Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:34, 03 Тамыз 2021

Ставканы өсірдік, экономика от ала ма, әлде «шок» ала ма?!

None
None

        Өткен аптада Ұлттық банк базалық ставканы көтерді. Сөйтіп, аталмыш банктің ақша-несие саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 9,25 пайыз деңгейінде ± 1,00 пайыздық дәлізбен белгілеу туралы шешім қабылдады.

Ал сала мамандары осы сұрақ төңірегінде әлі бір мәмілеге келе алмай отыр. Биржа сарапшылары «ставканы өсірген дұрыс» десе, экономист-сарапшылар «қазір мұндай әрекет экономиканы құтқармайды» деседі.

          Әдетте базалық ставка экономикасы төмендеген, инфляция ушыққан, ақша-несие саясаты тұрақсыз елдерде көтеріледі. Халықаралық сарапшылардың сөзінше, биыл әлем бойынша 18 елде базалық ставка көтеріліпті. Біздің елде базалық мөлшерлеме – теңгенің биржалық құнын белгілейтін құрал. Сол арқылы Ұлттық банк нарықтағы артық ақшаны сыпырып алып, инфляцияны ауыздықтағысы келеді. Бірақ Ұлттық банк қанша тырысқанымен,  қымбатшылықтың байлап-матап, ауыздықтауға көнетін түрі жоқ. Бүгінде инфляция дендеп, қоғамды оған қатысты түрлі пікірлердің кернеп тұрғанын ескерсек, шынымен де, «осы базалық ставканы көтеру қаншалықты негізді» деген сауал туындайды.

       Мамандардың пайымдауынша, бұл арада түйінделген бірнеше мәселе бар.  Мұны Ұлттық банк  пен үкімет мықтап сезініп,  болашақта сауатты шешімдер қабылдануы тиіс. Осы орайда, қаржыгер Арман Мусин былай дейді:

    – Былтыр пандемия жарияланып, әлемдік нарықта мұнай бағасы құлдыраған тұста, яғни наурыз айында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 9 пайыздан 12 пайызға дейін өсірді. Ал сол кезде экономикада өсім болды ма? Керісінше, қарапайым халық қиналып, қымбатшылықтың астында қалды, ЖІӨ төмендеді емес пе?! Негізінде, базалық мөлшерлеме өскеннен кейін ең бірінші кредит өседі. Себебі екінші деңгейлі банктер несиені Ұлттық банктен базалық пайызға қарап алады да, одан төмен мөлшерлемемен халыққа несие бермейді. Қазір бізде үш адамның екеуінде несие бар. Сондықтан базалық ставканы өсіру ең алдымен тіршілігін несиеге байлап қойған қарапайым халық үшін қиын. Бұдан бөлек, екінші деңгейлі банктер енді базалық ставканың өскенін желеу етіп,  несие алғысы келетін өндіріс орындарына да  қымбат пайызбен несие бере бастайды. Ал мұның соңы экономиканың шатқаяқтауына, елдегі жағымсыз несие портфелінің артуына әкеп соқтыруы әбден мүмкін.

        Қаржыгер маманның айтуынша, нарықтың қағидаты бойынша базалық мөлшерлеме өскеннен кейін теңгелік депозиттердің де ставкасы өсуі тиіс. Осы арқылы азаматтардың доллар сатып алуына тосқауыл қойылуы керек. Өкінішке қарай, маманның сөзінше, бұл әрекет бізде нәтиже бере қойғаны шамалы.

    – Қазір Қазақстанда доллармен депозит ашсаңыз, 4,5 пайыз үстеме қосылады. Теңгемен 10,5 пайыз. Бұл жылдық үстеме. Қазақстанның кез келген банкіне депозитке үлкен сомада қаражат салсаңыз, бір жылда оған 10 пайыз ғана қосылады. 1 млн теңге салсаңыз, бір жылда оның үстіне 90 мың теңгедей ғана үстеме қосылады. Айына қосылатын үстеме тіпті мардымсыз. Сондықтан халық салымын жинаудың жаңаша тетіктерін енгізу қажет. Инфляция бір жақтан, доллардың долдануы екінші жақтан қыспаққа алып, елдің жинаған қаражаты қатты құнсызданып жатыр. Базалық ставка өскенмен, теңгелік депозиттердің ставкасы артқан жоқ. Бұл халықтың ахуалын одан әрі түсіретін жайт, – дейді Арман Мусин.

        Сала мамандарының пайымынша, базалық ставканы жоғарылатып қойып, инфляцияны ұстап қаламын, долларға деген сұранысты төмендетіп, теңгенің құнын арттырамын деу ақымақтың ісі.  Өйткені экономист-сарапшылардың байыптауынша, келер жыл Қазақстан үшін күтпеген экономикалық сценарийлерге толы болмақ. Осыған орай,  мамандар «бізге нақ қазір экономиканы тығырықтан шығару үшін Ұлттық банкті басқарып отырған Досаев пен ұлттық экономика министрі  Дәленовке үлкен жауапкершілік жүктелуі керек» дейді. 

       Негізінде, деректерге жүгінсек, дамушы елдерде бас банк пен экономика саласын басқаратын менеджерлер өте сауатты болып келеді. Армения, Албания, Үндістан тәрізді мемлекеттерде орталық банк пен ұлттық экономика саласын басқаратын азаматтар әбден електен өткізіліп, олардың сауаттылығы, стратегиялық жоспар құрудағы ой-өрісінің кеңдігі, логикасы, жағдайды алдын ала болжай алуы қатты тексеріледі. Ал біздегі жағдайға қатысты пікір білдірген экономист-ғалым Бейсенбек Зиябековтің айтуынша, біз осы уақытқа дейін бір ғана банк саласы  «Қазақстанда ТМД көлеміндегі ең озық жүйемен дамып келеді» дегенге сеніп келіппіз. Айналып келгенде, жағдай тіптен басқаша. Қазақстанда әлі де болса сауатты банк секторы қалыптаспаған.  Біз әу бастан банк жүйесін ұлттық экономикаға бейімдеп құра алмадық.

   – Егер біз осы уақытқа дейін банктер арқылы ауылға арзан несие апарып, ауылдың экономикалық әлеуетін көтеріп алғанымызда сырттан келетін қарызға тәуелді болып отырмас едік. Елдегі банк жүйесі шетелдің арзан несиесімен қоректенуге тым бейім болып алды. Ескергенге бұл өте қауіпті дүние. Банк жүйесін өркендету үшін біз алдымен осы қауіптен арылғанымыз жөн. Ұлттық банк, яғни елдің бас банкі  осы жағдайды ұғынуы керек еді, – дейді Бейсенбек Зиябеков.

        Рас, мамандар айтса айтқандай, негізінде, Ұлттық банк саласы, ұлттық экономика министрлігі экономиканың күретамыры болуы тиіс. Бұл салада отырған мамандар жанығып, жанталасып, үкіметке тың идеялар ұсынып, тығырықтан шығудың барлық амалдарын қарастыруы керек. Ал бізде керісінше, Ұлттық банкке кейде, тіпті, екінші деңгейлі банктердің өздері бағынбай кетеді.

       Жалпы, мамандар болжап отырғандай, келер жылы да мұнайдың арзандауы, вирустың салдары  бізді тағы абдыратады.  Бұдан бөлек,  сарапшылар «саясат әлемінде «дядя Джо» атанып кеткен АҚШ президенті  Байденнің  төрт жылдың ішінде жасыл энергетикаға 2 триллион доллар жұмсамақ болып отырған әрекеті де бізді ойландыруы тиіс» дейді. Аңғарғанғабұл әлемдік мұнай индустриясына соққы болып тиетін әрекет.  Егер АҚШ жасыл энергетикаға қатты мән беріп, мұнай  нарығынан кете бастаса, бұл бастама жасыл экономикасы дамымаған бірқатар елдерге, соның ішінде Қазақстанға да ауыр соққы болып тиеді. Әлемдік нарықта мұнайға деген сұраныс күрт төмендесе, болашағын мұнай шикізатынан түскен түсіммен ғана байланыстырып отырған, отандық өндірісі өлеусіреген, ғылымы жетілмеген біраз елдің қиналатыны анық.  «Сондықтан болашақта біз үшін базалық ставканы өсіруден гөрі осы жайттарға байланысты тың реформаға кірісу керек» дейді мамандар.

      Міне, осындай жайттарды тізбелеген сала мамандары алдағы уақытта үкіметтің барлық мүшелері әбжіл қимылдауы керегін алға тартты. Ал Ұлттық банкке тек ақша-несие саясатын ғана реттеп отыру аздық етеді.  Бұл ретте бас банктің төрағасы Ерболат Досаевқа қазірден бастап талаптының тоқпағы тас жаратынын ұмытпай, үнемі тың идеяларды жүзеге асыруға ұмтылуы керек-ақ болып тұр.

Тегтер: