Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:15, 27 Наурыз 2025

Стамбұлға уақытша әкім сайланды

Нури Аслан
Фото: ozdiyarbakirgazetesicom

Стамбұл қаласының әкімдігіне уақытша басшы ретінде оппозициялық Республикалық халық партиясының (РХП) өкілі Нури Аслан сайланды. 

23 наурызда сот Стамбұл мэрі Экрем Имамоғлына түрмеге қамау үкімін шығарды. Ол сыбайлас жемқорлық пен Түркияда лаңкестік ұйым деп танылған Күрдістан жұмысшы партиясына жәрдем берді деген айыпқа тартылды. Имамоғлы қазіргі президент Режеп Тайып Ердоғанның басты саяси қарсыласы саналады және оппозиция оны алдағы президенттік сайлауда үміткер ретінде қарастырып жатыр.

Бұл шешімге қарсылық ретінде Стамбұл мен басқа да ірі қалаларда жаппай наразылық шерулері басталды. Полиция шерушілерге қарсы су атқыштар мен көзден жас ағызатын газ қолданды. Билік қала жолдарын жапты, ал жетекші телеарналар наразылық акцияларын тікелей эфирде көрсетуді тоқтатты.

Стамбұл қалалық кеңесі уақытша әкімді сайлау үшін дауыс берді. Нәтижесінде РХП өкілі Нури Аслан 177 дауыс жинап, сайлауда жеңіске жетті. Оған қарсы биліктегі Әділет және даму партиясының (ӘДП) өкілі Зейноллабидин Оқул 125 дауыс алды.

Имамоғлының тұтқындалуы халық наразылығын күшейтіп, шерулердің өршуіне әкелді. 24 наурызға дейін ішкі істер министрі Али Ерлықайдың мәлімдемесіне сәйкес, шерулер кезінде 1000-нан астам адам тұтқындалған.

Бұған дейін Имамоғлы оппозиция ішіндегі праймеризде айтарлықтай қолдау тауып, кезектен тыс президент сайлауына негізгі кандидат ретінде қарастырылған болатын. Оның қамауға алынуы Түркиядағы саяси шиеленісті одан әрі күшейтті.