СПИД орталығының бұрынғы бас дәрігері 100 миллион теңге жымқырды деген күдікке ілінді

Тараз қаласында Жамбыл облыстық СПИД-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының бұрынғы бас дәрігеріне қатысты сот процесі басталды. Тергеу мәліметіне сүйенсек, Айбек Исаев лауазымын асыра пайдаланып, бюджеттен 100 миллион теңге жымқырған.
Экс-бас дәрігерге Қылмыстық кодекстің 361-бабы, 4-бөлігі бойынша айып тағылып отыр. Бұл іс Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жоспардан тыс тексерісінен кейін қозғалған. Тергеу органдары Исаевтың сапасыз және мерзімі өтіп кеткен препараттарды қабылдағанын анықтады.
Орталықта қолданылған кейбір медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмектер жарамдылық мерзімі өтіп кеткен болып шыққан. Сонымен қатар, үнемдеу мақсатында қалған жарамдылық мерзімі аз тауарлар сатып алынған. Бұл шешімдерге тікелей Айбек Исаев жауапты болған деп болжануда.
Қазіргі таңда Айбек Исаевқа қатысты елден шықпау туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы қолданылған.
Айта кетейік, Таразда бұған дейін де медициналық салада осындай қылмыстық оқиға тіркелген болатын. Жақында ғана бір жоғары лауазымды дәрігер миллиард теңгеге жуық қаржыны жымқырғаны үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылған еді.