Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:12, 24 Наурыз 2022

Спортты дамытуға қажетті инфрақұрылымдарды жетілдіру маңызды

None
None

Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында бұқаралық спортты, әсіресе, балалар спортын дамытуға қажетті барлық инфрақұрылымды дамыту туралы тапсырма берген болатын-ды.

Тапсырмаға сәйкес, ҚР мәдениет және спорт министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, арнайы жоспар жасақтап, бекітті.

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап мектептер, балабақшалар мен колледждердегі дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің еңбекақысына үстемеақы қарастырылды. Мәселен, мектепте спорт үйірмесін жүргізгені үшін дене шынықтыру пәні мұғалімі базалық лауазымдық жалақысына 100 пайыз қосымша ақы ала алады. Оған қоса, бапкерлердің еңбекақысы өсті. Сондай-ақ мәдениет пен спорт саласында маманданған мектептер мен колледждер қызметкерлерінің жалақысы да 2023 жылға дейін жылына 25 пайызға өсіп отыратын болады.   

ҚР мәдениет және спорт министрлігі таратқан дерекке сүйенсек, 2021 жылы елімізде 6 миллионнан аса адам, яғни халықтың 34 пайызы дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылданады екен. Олардың 2 миллионы ауылда. 2020 жылмен салыстырғанда, саны жарты миллионға ұлғайған.  Мүмкіндігі шектеулі жандар арасынан спортпен жүйелі айналысушылардың республикадағы жалпы үлес салмағы 13 пайызға жуықтаған. 127 мың спорт үйірмелері (69 мыңы ауылда) жұмыс істеуде. 602 балалар-жасөспірімдер клубында 223 мың жасөспірім спортпен шұғылдануда.  Қазақтың ұлттық спорт түрлерін өміріне серік еткендер қатары жылдан жылға көбейіп келе жатқаны да қуантады. 

Биыл еліміздің облыстық маңызы бар Ақтау, Талдықорған, Қызылжар, Семей шаһарларында және  республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент шаһарларында «Қолжетімді спорт» бағдарламасы іске қосылды.  Әрі қарай ол өзге өңірлерде жалғасып, бағдарлама шеңберінде спорттың скандинавиялық жүріс, жүгіру, гимнастика (йога, фитнес), стритворкаут, шаңғы, конькимен жаппай сырғанау секілді түрлері қалың бұқараға қолжетімді болады деп күтілуде.

Салауатты өмір салтын насихаттау министрлік үшін аса маңызды міндеттердің қатарында. Кешенді жоспар бойынша, республикалық кәсіподақтар спартакиадалары, орталық, жергілікті атқарушы органдардың турнирлері, білім, медицина, БАҚ өкілдері қатысатын жарыстар тұрақты ұйымдастырылуда. 2021 жылы Қазақстанда 2 млн 675 мың адам президенттік сынақтарға қатысып, 500 мыңға жуығы ойдағыдай тапсырды.

Президент тапсырмасына байланысты кешенді іс-шаралар Батыс Қазақстан облысында да жүзеге асырылып жатыр. Күні бүгін Батыс Қазақстан облысында 84 спорт түрі дамытылуда, соның 31-і олимпиадалық35-і олимпиадалық емес10-ы ұлттық7-еуі техникалық спорт түрлері. 23 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі бар, мұнда 13 384 жасөспірім 54 спорт түрімен шұғылданады.

Өңірде 5 кәсіби клуб жұмыс істейді. Олар: «Ақжайық» футбол клубы, «Жайық» волейбол клубы, «Ақжайық» допты хоккей клубы, «Бәйтерек» футзал клубы және шайбалы хоккейден жасөспірімдер командасы.

Облыста бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында өткен жылы екі мыңға жуық іс-шара өтті. 2021 жылдың қорытындысы бойынша облыста дене шынықтырумен және спортпен тұрақты шұғылданушылардың жалпы саны 220 мың адамды немесе облыс халқының 33 пайызын құрады.

                Соңғы бірер жыл ішінде жергілікті бюджет және демеушілер есебінен, қырыққа жуық спорттық алаңдары салынды. Олар – Ақжайық, Бәйтерек, Жәнібек, Казталов, Қаратөбе, Сырым, Теректі, Шыңғырлау аудандарында және Орал қаласында орналасқан.Оған қосымша Оралда 15 спорттық алаң күрделі жөндеуден өтті.

Қара шығанақ кенішін игеруші инвестор – КПО б.в. компаниясының есебінен, Жаңақала ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені (ДШСК) пайдалануға берілді. Бөкей ордасы, Казталов, Теректі аудандарында да осындай кешендер пайдалануға берілді. Қазіргі таңда облыста КПО б.в. компаниясының есебінен, 5 ауданда 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жүріп жатыр.

Сонымен жеке кәсіпкерлердің қолдауымен көптеген спорттық нысандар салынды. Мәселен, оралдық кәсіпкер А.Қамалов Зашаған кентінде жаңа спорт залын ашты. Кәсіпкер Т.Досболатов Оралда грек-рим күресінен ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Мұрат Жұмашевтың есімі берілген спорт клубын ашып, ангарлық типтегі спорт залын іске қосты. БҚО үстел теннисі федерациясы ҚБ президенті Р.Истаев Омега ықшам ауданында спорт залдың, кәсіпкер Д.Ғабдуллин Omega Sports заманауи спорт кешенінің құрылыс жұмыстарын аяқтады. БҚО дзюдо федерациясының вице-президенті Ғ.Жұмалиев жас дзюдошыларға Kodokan Spirit залын өз қаражаты есебінен тұрғызды.

2020 жылы жеке кәсіпкер Қ. Рахметова П.А.Атоян атындағы стадион жанынан екі қабатты спорттық нысанның құрылысын аяқтады. Қазір онда мүмкіндігі шектеулі адамдар жаттығып жүр. Оларға – жеңіл атлетика, қол күресі, дзюдо, грек-рим күресі, еркін күрес, пауэрлифтинг, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ, үстел теннисі сынды спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік жасалған.

Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қаулысы негізінде спортшыларды жоғары спорттық жетістіктерге ынталандыру үшін төлемдер қарастырылған. 200-ден аса спортшыға ресми жарыстарда көрсеткен нәтижелеріне сай ай сайын қаржылай төлем төленеді.

Тегтер: