«Стоматология ісі»: Атырау облысының прокуратурасы алдына ұсталғандардың туыстары жиналды
Атырауда облыстық прокуратура ғимаратының алдына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) стоматологиялық қызметтер көрсетілді деген желеумен қаржы шығару ісі бойынша ұсталғандардың туыстары жиналды.
Бұл туралы Orda.kz жазды.
Жиналғандардың айтуынша, кейбір күдіктілер бірнеше айдан бері сот үкімінсіз және туыстарымен байланысу мүмкіндігінсіз тергеу изоляторында отыр.
«Олар суық камераларда отыр. Қалай жағдайда екендерін білмейміз. Іс бойынша да нақты дәлелдер де көрсетілген емес. Бізге тек әділдік керек. Біздің жақындарымызға нақты қандай айып тағылып отырғанын түсіндіріңіздер», - деді акцияға қатысқан әйелдердің бірі.
Ұсталғандардың жақындары не дейді?
Наразылық білдірушілер арасында Гүлмира Иманбаева да болды. Ол Ғаббас Иманбаевтың анасы. Оның есімі бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарламаларында аталған.
«Менің ұлым стоматология иесі болған жоқ, оның клиникасы да, фирмасы да болмаған. Ол тек адамдарға ақшасын шығарып алуға көмектесті. Біз арнайы сұрадық – іс бойынша жәбірленушілер мен арыздар бар ма деп. Жоқ екен. Егер жәбірленуші болмаса, неге менің балам қылмыскер сияқты СИЗО-да отыр?» - дейді ол.
Туыстарының айтуынша, бұл істі тергеп жатқан ҚМА қызметкерлерінің жұмысына қатысты сұрақкөбейген. Олар тергеу барысы шамадан тыс жабық жүргізіліп жатқанын және бұл сенімсіздік тудыратынын айтады.
Жиналғандар айыптау актілерінде көрсетілген қаржы көлемі – миллиондар мен миллиардтаған теңгелер айтарлықтай асыра көрсетілген деп есептейді. Олар тергеудің ашық жүргізілуін, ұсталғандарға гумандық қарым-қатынас жасалуын талап етіп отыр.
Қазіргі уақытта Атырау облысының прокуратурасы бұл мәселеге қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.