Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:52, 29 Маусым 2021

Сталинге талап қойған қазақ қызы

None
None

Соңы. ((басы мына жерде)...

Алматыдағы басты көшелердің бірінде орналасқан, бау-бақшасы жайқалған, алты бөлмелі үйі бар жанұяға тап болған еді, сонда.

Бір бөлмеде – ерлі-зайыпты үй иелері, үй анасы – мұғалім, келесі бөлмеде – олардың екі ұлы, ал үшінші – қызы тұратын бөлмеге Халиданың өзін жайғастырған еді.

Осындай жағдайдағы жаңа өмір бұл үшін, расымен де, қызықты болып басталып еді.

Жасы жер ортасына келген отанасы Халидаға аса бір мейірбандықпен қарады. Ешқашан да ренжітпеуге тырысып бағатын. Оның үстіне  ол кісі дәріс беретін ұстаз қызметін де атқаратын. Күн сайын екі-үш сағат сабақ өткізеді. Сауат ашу ең алдымен орыс азбукасын игеруден басталды. Алғашқыда жаңа ортаға сіңісу оңай бола қойған жоқ. Айналасындағылардың  барлығын біртүрлі жатсынып жүргені жасырын емес. Және олардың тілін түсінбегеннен  асқан қорлық жоқ болып көрінетін.

Үйдің қожайыны Иван Петровичке қарап, орыс шалдардың бәрінен қатты қорқатын еді. Өйткені қожайынның шүңірейген көздері, самұрық тұмсығы мен қолапайсыз күлген кездегі бет әлпетінде пайда болатын қатпар-қабаттар мен шимай-шимай әжімдер еркіңнен тыс үрей ұялататын.

Ал ана екі ұлды тіпті иттің етінен жек көретін еді. Осы үйде болған екі ай аралығында олардың көрсеткен қорлықтарына жан адам шыдас бермес еді.  Сотқар қылық, сотанақ жүріс, бейәдеп сөз, бей-берекет тиісу титығына әбден тиіп болған.

Бір бөлмеде тұратын Катя есімді қыздың өзінен екі жас ересектігі бар еді. Ол екінші класта оқитын. Екеуі ертелі-кеш бірге болғандарымен, бір-бірімен түсінісе алмайтындықтарына қатты қамығатын.

Уақыт өте келе, Халида орыс тілін жығып білмесе де, кейбір ойларын ыммен болса да,  түсіндірер дәрежеге  жетіп қалды дегенмен, өзі ол тілде сөйлей алмайтын. Жүре-бара Иван Петровичке де үйреністі, ұлдардан да қорықпайтын болды.

Ал өз үйіне қайтар кезде өзіне тәлім берген ұстазы – үй иесі әйел және оның қызы Катямен қимай қоштасқан болатын.

Осылайша екі жыл оқу нәтижесінде орыс тілін әжептеуір меңгеріп, орта мектептің үшінші класына қабылданған еді.

Балалық шақта әсерімен есте қалған ол да бір дәурен!

Халиданың ойы дәл осы тұсқа жеткенде жап-жақсы естеліктің бәрі жалп етіп өшкендей болды. Бүкіл ой-санасына тоқтау беріп, өзге бір оқиғаларды есіне түсіргісі келгенінен еш шара болмайтын сияқты. Өйткені басы сайран тағдырдың ойран тұсы осы кезден көп ұзамай басталғанын өзі біліп отыр ғой. Дәл осы кезде бұлардың әулетіне қатысты әлемтапырық дөңгелек айналып та кеткен-ді.

1928-30 жылдар аралығы Қазақ еліне ғаламат қауіп төндірді. Бұл шын мәнінде сталиндік қандықол қуғын-сүргіннің бастауы болатын. Бұл қолдан жасалған ашаршылықтың алғышарты болған тауқыметті жылдар еді.

Ал Маман қажы әулетінің шаңырағы шайқалып, ұрпағы бордай тозып, босып кетуіне не себеп болғанын Халида білмейді емес, біледі.  Басты себеп – Маман ұрпақтарының Алашорда басшыларымен байланыста болып, оларға көмек қолдарын созғаны екен, айтпаса да түсінікті. Тағылған айып – газет беттерінде олардың көрсеткен көмектері жайындағы мақалалар болатын. Бірақ бір көзді бір көзіне атыстырып қойған заманда осының бәрін ұйымдастырған  қазақ арасындағы шолақ белсенділер екені бесенеден белгілі ғой.

«Бақ пен сордың арасы бір-ақ тұтам» деген сөз рас-ақ қой. Қазан төңкерісінен соң, қазақ даласында саяси алпауыт дауыл басталды. Маманнан тараған отыз алты шаңырақтың мал-мүлкі тәркіге түсіп, Ібір-Сібір мен Қиыр Шығысқа жер аударылған. Осы әулеттің он бес азаматы ату жазасына кесілген, олардың сүйектерінің қайда қалғаны да белгісіз.

1926 жылға дейін Маман ұрпақтары 45 түтін болған екен. Халиданың әкесі Есенқұлды «атақты»  58-баппен соттап, үш жылға Қазақстаннан тыс жерге жер аударды.

Мал-мүлкін кәмпескелеген соң, бала-шағасымен қоса, Орта-Волга өңірінің Пенза округіне қарасты Чкалов қаласынан бір-ақ шықты. Сол жылы Халида мектепке барған жоқ еді. Бір жыл уақыт өткенде өкімет рұқсат беріп, бұлардың жанұясы Орынбор қаласына көшіп барды.

Иә, «Басқа түссе баспақшыл» демекші, әкесі Есенқұл қара жұмысшы болып жұмысқа тұрды. Ал анасы фабрикаға тігінші болып орналасты. Осылай айдауда жүргенде Есенқұл екі ұлынан айырылды. Үлкен ұлы Смағұл каторганың ауыр жұмысына шыдас бермей қайтыс болса, Халидадан кейінгі кіші баласы – Жажас қатты науқастан қайтыс болды. Халида ол кезде он жаста еді ғой. Мектепке қайтадан 1929 жылы барды. Содан үш жыл жер аудару мерзімі аяқталып, отбасы елге қайтар тұста ауыр жұмыстан  әбден титықтап, құрт ауруын жұқтырған әкесі  Орынборда марқұм болып, қала шетіндегі мұсылмандар қорымына жерленді. Өзі алтыншы класты бітірген болатын.

Еңбекке жарамсыз болып қалған жесір анасы жетімек балаларын жетектеп жүріп, әупірімдеп Алматыға оралғанда, өзі жетіжылдық мектепті аяқтаған кезі. «Халық жауының балаларына» Алматыда қалып, оқуға рұқсат етілмеген соң, Орал қаласындағы кооператив техникумының бірінші курсына оқуға түскен еді. Әрине, Халида өзінің әлеуметтік шығу тегін жасырып қалған  болатын.

Халида жанарынан ыршып шығып, бет-жүзін жуған ыстық тамшыларды сұқ саусағымен сыпырып тастап, ауыр күрсінді.

Алматыда жүрген анасы мен бауырларын өзінің үлкен ағасы Ыбырайым қамқорлығына алмағанда, олардың күндері қараң болар ма еді?

Оралда жүргенде оқу жылы аяқталысымен қаржылық қиыншылықтарға байланысты техникум жабылып қалды. Халида, сөйтіп, Семейдегі фармацевтік техникумына жіберілді.

Бұл техникумның бірінші курсында оқып жүрген оны қыс ортасында  облыстық партия комитеті шақырды. Әлбетте, не мәселе екенін іштей сезеді.

Кабинетке кірген кезде өзімен жылы амандасып, диванға отыруын сұрады. Содан кейін  әкесінің кім болғаны, қайда тұрып жатқаны, осы уақытқа дейін немен айналысқаны туралы сұрақтарды жаудырды.  Халида болса туған-туыстарының ақыл-кеңестеріне құлақ аспай, ататегі, отбасы туралы барлық шындықты жайып салды. Нәтижесінде техникумдағы оқуын жалғастыруға рұқсат бергендерімен, комсомол мүшелігінен шығарып жіберді.

Міне, дәл осы кезден бастап айнала жұрттың барлығы бұған суық қабақ таныта бастады. Тіпті озық үлгерім үшін алып жүрген стипендиясын қысқартып, біржолғы жәрдемақыға ауыстырды. Осыдан кейін қандай көңіл күй, дұрыс жағдай болсын. Бұл техникумда қалуға құлқы құлазып сала берді.

Бірде газетке жарияланған хабарландыруға көзі түскен. Онда одақтық жоғары оқу орындарына қабылдау жүргізіліп жатқаны туралы жазылыпты. Енді бұның есіл-дерті институтқа түсуге ауды.

Техникумның екінші курсы аяқтала салысымен өзін Алматы қаласында  өндірістік тәжірибеге  жіберген еді. Осы сапардан Халида техникумға қайтып оралған жоқ, Алматыда сол бойы қалып қойды.

Сөйтіп, 1936 жылы Қазақ медицина институты жанындағы жұмысшылар факультетінің төртінші курсына қабылданып, келесі жылы оны аяқтаған соң, дәрігер болуға бел байлап, ҚазМИ-ге оқуға түсу үшін өтініш берген болатын.

Пермьде тігінші болған шешесі  Махтуха Алматыда да сол кәсіппен нан тапты. Ұл-қыз «халық жауының баласы» аталды. Бұл термин 1932 жылы 7 тамызда орталық атқару комитетінің төрағасы Михаил Калинин қол қойған заңмен енгізілген-ді.

Өзі бір жас кезінен алған беттен қайтпайтын қайсар еді-ау. 1937 жылы институттың бірінші курсына түсті. Бұл жылдары үй ішінің әбден берекесі кетті. Әрдайым «қайтадан айдап кетеді-ау» деген қауіппен күнделікті қорқынышты күйде өмір кешті. Анасы күн сайын қалтырап-дірілдеп, екі шабаданды ұстап, ішіндегі нанды жаңасына ауыстырып отыратын. Ондағы ойы – қамауға алса, заты мен нанын бірге ала кетпек қой, баяғы.

Молотов атындағы медицина институтын Халида 1941 жылдың 31 желтоқсанында тәмамдап, «емдеуші-дәрігер» мамандығын алды.

Соғыс басталған кезде Алматыға Мәскеуден эвакуациямен ірі ғалымдар келген болатын. Өз ортасында қиянаттан басқаны көрмеген қыз сонда алғаш рет қолдауды сезінді. Қолдаған – Лина Штерн. Ол кісі диплом жұмысына жетекшілік етіп қана қоймай, осы Халиданы өзі директоры болып тұрған Қазақ ғылым академиясының физиология ғылыми-зерттеу институтына аспирант етіп алған болатын.

Штерн! Лина Соломоновна Штерн – Женева университетін бітірген маман дәрігер. КСРО Ғылым академиясының тұңғыш әйел академигі, Сталиндік сыйлықтың иегері. Бүкілодақтық физиология ғылыми-зерттеу институтының директоры. Бұл қызметті Мәскеудегі Екінші медицина институтындағы профессорлықпен қоса атқарған.

Соғыс бастала салысымен Алматыға көшірілген Физиология ғылыми-зерттеу институтының  директоры сырттай қарағанда өте суық, қатал әйел   болып көрінетін.

Лина Соломоновнаның қазақ қызы Халидаға неге ерекше мейрімі түсті екен? Талабын байқады ма? Білімін бағалады ма? Әлде тағдырынан ұқсастық тапты ма екен?

Тағдыр кейін Штернді де аяған жоқ. Жеңістен соң, Сталиннің иек қағуымен «зиянды» деп табылды. 1949 жылы Мәскеуде тұтқындайды. 1952 жылы Штернге үш жыл алты ай еңбекпен түзеу лагеріне, содан соң бес жылға жер аударуға үкім кесіледі. Үш жыл алты ай үкімді күтіп түрмеде болғандықтан, бірден жер аударылған. Бұл жолы Алматыға рұқсат етілмей, Жамбыл қаласынан бір-ақ шығады.

Халида сонау 1941 жылы аспирант болып қабылданғаннан кейін оқуын жалғастырып, Штерннің қамқорлығында жүре берсе де болатын еді. Бірақ ол «халық жауының баласы» деген жабудан құтылу үшін майданға өзі сұранған.

Әдетте медициналық жоғары оқу орнының түлегіне лейтенант шені берілуге тиіс еді. Бірақ өзіне ондай лауазым бұйырмады. Тіпті оған медбике болуға да рұқсат етілмеді. 1942 жылы қатардағы жауынгер ретінде Оңтүстік Сталинград майданына барып түсті. Әскери құжатында мамандығы бойынша – дәрігер, бірақ «бағы тайған адамды түйе үстінен ит қабады» дегендей, «халық жауының» қызы болғандықтан, дәрігерлік жұмысқа рұқсат жоқ деп жазылған, тақыр жерден сүріндірген «қоңыраулы» қырсық жазуы бар. Сөйткен сорлы басы жаралыларға жәрдем беру орнына өлген-жіткендерді жер қойнына тапсырып, марқұмдарды жерлейтін топтың ортасынан бір-ақ шықты. Маңдайына жазылып тұрғаны сол болса керек,  қолына қайла-күрек ұстап, өлілерді жерлеп, алдыңғы шепте окоп қазу сияқты қара жұмыстар «бұйырды» ғой.

Азапты күндері енді басталғандай. Ер-азаматтар сияқты опырып-жапырып қимылдай алмаса да, әлі келгенше әупірімдеп баққаны емес, ол жердегі кейбір әумесер басшы-командирлердің мазақ қылып, кейбіреулерінің тіпті қол жүгірткісі келіп, қорғансыздығын пайдаланып, мазақ ете бастағаны титығына әбден тиді.

Сол кезде, 1942 жылдың 28 шілдесінде КСРО қорғаныс халық комиссары Сталиннің №227 бұйрығы шыға қалмасы бар ма?! Онда әрбір армияда төрт-бестен тосқауыл  отрядын және бес-оннан айып роталарын құру міндеттелген болатын.

Тосқауыл отряды өз әскеріміздің желкесінде тұрып, шегінген жағдайда қырып салады. Ал айып батальонына майданда қорқақтық танытқан жауынгерлер мен кіші офицерлер жіберіледі. Олар ең қиын шепте соғысулары керек.

Айып батальоны мен айып ротасының айырмашылықтары жер мен көктей. Батальондарда кіші офицерлер, ал айып роталарында қатардағы жауынгерлер мен кіші командир-сержанттар, сондай-ақ лауазымдарынан ажыраған бұрынғы офицерлер жазаларын өтеулері керек екен. Бұйрықта «сол арқылы кінәсін қанымен жуады» деп ашық көрсетілген.

Қанша дегенмен қара жаяу емес қой, көзі ашық, көңілі ояу Халида бір демде қимылға кірісті.

Өзіне тиесілі шен мен лауазым бұйырмаған ол, бір жағы, намысқойлығы бар, екіншіден, патриоттық сезімі мұқалып көрмегендіктен, мірдің оғындай ататын мінезіне басты. Осы құжатқа арқа сүйеген ол Сталинге өзін айып ротасына жіберу туралы хат  жолдаған еді. Онда «Егер мен халық жауы болсам, онда штрафбатқа жіберіңіз. Егер тірі қалсам, менен және туыстарымнан бүкіл айыпты алып тастаңыз!»  деп жазды.

Алайда ол хат халық көсемі Сталиннің өз қолына жетпегенімен, Михаил Калининнің алдында шешілген көрінеді.  Сөйтіп, өзі сұрағандай, майданға – қырғын соғыстың ортасына жіберілген болатын. Бірақ көп уақыт өтпестен қылмыскерлер мен саяси тұтқындардың арасынан  бір-ақ шықты. Кәдімгі штрафбат және кілең еркектің арасында жалғыз қыз.

Сотталғандар дегенімен, штрафбаттағы жандар да мейірімнің не екенін  жақсы біледі екен. Олар қаршадай қызды қамқорлықтарына алып, қорғаштап жүрді. Немістердің әуе шабуылдары кезінде әке-ағаларындай  азаматтар өзін әманда қанаттарының  астына алып, қызғыштай қоритын еді ғой.  Араларындағы жалғыз қыз – өзін осындай «қорқақ», «қашқын», «қылмыскер», «зиянды элемент» атанғандар жауған оқтан өз бітім-болмыстарымен қорғап, шаң жуытпайтын.

Әдетте айыптылар ротасына түскен адам кем дегенде үш ай сонда болуы керек. Егер ол жерде бірдеңе бүлдіріп қойса, жаза мерзімі әрі қарай ұлғая береді. Айыптылар ротасында кәнігі қылмыскерлер саяси жазасын өтеушілерден әлдеқайда көп болатын. Айнала қоршаған адамның  басым көпшілігі бәленің бәрін көрген сотталғандар. Дегенмен мола қазып, мәйіт жерлеу командасына қарағанда айыптылар ротасының өзіне қауіпсіздеу болғаны, зектердің ақ халаттыларға соқтықпайтын жазылмаған заңы бар екен.  Өзін аман сақтаған осы жағдай болуы керек.  Оның үстіне зектердің басты адамы «мына қыздың басынан бір тал шашы түспесін»  деген өзаралық жарлық та беріп қойған сияқты.

Сонымен, не керек, әйтеуір, әупірімдеп жүріп сол жылы-ақ тамұқты жердегі сындағы тіршілігі аяқталып, айыптылар ротасынан босап шықты ғой.

Одан соң Халиданы Екінші әуе күштері  армиясының  аэродромдық

821-ші полкына ауыстырды, мұнда әскери амбулаторияның бастығы болып тағайындалды. Айтпақшы, осы жерде өзіне медицина  қызметінің аға лейтенаты шені де берілген еді ғой.

Батальон Сталинград түбіндегі кескілескен айқасқа басынан аяғына дейін қатысты. Өзі Ұлы Отан соғысының бес майданының  бас гинекологы болып тағайындалған еді. Одан соң, 4-Украина, 3-Беларусь майданының құрамында Балтық жағалауын азат етіп, 1-ші және 2-Украина майдандарының құрамында Польша, Чехословакия, Германия, Австрияны азат етуге қатысты.

— Е-е, – деп ойлады Халида. – Төрт жыл бойы қан кешкен тірліктен жарты Еуропаны жан беріп, жан алып жүріп аралаған  шақта бейбіт күнде шілденің ыстығында лай кешіп, қаңтардың қара суығында қар кешіп, бүкіл ұрыс даласындағы қырғын соғыста осылайша Болгарияға келіп демаламын деген қаперіне кіріп те шыққан жоқ шығар-ау, сірә да...

1945 жылы соғысты аяқтады. Қолына жарқыншақ тигені болмаса, ауыр жарақат алған жоқ. Сол жылғы 26 желтоқсанда  жараланып, кеудесіне «Сталинградты қорғағаны үшін»,  «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңген үшін» медальдары  мен «Қызыл жұлдыз» орденін қадап, капитан шенінде елге оралған болатын.

«Бүгін маған не болған? – деп ойлады Халида. – Тіпті бүкіл ғұмырын бастан-аяқ, бүге-шігесіне дейін тізбелеп, түгендеп шыққаны несі?! Мақпал түннің шапанының шалғайында жападан-жалғыз жайбарақат  отырғаннан болар-ау?

Айнала құлаққа ұрған танадай тыныштық. Тек теңіз толқындарының бірін-бірі қуалап, жағалауға  жалаңдаған уілі мен гуілі ғана лақылдайды. Қошқыл аспанда самсаған жұлдыздар жымыңдайды. Анда-санда аспан тұңғиығының әредікте төмен қарай құлдилап, жалт-жұлт еткен  сап-сары ма, қошқыл қызыл ма, жұлдыз ағып түседі. Теңізге құлап, шолп ете қалатын шығар деп ойлайсың. Олай емес, орта жолда түнекке сіңіп жоқ болады. Әне, тағы да бір құйрықты жұлдыз жарқ етті де, жоқ болды. Кімнің жұлдызы болды екен, ә?

Халиданың елге тезірек оралғысы келіп кетті. Ақтөбесін аңсап отыр. Кіндік қаны тамған Ақсуына да барғысы келеді. Сауық-сайран, демалыс деген жақсы-ақ қой. Бірақ салқын-самал жел,  айдын-шалқар көл, туған ел, өскен жерге  не жетсін, шіркін!

Содан кейін қайтадан майдан жолын аяқтап, елге қайтқан кездегі алғашқы жылдары есіне түсіп,  өз тарихының санаға сіңіп қалған сарғайған беттерін тағы да ойша парақтап кетті.

Иә, Алматыға оралған соң, 1946 жылы Молотов атындағы медицина институтындағы жұмысын  жалғастырды. Ал 1948 жылы ғылыми диссертация жазуға өтініш түсірген болатын. Сол сол-ақ екен, қан иісін сезген қасқырдай танаулары жыбырлап, тырнақ астынан кір іздеген кірпияз идеологтар құлашын аштырмайтын, табанын бастырмайтын әдеттеріне басып, бұның үстінен денсаулық сақтау министрлігіне арыз жазады. Сөйтіп, ғылыми жұмысын тоқтатып, кандидаттық минимум тапсыруға рұқсат бермей қойған еді.

Міне, ата-бабасының бай болғаны оның жолын тағы да кесті. Алды тұйық, арты жар, одан алып шығар жол жоқ. Бір жағынан, сол елуінші жылдары атышулы «дәрігерлер ісімен»  байланыстырып, сөзінде айбат, қолында қайраты бар НКВД мұның соңына қайта түсті. Амалы әбден таусылған Халида  айқай шыққан тұстан атшаптырым жер аулақ жүргенді жөн санап, денсаулығына байланысты жұмыстан босатуды сұрап арыз жазды да, бәріне қолды бір сілтеп, атамекені ­– Қапал-Арасан шипажайына  дәрігер болып кете барды.

Бұл кезде Мәскеуден ғылыми жетекшісі, профессор Глозман комитеттегілерден алысырақ жүруін сұрап, хат  жазған болатын.  Профессордың ақылымен бұл Фрунзеге кетіп, медицина  институтына жұмысқа тұрып, кандидаттық минимум тапсырған еді.

Сол жылдары Қарағанды қаласында медицина институты алғашқы студенттерін қабылдап, маман даярлауға кіріскен болатын. Ал осы оқу орнының профессорлар құрамы негізінен  Карлагта жазасын өтеген дәрігерлерден жасақталды. Осылардың арасынан Яков Лазарис деген ғалым институтта патологиялық физиология кафедрасын ұйымдастырып, конкурстан сүрінбей өткен Халиданы жұмысқа бірден  қабылдады. Яков Аронович Лев Гумилевпен бірге Карлагта жазасын өтеген дәрігер екен.

 «Сол кездің өзінде-ақ «апама – жездем сай»  болған екенбіз ғой», – деп ойлаған Халида өз-өзінен мысқылдап жымиып қойды.

Қазір ғой, мына жымиып отырғаны. Ол кездерде жымимақ түгіл, езуін  де жия алмай қалар еді ғой. Олардың бәрі тиісті органдардың жіті бақылауында жүрген адамдар болатын. Бұл бақылау кешегі «халық жауының қызы» Халидаға да қолайлы соқпады.

1957 жылы Қазақстанның батыс өңірлеріне медицина кадрларын даярлау үшін Ақтөбеде институт ашылды.   Тап сол кезде осы оқу орнына ең алғашқы ректор болып тағайындалған курстасы Әлмағамбет  Дайыров Халиданы патофизиология кафедрасының меңгерушісі қызметіне шақырды. Міне, сол  қызметте тапжылмастан жиырма жыл жұмыс істепті ғой, өзі. Дәл сонда отырып, докторлық диссертациясын қорғап келді, профессор атанды.

«Бұл дегенің сипалай, сыпырып өте шыққанымен, осы аралықтың өзінде қаншама қызығы мен шыжығы болған дүние емес пе?» деп ойлаған Халида қабағын сәл ғана шытынып қойды.

Елге оралғаннан кейін өзін қызметке шақырған Дайыровтан соң, институтқа Төрегелді Шарманов ректор болып келді. Ол кісі оқу орнындағы ұлттық кадрлар мәселесін мықтап қолға алған еді ғой. Ауыл балаларын оқыту үшін кейбір  сабақтарда білгендерін қазақша айтуға мүмкіндік жасады.

Көптен бері көкейінде ұялаған шаруаны қолдаушысы болмай, іске асыра алмай жүр еді.  «Құланның қасуына мылтықтың  басуы» болды. Бұл да қарап  жүрмей, ректордың рұқсатымен студенттердің қазақ ұлт-аспаптар оркестрін құрды. Мереке сайын концерт ұйымдастырды.

Сөйтіп жүргенде Төрегелді Шарманұлы республиканың денсаулық сақтау министрі болып Алматыға кетті де, орнына жаңа ректор келді. 

Міне, дәл осы кезден бастап дауыл алдындағы көлдей тынып тұрған бейбіт те берекелі шақ бір демде быт-шыт болды. Жаңа басшының келуімен оқу орнында адамның сыртынан аңду, бір сөзбен айтқанда, «сексоттық қызмет» белең алып, бұның басына да қайтадан қара бұлт үйірілді. КГБ-ның қолдауына сүйенген іштен шыққан жандайшаптар институттағы ұлтшылдарды қудалауға құлшына кірісті.

   Өз басы артық сөзге жоқ, ұстамды-ақ адаммын деп ойлағанымен, әділетсіздікті көрсе кез келген адамды бір-ақ ауыз сөзбен орнына қоятын әдеттен арыла алмады. Міне, басшы мен қосшылардың мұнымен өштесуінің басты себебі сол болса керек.  Жағдайы жоқ студенттерге қамқор болып, оларға киім-кешек тігіп беріп, қалталарына азын-аулақ тиын-тебен салып қоятын. Өзінің  анық сенетіні – бұл балалар да күні ертең атпал азаматтар болады. Жалпы,  соғыстан басқаның бәріне көнуге болады. Мединституттың қазақ студенттеріне оқу кезінде қазақша сөйлеулеріне тыйым салына бастағанын көрген соң, қарап жүрмей, оған «қазақ қазақша, орыс орысша амандасуы тиіс» деп қарсы шықты. Мұндай  ұлтшылдыққа кім шыдасын?! Басқа бәле тілден келді. Тілден ғана емес-ау...

Енді қалай деп едіңіз? Төрегелді Шарманов ректор болып тұрған кезінде бұның студенттердің  домбыра оркестрін ұйымдастырған әрекетіне дұрыс, кейінгі  басшы бұрыс деп қарады. Сөйтіп, Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің тікелей араласумен 1972 жылдан бастап «бай қызының ісі» қайта жанданды. Халида Ақтөбе обкомының идеология бөліміне шақыртылып, ісі бюрода майшаммен қаралды.

Алдымен облыстық партия комитеті Маманованы партия қатарынан шығару үшін институтта жиналыс өткізді.

Обалы не керек, өзін ұлтшылдықпен айыптап, партиядан шығармақ болғанда әріптестері оған қарсылықтарын көрсетіп бақты.

Сол жиналыстағы патологоанатом Саламат Ғұмарұлының шыр-пыр болып айтқан мына бір сөзі Халиданың әлі есінде:  «Халида Маманова қоғамға қандай жаманшылық жасады? Егер де оны домбыра оркестрін ұйымдастырушы деп айыптасаңыздар, онда Алматыдағы Құрманғазы  оркестрін жаптырыңдар. Біз сіздерге домбыра  берейік, оның көмейіне қорғасынды өз қолдарыңмен құйыңдар!» ­– деді ғой. Не деген жанкештілік десеңші!

Институт ұстаздары  мұны партиядан шығаруға қарсы шыққандарымен, сол әрекеттері өздеріне  де, Халиданың өз басына да қарсы қару – бумеранг болып атылды.

Бұл басқаратын патологиялық физиология кафедрасы жабылды. Өзі обком бюросының шешімімен «социалистік ағарту және білім беруге қауіп туғызушы – ұлтшыл» деген жаңа «мәртебе» алды. «Сенімсіз адам» ретінде шетелдердегі ғылыми конференцияларға  шығар жолы мүлдем кесілді.

Мексика мен Орталық Америкаға жасамақ болған  сапарының жолы кесілді.

Парижде өтетін физиологтардың халықаралық конгресіне баруға рұқсат етілмей, қатерлі ісіктер туралы ғылыми  баяндамасын баяғы тәлімгері, профессор Осип Глозман оқып берген болатын.

Латын Америкасы, Жапония мен Мексикадан басқа да елден келген шақыртулар аяқсыз қалды. Өйткені «сенімсіздер»  тізіміне іліккен Халидаға капиталистік елдерге шығуға тыйым салынған. Қауіпсіздік комитеті басқан ізін бақылаудан шығармады.

Амал не, бала шақтан бастап көрген қорлығы жарты ғасыр соңынан сор боп қамапты ғой. Шетелдің  бәрі шетке ысырылып жүргенде осы жолы сәті түсіп, социалистік Болгарияға сапарлардың ыңғайы келген тұсы болуы керек.

Теңіз жағалауында Халиданың қанша отырғаны күні бүгінге дейін беймәлім. Әйтеуір, сол күні  аялдаған мекенжайға  келмеді...

Бірнеше күннен кейін суға кеткен денесі сол демалыс орнынан әлдеқайда алыс жерден табылған екен.  Сот-медициналық сарапшылар «марқұм түн баласында суға тұншығып, көз жұмған» деген қорытынды жасайды.  Ал оның туған-туысқандары Халиданың түн баласында суға түскенді ұнатпайтынын және марқұмның денесінен көгерген үлкен дақ байқалғанын   алға  тартқандарын елең де қылмаған сарапшылар  «теңізде бетонға соғылып қалған болар» деген «болжамдарынан» танбайды.

Бұл 1977 жылдың 15 тамызындағы оқиға.  «Осының  өзі де бекерден-бекер емес шығар, иә?» демеске шараң бар ма?! Жалған дүние, жалғандығыңнан сақта!

Сонда, өзінің жағалауда отырып бақылаған аспаннан ағып түсіп жатқан жұлдыздардың біреуі қайсар қыз Халиданың жұлдызы болды ма екен?!

Есін еміс біліп, етегін енді жапқан кезінен өмірдің талай соқпағынан өтіп, талай тоқпағын жеген, қоғамның, биліктің солақай саясатының, жөнсіз айыптауларының бүкіл отбасына әкелген ойранын басынан өткізген Халида Маманова Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай репрессия құрбандарын ақтау туралы» заңына сәйкес, қуғын-сүргіннен зардап шегуші ретінде танылып, ақталған болатын.

Өкініштісі сол – Халиданың өзі бұл күнді көзімен көре алмай, өмірден озған еді.

Не дейсің?! Дүние жалған ба? Кеттің арманда...

Тегтер: