STAN немесе жалғаудың жүктеген жауапкершілігі

Бүгінде жай ғана ел атауының өзі көп дүниеден хабар береді. Әсіресе мемлекеттер арасындағы бәсекелестік алаңы тек қана тауар не шикізат нарығымен шектелмей, тұтас аймақтардың имиджі мен мәдениетін, ұлттық болмысына қарай ойысқан. Бұл үдерістің негізінде қарапайым бренд емес, «территориялық бренд» ұғымы жатыр дейді әлем зерттеушілері.
Бұлай деуіне себеп те жоқ емес. Кәдуілгі күнделікті тұрмысымызға көз салсақ та, бұл айтқанымызға анық мысалдар көптеп табуға болады. Белгілі бір тауар сатып алған сәтте made in Italy немесе made in Japan деген таңба тұтынушыға тауардың сапасынан бөлек, сол елдің мәдени-тарихи беделі мен әлеуметтік капиталының кепілі іспетті әсер қалдырады. Әйтеуір сапалысын іздесек, ағылшынның, неміс пен жапонның дүкеніне асығамыз. Ал made in Cambodia немесе made in Afghanistan деген белгілерді оқи қалсаң, керісінше, санаңда өзіңе де түсініксіз күмән туады. Демек, бұл мемлекеттердің экономикалық қуаты мен халықаралық ықпалы тек қазба байлықтармен немесе геосаяси салмақпен ғана өлшенбей, олардың сыртқы имиджіне, яғни символдық капиталға да тәуелді бола бастағанының белгісі. Осы тұрғыдан келгенде «стан» жалғауына байланысты да әлем халқының көкейінде жатқан түсініксіз сұрақтардың көп болуы әбден заңды да. Тамыры тереңге жайылған көп ғасырлық тарихы мен мәдениетіне, әлемде ілуде бір сирек кездесетін табиғаты мен сол табиғаттан алынатын түрлі ресурсқа қарамастан, күллі әлем халқының санасында мызғымай орнап алған теріс пікір мен жат ассоциациялар «стан» елдерін жаһандық картада әбден көмескі кейіпте қалдырғанға ұқсайды. Әсіресе дәл осы «стан» жалғауына келгенде бізден әлдеқайда алшақ жатқан Пәкістан мен Ауғанстанның да еске түсетіні жасырын емес. Тіпті кей елдер Орта Азияға әлі күнге дәл осы Пәкістан мен Ауғанстанның призмасымен қарап жүргені де өкінішті. Сол себепті де бүгінгі нарықта «стан» сөзі кәдуілгі жалғаудан гөрі мәдени код пен мемлекет репутациясының бір бөлшегіне айналып отыр. Осы орайда «стан» сөзінің мағынасы неде деген сұрақ туады. Бір емес, әлемдегі біраз ел атауына жалғанған бұл сөздің мәні неде? Соны зерттеп көрдік.
Ескі деректерге сүйенсек, «стан» сөзінің түбі ежелгі ирандық тілдерден тараған-мыс. Яғни «стан» сөзі парсы тіліндегі «мекен», «жер» дегенді білдірсе керек. Ортағасырлық жазбаларда, тарихи шежірелерде «стан» қосымшасы мемлекеттер мен елдердің атына жалғанып, этностардың мекенін нақтылаған, орнын бекіткен. Әсіресе парсы тілінің мемлекеттік, мәдени, әдеби тіл ретіндегі ықпалы күшейген кездерде көптеген аймақтық атаулар осы жұрнақ арқылы қалыптасты. Хорасан, Кабулистан, Бадахшан, Түркістан секілді атаулар сол дәуірден бастап кең қолданыс тауып, тек жер-су атауларында емес, этникалық сипатта да қолданысқа енді. Яғни белгілі бір халықтың мекенін айқындап, «пәлен халықтың жері» деген мағынаны «стан» атауымен берген десе-ді. Мәселен, Түркістан атауы түркілердің елі боп бекітілсе, Хазарстан дегенің, хазарлардың мекенін білдіріпті делінеді. Ал кей тіл ғалымдары сөздің түп-төркінін state сөзімен байланыстырады. Әлем елдерінің басым бөлігінде мұндай қосымшалар мен тартысты пікірлер жиі ұшырасады. Мәселен, Еуропа мемлекеттерінің басым бөлігінде кездесетін land жалғауы сөзімізге айқын мысал болар еді. Land ағылшын тілінде «жер», «өлке», «аумақ», «қоныс» дегенді білдіреді. Бұл сөз герман тілдерінің ең көне қабатынан тамыр тартып, ортағасырларда Еуропада аймақтарды, елдерді, мемлекеттерді белгілеуде қолданылып келген. Мәселен, Нидерланд, Исландия, Финляндия, Шотландия, Ирландия сияқты ел атауларында осы ұғым көрініс тапқан. Демек, land бастапқыда белгілі бір этнос немесе қауым иеленген жерді білдіретін, кейін тұтас мемлекеттің азаттығын айқындайтын әмбебап мағынаға ие болған. Сол секілді Түркия, Грузия, Бельгия сынды атауларда ұшырасатын «ия» жалғауына келгенде де айтылатын таласты пікірлер көп-ақ. Мейлі. Айтпағымыз басқа. Осындайда «стан» қосымшасының «қазақ» атауына қалай жалғанды деген ой туады. 1917 жылы желтоқсанның 13-і құрылған қазақ-қырғыз Алаш автономиясының үкіметі жариялаған Алашорда автономиясы да «Қазақ» атауын негізге алған еді. Алаш – әлімсақтан қазақтың бір аты. 1920 жылдың 16 маусымында РКФСР құрамында құрылған, Орынборды астана еткен автономиялы республика да Қазақ (автономиялы советтік социалистік) республикасы болған. 1936 жылдың 5 желтоқсанында қайта құрылған Қазақ советтік социалистік республикасының да атауынан «Қазақ» сөзі көзге ұрып, әйгіленіп тұрды. Алайда 1991 жылы дүниеге тәуелсіздігін жариялаған республика атауы Қазақстан республикасы болып шыға келді. Саясаттанушы Әзімбай Ғалидің айтуынша, «стан» атауының жалғануы тәуелсіздік алғанға дейін анық болған.
«Кеңес өкіметі тұсында Қазақ советтік социалистік республикасы деп аталғанымен, шын мәнінде, іске келгенде осы атаумен қатарлас, тіпті көбіне-көп Қазақстан атауы қолданыста жүрді. Көрші мемлекеттердің де жағдайы осындай еді. Ешқандай қосымша сұрақ тумасын деп елге кең тараған «станға» тоқталған сияқты. Егемендігін тезірек мойындатудың да бір амалы болса керек. Жалпы қоғамдық өмірге қарасақ, «Қазақстан» атауы халық санасына ерте сіңіп, табиғи түрде орныққанын көреміз. Газет-журналдарда, радио мен теледидарда, ресми құжаттарда да, саяси шешімдерде де бұл атау үздіксіз қолданылып, күнделікті тілдік тәжірибенің бөлінбес бөлігіне айналды. Мұндай үрдіс тек Қазақстанға тән құбылыс емес еді. Сол кезеңде Татарстан, Өзбекстан, Қырғызстан секілді республикалардың да кең тараған атауы «стан» жалғауымен айтылып, халық арасында әбден қалыптасқан болатын. Ал ресми құжаттардағы ұзақ әрі күрделі атаулар – мысалы, «Казахская Советская Социалистическая Республика» – халықтық қолданыста ешқашан орнықпады, өйткені күнделікті қарым-қатынаста қысқа да нұсқа «Қазақстан» сөзі анағұрлым ыңғайлы әрі түсінікті болды. Сондықтан да бүгінгі таңда «Неге Қазақ Республикасы емес, Қазақстан Республикасы деп аталды?» деген сұраққа күмәнданудың жөні жоқ. Бұл атау бір күнде ойлап табылған немесе жасанды түрде енгізілген нәрсе емес, қайта халықтың ауызекі тілінде, қоғамдық ақпарат кеңістігінде әлдеқашан орныққан, сол дәуірдің өзінде кеңінен айтылып жүрген атау болатын», – дейді саясаттанушы. Сондай-ақ Ә.Ғани ел атауын өзгерткенмен, халық жағдайының жақсармайтынын айтады. Шынайы өзгеріс саяси трансформациядан, демократияға ұмтылудан басталады дейді.
Қалай десек те «стан» жалғауына қатысты дау осы кезге дейін толастаған емес. Әйтеуір әр он жыл сайын ел атауын өзгерту туралы пікірлер күні кешеге дейін оқтын-оқтын айтылып қап жүрді. Мысалы, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақ Республикасы деп аталғаны әлі есте. Қазақстанның республика болуын тарихи заңдылық ретінде қарастыруға негіз бар. Дәстүрлі қазақ қоғамының саяси тәжірибесінде монархия институты ХХ ғасырдың басына қарай күйреген. Кеңес дәуірінде республика ұғымы саяси практикаға еніп, халық санасына орныққан еді. Екіншіден, тәуелсіздік алған сәтте билікті әулеттік сипатта ұйымдастыруға әлеуметтік-саяси алғышарт болған жоқ. Халықтың ұлттық-демократиялық сана-сезімі де монархиялық жолды қабылдауға дайын емес еді. Сондықтан республика тарихи да, саяси да тұрғыдан жалғыз мүмкін форма болатын. Бұдан бөлек, осыдан он шақты жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ елі» атауын ұсынып, осыдан кейін республика атауын түбегейлі өзгертуге асыққандардың қарасы көбейіп кетті. Алайда бұл ұсыныс аяқсыз қалып, «Қазақстан» атауы өзгермеді. Осы кездерде жарияланған шетел басылымдарына қарасаң, «Қазақ елі» атауын тек халық қана емес, күллі әлем саясаты жік-жапар боп талқылағанға ұқсайды. Америкалық Washington post газетінде өз ойын сарапқа салған журналист Макс Фишер «Қазақ елі» атану үшін Қазақстанның этникалық біртекті мемлекетке айналуы қажеттігін сөз еткен. Ол Қазақстанның этникалық картасын көлденең тарта отырып, Қазақстанда орыстардың әлі де көп өмір сүретінін және мемлекеттік тіл қазақ тілімен қатар, орыс тілінің ресми тіл ретінде қолданылатындығын әрі 23 жыл ішінде орыс тілінің басымдыққа ие екендігін және діни наным-сенім тұрғысынан да біртекті ұлтқа айнала алмай отырғандығын жазады. «Демек, Қазақстанның «Қазақ еліне» айналуы жақын болашақта мүмкін емес» деген ой түйген. Британдық ВВС телеарнасы Британия үкіметінің саяси кеңесшісі, профессор Саймон Анхольттің пікіріне жүгінген. Ол «Егер Қазақстан атауы «Қазақ Еліне» ауысатын болса, бұның соңы жаһандық салдарға ұласуы мүмкін» деген пікірде, әрі ол «стан» жалғауының мемлекеттің имиджіне ешқандай нұқсан келтірмейтіндігін айтқан екен. Шынымен, шетел зерттеушілерінің мақалаларына сүйенсек, қазіргі саясаттанушылардың бір бөлігі «стан» атауларын ортақ аймақтық бренд ретінде пайдалануға да болады деп есептейді. Себебі атаудан қашу – өз тарихыңнан қашумен тең әңгіме болар еді. Керісінше, оны жаңаша мағынамен байыту саяси әрі мәдени тұрғыда ұтымды шешім екенін алға тартады. Жалпы әлемдік тәжірибеге қарасақ, ел атауларын өзгерту мысалдары, әрине, баршылық. Айталық, Батыс Африкадағы Gold Coast атауы 1957 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін Ghana болып өзгертілді. Цейлон 1972 жылы Sri Lanka атанды. Ал 2018 жылы Свазиленд Eswatini болып қайта аталды. Бұл елдер атауды өзгерту арқылы ұлттық рухын көтеруді, жаңа имидж қалыптастыруды мақсат етті. Ал бізге дәл қазір «станнан» құтылу тиімді болар ма еді деп ойлайсың? Бұл мәселеге қатысты жас зерттеуші Бекзат Мағаздың айтуынша, «стан» жалғауынан арыламыз деп талпынғаннан гөрі Орта Азия елдері өзінің жаңа имиджін қалыптастырғаны абзал.
«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Н.Назарбаевтың аузынан жиі естілген «Қазақ республикасы» атауы кездейсоқ емес еді. Бұл, бір жағынан, саяси риторика болса, екінші жағынан, жаңа мемлекет құру процесіндегі тарихи сабақтастық пен халықтық бірізділікті қалыптастыру амалы болатын. Бірақ «республика» ұғымының мәнін жай ғана мемлекеттік атаумен шектеу таяздық болар еді. Республика дегеніміздің өзі де саяси жүйенің нақты формасы, ол қоғамдағы биліктің табиғатын, азамат пен мемлекеттің қарым-қатынасын айқындайды. Былайша айтқанда, республика дегеніміз – биліктің қайнар көзі халық екенін заңды тұрғыда мойындау. Бұл ұстаным халықтың еркін білдіретін өкілетті органдар арқылы жүзеге асуы тиіс.
Орта Азия халықтарының тарихына көз салсақ, «стан» жұрнағы ресми мемлекеттілік атауларында бірден орныққан жоқ. Қазақ хандығы немесе Бұқар, Хиуа, Қоқан хандықтары дәуірінде ондай тіркестер кездеспейді. «Стан» элементі мемлекет атауынан гөрі географиялық ұғымды білдірді. Мәселен, Түркістан атауы Орта Азияны түгел қамтитын мәдени-өркениеттік атау ретінде қолданыста болды. Ал XX ғасырдың алғашқы жартысында, дәлірек айтсақ, Кеңес өкіметі орнағаннан кейін ұлттық республикаларды құру процесінде «стан» жұрнағы кеңінен енгізіле бастады. 1920–1930 жылдары Қазақ, Қырғыз, Өзбек, Тәжік, Түрікмен автономиялық және одақтас республикаларының атауларын бекіту барысында Мәскеу әкімшілігі бұл үлгіні біріздендіріп қабылдатты. Яғни Қазақстан атауының түпкі формасы да 1936 жылы Қазақ КСР-і одақтас республика мәртебесін алған сәтте ресми түрде орнықты. Бұл таңдалудың бірнеше себебі болды. Біріншіден, Кеңес билігі «ұлттық мемлекеттерді» сырттай мойындаған сыңай танытып, әр халыққа оның атауымен бірге территориясын бекіткендей әсер қалдырды. «Стан» жұрнағы дәл осы символдық саясатқа сай келді десек те болады. Яғни нақтылап айтсақ, белгілі бір этносқа жер телініп берілгендей көрінді. Екіншіден, «стан» қосымшасы арқылы барлық Орта Азия республикалары қалыптасқан белгілі бір үлгіге сай болды. Бұл Мәскеу үшін басқаруды жеңілдететін, идеологиялық тұрғыда біртұтас кеңестік жүйеге тәуелділікті күшейтетін амал болған сияқты», – дейді тарихшы.
Еуропа мен Америкадағы қарапайым адам «стан» жалғанған атауды көрсе, оны бірден Орта Азиямен, шығыстық мәдениетпен байланыстырады. Бұл тұрғыдан алғанда, «стан» географиялық бренд екенін мойындағанымыз абзал. Туристік тұрғыда Silk Road in the Stans немесе Central Asian Stans сияқты ұғымдар халықаралық туризм индустриясында кеңінен қолданылып жүр. Бір жағынан бұл қазіргі таңда туристердің үлкен қызығушылығын оятуда. Әсіресе ел арасында stan sensation дәуірін қалыптастыру керек деген пікірлер айтылып қап жатады. Орта Азияның елдеріне тән осы бір ортақ атау аймақтық интеграцияның бейресми белгісіне де айналып отыр. Кейбір сарапшылар мұны Еуропадағы «-ия» (Romania, Bulgaria, Serbia, Croatia) жұрнағы сияқты табиғи құбылыс ретінде түсіндіреді. Бірақ осы орайда зерттеушілер бұл жалғаудың артықшылығымен қатар жағымсыз тұсы да бар екенін айтады
«Африкадағы көптеген елдердің атауларын адамдар шатастырып жатады, өйткені олардың түбірлері ұқсас емес, ал біздің аймақты «стандар» бірден байланыстырады. Бұл, бір жағынан, интеграциялық бренд болса, екінші жағынан, геосаяси позицияны күшейтетін фактор. Мәселен, БҰҰ-дағы, халықаралық форумдардағы ортақ бастамаларды Central Asian states немесе five Stans деп қысқа әрі түсінікті атау арқылы білдіру оңай. Бірақ бұл артықшылықтың астарында белгілі бір қауіпті стереотиптер де бар. Әлемдік медиада «стан» сөзі кейде кедейлік, тұрақсыздық, экстремизм ұғымдарымен қатар жүреді. Әсіресе соңғы онжылдықтарда Батыс медиасы «стан» атауын көбіне жағымсыз контекстте пайдалана бастады. Оның басты себебі – Ауғанстандағы соғыс, Пәкістандағы саяси тұрақсыздық, осы аймақпен байланысты экстремизм мәселелері. Нәтижесінде «стан» сөзі кей ортада артта қалған, қауіпті аймақтың атауындай қабылданып жүр. Мысалы, Голливуд фильмдерінде ойдан шығарылған «стан» атаулары жиі кездеседі. Terroristan, Dictatorstan деген секілді сарказмды тіркестер қолданылады. Бұл қазақ, қырғыз, өзбек секілді елдердің баяу болса да, дамып келе жатқанына қарамастан, олардың халықаралық имиджіне көлеңке түсіреді. Оның үстіне, халықаралық медиадағы қалыптасқан таптаурындарды бұзу оңай шаруа емес екенін де ескерген жөн.
Оның үстіне Орта Азиядағы елдер тоқсаныншы және екі мыңыншы жылдардың басында жиі саммит өткізіп, көрмелер ұйымдастырып, конференциялар жасап, басы артық ақпараттық «шу» тудырады. Бірақ мұндай науқандар уақытша әсер қалдырғанымен, ұзақ мерзімді имидж қалыптастырмайды. Екіншіден, мемлекеттер ұлттық бренд қалыптастыру міндетін бизнеске ысырып қояды. Алайда бизнес ешқашан елдің репутациясына өз қаржысын толықтай салмайды, өйткені ол ұлттық капитал емес. Енді Орта Азияға мұндай имиджден қалай арылады, «көрінбейтін» аймақ мәртебесінен арылу үшін не істеу керек деген сұраққа келейікші. Ең алдымен, аймақ елдері өзіне тән дүниесімен, мейлі өнім, табиғат әлде әнші болсын, оң ассоциация, көзқарас қалыптастыруы керек. Және креативті индустрияларға, медиаға, өнерге арқа сүйеуіміз қажет. Оңтүстік Кореяны әлемдік аренаға танытқан тек экономикалық жетістіктері емес, K-pop пен корей драмалары. Жапонияның мәдени бейнесін аниме мен заманауи сән қалыптастырды. Дәл осындай тәжірибені Орта Азия елдері де игеруі керек. Қазақ киносы, қырғыз музыкасы, өзбек асханасы, түрікмен қолөнері мен тәжік фольклоры – барлығы да жаһандық мәдени нарыққа шығарылса, аймақтың беделі арта түседі деп ойлаймын», – дейді Мағаз Бекзат.
P.S. Қалай десек те, ендігі ел атауының өзгеріп-өзгермеуі екіталай. Өзгерген күнде де, жемқорлық пен әділетсіздік жайлаған қоғамның келбеті жақсара қояр ма екен, ол да белгісіз. Әйтеуір осындай қарқынмен ақырын жылжып келе жатқанда, көп «станның» арасында жұтылып кетпесек болғаны.
Дайындаған: Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ