Сталин неге Шығыс Түркістанның тәуелсіздігін құрбан етті?

Тарихта Ұлы Түркістан даласының Шығыс Түркістан және Батыс Түркістан болып аталғаны белгілі.
XYII ғасырдың соңына қарай Ұлы Түркістанның батыс бөлігін, яғни Орта Азия мен Қазақстанды орыстар, шығыс бөлігін қазіргі Шыңжан аймағын қытайлар басып алды. Ежелгі халықтың төрт мың жылдық мәдениетінің ойран-топаны шықты. Екі жақта да басқыншыларға қарсы күрес жүргізілсе де жеңіліс тапты.
Шығыс Түркістанның түркітілдес халқы өз тәуелсіздігі жолында үнемі күрес жүргізіп отырды.Соның ең ірісі 1933 жылы сәуірде басталған Құмыл көтерілісі болды. Ақырында, Шыңжан аймағы осы жылдың 12 қарашасында Шығыс Түркістан Ислам Түрік республикасы болып жарияланды. Оның президенті болып Хожа Нияз сайланды. Түркітілдес халықтардың ауыз бірлігі, бостандыққа деген ұмтылысы жаңа мемлекеттің басқаларға үлгі болатындай іс-қимылдары Қытайды емес, Кеңес одағын мазасыздандыра бастады. Бұл өзгерісті кеңес билігінің басшысы Сталин қуана қарсы алмады. Оның пайымдауынша, Шығыс Түркістанның тәуелсіздігі Кеңестік Орта Азия халықтарының ұлт-азаттық қозғалыстарына түрткі болмақ. Ұлы көсемнің осындай пайымдауынан кейін іле-шала Кеңес одағы Шығыс Түркістан ислам түрік республикасын құлатпаққа кіріседі. Арнайы құпия жоспарлар құрады. Сталин патшалық кезден қалыптасқан біреулердің қолымен әрекет жасау қимылын құп тұтады. Сол кезде Шыңжанда гоминьдин билігіне қарсы әскери төңкеріс жасаған полковник Шэн Щицай өзін өлкенің генерал-губернатор етіп жариялады. Ол Құмыл көтерілісін қолдаған болып Шығыс Түркістан халықтарының ұлт-азаттық қозғалысының қарқынын бәсеңдету мақсатында бірқатар саяси және экономикалық еркіндік беру мүмкіндіктерін қарастырады. Кеңес үкіметі екі ел арасындағы сауда байланысын дамытуға және Шицайды тікелей қолдауға мүдделі екендіктерін ашық мәлімдейді.Бұның басты себебі, жапондардың Манжурияны басып алуы және жапондардың ШыңжандағыМа Чжуньинді қолдауы еді. Кеңес үкіметі тез арада әскери құрамаларын Үрімші маңына топтастырып, Ма Чжуньин күштерін оңтүстікке қарай шегінуіне мәжбүр етті.
Шығыс Түркістан Түрік Ислам республикасының президенті Ходжа Нияз Шэн Щицаймен тығыз ынтымақтастықтықта болуды қаламады. Өйткені олардың іс-әрекетті тәуелсіздікті басып-шаншу болатын. Шын мұсылмандары, яғни дүнгендер төңкеріс кезінде өздерінің ұлттастары қытайлар пайдасы үшін дін қандастары түрік діндестеріне қарсылық көрсетіп тұрған еді. Сатқын дүнгендер бауырлас мұсылмандарға қиянат жасады, қылмаған айуандығы қалмады. Қырды, шапты, қамады. Кеңес үкіметі өздеріне қолайлы сәтті пайдаланып, жапон-қытай соғысында Манчжуриядан Ресейге қашқан манжулерді қаруландырды да, Шығыс Түркістанға айдап салды.
Кеңес жағы өте жасырын түрде Шығыс Түркістанға ақ гвардияшылар киімін кигізіп, Алтай еріктілер армиясы деген лақап атаумен ОГПУ-дің 13-ші Алматы полкі мен ОГПУ-дің 10-ші Ташкент полкі әскерлерін кіргізеді. Мұның сыртында қызыл чекистерінің арнайы тапсырмасымен Павел Папенгут басқарған ақтардың бір атты әскері және екі жаяу әскер полкі жасақталады. Жалпы, көтерілісшілерге қарсы операцияны кеңес елшілігінің бас консулы, генерал Апресов басқарады. Әрқашанда екі жүзді саясат ұстанатын кеңес үкіметінің араласуымен тәуелсіздігін алғанына жыл болған Шығыс Түркістан ислам түрік республикасы 1934 жылдың 6 ақпанында құлайды. Оның үкімет басшысы Сәбит Дамулла және кейбір министрлері тұтқындалып, Үрімшіде атылады. Мухаммед Имин Бухра және Махмут Мухити Үндістанға өтіп кетеді. Сөйтіп, кеңес үкіметі Шығыс Түркістанның бостандығына тосқауыл қояды. Өздерінің жасаған жымысқы айуандық әрекеттерінің ізін жасыру үшін Алтай еріктілер армиясын кері қайтарды. Оның бір бөлігі құпия түрде әскери нұсқаушылар ретінде Шэн Щицайдың билігіне қызмет етуге қалдырылды. Республиканың президенті болған Ходжа Нияз Шыңжан губернаторы Шэн Щищайдың орынбасары болып тағайындалады. Кейін ол Үрімші түрмесінде азапталып өлтіріледі.
Кеңес үкіметінің ұйғарымы бойынша көтерілісшілерге қарсы пайдаланылған ақ гвардияшылар қарусыздандырылып, оның қолбасшысы Паппенгут атылды, 40 офицер дарға асылды. Ал қалғандары кеңестік лагерлерге айдалды.
Міне, Қызыл империяның тікелей араласуымен өз тәуелсіздігін орнатқан, мұсылман түріктердің республикасы сол кеңес үкіметінің астыртын іс-әрекеттерінің нәтижесінде, өз егемендігінен айырылды.
Алайда Шығыс Түркістан халқы үш жылдан соң, яғни 1937 жылы қайтадан бас көтереді. Көтерілісшілер Қашқарды азат етеді. Содан соң көтерілісшілер Үрімші жаққа бет алады. Корла, Қарашар қалаларының маңында біріккен қытай-кеңес әскерлерімен бетпе-бет шайқасады. Кеңес әскери бөлімшелері (Нарын және Ош әскери топтары) Шэн Шицай құрамаларымен біріге отырып, көтерілісшілерді аяусыз басып тастайды.
Екінші дүниежүзілік соғыс басталған кезде Шыңжаң губернаторы Шэн Шицайдың бағыт-бағдары сыр бере бастайды. Ол қытай ұлтшылдары, гоминьдин партиясының жақтаушылары жағына шығады. Оның бұл әрекеті Кеңес билігіне ұнамайды. Кеңес үкіметі өзінің саясатын күрт өзгертіп, Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысты қолдауға ниетті екендігін ашық жариялайды. Бұл Қытай билігімен бірлесіп, Шығыс түрік халықтарының бостандығын аяусыз басқан, ұлт зиялыларын атып, түрмелерде азапқа салған кеңес билігінің енді сол тәуелсіздік жолындағы күрестің қамқоршысы болып шыға келуі алда тағы да бір сұмдық күтіп тұрғанын сездіргендей еді.
Кеңес одағының Шыңжандағы жаңа іс-әрекеті қытай билеушісі Шэн Щицайды тұйыққа тірейді. Қолындағы биліктен айырылғысы келмеген Шән Щицай Сталинге хат жолдап, өзінің жіберген ағаттығына кешірім жасауды өтінеді. Және өзінің билігіндегі Шыңжан аймағын Кеңес одағына қосуға қарсы еместігін білдіреді. Өкінішке орай, бұл өтініш Сталиннен қолдау таппайды. Ұлы көсем неге Шыңжан аймағынан бас тартты, ол жағы құпия болып қалды. Губернатор Шэн Щицай жасырын жағдайда қаза болады. Ресми мәліметтерге қарағанда, оны өзінің орыс әйелі қылғындырып өлтіреді. Бұған Үрімшідегі Кеңес одағының бас консулы мен кеңес әскери кеңесшісінің тікелей нұсқауы негіз болған.
Мәскеудің ұйғарымымен Шэн Шицайдың орнын оның туған інісі Кеңес одағы әскери академиясының түлегі Шэн Шиин басады.
1941 жылы Алтай, Тарбағатай және Іле округінде тұратын қазақтар билікке қарсы бас көтереді. Оған Оспан Исламұлы мен Қалибек Рақымбекұлы жетекшілік етеді. Бұл көтеріліс қызыл большевиктерге өте тиімді болып шыға келді. Сталин қазақтар мен ұйғырларды жан-жақты қолдауды НКВД барлау қызметіне қатты тапсырады. Көтерілісшілерге қару-жарақ моңгол жері арқылы Сухэ-батордың баласы Дамдин жеткізіп отырады.
Кеңес одағы барлау қызметінің қатысуымен 1943 жылы Шығыс Түркістанда «Азат Ташкилаты» атты бостандық ұйымы құрылады. Бір жылдан соң, яғни 1944 жылы қарашаның 8-де Құлжа қаласында астыртын Әскери-революциялық комитет қарулы күрестің басталғаны туралы мәлімдеме жасайды. Осы жылдың желтоқсанында Берияның арнайы бұйрығымен Кеңес одағының НКВД-сінде арнайы тапсырмалар бөлімі құрылады. Олардың алдына Шыңжанда мұсылмандардың ұлттық-азаттық қозғалысын басқару және көмек көрсету міндеттері қойылды. Алматы маңындағы Медеу шатқалында әскери жаттығулардан өткен жергілікті тұрғындардан арнайы топтар жасақталады. Содан соң топтар Шыңжанға жеткізіліп, партизандар отрядтарын құруға жұмылдырылады. Осы кеңестік диверсиялық топтардың бірін Жаркент қаласының тұрғыны, татар Фатых Муслимов басқарады.
Бірнеше күн ішінде Іле аймағының басты жерлері гоминьдандықтардан азат етілді. Үрімшіден көмекке шыққан қытай әскерлерінің алдына тосқауыл қойылды. Қытайлық емес барлық түрік халқы өкілдерінің мызғымас бірлігі және қайсар ерлігі арқасында 1944 жылдың 12 қарашасында Құлжа шаһарында салтанатты түрде Шығыс Түркістан Республикасы жарияланады. Ол Шыңжанның он аймағының тек үшеуін, яғни Іле, Тарбағатай, Алтай округтарын қамтыды. Республика президенті, маршал Алихан Төре, оның орынбасарлары болып Хакімбек Ходжа және Әбілхайыр Төре тағайындалды.
Сол кезде бостандық туы бүкіл Шыңжан аймағының барлық жерінде желбіреп тұруына толық мүмкіндік бар еді. Өкінішке орай, оның тағдыры алдын ала шешіліп қойылған болатын. Өйткені 1945 жылдың тамыз айында Молотов пен қытай сыртқы министрі Ван Шицзе қол қойған Қытай мен Кеңес одағы арасындағы достық және ынтымақтастық туралы келісім шарттың қосымшасының 3-тармағында «Кеңестер одағы Қытайдың ішкі істеріне араласпайды» деп жазылған өзара құпия уағдаластық бар еді. Осындай құпия жасалынған келісімшарт қосымшасы туралы Шығыс Түркістан Республикасының басшылары білмейтін еді. Олар Кеңестер одағының қысымымен Гоминьдан билігі өкілімен келіссөз жүргізуге мәжбүр болды. 1946 жылдан бастап «12 тармақтан тұратын келісімшарт» өз күшіне ене бастады. Біріккен үкімет құрылды, оның басшысы болып қытай генералы Чжан Чжичжун, орынбасары болып Ахметжан Касими тағайындалды. Бұл біріккен үкімет жылға жетпей, таратылады.
Алтай округының губернаторы Оспан Исламұлы кеңестердің жымысқы әрекеттерін сезген соң ол өзі оқшаулана бастайды. Қарапайым халықты төніп келе жатқан қызыл террордан қорғау мақсатында ол гоминьдандармен байланыс орнатады. Оның ішкі есебі қытайлықтардың назарын қызылдарға қарай аудару болатын. Оспан Исламұлына қарсы қызылдар күрес жүргізеді. НКВД-нің арнайы тапсырмасымен моңғол қазағы Дәлелхан Сүгірбаев Оспан батырдың қасына жансыз болып келеді. Ол қызылдардың диверсанттар даярлайтын орталығында әскери жаттығулардан өткен, нағыз баскесер қызыл командир болатын. Оның мақсаты – қазақтың тәуелсіздігі емес, қызыл орыстардың саясатын қалай жүзеге асырамын деген оймен жүрген пенде болатын. Әртүрлі айлакерлік, қулық жасаса да ол Оспан батырдың маңына жақындай алмады және күдік тудырды. Көп ұзамай Дәлелхан Сүгірбаевтың шын мәнінде кім екендігі ашылды.
Оспан батырдың отрядына жансыз болып келген моңғол қазағы Дәлелхан Сүгірбаев арты ашылғаннан кейін кері Кеңес одағына кетіп қалады. Енді ол ашық түрде арнайы жасақталған әскери құраманы басқарып, 1946 жылдың соңына қарай Бақты арқылы Шыңжанның Алтай бағытына бет алады. Оған жолдан қызыл партизандар қосылады. Дивизия командирі Дәлелхан Сүгірбаев бейбіт ауылдарды шабады, зұлымдық әрекеттерге барады, әйелдерді зорлап, бала, кәрі адамдарды да қоса қырады.
1946-1948 жылдар аралығында Оспан батыр Дәлелхан Сүгірбаев басқаруындағы «Үш округтар» қызыл қазақтар армиясымен шайқасады. Қандастардың бір-бірімен соғысуы қызыл орыстардың ішкі есебін түгендеп отырды. Өкініштісі сол, сол кезде Дәлелхан Сүгірбаев өзінің қызыл саясат үшін қолының қалай қанға малынғанын, кейін алданып қалғанын сезген болар, өкініп жылаған да болар.
Қытай коммунисттері гоминьданды толық жеңгеннен кейін Кеңес одағы Үш округ атанған Шығыс Түркістан республикасын таратып, оны Қытайға қайтаруға ұйғарым жасайды. Үкімет басшылары Эксметян Касими, Абдулкерим Аббас, Дәлелхан Сүгірбаев, Исқақ Бекті НКВД-нің қызметкерлері тұтқындайды. Содан кейін жұрт назарын басқа жаққа аудару мақсатында үкімет басшылары мінген ИЛ 12 ұшағы Чита маңында апатқа ұшырады деген жалған хабар таратады. Негізінде олар Сталиннің ұйғарымы бойынша 1949 жылы 26 тамызда Мәскеу қаласына жеткізіліп, атылған.Олардың денелері Құлжа қаласында жергілікті үкімет өкілдеріне табыс етіледі және сол жерде жерленеді. Ал 12 жыл өткеннен кейін Дәлелхан Сүгірбаевтің денесі Алматы қаласында қайта жерленеді.
Сол жылы Орталық Қытай коммунистерінің билігі Шыңжан аймағына 250 мың қытайлықтарды еңгізеді және әскери бақылауға алады. Кеңестер одағына Шығыс Түркістанның тәуелсіздігінің қажеттігі болмай қалды. Қызыл империя бастапқы да түркі халқының егемендігіне қарсы болатын, олар гоминданьлықтармен ауыз жаласып бұқара халықты, зиялы қауымды қырып отырды. Ұлттық-азаттық қозғалыстарды қолдаған болып, ел ішінде дүрбелең туғызды, қызыл террор ұйымдастырды.
Енді, біз кеңес билігі Шығыс Түркістан республикасын не үшін құрып, не үшін құлатқан себептерін баяндайық. Кеңес одағы аяқастынан неге ұлт-азаттық қозғалысты қолдауға мәжбүр болды? Өйткені мұның өзіндік ешкімге белгісіз себебі бар еді. Осыдан Кеңестік, коммунистік жүйенің қандай қаныпезер, зұлым екеніне көзіңізді жеткізе аласыз.
Екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатса да кеңестік билік атом жобасын қолға алды. Оны шикізатпен қамтамасыз ету үшін Қытайдың солтүстік батыс аймағына назар аударылды. Бұған 1906 жылы Ресей консулы Николай Богоявленскийдің осы жерде уранның және басқа да қазба байлықтардың мол қоры бар екені туралы құпия жазбасы негізге алынды. Сондықтан Кеңестік билікке Шыңжан өлкесіндегі уранның қорына шексіз қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін осы аймаққа кіру қажет болды. Сол үшін Сталин 1943 жылы түрік халықтарының ұлт-азаттық қозғалысын ұйымдастыру туралы арнайы нұсқау береді. Осының негізінде НКВД халық комиссары Берияның бұйрығымен 1944 жылдың 5 желтоқсанында Арнайы тапсырмалар бөлімі құрылады. Оның басты мақсаты – Шыңжан өлкесіндегі ұлт-азаттық қозғалысты ұйымдастыру және қолдау болатын. Мұның астарында уранды өндіріп, оны Шығыс Қазақстанға құпия түрде жеткізу жатты. Сонымен көршілес мемлекеттің миллиондаған тұрғыны бар үлкен аймақ НКВД-нің арнайы бөлімінің назарында болады. Олардың «Шыңжанды ынтымақтастыққа мәжбүр ету» бойынша операциясы ресми емес «Екінші үй» атауын алады. Шыңжанға Сталиннің арнайы тапсырмасымен келген қауіпсіздік полковнигі Наум Эйтингон Оңтүстік Тарбағатай жоталарының тарамдарында, Көктоғай және Алтай қалаларының маңында уран мен бериллия қоры бар екендігі жөнінде Сталинді тікелей хабардар етеді. Содан соң іле аса құпия түрде рудниктер ашыла басталды. Бір ғана рудникте 20 мың адам жұмыс істеді. Үш аймақта Алтай, Тарбағатай және Іле жерлерінде қаншама шахталар пайда болды. Осы шахталарда кім жұмыс істеді? Әрине, негізінен мыңдаған жапон әскери тұтқындары мен кеңестік қамауда отырған жергілікті мұсылмандар болатын. Олар уран өндіріп жатқандарын білмеді. Бұл өнім ресми түрде «арнайы кен» деп аталды, ал уран деген сөз құжатта «қорғасын» немесе «№1 өнім» деп жазылды.
Шығыс Түркістан Ұлттық армиясының бұрынғы майоры Никифор Студенков өзінің естелігінде былай жазған екен: «1948 жылдың қысында командованияның тапсырмасы бойынша мен кеңес мамандары жұмыс істейтін Тарбағатай округіндегі полиметалл рудниктерінің аумағын күзетуді ұйымдастырдым. Ол жерде не өндіріліп жатқанын білмедім, бізге алтын деп айтқан-ды. Ал сол кендерді көргендер оның алтынға тіптен ұқсамайтынын айтатын. Күн сайын жөңелтіліп жатқан қазбалар керуенін санау мүмкін емес еді. Ал біз өндіріс аумағынан бірнеше шақырым алшақтау тұрдық. Кен орындарын тікелей Кеңес одағының ішкі және қауіпсіздік әскерлері күзетіп тұрды».
Американдық зерттеуші Ли Чанг қытайдың гоминьдан үкіметінің ұлттық қауіпсіздік министрлігінің дерегі бойынша 1947 жылы Шыңжанның үш округінде кеңестік кеніш орындарында уранмен бірге колумбит және танталит минералды заттарымен тікелей байланыста болғандардың тірі қалмағанын атап көрсетті.
1948 жылы Шығыс Қазақстанмен көрші аймақта Семей ядролық сынақ полигонның орны белгіленіп, құрылыс жұмыстары қарқынмен жүргізіледі. Келесі жылы тез арада Өскеменде монацит концентратын қайта өңдеу үшін №2 құпия зауыты салынады. Бүгінгі таңда ол Үлбі металлургия зауыты болып аталады.
Осылардың арасында қандай өзара байланыс бар? Оған көз жеткізу үшін оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай орналасқан, атап айтқанда, Алтай, Чердояк, Свинчатка, Белая гора, Өскемен, Первомай, Семей сияқты географиялық картадағы нүктелерді біріктірсек жеткілікті.Стратегиялық кенді өндіру, оны қайта өңдеу, оны сынау тікелей Шыңжанның оңтүстігінен Кеңес одағының солтүстігіне қарай Ертіс өзенін қамти отырып, бірыңғай жүйелік көлік құрылымына байланыстырылған. Осы өзен арқылы Шығыс Түркістанның Тарбағатай, Алтай, және Іле округтарынан өте құпия түрде, әскери күзетпен минералды заттар баржыларға тиеліп тиісті жеріне жеткізілді. Бір ғажабы, кеңес билігі уран өндіруді Болгария мен Шығыс Германияда қолға алуға кірісіп жатырмыз деген жалған ақпарат таратып, өзгелердің назарын басқа жаққа аудара білді. Соғыстан енді ғана басын көтере бастаған Кеңес одағы төрт жылдың ішінде, яғни 1949 жылы 29 тамызда Семей ядролық алаңында бірінші кеңестік атом бомбасын сынады. Сынақтың ойдағыдай өткені туралы Берия Сталинге баяндады. Сонымен Кеңес одағы ядролық атом бомбасына қол жеткізді. Бұдан байқағанымыз, пролетариаттың ұлы көсемі Сталин Қытайда кеңестік әскери алаң құрғаны және НКВД-нің бақылауында Шыңжанға кеңес геология барлаушыларын жібергені бекер болмағанын көрсетіп берді.
Сталиннің нұсқауымен құрылған, бірақ оны ешкім танымаған өзінің валютасы, өзінің әскері бар, үкіметі бар Шығыс Түркістан республикасы бес-ақ жыл өмір сүрді. Ал Мәскеу болса, ол Шыңжанның қазба байлығын пайдаланды, оның ішінде уран мен бериллияға қол жеткізді. Бұларсыз атом бомбасын жасау мүмкін емес еді.
Сталин Шығыс Түркістанды жеке, дербес мемлекет ретінде құру жоспарын жүзеге асыра бастағанымен, оның маңайындағы Микоян сияқты ықпалды күштердің түрік тілдес халықтардың жеке ел болуы түбі Орта Азияда үлкен ұлт-азаттық проблемалар туғызып, кеңестік жүйенің шайқалуына әкеп соқтыруы сөзсіз деген пікірлері тосқауыл болды. Сонымен қатар Сталин Иранның оңтүстігіндегі әзірбайжандар мекен ететін аймақты Әзірбайжан республикасына қосып алу жобасын да қарастырған болатын. Бұған да Микоян бастаған армян ықпалды күштері егер бұл жоба іске асатын болса, Әзірбайжан мұсылмандарының бүкіл Кавказ аймағына ықпалы одан сайын арта түсіп, болашақта Түркияның Орта Азия және Кавказ түркітілдес халықтарымен үлкен одақтастығына мүмкіндік туады деген тұжырымдарын алға тартқан-ды. Сөйтіп, Сталин өзі ойластырған екі жобасынан кері қайту себептері жоғарыдағы пікірлерге негізделген сияқты. Алайда Сталиннің өзі қабылдаған қандай да шешімді өзгерте салуы екі талай еді. Бұған бір жағдайдың қатты әсері болғаны байқалады. Мұны ешкім білмейді және ол тарихтың қойнауында ашылмаған құпия болып қалды.
Өкініштісі сол, Шыңжандағы мұсылмандардың ұлт-азаттық қозғалысы аяққа тапталды. Қаншама халық қырылды, қайтадан қытай коммунистерінің ноқтасына байланды. Қазба байлықтар өндірілген Тарбағатай, Алтай және Іле аймақтарында рудниктер қаңырап бос қалды. Кеніш маңындағы қазақ ауылдары оның зардабын көрді, жазылмастай ауруға ұшырады, мыңдаған адам құрбан болды. Кім ойлаған, Ертістің жоғары мен төмен жағындағы қазақ халқының басына осындай нәубет қасірет келетінін.
Шығыс Түркістан республикасы құлағаннан кейін 1949 жылдың желтоқсан айында кеңестік жағында қызмет еткен қазақ белсенділері Жағда Балықұлы, Әнуар Жакулин, Патихан Сүгірбаевтар Қытай Коммунистік партиясының Шыңжаң аймағы бойынша басшылық орындарға жайғасып алды. Ол өздерінің қытай билігіне деген адалдығын ұлт-азаттық қозғалыстың қайраткерлерін жазалаумен көрсетті. Оспан батырмен бірге кеңестік және қытайлық коммунистік режимге қарсы күрескен қазақтардың ізіне түсті. 1951 жылдың 19 ақпанында Ганьсу маңындағы Кайзи ауылында Оспан батыр ұсталды.Ол «Үш округ» өкілдері Жағда Балықұлы, Әнуар Жакулин, Патихан Сүгірбаевтардың қолына тапсырылады. Олар тергеу жүргізеді, азаптайды, ең соңында 29 сәуірде Исламұлы Оспан батыр атылады. Оны атар алдында бірнеше күн бойы арт жағымен сүйірік ағашқа отырғызып азаптаған да батыр өзінің халықтың бостандығы үшін күрескенін, әлі де мүмкіндік болса осы бағыттан қайтпайтынын қайталай беріпті. Және бір өкінерім, мені қытай емес өз қандастарымның ұстап, жазалауы қанымды қайнатты деген екен. Зұлым қытай коммунистері ақырында Оспан батырды қазақтың қолымен өлтіріп тыңды.
Кеңестер одағы патша кезінде арман болған Шығыс Түркістанды Қытаймен бірлесіп ортақ отарға айналдырды. Түркістанның батыс бөлігі Орта Азияда не болса, шығыс бөлігінде де сол жағдай орын алды. Өйткені қытай мен орыстың коммунизм идеялары арасында ешбір айырмашылық жоқ еді. Сол кездері екі мемлекеттің басты мақсаты – Шығыс Түркістандағы халықтарды қытайландыру, олардың исламдық дәстүрлерін жою, ал Батыс Түркістанды дінсіздірмек, орыстандырмақ болды.
Сондықтан әрқайсымыз өткен тарихтан сабақ алып, содан қорытынды жасағанымыз абзал.