Спортшылар арасындағы діншілдік және Мырзабосыновтың жол картасы

Діни ағымдардың жастар арасында, әсіресе спорт саласында ықпалы күшейіп бара жатқаны айтылып жүр.
Оған парламент депутаттары да, қоғам белсенділері мен ел ағалары да, кейбір спортшылардың өзі де алаңдаушылық білдіреді. Жақында өткен құрылтайда да осы мәселе көтеріліп, теріс ағымдарға, қазақтың болмысына жат идеологияларға тосқауыл қою қажеттілігі сөз болды.
Дәл спортшылар мен осы саладағы діни ахуалдың өзгерісі жайлы дінтанушы Кеңшілік Тышқанұлы былай дейді:
«Исламның спортшылар арасында тез таралуына көбінесе діннің компенсаторлық, яғни жұбатушылық, психологиялық функциясы әсер етеді деуге болады. Яғни қазақта маңдайыңа не жазылса сол болады, бұйырған кетпейді, жүгірген жетпейді деген мақалдар бар ғой. Тура сол. Екінші жағынан спорт саласында үнемі сайыс, жарыс. Әрбір ойын алдында рухани тілек, көмек қажеттілігін де спортшылар көбірек сезінсе керек.
Бұған радикалды топтардың саналы түрде спортшылар арасында діни көзқарастарын тарату талпынысын қоссақ, ал спорт саласында оқуға, рухани дамуға уақыт болмайтындығын, мектеп жасынан бастап спортқа кеткен жастардың оқуға ынтасының азаятындығын ескерсек, радикалды топтардың қармағына тез ілінетіндігінің себебін ашуға болады. Әрі радикалды ағым көзқарастары бір салаға немесе бір ұжымға кіре бастаса, сол ортада таралу қарқыны да жоғары болады.
Ал негізінен, спортшылар арасындағы рухани қажеттілік қандай деңгейде және сипатта, олардың психологиялық қажеттіліктері қалай қамтамасыз етілуде деген сауалдарға жауап іздеу қажет. Спорт ең алдымен өнер, мәдениет. Бізде оны күштінің көрсеткіші, мақтанның мақсаты ретінде тану басым. Ал ар жағына үңіле бермейміз», – дейді.
Иә, қазір мұндай тенденцияның бар екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Ол әлеуметтік желі беттерінде, адамдар арасында ғана емес, мемлекеттік ұйымдардың қабырғасында да айтыла бастады. Бұл проблеманы шешуде жауапты министрлік жүйелілікке жүгінбек. 2025 жылдың басында туризм және спорт министрі Е.Мырзабосынов спортшылар арасындағы діншілдік мәселесін шешу мақсатында жол картасы әзірленгенін айтты. Ол үкімет отырысында: «Дін мәселесі бойынша бізде арнайы жол картасы әзірленген. Соның аясында жұмыс істеп жатырмыз. Бүгінгі таңда арнайы ұйымдардан мамандарды тартып, спортшылармен жүйелі жұмыс істеп жатырмыз. Әр федерация өз құрамымен жұмыс істеуі керек. Жол картасы аясында дін мәселесіне қатысты да мәселе қаралады», – деді.
Ал жақында Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте спорт вице-министрі Серік Жарасбаев теріс діни ағым ұстанатын спортшылар тексерілетінін мәлімдеді. Вице-министр спортшылар арасында түсіндіру жұмысы жүргізілетінін айтты. «Профилактикалық, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Мен айтқандай, жол картасына да теологтарды тартып жатырмыз. Егер сыртқы бет-әлпетінде өзгеріс болса, қысқа балақты киім кисе, радикалды көзқарас ұстанса, онда бұл ақпаратты қауіпсіздік комитетіне жеткіземіз», – деді ол.
Ақжол МЕЙІРБЕК