Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 23 Шілде 2024

Созылмалы соғыс соңы – гуманитарлық катастрофа

украина
Фото: из открытых источников

Ресейдің Украинаға «арнайы соғыс операциясын» бастағанына 2,5 жылдай болып қалды. Ресми батыстық деректерде Ресей 520 мыңдай әскерінен айырылса, Украина жағы 420 мыңдай жауынгерлерінен айырылған.

 Бейбіт тұрғындардың қырылғаны негізінен Украина жағынан. Қанша адам екендігі белгісіз. Украинаның жүздеген қаласы мен ауылы талқан болған. Оның үстіне Украинаның энергетика жүйесінің тең жартысынан астамы қиратылған немесе жөндеуді талап етеді. Батыстық сарапшыларға жүгінсек, Украинаның экономикасы мен әлеуметтік инфрақұрылымына келтірілген шығын 10 трлн АҚШ долларынан асып кетеді. Луганск, Донецск, Запорожье, Херсон облыстардағы инфрақұрылымның күйреу деңгейі мүлдем белгісіз. Әсіресе Ресей-Украинаармиясының соғыс театры шеңберінде тұрған елді мекендер жермен жексен болғандығы ақиқат. Авдеевка, Бахмут, Часов-Яр, Мариуполь, т.б. қалалардан сау-тамтық қалған жоқ. Ресей билігі Украинаның Харьков, Одесса сияқты ірі қалаларын күйретуді қолға алды. Ресей ракеталарымен Украинаның электр жүйелерін, жылу орталықтарын талқандап, гуманитарлық катастрофа жасамақ. Украина жерінің 20 пайызға жуығын оккупациялап алған Ресей әскерінің саны қазір шамамен жарты миллион адам. Украинаның төрт облысының аумағында әскери қимылдар әлі болып жатыр.

Ресейдің 2022 жылы 24 ақпанда бастаған Украинаға қарсы агрессиясы бүкіл әлемдегі тәртіптерді түбегейлі өзгерістерге әкелді. Украинаны АҚШ бастаған Батыстың 40-тан астам мемлекеттері қолдап отыр. Соғыстың бастапқы сәтінде Батыс басшыларының Путиннің «ядролық жауабынан» жасқанғаны рас. Алайда соғыс жалғаса келе олар Ресейдің агрессиялық ниетін әбден таныды. 2024 жылдың маусым айының бас кезінде АҚШ, Германия, Франция және Ұлыбритания басшылары Украина қарулы күштерінің Ресейдің ішкі аудандарында майданнан 200-300 км. жерден әскери, қорғаныс нысандарын, жанармай қоймаларын атқылауға рұқсат берді. 2,5 жылдай УҚК (Украина Қарулы Күштері) заманауи батыстық қаруларды тек майдан шегінде ғана қолданып келген болатын.

Джо Байденнің, Олаф Шольцтің, Эмманюэль Макронның, т.б. Батыс лидерлерінің бұл қолдауларын В. Путин олардың соғысқа тікелей араласуы деп бағалады. Маусым айының бас кезінде өткен Петербург экономикалық форумындағы сөзінде В. Путин «Батысқа біз қолымызда бар мүмкіндіктерді пайдаланып жауап береміз. Олар әлемді ядролық соғысқа итермелеп отыр», деп сес көрсетті.

Путин Украина «орыс әлеміне» тиесілі 4 облысынан, Қырымнан бас тартса, НАТО-ға кірмейтін болса, қарулы күштерін қысқартса ғана бейбітшілік мәселесі көтеріледі деген қатаң талаптар қоюда. Ол Украинаның талаптарымен есептесіп отырған жоқ. Бұл ретте екі елдің соғысы тоқтауы әзірше мүмкін еместей көрінеді. Украина қарулы күштері 2014 жылы Ресей басып алған Қырымға, онда салынған жаңа заманауи көпірге Белгород және т.б. Ресей қалаларына соққы жасады. Әзірше Украина күштері Ресейдің ішкі облыстарындағы соғыс, жанармай, энергетика құрылымдарына көп соққы бере алған жоқ. Соған қарамастан, Мәскеудің өзіне бірнеше мәрте дрондарымен соққы берілді.

Ресей-Украина соғысы дрондардың, ұшқышсыз ұшу аппараттардың (ҰҰА), қанатты ракеталардың шешуші күштерге айналғандығын көрсетті. Ұшақтар, танкілер, әскери кемелер, артиллерия, жаяу әскер де ешқайда кеткен жоқ.

Алайда ең тиімді соққылар дрондар мен ҰҰА арқылы жасалуда. Соғысты жүргізудің барысында солдаттар мен офицерлерге мотивация керек. Соғысқа психологиялық дайындық отаншылдық сезімінен немесе жалдамалы болып ақша табуды көздеуден қалыптаспақ. Украина әскерінде өз Отанымды қорғаудамын деген мотив күштірек. Ал Ресей армиясында негізінен АОЭ (арнаулы әскери операция) қатысушыларына төленетін қаржы бірінші орында. Әрине, орыстардың армиясында да ұлтшылдар мен отаншылдар бар. Украина армиясы азаттық, әділетті соғыс жүргізгендіктен аз күшпен өзінен әлдеқайда басым орыс әскеріне тойтарыс беруге қабілетті болып отыр.

Бұл соғыстың келесі бір ерекшелігі екі армия әскерлері бір тілде сөйлесе алады. Олар туысқан славян халықтары өкілдері. Ресей армиясына алынған татар, башқұрт, бурят, т.б. халықтардан алынған әскерлер де орыс тіліне жетік. Екі ел бірінің қыр-сырын, кемшіліктері мен мықты жақтарын жақсы біледі. Туысқан халықтардың мемлекеттерін соғысқа алып келген қандай өзекті себептер мен үрдістер екендігіне назар аударсақ.

Путинизм

Ресей-Украина соғысын бастаған, агрессорлықпен 2014 жылдан бермен қарай Украинаның төрт облысы мен Қырымды басып алған путиндік Ресей. Борис Ельцин Путинді президенттікке ұсынғаннан кейін ақ оның ұлыорыстық шовинистік пиғылы анық көріне бастады. Ол бір сөзінде «КСРО-ның күйреуі – ХХ ғасырдағы ең ауыр геосаяси трагедия» деп салды. Келесі бір сөзінде «Украина деген мемлекет болмаған, украин халқы жеке халық емес, ұлы орыс халқының құрамдас бөлшегі» деген тезисті ұсынды. Путин Қазақстанға қатысты да осы іспеттес әңгіме айтқанын жақсы білеміз. Путин ашық жария етпесе де өзінің ұлы миссиясы КСРО-іспеттес алып империяны қалпына келтіруді көксейтіні ақиқат. Осы мақсат жолында бірінші кезекте Украинаны Ресей Федерациясына толықтай тәуелді, вассал өңір жасау керек болды. Беларуссияны өзіне соғыссыз тәсілмен толыққанды бағындырып, Одақтық мемлекет жасады. Ары қарай Путин жоспарына осы Одаққа Украина, одан кейін Қазақстан т.б. ТМД мемлекеттері кіре бастаулары керек. КСРО болмаса да соған жете қабыл империя құру орыс шовинистерінің көкейкесті арманына айналады.

Путин бірінші кезекте Ресей халқының санасын ұлы державалық идеологиямен уландыруды көздеді. Осы мақсаттың теориялық негізі ретінде славянофилдік және еуразиялық концепциялар қарастырылды. Ең бастысы, орыс ұлты – ерекше ұлт, ол – әділетшіл, ол – қайырымды, ол – ержүрек. Құдайға ерекше жақын ұлт ретінде орыс халқы әлемде құдай таңдап, ерекше миссия жүктеген ұлт деген ұлыдержавалық нарративтерді өз халқының санасына әбден сіңірді. Бұндай идеялар ХІХ ғасырдан бастап «туған топырақ» (почвенничество) саяси-әлеуметтік ағымынан байқалған болатын. Ондағы негізгі идея – провославтық орыс халқының адамзатты құтқарудағы ерекше миссиясы. «Өмірдің, мәдениет пен өнердің жаңа формаларын беру орыс халқының адамгершілік ауқымының кеңдігіне қатысты» деген идеялар. В. Путин осындай теориялық қағидалармен қаруланып, орыс халқының әлемдік басымдылығын барлық мемлекеттер мен халықтарға мойындату, түптің-түбінде барлығын Ресейге бағындыру мақсатымен ауырған адам. Осындай «ұлы» мақсатпен В. Путин 2022 жылы 22 ақпанда Украинаға қарсы соғыстан бастап кетті.

Украинаның саяси-әлеуметтік топтасуы әлсіз деп бағалаған Путин оңбай қателесті. Украина, міне, 2,5 жылдай орыс агрессиясына қарсы шайқасуда. Орыстың империялық агрессиясынан шошыған Батыс, ең алдымен НАТО блогына кіретін мемлекеттер Украинаға соғыс техникасымен, қарумен, азық-түлік, әскери жабдықтармен кең көлемдегі көмек көрсетуде. Батыс коалициясының мақсаты – Украинаны қаржыландыру арқылы Ресейдің агрессиялық мақсаттарына тосқауыл қою. Тіптен Украинаның қолымен Ресей шовинизмін талқандау. Бұл ретте Украина Ресеймен Батыс мүдделері үшін де шайқасуда.

Путиннің қолдаушысы Қытай болып отыр. Ресейден арзан газ, мұнай, түсті металдарды көптеп алған Қытай оған қару-жарақ, оқ-дәрі, чиптермен көмектесуде. Заманауи дрондар, ракета бөлшектерін жасайтын құралдар, түрлі чиптер Қытайдан жеткізілуде. Президенттікке қайтадан сайланған соң бірінші ресми шетелдік сапарын Путин Қытайға жасап, төраға Си Цзиньпинмен ерекше қатынаста екендігін көрсетті. Гаага халықаралық сотының шешімімен қылмыскер деп танылған Путин Беларуссияға, Солтүстік Кореяға, Орта Азия мемлекеттеріне ғана бара алады. Еуроодақ елдеріне аяқ басса, тұтқындалады. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше мемлекет басшысының халықаралық сот шешімімен қылмыскер атануы тарихта болмаған жағдай. Әлемдік қауымдастық путинизм идеологиясынан шошынып отыр.

Путинизм – экономикада олигархиялық капиталдың билеуі. Билік пен байлықтың аз ғана саяси элиталық топтың қолына шоғырлануы. Мемлекеттің экономикалық процестерді толықтай өз бақылауында ұстауға ұмтылуы. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының басқарушы топтың саяси мүддесіне бағындырылуы. Өндірісті автоматтандыру, цифрландыру, табиғи ресурстар мен қуат көздерін үнемдеу орнына шикізат пен табиғаттан көп өнім алуға ұмтылыс. Экономиканы милитаризациялауға басымдылық беру нәтижесінде әлеуметтік тауар өндірісінің кенжелеуі. Экономиканы басқаруда нарықтық тетіктер орнына әкімшілдік-әміршілдік тетіктерді пайдалануға басымдылық беру. Экономиканың бүкіл халыққа емес, басқарушы топ пен олигархтар мүдделеріне қызмет жасауы. Экономикалық держава болу орнына шикізаттық держава қалпын сақтау.

Путинизм саясатта ұлы державалық, шовинистік дүниетаным мен идеяларға ден қою. Күйреген патшалық Ресей мен Кеңес Одағындай алып империя құруды мақсат тұту. «Орыс әлемі» ұранымен, бірінші кезекте, бұрын КСРО құрамында болған ТМД мемлекеттерін тәуелсіздіктен айыру, екінші кезекте, әлемдік қауымдастыққа өзінің империялық ықпалын таңу. Ресейді зұлымдық империясына айналдыра отыра әлем халықтары таңдаған қоғамдық қатынастардағы теңдік, бостандық, әділеттілік принциптерін аяққа таптау. Демократиялық үдерістерді, саяси бостандықтарды шектей отыра авторитарлық, диктатуралық биліктің іргетасын күшейте беру. Диктатураға қарсы келген демократиялық күштерді «түрлі сатқындықтар туралы» айыптаулар арқылы өлтіру, түрмелерге қамау. ГУЛАГ жүйесіне деген құштарлық.

Путинизм – әлеуметтік салада халықтық капитализмнің болмауы. Бұқара халықтың қайыршылануы, мемлекеттік биліктің мәдениетті, білімді, ғылымды, рухани саланы, денсаулықты қаржыландыруды екінші кезекке қалдырып, негізгі қаржы ресурстарын әскери-өнеркәсіп кешенін қаржыландыруға жұмсауы. Әлеуметтік инфрақұрылымды жаңаламау, жалпы әлеуметтік саланың кері кетуі. Соның салдарынан салауатты өмір салтын ұстай алмаған қарапайым халықтың алкоголизм, наркомания, қылмыскерлік сияқты девянттық дерттерге ұшырауының шектен шығуы. Әсіресе орталықтан тыс жерлердің, ұлттық аймақтардың әлеуметтік инфрақұрылымының тозығы жетуі. Халықтың тұрғын үй, жылу, су және газ мәселелерінің шешілмеуі. Байлардың байып, кедейлердің кедейленуінің, яғни әлеуметтік поляризацияның күшеюі, әлеуметтік әділеттілік принциптерінің өрескел бұрмалануы. Әкімшілдік жүйенің зорлығы.

Путинизм – ұлттық қатынастарда тек орыс халқының мүдделерінің тұрғысынан сөйлеу. Орыс ұлтының мақсат-мұраттарын желеу етіп, оны пайдалану арқылы ұлы орыстық шовинизмді қоздыру. Сондағы мақсат – диктатуралық билікті ұлы орыстық ұрандармен қолдау, күшейте түсу. 150-ге тарта ұлттар мен ұлыстар мекендеген полиэтникалық, полимәдениеттер қоғамында орыс тілімен мәдениеті арқылы ассимиляторлық, орыстандыру саясатын жүргізу. Аз халықтарды этникалық келбеттерінен айырып, тілдік, мәдени құндылықтары жойылған маригиналданған тобырға айналдыру. Ұлттық азшылық өкілдерінің жастарын АӘО пайдаланып, Украина майданында қырғынға ұшырату. Сол арқылы аз халықтардың генофондына балта шабу.

«Орыс әлемі» ұранымен орыс ұлтының ерекше, жайсаң, батыр, «құдайдың жеке шапағатына ие болған» ұлт ретіндегі артықшылығын насихаттау. Басқа аз этностар, санасыз этностар ұлы орыс ұлтына бағынуға тиісті, оның соңынан жүруге тиісті деген рашистік (фашистік) пиғылды нақты өмірде іске асыру. Орыс емес ұлыстардың барлығының мәдениетін, баспасөздің, өнер ұжымдарын тұншықтыру арқылы олардың ұлттық санасын, тарихи жадын өшіру. Әлемдегі ең алып мемлекет жасаған орыс халқы ең ұлы халық, оған империядағы басқа халықтар бағынышты болуы керек деген «улы» нарративті орыс идеологиялары балабақшадан, мектептен бастап өз өкілдеріне сіңіріп келеді. Осының нәтижесінде халық ұлыдержавалық шовинистік санаға ие болған. Бұратана халықтар барлығы орыс алдында бас ұрып тұру керек деген дүниетанымды ұстанған. «Орыс әлемі» – орыс мәдениеті, орыс тілі әлемдегі ең озық мәдениет пен тіл қатарында, сондықтан Ресей империясында, ТМД көлемінде орыс тілі, мәдениеті басым болуы әділеттілік деген ұстаным орысшылдықтың тірегіне айналып отыр.

Өкінішке қарай, фашистік Германиядағы 1933-1945 жылдардағы жағдай Ресейде қалыптасып жатыр. Орыс халқының басым көпшілігі Путиннің өркениетті, дамыған адамзатқа жат идеологиясы мен ұрандарына сеніп, соны қолдап отыр. Орыс халқы Путиннің шовинистік, ұлыдержавалық саясатының құрбаны болғанын білмей, әлемдік қауымдастық алдында озбыр, агрессор ретінде көрінді. Ресей халқының көпшілігі әділетті соғысты Украина жүргізіп жатқанын ұқпай отыр. Бейбіт жатқан Украинаны 2014 жылдан бастап отарлауға кіріскен Ресей билігі әділетсіз, агрессорлық, басып алып, отарлау мақсатында соғыс ашып, бейбіт халықты қырып жатқаны ақиқат. Шовинистік идеологияға уланған орыстар осыны ұқпай отыр.

Зеленский

Украинаның президенті Владимир Зеленский биыл өтуге тиісті президент сайлауын кейінге қалдырды. Мақсаты – Ресейдің әділетсіз, агрессорлық шабуылына тойтарыс беріп, Украинаның төрт облысы мен Қырым түбегін азат ету. «Президент сайлауы окупацияланған жерлерді азат етуден маңызды емес» деп есептейді В. Зеленский. Жап-жас президент болған Зеленскийдің 2,5 жыл соғыста шаш, сақалы ағара бастады. Ол жарғақ құлағы жастыққа тимей, украиндықтарды азаттық пен тәуелсіздік жолындағы соғысқа бастап келеді. Ресейдің блицкринг жоспарының құрдымға кетуіне шешуші үлес қосқан тұлға сөз жоқ Зеленский. Ол өзінің ерлік тұлғасымен, шешендік өткірлігімен әлемдік қауымдастықты мойындатты. Дамыған Батыс мемлекеттерімен одақтасуға қол жеткізе алды. АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Канада, Польша басшылары Зеленскиймен достас, пікірлес. Демек, қолдаушы тұлғаларға айналды. Бүткіл Еуроодақ Украина жағында. Осының арқасында потенциалы ондаған есе артық Ресейге Украина қарсыласуға, тіптен соққы беруге қабілетті әскери державаға айналды. Зеленский Батыс елдерінен заманауи «Хаймарс», «Атамкс» ракеталық қондырғыларды, Ғ-16 ұшақтарын, «Абрамс» танкілерін көп беруді өтінді. УӘК-ке (ВСУ Украина әскери күші) оқ-дәрі мен снарядтар жетіспейді.

Соғыстың созылып кетуінің себептерінің бірі – УӘК-не Батыстың көмегінің кешеуілдеуі. АҚШ уәде еткен 2024 жылда 61 млрд доллар көлеміндегі көмегін қаңтарда атап, тек сәуірде ғана бере бастады. Украина армиясы 4 айдай оқ-дәріден зәрулік көрді. Ресей армиясы осы айларда біршама басқыншылық көрсетіп басып алған аймақтарда күшті қорғаныс шептерін жасап үлгерді. Соғыс созылмалы сипатқа ие болды. Ресей әскерін УӘК ары қарай жібермей ұстап тұр. Күнделікті шабуылдар екі жаққа да айтарлықтай табыс әкеліп жатқан жоқ.

Зеленский өз халқының соғыстан, босқындықтан, күйреуден әбден қажығанын жақсы түсініп отыр. Ол Путиннің басып алған жерлерден тек қана Ресей әскері талқан болса ғана кететінін біледі. Сондықтан барлық күш-жігерін әлемдік қауымдастықтан әскери көмек алуға жұмсап жүр. Зеленский ұсынған негізгі нарратив «Путин – агрессор, ол Украинаны жеңсе Прибалтикаға, Польшаға, Қазақстанға, т.б. елдерге ауыз салады. Путиннің мақсаты – КСРО типіндегі жаңа алып империя құру, әлем халықтарын соған бағындыру» деген пікір. Зеленскийдің бұл пікірінің дұрыстығын Ресейдің Грузиядан Оңтүстік Осетия мен Абхазияны бөліп алуы, Молдовадан Приденестровье жерін бөліп алуы, Шешенстанды қанға бояп, 2 рет шабуыл жасауы, Қазақстан жерлеріне көз алартуы нақты дәлелдейді. Шынында, Путин кезінде Гитлер жасаған әрекеттерді қайталап, өзінің фашистік, шовинистік саясатқа әбден ден қойғанын дәлелдеп келеді.

Әр елдің өз жолы бар. Ең бастысы – тәуелсіздікті сақтау, өз азаматтарының жеке өміріне жағдай жасау. «Орыс әлемі» орыстың басымдылығын қалайды. Украина халқы өзінің бірегейлігін, елдігін сақтау үшін соғысуда.

Зеленский дамыған Батысты Украина жағына тарта алды. Тек 2024 жылдың бас кезінде АҚШ Украинаға 61 млрд доллар көмек көрсетемін деді. Ал НАТО-ның бас хатшысы И. Столтенберг 2024 маусым айында Брюссельде өткен жиында ұйымға кіретін елдер Украинаға әр жыл сайын 40 млрд евро көлемінде көмек беріп келгенін және осы көмектің ары қарай сақталатынын жария етті. Еуроодаққа кірмейтін Жапония 2 млрд доллар көмек береміз деп Зеленскиймен келісімге қол қойды. Ал АҚШ президенті Джо Байден Украинамен 10 жылдық көмек туралы келісімге мөр басты.

Осыншама әскери қару-жарақтан, қаржымен көрсетілген көмек УҚК жасақтану дәрежесін Ресей армиясының деңгейіне көтергенін нақты дәлелдейді. Зеленский басшылығымен нағыз бәсекеге қабілетті Украина мемлекеті жасалуда.

Путиндік Ресей өзінің агрессорлық, отаршылдық ниетінен бас тартатын түрі жоқ. Оған Украина халқының толыққанды тәуелсіздікке, батыстық демократияға, әділетті сайлауға, президенттің 5-10 жылда ауысып тұруына, халықтың капитализмге, әділетті дамыған қоғамға бетбұрыс жасауы ұнамайды. Украина Батыс елдеріндегі тез дамуға қол жеткізсе, Ресей билігі өз халқының алдында масқара болатындығын жақсы біледі. Сондықтан Путин дамыған Украинадан керемет қорқады. Мақсаты – жақсы болады деген Украинаны талқан ету. Ресейге бағынбайтын Украина болмауы керек.

Сайын Борбасов

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының

бас ғылыми қызметкері, саяси ғылым докторы, профессор