Sputnik Әзірбайжан бас редакторы бостандыққа шықты

Әзірбайжанда ұсталған Sputnik Әзірбайжан агенттігінің бас редакторы Игорь Картавых қамаудан босатылып, Ресейге ұшып кетті. Бұл туралы Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова хабарлады.
«Картавых қамаудан босатылды және Ресейге ұшып кетті», — деді Захарова.
Бұған дейін журналистің бұлтартпау шарасы үй қамауына өзгертілгені туралы хабарланған еді.
30 маусымда Әзірбайжан билігі Sputnik Әзірбайжан агенттігінің жеті қызметкерін тұтқындаған болатын. Олардың қатарында бас редактор Игорь Картавых пен шеф-редактор Евгений Белоусов бар. Екеуі төрт ай мерзімге қамауға алынған.
Баку билігі журналистерді «мемлекеттік мүдделерге қайшы ақпарат таратты» деген күдікпен ұстағанымен, нақты айыптар ресми түрде жарияланған жоқ.
Мәскеудегі «Россия сегодня» медиатобы Әзірбайжан билігін өз қызметкерлерін босатуға шақырған еді.
Сондай-ақ агенттік директоры Дмитрий Киселев Әзірбайжан билігіне үндеу жасап, журналистердің заңсыз қамауға алынуы сөз бостандығына қайшы екенін атап өткен.
Айта кетейік, 2024 жылдың желтоқсанында Грозный үстінде Azerbaijan Airlines әуе компаниясының ұшағы атып түсіріліп, Қазақстан аумағында құлаған. Апаттан 38 адам қаза тапты. Әлиев Ресейден кінәні мойындауды талап етті. Алайда Мәскеу тергеу аяқталмағанын айтып, қорытынды жасауға асықпауға шақырды. Бұл Әлиевтің қатқыл реакциясына түрткі болып, ол халықаралық сотқа шағымданатынын мәлімдеді.
Екінші дипломатиялық дағдарыс
Ресей мен Әзербайжан арасындағы екінші үлкен шиеленіс 2025 жылдың маусым айында Екатеринбургте Әзербайжан диаспорасы өкілдері ұсталғаннан кейін өршіді.
Ресей қауіпсіздік қызметі 2000-жылдардың басындағы адам өлтіру істеріне қатысы бар деп күдіктелген бірнеше адамды ұстаған. Екі күдікті қамау кезінде қаза тапқан. Мәскеу олардың «жүрек талмасынан өлгенін» айтса, Баку тарабы соққыдан қаза тапқанын мәлімдеді.
Бұған жауап ретінде Әзербайжан сегіз ресейлікті есірткі және киберқылмыс істері бойынша қамауға алып, елдегі «Русский дом» орталығын жауып, оның қызметкерлерін тыңшылықпен айыптаған. Сондай-ақ «Спутник Азербайджан» бас редакторы тұтқындалып, Ресей сұраған экс-судья Елена Хахалева босатылған.
Әзербайжан билігі Ресей азаматтарының елде болу мерзімін де жылына 90 күнге дейін қысқартқан.
Алайда 10 қазанда Путин мен Әлиев Душанбеде кездесіп татуласты. Ресей алғаш рет AZAL ұшағы апаты үшін кешірім сұрады.