Сталиндік репрессия қоғамдық қатынастарға терең сызат түсірді

Қуғын-сүргіннің ұлттық сана мен психологияға әсері – кең ауқымды, көпқырлы мәселе. Бұл зұлмат – миллиондаған адамның тағдырын талқандаған, қазақ қоғамының көшбасшы тобы – зиялыларын жойып, ұлттық ұйысу мен рухани сабақтастықты үзіп тастаған тарихи қылмыс.
Оның іздері бүгінгі қоғамда, тіпті жеке адам деңгейіндегі психологиялық жараларда да көрініс табады. Бұл жараны тек тарихи фактілермен ғана емес, психоәлеуметтік әдістермен де зерттеу қажет. Себебі репрессия санаға түскен із. Ал бұл із, егер ол дұрыс танып, мойындалмаса, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, тұтас ұлттың өзін-өзі тануына, еркіндігіне, жауапкершілігіне кедергі келтірері анық. Психологияда «ұжымдық травма» деген ұғым бар. Бұл – белгілі бір қауымдастыққа немесе ұлтқа бағытталған жүйелі зұлматтардың, зорлық-зомбылықтың нәтижесінде қалыптасатын терең психологиялық зақым. Мұндай травма жеке адамның есінде емес, ұжымдық жадта сақталады. Бірақ бұл естелік әрқашан нақты, айқын формада болмайды. Көп жағдайда ол «үнсіз жара» түрінде көрінеді. Яғни қоғамда ашық айтылмайтын, бірақ адамның мінезі мен құндылықтарына, қабылдауларына, тіпті ұлттық мінезге ықпал ететін жасырын күйзеліс формасы. Қазақ қоғамындағы репрессия естелігі де дәл осы «үнсіз жара» сипатында. Ұрпақтар арасында бұл тақырып ұзақ уақыт бойы жабық күйде келді. Репрессияға ұшырағандардың ұрпақтары көбіне аталарының, әкелерінің басынан өткен зұлматты біле бермейді, білсе де, оны жариялауға қорқады, өйткені ұзақ жылдар бойы бұл мәселе қауіпті саналатын. Қазір «қазақпыз ғой» деген сөздің өзі осы Кеңестік жүйенің ұжымдық жадымызға таңып берген кесірі. Сталиндік репрессия тек зиялы қауымды ғана емес, жалпы халықтың сенім жүйесін күйретіп, қоғамдық қатынастарға терең сызат түсіргенін айтып қалдық қой. Осы кезеңде қалыптасқан қорқыныш пен өзгені бақылау, өзгені сатуға мәжбүр болу, күдіктену психологиясы бірнеше ұрпақ бойына сіңіп қалды. Қазіргі ұлттық психологияда жиі кездесетін, мысалы, жағыну, шындықты ашық айтудан қорқу, ішкі құлдық сезім, қоғамдық бастамалардан тартыну сынды бірқатар келеңсіз мінездер осы тарихи үрейдің ұзаққа созылған салдары ретінде бағалай аламыз. Қазақ қоғамында билікке немесе сыртқы күшке бейімделгіштік, күштіге иіле салу, өз құқығын қорғай алмау сияқты қасиеттердің барын және олардың бүгінгі қоғам жарасына айналған жемқорлық сынды кеселдерге сеп болып отырғанын мойындаған жөн болар. Міне, сондықтан жай ғана мәдени ерекшелік емес, репрессия кезеңінде қорқыныш арқылы қалыптасқан мінездің үлгісі. Қоғамның психологиялық сауығуы – әділеттің орнауына тікелей байланысты. Осы тұста кейбір қоғам қайраткерлерінің қуғын-сүргінді «геноцид» деп жариялау керек деген пікірін мен де естігем. Мұндай терминологиялық сұрақтардан бұрын ең маңыздысы – тарихи зұлматтың мойындалуы мен терең зерделенуі. Психологиялық тұрғыдан алғанда, қандай да бір жараны жазу үшін алдымен оны мойындау қажет.
Медеубек АСАБАЙҰЛЫ, әлеуметтанушы