөніндегі орынбасары Мәншүк Мұқашева апайымыз әрбір студенттің жағдайын жатқа біліп, көмектесіп отыратын. Әсіресе Мәншүк Тынышқалиқызы белді азаматтарды тартып, сол кісілердің аттарындағы оқу гранттары мен шәкіртақыларды ұйымдастыруға себепші болатын.
«Журналист болсам» деген асқақ арман алыстағы ауылдан Астана төрінен бір-ақ шығарған мен де бас қалада талай қиындыққа тап болдым. Анамызға салмақ салмайық деп, өзімізше еңбек етеміз. Ол кісіге білдіртпегенмін, пәтерден-пәтерге көшеміз. Сондай күндердің бірінде деканның орынбасары Мәншүк Тынышқалиқызы хабарласты.
– Рахымжан Отарбаев ағаңды танисың ғой. Бүгін сол кісінің үйінде қонақта болдым. Біздің факультеттегі талантты студенттер туралы, оның ішінде өзің туралы айттым. Сол ағаң екі студентке өзінің атындағы шәкіртақысын тағайындайтын болды. Енді сенде бәрі жақсы болуға тиіс, – дейді апайымыз қуанып.
Мен де қатты қуандым. Ақша үшін емес, әрине. Әлем мойындаған қабырғалы қаламгердің Мәншүк апайымыздың айтқанына көңіл бөлгеніне, жастардың жағдайына алаңдағанына… Әйтпесе Рахымжан аға кім, біз кімбіз?!
Сөйтіп, әуелі Алла, сосын Рахымжан аға мен Мәншүк апайымыздың арқасында шәкіртақы иегері атанып, жағдайымыз түзеліп шыға келдік. Ардақты ағамыздың атындағы шәкіртақыны қазақ тобынан маған, орыс тобынан Юлия есімді студентке декан Намазалы Омашұлы салтанатты түрде табыс етті. Рахымжан Қасымғалиұлы шәкіртақысын бір жылға емес, бірден төрт жылға тағайындапты. Күндер өте келе естідік, ағамыз шәкіртақысын Мәншүк апайымызға ай сайын өз қолымен әкеліп беріп кетеді екен. Не деген қарапайымдылық десеңізші?!
Артынан білдік, Рахымжан ағамыздың қамқорлығын көрген жастар тек біз ғана емес екенбіз. Еліміздің түкпір-түкпірінде жетіп-артылады екен. Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Орал, Қызылорда, тіпті сонау Өскеменнен де «Рахымжан ағамыз көмек қолын созып еді», «Отарбаев демеп еді» деген өзім қатарлас жастарды әлі күнге дейін жиі кездестіріп келемін.
Кейіннен дәм-тұз бұйырып, қызмет бабымен асыл тұлғаны дүниеге әкелген Атырау өңіріне келдік. «Сені Атырау топырағына әкелген Рахымжан ағамыздың сол кездегі шәкіртақысы ғой» деп қалжыңдайтын білетіндер. Мұнайлы өңірге келген соң, Рахымжан ағамды әлденеше рет іздеп бардым. Ол кісінің шәкіртақысын алғанымды, сол үшін алғысым шексіз екенін айтуға барған сайын Алла сәтін салмады. Ағамыз көбіне елде болмай шығады. Десек те, Атырауда Рахымжан ағамызды мәдени шаралардан жиі көріп тұрдық. Сәлем беріп, жылы амандасқанымызбен, жанындағы қаумалаған жандардан қолы босамайтын. Қысқа ғана әңгіме қайыратынбыз.
Бірақ жазушының ұлы – досымыз Ермерей бауырымызға ағамыздың қамқорлығын көріп, шәкіртақысын алғанымызды жиі мақтанышпен айтып жүретінбіз. Бірде ағамыз Ермерейден сол әңгімені естіп, өзінің қолтаңбасымен «Біздің ауылдың амазонкалары» және «Шыңғыс ханның көз жасы» атты қос бірдей кітабын беріп жіберіпті. Ағамыздың: «Нұрсұлтанға жарық дүниедегі жақсы тілекпен», «Айналайын, мына жалғанда үлкен сәттілік тілеймін» деген ақжарма тілегін оқып, студенттік кезіміз есімізге түсіп, көңіліміздің бір босап алғаны да жасырын емес.
Мен тау тұлғалы Рахымжан Отарбаевты ең алдымен тек жанындағыларға ғана емес, бәрі-бәріне, бүкіл қазаққа жақсылық пен сәттілік тілеп жүретін ақ жүректі аға ретінде таныдым. Екіншіден, оны бәрінен дара етіп көрсететін қайталанбас қолтаңбасы ғана емес, мінезі екені сөзсіз. «Мініммен емес, мінезіммен жақпадым» дейтін асыл аға ешкімге жалпақтап, жағымпазданып, иілмей, шындықты бетке айтатын қайсар да өр қалпында өмірден өтті.
Әрине, бүгінгі таңда жазушы-драматург Отарбаевтың шығармаларына баға беретін біз емес. Оған өреміз де жетпейді. Бірақ бір нәрсе анық: Рахымжан Отарбаев – өзіндік мінез ғана емес, өзіндік қолтаңбасы бар қаламгер.
Жазушының басты ерекшелігі, басқаларда жоқ бөлек қыры, тіпті мінезі – өзі қалам тартқан тақырыптарды батыл қозғайтынында. Мәселен, ғасырлар қойнауынан қайта тірілген Бейбарыс сұлтанның бейнесін жасауда драматургиялық ерекше шешімдер жасады. Оның осы шешімдерін қабылдай алмағандардың өзі ағамыздың батылдығына риза болғанын талай кештерде көзіміз көріп, құлағымыз естіген.
Осылайша ол өзінің шындығы арқылы батыл философиялық түйіндер жасады. Шығармашылықта ғана емес, күнделікті өмірде, кез келген жерде батыл болды. Не айтқысы келсе, соны ашық айтты. Оның талантты жазушы екеніне талас жоқтығының тағы бір айқын дәлелі – осы.
– Оның алғашқы әңгімесі «Ізден» бастап, бүгінгі «Шыңғыс ханның көз жасына» дейінгі барлық шығармалары біздің көз алдымызда дүниеге келді десек те болады, – деп сыр ақтарған «Ақ Жайықтың ақ шағаласы» атанған Ақұштап Бақтыгереева апамыз бірде екеуара әңгімеде, – ол кез келген шығармасын жазып бітіргенде өліп-тіріледі. Шығармадағы бүкіл кейіпкердің өмірін өз басынан кеше отырып жазады. Шығармасын аяқтап, демін алып болған соң, туындыларын жарияламас бұрын, түсінеді-ау деген жандарға хабарласып, салып жібереді. Біз осылайша Рахымжанның барлық шығармаларын сиясы кеппей жатып, қолжазбасынан оқыдық. «Қараша қаздар қайтқанда» деген атпен жарық көрген әңгімелерінің барлығын бірінші болып оқып шықтым десем, өтірік емес. «Актрисаны» жазып бітірдім», «Американың ұлттық байлығын» аяқтадым, апа, оқып көріңізші, пікіріңіз қандай?» деп хабарласып отыратын. Содан кейін ғана барып шығармасы баспа жүзін көреді. Осыдан кейін ғана кітап болып жарық көреді. Рахымжан әрбір шығармасының нүктесін оқырмандарымен санасып барып қояды. «Моно Лизасының» қолжазбасы әлі күнге дейін менің жеке мұрағатымда сақтаулы.
Міне, Рахымжан Отарбаев – оқырмандарын басты орынға қоятын, олармен әркез санасып отыратын санаулы жазушының бірі де бірегейі.
Оның әңгіме, повестері арқылы жазушының өзін танисыз. Өзі арқылы қазақты танисыз. Отарбаевтың шығармаларын оқи отырып, біздің қазақ даласының алыс түкпіріндегі немесе бүгінгі қазақтың тіршілігі көз алдымыздан өтеді. Себебі бәрі жанымызға жақын дүниелер. Оның шығармалары сонысымен де құнды. Кешегі өтпелі кезеңдердегі адамдардың түрлі-түрлі мінез-құлықтарын беруде де ол алдына жан салмады. Күніне мың құбылған тіршілікке бейімделгендерді күлкі ету арқылы оқырманға үлкен ой салды. Мәселен, оның қазіргі қоғамда ақша тауып жүргендердің соншалықты парықсыз, парасатсыз тіршілігін мазақ ететін «Соңғы спектакль» шығармасына еріксіз күлесіз. Мен алғаш жазушыны осы әңгімесі арқылы танығанымды жоғарыда айттым. Бір топ малданып бірде той өткізіп жүреді, бірде өлім-жітімді атқарып береді. Сөйтіп жүргенде олар өлім мен тойды шатастырып алады. Тек ақшаның соңында жүріп, қайда келгендерін өздері де естерінен шығарып алады. Тойға барып, жоқтау айтып, кісісі өліп жатқан үйге барып, тойдың бағдарламасын орындайды. Көздері ештеңені көрмейді, бастары басқаны ойламайды. Біреудің зарлап, жоқтау айтып жылап жатқанын, біреудің шаттанып, қуанып күліп жатқанын айыра алмайды. Тек ақша тапса болды. Аумалы-төкпелі заманда «ақша, ақша» деп жүріп, өздерінің не істеп, не қойып жүргендерін білмейтін адамдар ортамызда жүргені шындық. Міне, қаламгердің осы шығармасын оқи отырып күлесіз, күліп отырып жылайсыз.
Ал оның драматургиялық шығармалары өз алдына бөлек құбылыс. Бұл тұрғыда Ақұштап апамның:
– Сонау көрмеген-білмеген, кей ұрпақ тіпті атын естімеген Бейбарысты ғасырлар қойнауынан тарих сахнасына қайта шығарды. Бұл күндері ұмытылып бара жатқан, «әйтеуір, Әміре Қашаубаев дейтін әнші болыпты» деп қана танитын әнші Әмірені қайта тірілтті. Біз Әміренің неге қасірет шеккенін, сонау Францияны таңғалдырып келген оның неге жоқ болып кеткенін, оның тағдырының қалай болғанын күні кешеге дейін білмеппіз. Өйткені оны білгізбеді. Сөйтсек, оның бәрі қып-қызыл саясат екен. Ән салудың өзі, талантты болудың өзі саясат екен. Таланттың өзінің тағдыры саясатпен сабақтас екен. Осының барлығын жазушы Отарбаев өзінің шығармаларымен қарапайым тілде баршамызға ұғынықты етіп түсіндіріп береді. Әлемді таңдандырған әдемі даусы бар Әміренің өзін біз – қазақ ұлтының өзі қорғай алмаған екенбіз. Бұл – тек қана сол кездегі таланттың тағдыры емес, кез келген ғасырдағы таланттың қасіретті тағдыры. Біз, қазақтар, кейде талантымызды қадірлей алмаймыз. Жазушы осыны айтқысы келді. Әрбір шығармасы мен қойылымының өзіндік тағдыры, өзіндік айтар ойы бар жазушы шаң басқан тарихтың арасынан Мұстафа Шоқайды, Шыңғыс ханды, Жәңгір ханды суырып алып, драматургия тілімен сөйлетуі екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлікке толы дүниелер екені шындық. Ұлттың қасіретін сараптап жазу, оны мемлекеттік деңгейде көтеру, жалпы, ақиқатты айту кез келген жазушыға оңай соқпасы анық. Ал осындай ақиқаттың алдаспаны – Рахымжан Отарбаев әдебиеттің сәтті кезеңінің бақытты ұрпағы және қайталанбайтын құбылысы, – деген сөздері еріксіз ойға оралады.
… Тағы да Рахымжан ағаның бейітінің басында тұрмыз. Арада 3-4 ай өтсе де, ішіміз дәл сол қаралы ақпандағыдай алай-дүлей болып, өртеніп барады. Көзден аққан жасты тоқтату мүмкін емес. Бірер күн бұрын Жамбыл жақтан жазушының қаламдас досы Несіпбек Дәутайұлы қоңырау шалған. Қоғам қайраткері Асаубай Майлыбаев ағамыз екеуі Сәуле апайымыз бен Ермерей бауырымызға, қыздарына көңіл айтып шықпақ екен. Айтылған күні қос ағамызды пойыздан күтіп алдым
– Өмірге құбылыс болып келіп, құбылыс болып өттің ғой, Раха, – деп бет сипады ағаларымыз. Қарасам, бұл күндері өзі де марқұмға айналған Несіпбек ағамның жүзін жас жуып кетіпті. Асаубай ағам да кемсеңдеп отыр.
Қаламгердің шаңырағында қос ағам ол туралы көптеген естеліктер айтты. Содан ұққаным, қазақ әдебиетінің құбылысы болған Рахымжан Отарбаевты тану үшін кем дегенде бір күн қасында жүруің, ең болмағанда бір шығармасын, күнделіктерін оқуың, туған жеріне барып, өмірдегі, әдебиеттегі достарымен сөйлесіп, бір пьесасын көруің керек екен.
«Бір семіз бай күміс шақшасын жоғалтып алып, айналасын азан-қазан қылып екі күн бойы іздепті. Бақса, қарнының қатпарына қыстырылып қалған екен. Біз де сол күміс шақша сияқтымыз ғой… Қашан тауып аларын Құдай білсін?!» депті ағамыз көзі тірісінде.
Жо-жоқ, сіз қалтарыста қалмайсыз, аға! Сонау ғасырлардағы ұлылар мен сал-серілердің жалғасындай болған сіздің сөзіңіз, мінезіңіз ғана емес, жүріс-тұрысыңызға дейін ешкімге ұқсамайтын дара еді. Олай болса Айтматовтың өзі жоғары бағалаған cіздің екінші – мәңгілік өміріңіз енді ғана басталды...