Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:29, 21 Желтоқсан 2023

Статистикамен жаңылтпаш ойнау. Саясат Нұрбек жатақхананы қалай салады?

Саясат Нұрбек
Фото: из открытых источников

Біздің елде ҰБТ-дан үздік балл жинап, грантқа түсуден жатақханадан орын алу қиын. Өйткені қазір бір грантқа 1,5 бала таласады, ал студенттер үйіндегі бір орынға 3-4 шәкірт үміткер.

Алматыда студенттердің 10-15%-ы ғана оқу орнының жатақханасында тұрады. Бұл ресми мәлімет емес, министрлік пен әкімдік бұл көрсеткішті әлдеқайда жақсартып көрсетеді. Олардың есебінше, қалада 11 640 студентке ғана жатақханадан орын бұйырмаған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы жолдауында студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін шұғыл қолға алуды тапсырған. Ол мемлекеттен қаражат алатын жекеменшік жоғары оқу орындарына жатақхана салуды біртіндеп міндеттеу керек деген.

Қазақстандағы ең ірі мегаполис Алматыда жалпы 35 жоғары оқу орны бар, онда 199 мың жас білім алып жатыр. Оның 126 мыңнан астамы басқа өңірлер мен шетелден келген. Ресми дерек бойынша, 60 мыңнан аса студент жатақхана алуға өтініш берген. Бұл есепке күмәнмен қарауға болады, өйткені сырттан келген 126 мың жастың тең жартысы өз еркімен жатақханадан бас тартуы қиындау. Осы тұста кей жоғары оқу орны шәкірттеріне «жатақхана қажет емес, тұрар орынды өзім табамын» деп қолхат жазғызып алады деген ақпарат еске түседі. Қалай болғанда да пәтер ақысы удай қымбат қалада сырттан келген 60 мың студенттің жатақхана алуға өтініш жазбағаны көңілге күдік ұялатады. Солай болған күннің өзінде университеттер өтініш жазған 60 мыңнан аса студенттің өзін толық жатақханамен қамти алмай отыр. Қалада қазір 102 жатақхана бар, онда 33 500 жас тұрып жатыр. 32 мың студентке жатақханадан орын жетпеген. Оның біршамасын оқу орындары қаладағы хостелдермен келісімшарт жасап, сонда орналастырыпты. Жақында қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев мегаполисте жылына 32-35 мың студентке орын жетпей қалатынын айтты.

Мұндағы 199 мың студент деп отырғанымыз – университет шәкірттері ғана. Бұдан бөлек қалада 85 колледж жұмыс істейді, оның 23-і мемлекеттік, 62-сі жекеменшік. Онда 80 205 студент тәлім алып жүр. Осынша көп колледжде 32 жатақхана ғана бар. Онда 3 556 студент тұрады. Сонда 80 мың шәкірттің 76 500-і баспана қамын өзі ойлайды. Біздің бір байқағанымыз, министр мен әкімдер қаладағы студенттер жайлы есеп бергенде университеттерді ғана айтып, колледж шәкірттерін елеусіз қалдыруға тырысады екен. Жоғарыдағы 11 мың жасқа ғана жатақхана бұйырмады деген «оптимист» ақпарат осыдан шыққан.

Енді өз есебімізге оралайық, жоғары оқу орындарында 199 мың, колледждерде 80 мың жас тәлім алып жүр. ЖОО-лар 33 500 шәкіртіне жатақхана берген, ал колледж студенттерінің 3 жарым мыңына ғана жатақхана тиген. Демек, жалпы 280 мың жастың 37 мыңы ғана студенттер үйінде тұрады. Біз атаған 10-15% осы жерден шығады. Бірақ 280 мың шәкірттің бәрі бірдей жатақханаға зәру емес екенін айта кеткен жөн, өйткені оның 30%-ы Алматының төл тұрғыны есептеледі.

Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ғана 15 жатақхана бар. Өзге оқу орындарында студенттер үйі аз. Мысалы, Сәтбаев университетінде 6, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде 5 жатақхана ғана бар. Кейбір оқу орындарында мүлде студенттер үйі жоқ. Қаладағы 80 колледжде 32 ғана жатақхана бар екені осының дәлелі.

Қаладағы бірнеше ірі университетке хабарласып, «қанша жатақхана бар, онда қанша шәкірт тұрады» деген сауал жолдаған едік. Абай атындағы ҚазҰПУ мен ҚазҰУ-дан басқасы жауап бермей қойды.

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 13 278 студенті оқу жылының басында жатақхана алуға өтініш берген, олардың 5 858-і жатақханада тұрып жатыр. Ал 386 студент хостелдерге орналасқан, 217-сі жалға алынған «Шамшырақ» жатақханасында тұрады. Пәтер жалдап тұратын студенттер саны – 5 342, туыстарының үйінде тұратындары – 1 475», – деді университеттің баспасөз қызметі. ҚазҰУ-дың 15 жатақханасына 6 мың ғана студент сыяды екен. Университетте қазір 26 383 жас білім алып жатқанын ескерсек, 6 мың орын деген өте аз екенін аңғарамыз.

«Біздің университетте 5 жатақхана бар, онда қазір 2 126 студент тұрады. Жатақханада тұруға 3 308 студент өтініш білдірді, оның 3 226-сын тұраржаймен қамтыдық. 200 студент жатақхана алудан бас тартты», – дейді ҚазҰПУ-дың баспасөз қызметінің жетекшісі Римма Абдықадырқызы. 2022 жылғы есеп бойынша, ҚазҰПУ-да 16 670 студент оқиды. Оқу орны олардың 3 326-сына ғана жатақхана тауып берген. Бұл да өте төмен көрсеткіш. ҚазҰУ мен ҚазҰПУ сынды үлкен университеттердің өзі аз ғана шәкіртін жатар орынмен қамтып отыр, осыған қарап-ақ өзге оқу орындарының жағдайын топшылай беруге болатын шығар.

Жыл сайын оқуға түсетін студенттер саны артып келеді. Бұған біріншіден демография әсер етсе, екіншіден, грант санының көбеюі себеп болды. Мысалы, 2021 жылы 56 мың грант бөлінсе, бұл көрсеткіш 2022 жылы 61 мыңға, ал 2023 жылы 73 мыңға жетті. Биыл Алматыға 38 мың жас білім қуып келіпті. Әдетте жоғары оқу орындары жатақхананы алдымен бірінші курс студенттеріне беруге тырысады. Үлкен курста оқитын шәкірттер шет қалып жатады. Бірақ біздегі жатақханаларға «балмұздақтардың» өзі толық сыймайды. Былтыр ҚазҰУ бірінші курсқа 8 мың студент қабылдапты. Ал университет жатақханасында бәрін қосқанда 6 мың орын ғана бар екенін жоғарыда жаздық.

Оның үстіне жатақхана орнын бөлуде адами фактор үлкен рөл ойнайтыны тағы бар. Бірінші кезекте алыстан келген және оқуға жаңа түскен шәкірттерді ескереміз дегенмен, университет қызметкерлері өзіне жақын жүретін «активист» студенттерді далада тастамайды. Ал деканат жағалауға ебі жоқ жастарға жатақхана бұйырмай жатады. Біз ҚазҰУ-дың төртінші курсында оқитын студентпен сөйлестік. Оның айтуынша, жатақхана беру жұмысы 100% әділ өтеді деуге келмейді. Оған биыл студенттер үйінен орын бұйырмапты. Оқу орны хостелге тұруды ұсынған. «Бізге университет ұсынған хостел көңілімізден шыққан жоқ, бағасы да арзан емес болатын. Қазір төрт студент бірге пәтерде тұрып жатырмыз, пәтерде тұру қымбат. Бірақ жағдайы жақсы, сол үшін хостелді емес, жеке пәтерді таңдадық», – дейді ұлттық университет студенті.

Негізі «Жатақхана орны әділ бөліне ме?» деген сұрақ орынсыз. Оқу орындары барлық шәкіртін жатақханамен қамтуы қажет. Бірінші курс бола ма, төртінші курс бола ма, студент университет жатақханасында жатып, алаңсыз білім алуға құқылы. Бірақ бұл қазірше мүмкін болмай тұр. Мамандар алғаш тәуелсіздік алған жылдары қаншама жатақхана жекешеленіп кеткенін өкінішпен еске алады. Мемлекет соларды тиын-тебенге сатып жібермегенде, қазір жастарымыз «жетім бұрыш» жағалап жүрмейтін еді.

Министр Нұрбек кімге, неге сеніп жүр?

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «жатақхана мәселесі алдағы 2-3 жылда біржола шешіледі» деп ірі сөйлеп жүр. Біз білсек, министр мырза өздері ойдан құрап алған «мінсіз статистикасына» сүйеніп, мақтанып жүрген сияқты. Әйтпесе, Алматыға сырттан келген 126 мың студентке 2-3 жылда жатар орын сайлап беру мүмкін емес. Мұндай жеңіл жоспарды қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев та айтқан. Шенділердің сөзі ірі болғанымен, атқарып жатқан істері сөзіне сәйкес келе қоймайды. Мысалы, биыл жыл аяғына дейін 3 959 орынды 15 нысан дайын болады деген жоспар бар. Осы қарқынмен жұмыс істесе, ресми есептегі жатақхана жетіспейтін 35 мың студентке орын сайлау үшін де 8 жыл уақыт қажет. Ал Алматыға білім қуып келген 100 мыңнан аса өзге өңірдің түлегін толық жатақханамен қамту үшін қанша жыл жұмсайтынымызды кім білсін?!

Бұл есепті біз ойдан шығарып отырған жоқпыз. 2018-2021 жылдары Алматыда 3 970 орынды 19 студенттер үйі пайдалануға беріліпті. Ал жалпы республика бойынша 2019 жылы 9 166 орынды 10 жатақхана, 2020 жылы 20 266 орынды 75 жатақхана, 2021 жылы 30 630 орынды 124 жатақхана салынған. Биыл жыл басында ғылым және жоғары білім министрлігі еліміздегі 119 жоғары оқу орнында 626,2 мың студент білім алып жатқанын хабарлаған. Елдегі демографиялық өзгерісті ескерсек, 2025 жылға қарай студенттер саны 800 мыңға жетуі мүмкін. Министрліктің мәліметінше, былтыр жатақхана тапшылығы 87 мың орын болса, бұл көрсеткіш биыл 70 мыңға түсті. Елдегі 104 жоғары оқу орнында 381 жатақхана бар. Оған 108 527 студентті жатқызуға болады. Демек, 626 мың студенттің 190 мыңнан астамы ғана жатақханаға тұруға өтініш берген болып шығады да, қалған 430 мыңдай студент өз күнін өзі көріп жүр деген сөз. Саясат Нұрбектің «жатақхана мәселесін екі-үш жылда толық шешеміз» дегені – статистикамен жаңылтпаш ойнау ғана, әйтпесе, қазақстандық студенттердің үштен екісі жатақханадан бас тартты дегенге сену қиын.

Әдетте Алматыны жастар қаласы деп жатамыз. Елдегі жоғары оқу орындарының көбі оңтүстік астанада орналасқан. Мегаполиске жұмыс іздеп келетін жастар да аз емес. Қалада 14-35 жас аралығындағы 700 мыңға жуық азамат тұрады. Бұл жалпы қала халқының 32%-ы. Студенттерді жатақханаға сыйғыза алмай отырған билік – бұл жастарға жағдай жасауға мүлде қауқарсыз. Оларды баспана және жұмыспен қамту мүмкін болмай отыр. Оның салдары неге соққанын бәріміз білеміз. Арзан хостел жағалап, жертөледе тұрып жатқан 13 жас мезгілсіз ажал құшты. 30 қарашада өртенген Almaty hostel жайлы айтып отырмыз. Алматының қақ ортасында заңсыз жұмыс істеп, жастардың өліміне себеп болған жатақхана үшін қала әкімі Ерболат Досаев та, төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов та жауапкершілік арқалаған. Ғылым министрі «бұл түйеде менің жүгім жоқ» деп басын бірден арашалап алды. Әрине, шенділерге шегінетін жол көп. Бірақ жатақхана мәселесін тез арада шешпесек, жастарға алға жылжитын жол қалмайды.

Қуаныш Қаппас