Стоматологиядағы баланың өлімі: анестезиолог амнистиямен бостандыққа шықты
Астанада Dent Park Ortho стоматологиялық клиникасында кішкентай баланың қаза болуына қатысты іс бойынша сот үкімі шықты.
Сот Аида Жұмағалиева есімді анестезиологты баланың өліміне кінәлі деп таныды. 2021 жылы туған кішкентай пациентке «Севоран» препаратымен 4,5 сағаттық наркоз жасалып, 18 тісі бір мезетте емделген. Алайда наркоздан ояну кезінде баланың жүрегі тоқтап, жасалған реанимациялық шаралар нәтиже бермеген.
Соған қарамастан, дәрігер амнистияға ілініп, бас бостандығынан айырылмайтын болды. Үкімді судья Қажымұқан Мекемтас жариялады.
«Аида Жұмағалиеваны ҚР ҚК 317-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, екі жылға бас бостандығынан айыру және үш жыл мерзімге медициналық қызмет көрсету құқығынан айыру жазасы тағайындалсын. Алайда Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты қабылданған амнистия туралы заңға сәйкес, сотталушы тағайындалған жазадан босатылсын», - деді судья.
Алдыңғы сот отырыстарында айыпталушының қорғаушысы мен жәбірленуші тараптың өкілі бір ұстанымға келіп, клиника басшысы Надежда Хон мен стоматолог Төлеухан Аубакировті де қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы өтініш білдірген. Алайда бұл мәселе бойынша соттың бөлек шешімі әлі жарияланған жоқ.