Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:50, 30 Тамыз 2022

Спорт күні: Қазақстанда спорт саласы дамуда

None
None

Қазақстанда тамыз айының әр үшінші жексенбісінде Спорт күні атап өтіледі. Еліміз бұл мерекені 1998 жылдан бері тойлап келеді.

Бұл Қазақстанда мемлекет тарапынан өте кең қолдау тапқан спортқа деген құрмет белгісі деуге болады. Қазақстанда спорттың дамуына бұқаралық спорт қозғалысын кеңейтуге, спорттық жетістіктерді ынталандыруға бағытталған саясат ықпал етуде.

Тамыз айының басында елдердің элиталық спорттағы соңғы әлемдік рейтингі (WRCES) жарияланды. Паралимпиадалық спортшылардың, Елена Рыбакина мен Нора Жерутоның жарқын жеңістерінен кейін Қазақстан өткен жылмен салыстырғанда 2 сатыға көтеріліп, 24 620 ұпай жинап, 28-орынға тұрақтады. Еліміздің рейтингтегі көршілері – Финляндия және Дания мемлекеттері.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауында бұқаралық спортқа, дене шынықтыруға және балаларды қолдауға басымдық беру керектігін айтып келеді. Әр облыста, ірі облыс орталықтарында спорт секцияларын ашуды тапсырды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданды. Елімізде спортпен және дене шынықтырумен жүйелі түрде айналысатындар саны 6 миллион адамға жетті. Бұл мереке өмірін спортпен байланыстырған спортшылар, жаттықтырушылар, балалар мен жасөспірімдер үшін ерекше.

Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Бұқаралық спортты дамыту басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетовтың айтуынша, 2021 жылдың қорытындысы бойынша 6 534 919 адам дене шынықтырумен жүйелі түрде айналысуда, бұл ел халқының 34,28% құрайды. Оның 2 048 284-і ауылдық жерлерден.

Қазақстан тарихында Олимпиада ойындарына қатысқаны үшін 80 медаль болса, оның 16-сы алтынмен көмкерілген. Ең табысты салалардың қатарында күрес, бокс, сондай-ақ ауыр атлетика мен жеңіл атлетика бар.

Футбол – қазақстандықтар арасында ең танымал спорт түрі. Көптеген тұрғындар «Тобыл», «Астана», «Қайрат» сияқты футбол клубтарына жанкүйер. Футболдан бөлек, хоккей де сұранысқа ие – Қазақстанның ұлттық құрамасы халықаралық жарыстарда жетістіктерге жетіп келеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде жастар мен жасөспірімдер арасында спортты дамыту, спортпен шұғылданатын азаматтардың санын арттыру бағытында жұмыстар атқарылуда. Спорт секцияларының саны артып, саланы цифрландыру мәселесі жолға қойылуда.

2020 жылғы 30 желтоқсанда бұқаралық спортты одан әрі дамытуға бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап балабақшалардағы, мектептер мен колледждердегі дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне қосымша ақы белгіленді. Осылайша, мектептерде спорт секцияларын ұйымдастырғаны және өткізгені үшін дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне негізгі лауазымдық жалақысының 100 пайызы мөлшерінде қосымша ақы белгіленген. Жаттықтырушы-мұғалімдердің жалақысы да екі еселенеді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мәдениет және спорт саласындағы мамандандырылған мектептер мен колледждер қызметкерлерінің жалақысы 2023 жылға дейін жыл сайын 25 пайызға өсетін болады. Тұрғындармен жұмыс істеу үшін штаттық спорт нұсқаушыларымен қамтамасыз ету жоспарлануда.

2022 жылы еліміздің спорт резервін дайындау бойынша нәтижелі жұмыс үшін балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту тұжырымдамасын әзірлеу жоспарлануда. Сондай-ақ ұлттық спорт түрлерін дамыту да қолға алынбақ.

Қазақстан тәуелсіздік алған кезеңде 20-дан астам ұлттық спорт түрлері белсенді түрде дамыды. Олардың ішінде қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, құсбегілік, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, ат бәйгесінің ұлттық түрлерімен айналысатындар саны артып келеді.

Тегтер: