Сталинге талап қойған қазақ қызы

Жетпіс жетінің тамызы...
Тамыз айының тамылжыған сәтінде Болгар еліндегі Халиданың қамсыз күндері өз қалауындағыдай өтіп жатыр.
Осылай болмағанда ше?
Бұл тұста кезінде қан майданда етігімен су кешіп, жарты Еуропаны шарлап өткені есепке алынбайды. Бұл Халиданың бейбіт заманда өзге ел, өзге жұрт – шетелге шыққан тұңғыш сапары ғой.
Иә, расымен де, «Барған жерің Балқан тау, Ол да біздің барған тау» демекші, тауға емес, тасқа емес, шекарасынан ресми түрде аттап өткен алғашқы жатжұрттық мемлекет болып тұр.
Азғана уақыттың өзінде көріп-білмеген жері жоқ десе де болғандай.
Бүкіл елді араламай-ақ, өзі бажайлаған бір ғана Софиядан қандай ғаламат әсер алды десейші?!
Міне, бүгін де қаланың оңтүстік-батысындағы Витоша тауының етегінде орын тепкен Бояна шіркеуінде болып қайтты. Сонау ХІІІ ғасырдан бастап бедерленген керемет қабырға суреттерімен әйгілі жәдігер мекеннен бойына сіңірген құдіретті сезімді әлі де болса жан дүниесіне толық сіңіріп болар емес Халида.
Бүгінгі тамаша серуеннен алған әсерінен ада бола қоймаған Халиданы қонақүйдегі Ақтөбе дәрігерлері делегациясының құрамында бірге келген бөлмелес құрбысы Сағира да жайдары қарсы алды:
- Халида, білесің бе? Бүгін біздің астанадағы соңғы күніміз ғой. Делегация мүшелері бас қосып, Софиядан алған әсерлерімен бөлісу үшін жиналайын деп жатыр. Жүр, бірге барайық, – деді.
Иә, шетелдік астанада саяхаттаған алғашқы сапарының соңғы күні екені рас. Алайда Халиданың елден келген делегация мүшелерімен топталып жүруге ешқандай құлқы жоқ. Тіпті қаланың көрікті жерлеріне экскурсияларға шыққан кездерде де саяқ жүруге дағдыланған. Дағды емес-ау, топ ортасында болғанда ту сыртынан қадалып тұратын сұғанақ бір көз қарауын жон арқасымен сезінетін тәрізді ме, қалай?
Жайдан-жай емес шығар. Осы жылы социалистік елге сапар болғанымен, қаншалықты қуанышты дей тұрса да, өмірінің өршең шағындағы қысымдар көңілге оралмай тұрмайды. Әсіресе осының алдында бірнеше жыл бұрын Мексика мен Орталық Америкаға арнайы шақыртулар келгенде Кеңестер Одағының сыртқы істер министрлігі рұқсат бермей қойғаны қалай ғана есінен шыға қойсын?!
- Бүгінгі саяхат ұзақтау болды ма, қатты шаршаған сияқтымын, – деді ол Сағираға, – өзімді жайсыз сезініп тұрмын, бөлмеде жатып демалғаным дұрыс па деймін.
Халиданың жабырқау жүзінен қолайсыздығын байқаған Сағира да қайталап жауаптаспастан үнсіз қалған.
Иә, бұл жолы сапарға жалғыз өзі емес, ақтөбелік бір топ дәрігермен топталып келген. Мақсат – ел астанасы София мен Пловдив деген тағы бір қалада өтетін халықаралық конференцияға қатысып, медицина ғылымының сан-саласы бойынша пікір алмасу, әр алуан тақырыптағы баяндамаларын оқу болатын.
София қаласындағы бағдарламалары ауқымды екен. Әлемнің әр елінен келген әріптестерімен емен-жарқын араласып, астананы да айыздары қанғанша аралады. Ал Пловдивтегі конференция бір ғана күн болды да, делегациялар шұғыл тарқасты.
Халиданың әуелдегі жоспары – жол түсіп, шетелге бір келгенде ел-жұрттың ауыздарынан суы құрып мақтайтын Қара теңіз жағалауындағы «Алтын құмдар» шипажайына біраз күн болса да аялдап, демалып қайту болатын. Сондықтан ақтөбелік жерлестерінен бөлініп, сопа басы Варна қаласына қарай бағыт алды.
Шипажайға күн бесіннен ауғанда, кештетіп жеткен болатын. Жерлестерін жолға ұзатып салып, біршама уақыт солармен болып, одан соң жолсоқтылықтан шамалы шаршаңқырап келгенімен, Қара теңіз жағалауын бір шолып келуге аңсары ауды да тұрды.
Тамыздың тып-тыныш, бейқам қалыптағы жайбарақат Күні жаймен ғана жылжыған қалпы теңіз көкжиегіне жамбастай жантайған тұста Халида да қонақүй бөлмесінен шығып, жағалауға қарай аяңдады. Шомылуға емес, әрине. Қас қарайғанда суға түскенді жасынан қаламайды. Әже-апаларының әңгімелері бала шақтан көкейіне сіңісті болып қалған ғой: «Қараңғыда суға шомылсаң, шайтандар шашыңа жармасып, перінің қыздары тұңғиыққа тартып кетеді», – дейтін. Ондай болар-болмасын кім біліпті?! Бірақ түйсікке түйілген түйін сондай болатын.
Орта бойлы, салиқалы әдемі әйел аяңдай басып, қонақүйден соншалық қашық емес, «Алтын құмдар» жағажайына қарай бет түзеді.
Жол-жөнекей 1945 жылы майданда жарақат алып, елге қайтқан кезін есіне алды. Ол кезде иығында капитанның төрт жұлдызы жарқырап тұр еді.
1946 жылдың ақпан айынан бастап Қазақ медициналық академиясындағы патологиялық физиология кафедрасына ассисент болып қызметке орналасып, 1950 жылдың қыркүйек айында кандидаттық диссертациясының тәжірибелік кезеңін де аяқтаған болатын.
Дәл осы кезде атышулы «дәрігерлер ісі» басталып, оның жаңғырығы Алматыға да келіп жетеді де, «халық жауының қызы» Халида Мамановаға диссертация қорғатпау үшін кандидаттық минимум емтиханын тапсыртпады. Ал енді бұл болса, бәріне қолды бір сілтеп, атамекені – Қапал-Арасан шипажайына дәрігер болып кете барған еді.
1953 жылы КСРО-дағы әйгілі дәрігерлерді «әшкерелеген» қылмыстық іс дәл осылай – «дәрігерлер ісі» деп аталған болатын. Ақ халаттыларға СОКП орталық комитетінің жоғары лауазымды адамдарына қастандық ұйымдастырып, партияның көрнекті қайраткерлерін қасақана өлтірген деген айыптар тағылған еді.
Сонымен, «қосақ арасында қоса кетті» демекші, дәл сол «дәрігерлер ісіне» үш қайнаса сорпасы қосылмаса да, «ойда өгіз өлсе, қырда бұғының мүйізі сырқырайды» деген сияқты ата-бабасының бай болғаны үшін Халиданың жолы тағы да кесіледі. Мұның ғылыми жұмысын қорғауына мұрша бермеді.
О, құдірет десеңші, осылайша үміт кесіліп, тыныс тарылып жүрген кезде айыптан ғайып, күтпеген көмек жеткен еді. Ойы онға, санасы санға бөлініп, ит шайнаған орамалдай жырым-жырым болып жүрген көңілі бір ғана сәтте жарқ етті десең, не дейсің?
Соғыстан соң, Алматыға Глозман деген ғаламат дарынды ғалым келген көрінеді. Сол Осип Сергеевич қазақтың талантты жастарын медицина ғылымына баулып, қанатының астына тартып жүреді екен. Міне, қалай екенін қайдам, талантты жазбай танитын сол адамның назарына Халиданың өзі де ілігеді. Қапалда жүрген Халиданы шақырып алып, Фрунзе қаласына баруға жөн сілтейді. Осылайша көрші республиканың астанасында кандидаттық минимум тапсырып, Глозманның бас болуымен диссертациясын Мәскеуде қорғаған еді ғой.
Халиданың әже-апаларының шайтандар мен пері қыздары туралы әңгімелерінен бейхабар болулары керек, жағажайда жазылып жатып, теңіз толқындарымен аймаласып жүрген жұрттың қарасы әлі де болса бірқыдыру екен. Ал Халиданың өз басы апақ-сапақ мезгілде ешқашан да суға түсіп көрген емес.
Ол оқшаулау тұрған бір орындыққа келіп тізе бүкті. Халиданың өткен өмірі тағы да кино лентасындай көз алдына көлбеңдеп келе берді.
Саналы ғұмырында жақсылық атаулы өзіне жарты қадам жақындап келе жатса, жамандығы түскір ширек сүйем қыр соңынан қалмай жүрген адамның есіне түсірері де сол, таразы басы тартып кететін қиын сәттері бола ма, қалай, өзі?! «Басы сайран дүниенің арты ойран» демекші, Халида өмірінің бастапқы кезі – балалық шағы, расымен де, сайранмен басталмап па еді?!
Олай болмағанда ше?
Берекелі бақша Жетісу өңірінде ауқатты, бай адамдар көп болды. Алайда жалғасқан ұрпақ жадында солардың көпшілігінің аты-заттары қалмағандары басым. Ал Маман мен оның ұлдарының даңқы ұрпақтан-ұрпаққа озып, аттары аңызға айналды.
Ой-хой, қандай жұрттың қызы еді, бұл Халида. Пах, шіркін десеңші! Атасы – Қалқабайдың Маманы 1868 жылы Жетісудың Қапал уезінен тұңғыш қажылыққа барған адам екен. Қажылықтан келгеннен кейін ел-жұрты оны құрметтеп, «Байқажы» деп атаған көрінеді. Халида Маман атасының көзін көрген жоқ. Ол кісі Қапал-Арасан аймағына қарайтын тоғыз болыстың төбе биі әрі дуанбасы болған дейді.
Маман байдың төрт әйелі болған екен. Өз кіндігінен тараған Ырысбек, Тұрысбек, Бейісбек, Сейітбаттал, Оңғарбек, Омар, Құттыбек, Құрманбек атты ұлдары және Зылиха, Рахима, Еркежан деген қыздарынан кейінгі ең кенжесі осы Халиданың әкесі – Есенқұл қажы Маман байдың кіші әйелінен туған. Ал Есенқұлдың анасы Махтуха – Жетісудағы жалайыр Жәлменде бидің қызы Жаңғақ ана еді.
Түптеп келгенде, Маман байдың тегі ХІІІ ғасырдағы Баян ханнан басталып, Матай, Бөрібай батыр, Қаптағай батыр, Қыдырәлі би, Қалқабай Досетұлы, Тәнеке батыр болып жалғасады. Бұл ұрпақтың әрқайсысы болашақ үшін жеке-жеке өшпес із қалдырған.
- Қанша жерден қоғамның қыли көзқарасының құрбаны болып жүрсең де, ардақты ата-бабаларының рухтарын мақтан тұтып баққанға не жетсін! – деп ойлаған Халида маналы бері ой кешіп тапжылмай отырған орнынан қопарыла көтеріліп, жағалаудағы құмдауытқа қарай қадам басты.
Сәл бұрын ғана шартабақтай болып алаулаған алқызыл күн теңіз суына түсіп салқындап алайын дегендей, алып айдынның аспанмен тұтасқан жерінде аялдап тұрды да, аяқастынан жоқ болып кеткен.
Қас қарайып, көк жүзі қошқыл қараңғылыққа орана бастаған кез. Жағажайда қалған бірен-саран адамдардың өзі де қайтуға қамданып жатыр. Теңіз жағасындағы, қаладағы көше шамдары да түнекті түріп, жарық шаша бастаған.
Енді түналды қарбалас басталады. Ойын-сауық, би кештері, мейрамханалар тіршілігі дегендер қыза түсетін шақ. Әне, қонақүй жақтан көңілді музыка даусы да елдің бәрін солай қарай шақырып жатқан сияқты. Кешкі дәм дастарханының уақыты да әлдеқашан өтіп кеткен шығар. Бірақ Халиданың асқа тәбеті де болып тұрған жоқ.
Ауа тымық. Үп еткен жел де жоқ. Бірін-бірі қуалап, құмдауыт жағалауға жарыса жетіп, лақылдап кері қайтқан толқындардың шылпылдап, сусылдаған дыбысы көңіл жұбатарлық бір сарынмен қайталанады. Жағажайда одан бөгде ызың-шу аңғарылмайды.
Күндіздің өзінде шілденің аяқ кезі мен тамыздың бастапқы тұсындағыдай аптап ыстық жоқ. Жаз ортасы ауып, сарша тамыз болған шақ қой бұл. Түнгі ауада салқын леп байқалады.
Халида кері қарай бет түзеп, әлгіндегі үзіліп қалған ойын жалғастырды.
Иә, Маманның бірінші әйелі Нәлі бәйбішеден туған балаларының ішіндегі ірі бай болғандары Тұрысбек пен Сейітбаттал екен. Екеуі де қажы. Сейітбаттал бұл дүниеден өткеніне дейін Арасан елінің болысы, биі болған. Ол қайтыс болғаннан кейін оның орнына ұлдары Сейдахмет – би, Қожахмет болыс болып сайланған. Маманның кіші әйелі Жаңғақ анадан туған – қарашаңырақ иесі, Халиданың әкесі Есенқұл Байқажы балаларының арасындағы ең байы болған екен. Бірақ ол өмірінде би де, болыс та болмаған. Әкелерінің жасы ұлғайған кезінде дүниеге келгендіктен бе, Есенқұл өте өжет, айрықша қайсар, барынша ерке болып өскен деседі.
Жалпы, Маман қажы ұрпақтарының негізгі кәсібі сауда-саттық болған. Олар Қытаймен арадағы сауданы жандандырып, Қапалдан Шәуешекке, одан әрі Үрімшіге баратын керуен жолын салған. Осы жолдардың бойында кедендік бекеттер түзіліп, оны Маман балалары бақылауға алған. Халиданың аталары банктен несие алып, қаржыны кәсіпке салып айналдырып отырған. Олар сауда мен жәрмеңкеден түскен қаражатты жоқ-жітіктерге, жарлы-жақыбай, жетім-жесірлер мен кембағалдарға және оқып білім алғысы келген қазақ жастарының пайдасына жұмсап отырған көрінеді.
Ал енді Маман әулетінің даңқ-дәрежесін дүйім жұртқа жария етіп, абыройларын асқақтатқан олардың байлық пен биліктері ғана емес. Олардың Жетісудағы Ақсу өңірінде тұңғыштар қатарында білім бұлағына құнарлы құлшыныс жасаулары болды.
1906 жылы іргетасы қаланып, 1909 жылы қыркүйек айында ашылуы болған «Мамания» мектебінде Халиданың өзі оқып, білім алған жоқ, әрине. Бірақ сол салтанатқа аранайы шақыртумен атақты әнші Майра Уәлиқызының келгені, төрт кластық мектепке Қарқаралы уезінің Қараесек руынан Мұстақым Малдыбаев деген ұстаздың ең алғашқы меңгеруші болып тағайындалғаны әлі күнге ел аузында.
Маман қажы әулеті мектеп пен үйлер салуға арналған құрылыстық заттарды – қаңылтырды Омбыдан, есік-терезені Керекуден, қызыл кірпішті Семейден сатып әкеледі. Жаңа мектеп салуға шеберлерді Уфа, Ташкент, Семей, Алматыдан алдыртқан көрінеді.
1913 жылы Уфадан Фатима Есенгелдина ханымды алдыртып, «Мамания» мектебінің жанынан қыздарды оқыту үшін оқу орнын ашады. Осы отыз қыздың қаражатын Сейітбаттал қажы толығымен өзі көтереді. Оған қосымша қол ісін мектепте үйретуге ықпал жасап, тігін шеберханасын ашып қояды.
Сол жылы ағасы Сейітбаттал елу жасында қайтыс болған соң, мектептің бүкіл тіршілігі Халиданың әкесі Есенқұлға жүктеліп, ол бар шаруаны өз қарауына алады. Осылайша қазақ даласында «Мамания» мектебі теңдессіз, бірегей оқу орнына айналып үлгереді.
«Иә, жалған дүние», – деп ойлады Халида. Кеңестік революциялық толқындарға байланысты «Мамания» мектебі 1917 жылы жабылады да, мектеп ғимаратына ревком келіп орналасады. Ақ пен қызыл аласапыран болып, жан алып, жан берісіп жатқан кез. Бет-бетімен лағып, өзді-өздімен ала жылан, аш бақа болған заман. Қарағаш ауылы мен «Мамания» мектебінің ғимараты енді 1918-20 жылдары Алашорда мен ақтардың бекінісіне айналады. Ақтар атаманы Анненковтың қарамағындағы Бедарев пен Осипов отрядтары Қарағашқа бекініп, 1920 жылы Қытайға асар кездерінде басқа құрылыс үйлерімен бірге мектепті де өртеп кеткен ғой. Сөйтіп, сорабы нән, тағдыры тағылымға толы Маман ұлдарының ғұмырлық шежіресі қазақ тарихының бір парасы болып қала берді.
Е-е, өзегі өрттей лаулаған сағынышқа толы көкірегін кере дем алған Халида тағы да әкесін есіне алды.
Әкесі Есенқұл қажының тарихта атын шығарған қайырлы ісі – 1914 жылы қазақ жазушыларына арнап, тұңғыш рет роман бәйгесін жариялауы еді ғой. «1913 жылдың декабрь жұлдызында, бір жұманың ішінде бірі бес жасар, бірі екі жасар Әнуарбек пен Ниязбек есімді екі балам дүниеден қайтты. Мен сол сүйікті балаларымның көзіндей көрерлік бір кітаптың шығуын тілеймін. Соның үшін осы жылғы ноябрь басына дейін таза қазақ тілінде және қазақ тұрмысынан роман жазушылардың бәйгесіне 2000 сом ақша тігемін. Жазушылар бірнеше кісі болса, олардың жазғандарын өзім белгілеген 3-4 кісілік бір комиссияның жақсы деп ұнатқан роман иесіне беріледі» деген хабарландыру таратқан екен.
Қазақ әдебиетінде қылаң берген бұл тосын құбылысты қазақтың зиялы қауымы терең түсініп, ерекше бағалаған. «Айқап» журналының алқасы: «Есенқұл Мамановтың романға бәйгесі Альфред Нобель жұмыстарымен қатар дәрежеде болмай, піл қасында бүргедей болғанымен, «құдығына қарай қауғасы» деп, жаңа ғана әдебиет жолында аяғын апыл-тапыл басып келе жатқан жұрт үшін бұл ерлік, тіпті Нобель жұмысынан да артық деп айтқымыз келеді», – деп жоғары бағалаған сол кезде.
Ал осы роман байқауынан Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өлеңмен жазылған «Кім жазықты» романы, Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» және Тайыр Жомартбаевтың «Қыз көрелік» романдары жеңіске қол жеткізіп, әдеби жүлдеге ие болған көрінеді.
Айтпақшы, мектеп демекші, Халиданың әлі күнге есінде, жеті жасқа толған кезі ғой. Әке-шешесі алдарына шақырып алып, «Сенің оқығың келе ме?» деген сұрақты төтесінен қойған болатын. Өзінің қандай нәрсеге келіскенін түсініп тұрмаса да, қазақи тәрбиесі бар қыз әке шешіміне қарсы келген жоқ.
Туған-туысқанының айтуларына қарағанда, бұлар қағанағы қарық, сағанағы сарық, үбірлі-шүбірлі – өсіп-жетілген отбасы болған. Әкесінің әрбір әйелі жеке отауда өмір сүрген. Ол жағын артық-ауыс әңгімесіз-ақ өз басынан өткізіп, көріп-білген. Қанша дегенмен бай баласы мен жарлы баласы арасындағы айырмашылықты былайша байқап жүретін өзі құралпы өзге балалардан мәртебесінің биік екенін сезіп, тіпті оны мақтан тұтатын. Солардың алдында әулетінің мықтылығы мен қамқорлығы болған шығар, ал өзінің жасаған не жақсылығы бар еді, олар үшін?!
Сол жылы күзде әкесі Халиданы Алматыға алып келді. Орыс тілін «ләм-мим» деп қақпайтын қазақ қызын мектепке орналастырудың ешқандай реті келмеді. Не амал бар? Тілін сындырайын деп орыстардың отбасына беріп, сабақты үйден алу үшін жеке мұғалім жалдауға тура келд