Спорт – төбелес пен күрес қана емес

Көлік ішінде бесеуміз. Ауылға кетіп барамыз. Көліктің алдыңғы орындығында отырған Айдын қажы әңгіме ауанын балаларды спортқа беру жайына бұрды.
Қажекеңнің ортаншы ұлы Алматы қаласындағы спорт мектебінде грек-рим күресінде оқиды. Бұғанасы бекіп, тепкішегі толық қатпаған көкөрім баланың белінен ауыр жарақаты бар екен. «Балам жаттығуда салмақ салып, бел омыртқаның шеміршегі жаншылып кетіпті. Қазір екі күннің бірінде массаж алып жүрміз. Әр сеанс 20 мың теңге, он мәрте баруымыз керек» деді. Баланың қатардағы оқу ошағынан спорт мектебіне ауысып барғанына екі жылдың жүзі ғана. Дәрігерлер «балаңызға ауыр көтеруге, оқыс қимыл жасауға болмайды, әйтпесе омыртқаралық жарық ұлғайып кетеді» деп үрейін үлкейтіп те жіберіпті. Айдын қажы баласын күреске емес, ата-бабамыздың сейістік шеберлігін әйгілейтін садақ атуға жаздырмағанына да қынжылыс білдірді. «Садақ ату секциясына қатысушы балалардың қарасы тым аз. Сосын, бұл спортта жасың отыздан асса да «зейнетке шықпайсың». Ал күресте отызға дейін барыңды сарқа жұмсап, соңында жарақаттың жаныңа батқан азабын арқалап қаласың» дейді.
Жуырда Ғалым Сүлейменге еркін күрес шебері, әлем чемпионатының қола медаль иегері, Азияның үш дүркін чемпионы, бес дүркін жүлдегері Дәулет Ниязбеков сұхбат берді. Дәулет балуан көзінің алмасы меймілдеп жасқа толып отырып, «балуандар ұлттық құрама сапында жүргенде тәуір жалақы алады, ал ертең күресті доғарып, тізімнен сызылғанда бұйыратыны бапкерлік жұмыс, жалақысы 100-150 мың теңге аралығында ғана» деп кейіген-ді. Батырды жылатқан қандай кеп? Әрине, қадірдің қашуы ғой. Спортшы ұлттық құрама сапына ілінгенге дейін Айдын қажының баласы секілді бозбала шағында тауаны шағылып, сағы сынып, жарақатымен қоса күреседі. Осындай «тар жол, тайғақ кешулерден» кейінгі күндестік, жершілдік, рушылдық деген дерт те өкпеге түскен құрттай тағы жейді. Бірақ осындай бес батпан ауыртпалықты арқалайтын жанкешті спортқа қазақ балаларының неге жаны жақын? Аралас жекпе-жек деп жүрміз, бокс, күрестен өзге командалық спортқа деген қазақ балаларының көңілі неге салқын? Мысалы, хоккей.
Хоккейде келімсек көп
Хоккейден еліміздің ұлттық құрамасында бүгінгі күнде кімдер ойнап жүр? Қақпашылар Илья Румянцев, Егор Шалапов Ресейде туған. Қорғаныстағы Джесси Блэкер мен кезінде бір айлық жалақысы 48 миллион теңге болғаны қоғамда абың-күбің әңгіме тудырған Даррен Диц Канаданың өсірген хоккейшілері. Виктор Сведберг Швециядан келген. Шабуыл шебін мықтайды деген Павел Акользин, Дмитрий Гурков, Егор Петухов, Дмитрий Шевченко – Ресейде, Волк Кёртс Канадада туған. Көрдіңіз бе, ұлттық құрама сапына қабылданып, келісімшарт жасасқан 12 шабуылшының бесеуі өзге елден келіп жерсінгендер. Ал мұз үстінде қорғанысты нығайтуға күш салады деп сенім артатын сегіздіктің үшеуі шетелден ауып келген хоккейшілер. Қақпашылар құрамын жасақтайтын үшеудің екеуі ресейлік. Енді қараңыз, ұлттық құрама сапына қабылданған ойыншылардың басым көпшілігі ресейлік клубтарда ойнайды. Хоккейден ұлттық құрама сапына қабылданған қаракөз балаларымыздан тек Әлихан Әсетов, Данияр Саян, Әділ Бекетаев, Данияр Самат қана бар. Әрине, мұнда ұлтшылдықты үдету емес, қазақ балаларының осындай спорт түрлеріне қаншалықты қызығушылық танытатыны дәйекті болсын деп мысал еттік.
Қайбір жылы ресейлік бір сайт Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсететін хоккейшілердің жыл сайынғы табысын жіпке тізгендей етіп санап шыққан бар. Сонда осы күнде ресейлік клубта ойнайтын Даррен Диц, (кіндік қаны қайда тамғанын жоғарыда сөз еттік) «Барыста» жүргенінде жылына 579 миллион теңге табыс табатыны жазылған еді. Сол кезде осы Дицтің бір айлық жалақысы еліміздегі пәтер құны тым жоғары Алматы қаласының кез келген сауырынан көңілге жайлы үй алуға емін-еркін жететіні біраз әңгімеге арқау болған-ды. Сонда тіпті аралас жекпе-жектен бірнеше айқас өткізіп, «он екі мүшесінде сынбаған сүйегі кемде-кем» (өзінің сөзі) Қуат Хамитовтың Дицке төленетін қаражатқа қатысты ашына айтқаны да бар. Хамитовтың күйінуі де орынды. Өйткені ол аралас жекпе-жекке, тіпті одан бұрын күрес үйірмесіне жазылғанда жаттығу залына бару үшін Алматы мен ауылының арасындағы шаңдақ жолда қатынады, тапқан капиталын спортқа салды. Оның да арманы – мықты хоккейші болу, көп қаражат табу болмады деп кесіп айту жарамас. Хоккейді таңдамаған күннің өзінде басқа да спорт түрінде бағын сынап көргісі келгенімен, барғызбасы барғызбай (қаражат қолбайлау болып) ақырында, аралас жекпе-жекке бет бұрған шығар. Бірақ бұл жерде аралас жекпе-жекке аз ақша жетеді деген түсінік тумауы тиіс.
Жалпы қазақ балаларының қай-қайсы болсын аралас жекпе-жекте ғана емес, олимпиадалық спорттың жекелеген түріне келгенде көбіне өз арбасын өзі сүйреп жүріп-ақ күшін сарқа жұмсап алады. Күндіз жаттығу жасап, кешкілік күзетте, болмаса басқа да қара жұмыс істейді. Тек Қуат қана емес, бойындағы бар қуатын аралас жекпе-жекке беріп, төбелестен тапқан нәпақасын айырып келе жатқан жастар өте көп. Солар да хоккейші Дицтің деңгейіне жетпесе де, тәуір жалақы табуды қоштамайды дейсіз бе. Өзіңіз бағамдай беріңіз, жеті жастан асқан балаңызды хоккейге беремін десеңіз керек-жарағы мен киім-кешегінің өзі 170 мың теңгенің шамасында. Және ол ұзаққа шыдас бермейді, қағып-соғып жаншып ойнайтын спорт түрінде киімнің жыртылуы жылдам, тозуы тез. Одан бөлек, бала өскен сайын оның хоккейге қатысты қажеттілігі де қымбаттай түседі. Айлық жалақысының өзі 150 мыңға жетпейтін, бір емес, төрт-бес баласын оқытып-тоқытып отырған ата-аналар көп. Ал оларға «балаңды Диц секілді бай болсын десең, хоккейге бер» деп қалай қызықтыра аласыз?
Ульяновскіде туып, 66 жасында Алматыда қайтыс болған Евгений Агуреев деген хоккейші өткен бұл жалғаннан. Кезінде Алматының «Динамо» командасында ойнаған Агуреевтің: «Қазақта допты хоккейден команда болған жоқ, тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Қазақстаннан құрама шықты. Ал командадағы ойыншылардың ішінде тек Қазақстанға кіндігі байланып, қазығы қағылған (жергілікті дегені ғой) ойыншы тек Рауан Есалиев пен Ескендір Нұғыманов қана» дегенін де естігенбіз. Шындыққа тіке қарағанда Агуреевтің айтқаны – ақиқат. Астаналық «Барыс» сапында ойнаған қазақ жастарын санамалап көрсеңіз, он саусағыңыз еркін жетеді. Талғат Жайлауов, Данияр Қайыров, Дамир Рысбаев секілді қадау-қадау қабыландар ғана болды. Қазір де айтарлықтай көбейді дей алмайсыз. Әлихан Әсетов, Абай Маңғысбаев, Аңсар Шайхмедденов, Батырлан Мұратов, Дінмұхамед Қайыржан, Самат Данияр, Әділ Бекетаев сынды қаракөздеріміздің айдынға шыққаны көңілге медеу.
Таэквонда тағына өзбектер қалай мінді?
Иманы саламат болсын, Өзбекстанды ширек ғасыр басқарған Ислам Кәрімов 2016 жылы Бразилия елі өткізген Рио жазғы Олимпиада ойындарында өзбек спортшылары – 4 алтын, 2 күміс, 7 қола медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте 21-сатыға тұрақтағанда асыра сілтеңкіреп жіберіпті деген де әңгіме бар. Қалай болғанда да сарша тамыздың соңына ала құлаған Кәрімнің ел басқару мәртебесі бұйырған ұрпағы Олимпиада ойындарынан кейін-ақ Өзбекстанның тәуелсіздік күнінің (1қыркүйек) о жақ, бұ жағында дүние салды.
Қалай болғанда да дәм тұзы таусылып, мезгіл сағаты жеткен шағында ғұмыры қиылған президенттің ажалына Олимпиада ойындарындағы Өзбекстан спортшыларының жеңісі һәм жетістігі тікелей себеп болды деуден аулақпыз. Бір анық нәрсе, соңғы он жылдың бедерінде көрші елдің спорты зау биікке көтеріліп, дәуірлеу шағына жетті. Оған Ислам аканың қосқан үлесі өте зор. Соның нәтижесінде 2020 жылы Токио жазғы Олимпиадасында өзбектің 19 жастағы ұлы Ұлықбек Рашидов таэквондодан Олимпиада чемпионы атанды. Ал біз осы спорт түрінен 2008 жылы Бейжің жазғы Олимпиада ойындарында Арман Шілмановтың жеңіп алған қола жүлдесіне әлі малданып келеміз. Өзбектер 19 жастағы ұланын Олимпиаданың шыңына шығарғанда біз – таэквондодан халықаралық жарыстарды былай қойып, Қазақстан чемпионатын өткізуді созбалаңға салып, ақыры ата-аналар балаларының болашағы үшін бас қалаға барып жүр. Қазақстан біріншілігі өтсін, әлем чемпионатына ел ішіндегі аламанда озық шыққан таланттар барсын деген мақсатты мұрат етіп, астанадағы ақ жағалылардың емен есігін қағып жүр. Осыдан кейін қалай біз бұл спорт түрінен таланттардың томағасын сыпырып, әлем, олимпиада чемпиондарын шығарамыз деп күпінеміз. Астанаға арнайы үлкен мәселені арқалап келген ата-аналар: «Әлем чемпионатына баратын таэквондошыларды іріктеуді Қазақстан чемпионатын өткізу арқылы жүргізсін» деп дабыл қақты.
Бірнеше жыл бұрын әлем чемпионатына баратын спортшылардың ата-аналары балаларының жолына, тамағына өз қалтасынан төлеп, тіпті кейбірі несие рәсімдеп, ұландарын Қазақстан атынан әлем чемпионатына аттандырғанын да көзімізбен көргенбіз. Осыдан кейін қалай қазақ спорты оңады деп айтуға болады? Өзбектер боксын бекем етіп, күресі мен таэквондосының тұғырын нықтап алғанда біз Рио олимпиадасынан кейінгі бес жылдың белдеуінде өткен Токио жазғы олимпиада ойындарынан алтын медальсіз оралғанымыз олқылықтың орны орасан екенін аңғартты. Содан бері өзгерген ештеңе жоқ. Таэквондо спортынан Түркиядан келген өз қызымыз – Жансәуле Теңіздің (Жансель Дениз) жеткен жетістігі тәуір. Жансәуленің бабын келістіре баптап, қамау терін алып, бағын жаққан да –Түркия. Себебі Степногорскіде туып, анасының қызмет бабына сай Анадолы еліне көшкен қыз, ойын баласы шағынан таэквондо спортын осы елде үйренді. Түрлі турнир, сан-сайысқа қатысып, шыңдалды. Сондықтан да Жансәуленің 2018 жылғы жазғы Азия ойындарында иеленген күміс медаліне түркиялық бапкерлердің де маңдай тері сіңгенін айтуымыз керек. Осы Түркия еліне Токио олимпиадасында садақ атудан 22 жастағы ұланы – Мете Ғазоз алтын медаль тарту етті. Жапонияның 13 жастағы жасөспірім спортшысы Момидзи Нисия скейтбордтан олимпиада чемпионы атанды. Ал біз Токио жазғы олимпиадасына барған делегацияда ең жас атлет 19 жастағы Алина Әділханованы көркем гимнастикадан додаға қосқанымызды, оның 20-ға жетпей жазғы олимпиада ойындарының жолдамасын иеленгенін орасан жетістікке баладық.
Үлкен тенниске қызығушылық үдемей тұр
Ақсүйек спорт дейміз бе, әлде қымбат спорт түріне балаймыз ба, үлкен тенниске де қазақ жастарының қызығушылығы бәсең дегенге келмес, барлығы да қаржыға келіп тіреледі. Шүкіршілік күні кеше Жібек Құламбаева халықаралық турнирде чемпион атанды. Томирис Нұржан да бір жылдары Испанияда өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы атанып жарқ етті. Зарина Диас қазақ қыздары арасынан әлемдік рейтингтің алдыңғы елулігіне енген алғашқы қарлығаш.
2008 жылы елімізде Team Kazakhstan деп аталатын академия ашылып, қауырсын қанат жеткіншектерімізді спорттың осы түріне баулып келеді. Ал әзірге еліміздің ұлттық құрамасында негізіне ресейлік легионерлер ойнап, нан тауып жүр. «Мен қазақпын» деп жүрген Александр Бублик, Андрей Кукушкин, Александр Недовесов, Андрей Голубев, Дмитрий Попкоңыз да Ресейден аттай қалап алдырған теннисшілер. Қыздар құрамасының басында да осы кеп. Құрама капитаны – Ярослава Шведова, Елена Рыбакина, Юлия Путинцевалар Ресейдан ауған ойыншылар. Соңғы жылдың бедерінде Елена Рыбакина ғана орасан жетістігін – Қазақстан теннисінің тарихына жазып жүр. Жібек Құламбаева сынды аруларымыз шарболаттай шыңдалып, бәсекелестікте биіктей бастағанға дейін легионерге сүйенгеніміз сүйенген.
Қазақ спортының қауқары 2021 жылы өткен Токио жазғы олимпиадасынан кейін көрінді ғой жалпы. Осындай қымбат спорт түрлеріне жастарды қызықтыру үшін, тек еліктіріп қана қоймай, тарта түсу үшін кешенді бағдарлама, түбегейлі реформа керек. Мүмкін субсидия бөліп, балалардың қымбат спортқа тарту тетігін іске қосқан дұрыс болар. Әйтпесе, мұндай спорт түрлерін дамыту жолында баласын беруге ата-ананың қалтасы көтермейді. Жоқты жона жүріп жетілген жастарымыздың аралас жекпе-жекке қарай ағылу қарқыны күшейе түсетіні анық. Жанбағыс керек өйткені.