Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:14, 25 Мамыр 2021

Сқақов vs Әшімбетов – 1:0

None
None

Тәуелсіз Қазақстан тарихында шағын шаһар басшысының облыс әкімін бір емес, екі мәрте сотқа беру жағдайы болмаған шығар, сірә.

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов пен осы облысқа қарасты Ақсу қаласының әкімі Нұржан Әшімбетовтің арасындағы «соғыстың» басталғанына бір айдан асты. Ақыры Сқақов қолындағы билігін пайдаланып, қарсыласын орнынан тайдырды. Бірақ Әшімбетов оңай шағыла қоятын жаңғақ емес.

«Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» деген қазақ мақалының сиқы өзгеріп, «Екі саясаткердің басы бір облысқа сыймайдының» дәл өзі болып тұр қазір. Саяси аренада айтарлықтай тәжірибесі жоқ, бірақ амбициясы мен «крышасы» мықты Сқақов бұл салада ширек ғасырлық тәжірибесі бар «акула»  Әшімбетовті ырқына көндірмек болып еді, бірақ олай болмады. Облыс әкімі Ақсу қаласының әкіміне «бірінші тоқсанда әлеуметтік-экономикалық көрсеткішті орындамағаны үшін» деп сөгіс беріп, қаһарын көрсетпек болғаны сол еді, қол астындағы қызметкері сөгістің күшін жойып, негізсіз деп тану үшін оны сотқа берді. Ақсу қаласы әкімдігінде аудит жүргізу үшін облыстық әкімдік қызметкерлерін жіберген кезде де Әшімбетов тексерістің қорытындысымен келіспей, бастығын екінші рет сотқа берді. Әлбетте, облыстық деңгейдегі сот облыс билігінің айтқанына қалай болсын құлаққа асатындықтан, қала әкімінің шағымдарына назар аудара қойған жоқ. Бірінші жағдайда Әшімбетовтің қорғаушысының жеке куәлігінің мерзімі өткенін сылтауратып кері қайтарса, екінші рет мемқызметшілердің арызын қарастырмаймыз деп  құтылды. Екі әкімнің арасындағы дауға араласпауды құп көрген шығар, сірә.

Кейін Ақсу қаласының әкімдігінде жұмыс істейтін бірнеше мемлекеттік қызметші Нұржан Әшімбетовтің оларға тіл тигізіп, жұрт алдында масқара қылғанын жазып, облыс әкіміне хат жолдады. Бұл шағым әдеп жөніндегі кеңесте қаралып, бұл кеңестің құрамына кіретін жеті бірдей шенеунік «Ақсу қаласының әкімі қызметіне лайық емес» деген байламға келді. Қоғамдық ұйымдардың төрт мүшесі ғана «бұл жағдайда әкімге ескерту, сөгіс берумен шектелуге болады» деген пікірін білдірді. Бірақ басым дауыс жеңіске жетіп, қала әкімін жұмыстан босатуға ұсыныс жасалды. Бұл ұсынысты облыс әкімі Сқақов бір-екі күн аралығында құптай қойып, жұма күні кешкісін тиісті бұйрық шығарды. Енді осыдан тура төрт ай бұрын әкім атанған мәжілістің бұрынғы депутаты Ақсудың экс-әкімі болып қалды.

Нұржан Әшімбетов бұл шешімді үнсіз қабылдай қойған жоқ. Сенбі күні бұқаралық ақпарат құралдарының басын қосып, баспасөз мәслихатын өткізді. Сол жиын кезінде бұған дейін де айтып жүрген мәселелерін көтерді. Атап айтқанда, Ақсу қаласының әкімдігіне келе сала, бірталай былықтың бетін ашқанын мәлімдеді. Олардың қатарында жерді заңсыз беру мен оның мақсатын заңсыз өзгерту, мемлекеттік бағдарламалар аясында бөлінген қаражаттың тиімсіз жұмсалуы, статистикалық есептерге жалған көрсеткіштер енгізу сияқты жайттар бар.

– Туындаған мәселелердің бәрін облыс әкімі Сқақов мырзаға айтқанымда «оларды қозғап қайтесіз» деген кейіп танытты. Мемлекет ақшасы қалай болса солай жұмсалып жатқанда неге үндемей қалуым керек? Ертеңгі күні сол қылмыстық, сыбайлас жемқорлық әрекеттері бар істерді менің мойныма ілмесіне кім кепіл?! Мысалы, былтыр оңтүстік өңірлерден қоныстанушылар үшін 400 млн теңгеге 20 үй сатып алынып, ақшасы толықтай аударылды. Ал түптеп келгенде 18 үй тұруға жарамайды. Ол үйлерге әлі күнге дейін ешкім қоныстанған жоқ. Сол кезде облыс әкімі қайда қарады? Әлбетте, өңірде құрылыс қарқынды жүріп жатқанын, инвестиция тартылып жатқанын көрсету үшін сандарды еселеп көрсеткен оған тиімді. Бірақ солтүстіктен жақсылыққа үміттеніп келген жұрттың көзіне қалай қарайды? Менің кемшіліктерімді жиып-теру үшін «сіз келгелі жоғары лауазымды жеті мемлекеттік қызметші ауысты, өз командаңызды жинап жатырсыз» дегенді алға тартады. Менің командам жоқ! Жарты жыл бойы бос тұрған екі бөлімнің басшысы қызметіне бұған дейінгі қызметте әріптес болған адамдар конкурс негізінде қабылданды. Оған менің қатысым жоқ. «Маған сондай сын тақпас бұрын, өзіңізге қарап алсаңыз етті. Облыс әкімі болып келгелі басқарма басшыларының 90 пайызын жаңарттыңыз. Бірінші орынбасарды бір емес, үш рет ауыстырдыңыз» дегенімді жақтырмай қалды. Жалпы, мен Сқақов мырзаның саясаты өте әлсіз дер едім, – дейді Нұржан Әшімбетов.

Ақсу қаласының экс-әкімі айтқан сөздер мен мәлімдемелер әлеуметтік желілерде тарай бастағаны сол еді, әкімдік қызметкерлерінің жарғақ құлағы жастыққа тимеді. Олар да демалыс күндері жұмыс істеп, Әшімбетовтің аузынан шыққан әр сөзді жоққа шығаруға тырысып-ақ бақты. Облыстық жер қатынастары, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары, статистика департаменттері арқылы «2021 жылғы 22 мамырдағы баспасөз мәслихатында Н.Әшімбетовтің жариялаған ақпараты шындыққа сай келмейді» деп ақпарат таратып жанталасты.

Бұл ретте көпшіліктің пікірі екіге жарылды. Әкімнің қызметтен қуылуын құптағандар да, қолдамағандар да табылды. Тіпті ақсулықтар қала әкімін қызметте алып қалу туралы президентке ашық хат жолдады. Әзірше бұл мәселеге қатысты облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтың өзі жақ ашпады.  

Тегтер: