Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:32, 23 Қыркүйек 2022

Спорт – ұлтты танытудың бір жолы

None
None

Қазіргі таңда Қазақстан халқының 31,6 % бұқаралық спортпен айналысады екен. Бүгінде сала мамандары осы көрсеткішті одан әрі жақсартуға барынша тырысуда.

Өйткені дені сау, салауатты өмір салтын ұстанған ұлт – қуатты мемлекеттің негізі. Осы орайда атап өтсек, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы әлеуметтік-экономикалық және саяси жетістіктерімен ғана емес, спорттық жеңістермен де есте қалды. Дене шынықтыру және спорт саласының қарқынды дамуы әлемге жаңа спорт жұлдыздарын ашып, Қазақстанды мықты, дені сау ұлт қалыптастырушы ел ретінде танытты.

Қазақстанның үлкен спорттағы жетістігі ұлттық рухты қолдауға да әсер етпей қоймады. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде еліміз 25-тен астам ұлттық спорт түрін дамытып, «Қазақ күресі», «Саятшылық», «Асық ату» және «Тоғызқұмалақ» секілді ұлттық ойындарымызды ЮНЕСКО-ның мойындауына қол жеткізген екен. Ал «Қазақстан барысы» турнирі ұлттық спорттың брендіне айналды. Демек халықаралық спорттық додаларда да намысты қолдан бермей, ұлттық ойындарымыздың дамуына да көңіл бөлуіміз бұл салада дамудың дұрыс жолында екенімізді аңғартатындай. Ұлттық ойындарымыздың жанашырларының бірі Серік Ерішұлы:«Қазақ күресімен елде 100 мыңнан астам адам айналысады. Қазақ күресінің 40 мемлекетте федерациясы ашылды. Қазір одан Әлем, Азия чемпионаттары өтіп тұрады. «Қазақстан барысы», «Жас барыс», «Әлем барысы» жарыстары қалыптасқан. Олар өте жоғары деңгейде өтеді», – дейді. Демек ұлттық ойындарымызды дамыту, таныту жұмыстары өз деңгейінде жүргізілуде.

Елімізде ұлттық спорт түрлерін жаппай дамыту мақсатында бүгінгі таңда 8 мамандандырылған спорт клубы, 13 мамандандырылған спорт мектебі және 45 ипподром ашылған екен. Бұдан басқа, барлық білім беру мекемелерінде дене шынықтыру сабақтарында «қазақ күресі», «тоғызқұмалақ», «асық ату» сияқты ұлттық спорт түрлерінің міндетті компонентін енгізу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда мектеп оқушыларының ұлттық ойындарды меңгеріп, тіпті сайыстарда бақ сынауға тырысуы байқалуда. Жас ұрпақ ұлттық ойындарымызды меңгеруі үлкен жетістік.

Тәуелсіздік жылдарында республикада кәсіби спортшыларды бастапқы кезеңнен жоғары спорт шеберлігіне дейін даярлау жүйесі де қалыптасты. Бұған әлемдік жеңіс шежіресіне есімдері мәңгі жазылған қазақстандықтардың жетістіктері мен есімдері дәлел бола алады. Бүгінде елімізді халықаралық деңгейде танытқан спорт саласында тұлғаларымыз жетерлік. Ел спортшыларының жеңісі халықаралық спорт аренасында еліміздің имиджін асқақтату жолында үлкен қадам болды және әлемдік деңгейдегі спорттық жарыстарды өткізудің жарқын алаңы ретінде әлем елдері Қазақстанға назар аудара бастады. Нәтижесінде бірнеше халықаралық спорттық додаларды елімізде өткізе алдық. Бұл еліміздің спорттық инфрақұрылымның дамуына да оң әсер етті. Мәселен, әлемдік стандарттарға сай келетін «Сарыарқа» республикалық велотрегі, «Астана Арена», «Алатау» шаңғы және биатлон стадиондарының кешені, «Барыс Арена» және «Алау» мұз айдындары, «Алматы арена» спорт сарайы, «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндер кешені, «Бурабай» халықаралық шаңғы базасы, аты аңызға айналған қазақстандық палуан Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, «Қазақстан» жеңіл атлетикалық спорт кешені секілді спорт кешендерінің салынуы – еліміздің спортты дамытуға, халықтың спортпен айналысуына барынша көңіл бөліп отырғанын айғақтайды. Нәтижесінде бүгінде бұл нысандар барлық спорт әуесқойларын қызықтыратын орынға айналып отыр.

Тегтер: