Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:00

Студенттік ұйымдар. «Массовка», флешмоб пен жатақхана

1
Фото: farabi.university

Адам өмірінің ыстық естелікке толы, арман жолына жетелейтін бастауы – студенттік кезең. Қысқа ғана уақыт болса да бұл жылдарда білім алып, өмірлік тәжірибе жинауға мүмкіндіктер көп.

Өйткені жалындап тұрған жігер мен ұмтылыс арқылы білім іздеп, өзіңді тұлға ретінде қалыптастыруға болады. Бала кезден бастап көкейімізде армандаған тұлғаны қалыпқа құятын кезең де – студенттік өмір. Студенттік өмірдің бал шақтарын айтып таусу да мүмкін емес шығар, сірә. Дегенмен мектепті тәмамдап, университетке қадам басқан абитуриентті оқудан бөлек «тосын сыйлар» күтетіні тағы бар. Әсіресе Қазақстан сияқты елдерде оқуға жаңа келген студенттерді түрлі ұйымдардың қатарына қосылуға міндеттейді. Тіпті кейбірі мұндай ұйым мен бірлестіктерге өзі қуана қосыла кетеді. Бүгін «менің құрдастарым» студенттік ұйымдардың оң-солымен бөлісті. 

Гүлсана Нұрланқызы, пиар маманы: Мұндай ұйымдар тұлғалық дамуға емес, тобырлық санаға бастайды

Алғаш университет табалдырығын аттаған сәтте алдымыздан студенттік ұйымдардың сан түрі шықты. Алғашқы жылдары өзім де бірнешеуіне қуана қосылып, «активистердің» қатарынан табылғаным рас. Бір қарағанда мұндай ұйымдар белсенділердің ортасы, дамудың баспалдағы, жаңа мүмкіндіктер алаңы сияқты көрінеді. Бірақ жоғары курстарға жеткенде мұны жай ғана уақыт өлтірудің амалы ма деп қаласың. Әрине, мұндай ұйымдардың барлығы жаман деуге болмайды. Кейде сол ортада жүрген адамдардан сен жақсы ұйымдастырушылық қасиетті, көпшілік алдында сөйлеуді, түрлі жағдайларда бейімделуді үйренесің. Бұл өмірге қажет дағды. Егер шын ниетпен жұмыс істеп, басқалардың ықпалынан арылса, жастар ұйымы дегенің қоғамның қозғаушы күшіне айналуы мүмкін. Бірақ, өкінішке қарай, көп жағдайда мұндай ұйымдар тұлғалық дамуға емес, тобырлық санаға бастайды екен. Көбіне-көп концерттер, конференциялар, «явкаларға» апарады. Шықпасаң, ұйымнан шығасың деп қорқытады. Басында қызығушылықпен бардым, жай ғана «белсенді болайын, таныстық орнайды, тәжірибе жинаймын» деген ой болды. Солай жүріп, ұйымның жұмысына кірісіп кеттім. Алғашында бәрі қызық көрінді. Апта сайын өтетін жиналыстар, жоспарлар, іс-шаралар, конференцияларда өзіңді шынымен қоғам үшін бір пайдалы іс істеп жүргендей сезінесің. Меніңше, студент үшін ең бастысы – өз ойын айтуға, шынайы пікірін қорғауға қорықпау. Ұйымға кіріп, соның ішінде жүрсе де, өзін жоғалтпау. Себебі ертең сол «белсенді» деп жүргендердің көбі диплом алған соң жоғалып кетеді, ал өз бетімен ізденген, өз жолын тапқан адам ғана қоғамда орнықты позициясын қалыптастырады екен. Уақыт өткен сайын іс-шаралардың шынайы мақсаты көмескі тартып, кейбір жоба атаулының артында тек «есеп үшін», «сурет үшін» жасалатын формалды дүниелер жатқанын байқадым. Кей жиналыстардың мәні жоғалып, жоғарыдағылардың нұсқауын орындау ғана мақсат тұратын. Тіпті кейбір жетекшілердің жастар ұйымын өз мансабының баспалдағы ретінде ғана пайдаланатынын түсіндім. Оның үстіне ұйымның ішкі саясатында үнемі әділдік бола бермейтіні тағы бар. Ең сорақысы – осындай тәжірибе арқылы жастардың бойында билікке жағымпаздық, көзбояушылық сияқты мінездер қалыптасады. Бұл кейінгі қоғамның да бейнесіне әсер ететін қауіпті құбылыс. Университет қабырғасында қалыптасуы тиіс еркін ойлы, жауапкершілігі жоғары, білімге құштар буын орнына, сыртқы жарнамаға сенгіш, шындыққа салғырт қарайтын ұрпақ өсіп шығады.

Дегенмен бәрін тек терістеу де біржақты болар еді. Студенттік ұйымдардың белгілі бір деңгейде пайдасы да бар. Әсіресе алғашқы курстарда мұндай орта жасөспірімнен студентке айналған адамға бейімделу кезеңін жеңілдетеді. Университетке жаңадан келген жастар көп жағдайда өзін жалғыз сезінеді, жаңа ортаға сіңісу қиынға соғады. Сол кезде ұйым – жаңа достар тауып, ортаға үйренісудің тамаша алаңы. Әртүрлі факультеттерден, тіпті түрлі өңірлерден келген студенттер бір жобада, бір мақсатта бас қосқанда, өзара қарым-қатынас орнатады. Сонымен қатар студенттік ұйымдар жас адамның ұйымдастырушылық қабілетін, жауапкершілігін, уақытты тиімді басқару дағдысын қалыптастырады. Көпшілік алдында сөйлеу, келіссөз жүргізу, пікірталаста өз ойын дәлелдей білу – мұның бәрі кейінгі өмірде де қажет қасиеттер. Бір қарағанда ұсақ көрінетін шаралардың артында осындай өмірлік тәжірибе жинақталады. Мен өз басым осы ұйымдарда жүріп сахнада сөйлеуді, өз пікірімді ашық жеткізуді, аудиториямен тіл табысуды үйрендім. Бұрын ұялшақ, көпшіліктің алдында қысылатын адам болсам, енді өз ойымды сенімді айтуға дағдыландым.

Дастан ӘДІЛХАН, кітапханашыБізді «әкім боласың» деп тәрбиеледі

Байқасам, әдетте студенттік ұйымдарға қалауың болғаннан не белсенді, танымал студент болғың келгеннен бармайсың. Университет міндеттейді, кейде жатақхана алу үшін қандай да бір партиялардың, жастар ұйымы, бірлестіктердің құрамына қосыласың. Жай қосылып қоймайсың, ол жаққа кірген соң міндетті түрде шараларына араласып, берген тапсырмаларын орындауың керек. Негізі көп студент осы себепті жүр деп ойлаймын. Үй жалдап тұрғаннан, жатақханада тұрған әлдеқайда жеңіл. Ал белсенді студенттерге жыл басында жатақхана беретіні бар. Осы жақтан ары қарай жолын жалғастырып, шенеунік қызметіне көтеріліп жатқандарды көріп едім. Жалпы біздің буынды «әкім болар ма екенсің» деген идеямен өсіріп, тәрбиелегенін білеміз. Менің құрдастарым бастық болуға, қоғамға ықпалды, сөзі өтімді болуға ұмтылатынын байқаймын.

Көшбасшылық қасиеті бар адамдар әдетте көзге тез түсіп, ұйым басшысы боп жататыны бар. Бірақ мыңнан біреуі ғана. Кей студенттер мұндай ұйымдарға ең алдымен өзін табу, ортаға араласу, бір істің басында жүру мақсатында қосылады. Университет қабырғасында жүрген жас үшін бұл да бір мектеп. Мұндай ұйымдар адамның көшбасшылық қабілетін жетілдіреді, сөйлей білуді, ұйымдастыруды, командамен әрекет етуді үйретеді. Қоғамдық белсенділіктің алғашқы баспалдағы да осы ұйымдардан басталады. Кейін өмірде саясатқа, журналистикаға, педагогикаға, тіпті кәсіпкерлікке бет алған жастардың көбі сол ұйымдарда шыңдалып, алғашқы тәжірибесін жинақтаған. Сол арқылы олар тек жеке тұлғалық қасиеттерін ғана емес, азаматтық жауапкершілік алып үйренеді. Негізі шет елдерде процесс осылай жүреді.

Бірақ біздің елде көп жағдайда жастар ұйымдары шын мәніндегі еркіндік пен азаматтық ұстанымнан гөрі биліктің немесе белгілі бір топтың мүддесіне қызмет ететін құралға айналып кетеді. Мұндайда ұйымның тәрбиелік, ағартушылық мақсаты жойылады да, жастар «жоғарыдағы» бір-екі адамның мансабы үшін жұмсалатын ресурсқа айналып шыға келеді. Сын айту мәдениеті емес, жағыну психологиясы қалыптасатын сияқты. Менің ойымша, жастар ұйымдары ең алдымен құндылық орталығы болуға тиіс. Яғни, ол жерде шындықты айтуға қорықпайтын, қоғамды өзгертудің жолын іздейтін, еркін ойлайтын жастар шоғырлануы қажет. Сол кезде ғана ол ұйым жастардың рухани, интеллектуалдық серігіне айналады. Күнтізбелік жоспардағы шараны орындап, есеп тапсырумен ғана шектелетін мұндай ұйымдар жас ұрпақтың әлеуетін толық аша алмайды. Сол себепті де жастар арасындағы нағыз шығармашылық ізденіс, қоғамға шын жаны ашитын бастамалар көп жағдайда осындай «ресми» ұйымдардан тыс жерде туады. Университет ішіндегі ұйымдардың көпшілігі сырттай қарағанда белсенділіктің белгісі секілді көрінгенімен, шындығында, кейде студенттердің уақытын ұрлайтын, тұлғалық дамуына кедергі келтіретін ортаға айналып кетеді. Бәлкім, бүгінгі буын өзгерісті бастайтын уақыт келген шығар. Себебі жаңа дәуірге сай жаңа көзқарас қажет деп ойлаймын. Нағыз студент үшін ең үлкен ұйым – аудитория мен кітапхана болуы тиіс. Себебі елді өзгертетін де, қоғамды дамытатын да концерт емес, білім.

Айназ ЕСЕКЕШ, филология факультетінің түлегі: Пропаганданың бір түрі

Адамның тұлғалық қалыптасуындағы ең жауапты, ең сезімтал кезеңдердің бірі студенттік кезең екені рас. Бұл уақытта жас адам өз жолын, өз орнын іздейді. Кім болам, не істеймін, неге лайықпын деген сұрақтарға жауап іздеп жүреді. Бірақ, өкінішке қарай, қазіргі жоғары оқу орындарында бұл ізденіс көбіне білім мен ойдың емес, жарнама мен даңғазаның айналасында жүріп жатады. Себебі студент өміріне шын мәнінде бағыт беретін білім мен ғылымнан бұрын, түрлі партиялар мен жастар ұйымдарының есігі кеңірек ашық. Олардың атауы да көп қой. Бірі «жастар қанаты» десе, бірі «еріктілер қозғалысы», енді бірі «студенттік кеңес» деп аталады. Мұндай ұйымдар студенттердің энергиясы мен уақытын өз мақсаттарына бұрып жібереді. Әуелгіде олар өздерін «белсенді жастарды қолдайтын орта», «мақсатқа жол ашатын орта» деп таныстырады. Ал шындығында, сол ұйымдардың көпшілігі жоғарыдан келген тапсырманы орындап, студенттердің шынайы қызығушылығын емес, біреудің есеп беру қағазын толтыруға қызмет етеді. Әр шара, әр концерт, әр жиналыс сол қағаздағы «жоспардың» бір пункті ғана. Осылайша білім іздеп келген студент бір күні байқамай-ақ өзі білмейтін партияның жастар қанатында суретке түсіп, бейнежазбаларда «белсенді» кейіпте жүргенін көреді.

Бүгінгі таңда студенттерді осындай ұйымдарға тарту саясаттың, пропаганданың бір түрі іспетті. Университеттер жастарды қоғаммен байланыстырудың орнына, оларды өздеріне бағынышты «тобырға» айналдырады. Әр шараның артында біреудің мансабы, біреудің есеп беруі, біреудің мақсаты тұрады. Ал студент ше? Ол білімнен гөрі «явкаға бару», «қатысушылар тізіміне тіркелу», «селфи түсіру» сияқты ритуалдардың тұтқынына айналады. Кешкісін кітап оқып, таңертең сынаққа дайындалудың орнына, концерттің сценарийін жаттап жүреді. Бәрі де «ұйым атынан» деген сылтаумен жасалады.

Мұндай «жастар ұйымдары» студентті адам ретінде емес, бір «құрал» ретінде көретіні жасырын емес қой. Олар үшін ең маңыздысы – қанша студент келді, неше шара өтті, фото қайда жарияланды деген сұрақтар. Мұндайда шынайы диалог, пікір алмасу, қоғамдағы өзекті мәселені талқылау деген ұғымдар екінші қатарға ығысады. Студенттік ортада ойлы әңгімеден гөрі, ұран мен у-шудың үстем болуы да осының нәтижесі. Сөйтіп, белсенді болу деген ұғымның мәні бұзылып, жас адамның ішкі әлеуеті бос кестелер мен формальды кездесулердің арасында күйіп кетеді. Осы ұйымдардың ең зиянды тұсы – студенттің уақытын ұрлауы. Ең қымбат нәрсе – уақыт. Ал төрт-бес жылдық оқу кезеңі адамның интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыратын жалғыз мүмкіндік деуге болады. Сол алтын уақыттың айтарлықтай бөлігі концерт, флешмоб, форум, кездесу, «явка» деген желеумен босқа кетеді. Қазақстанда жастардың белсенділігі волонтерлік және флешмоб деңгейінен аспайды. Саяси мәдениеті төмен, өз құқығы мен қоғамдағы орнын білмейтін жастар пропагандалық ұйымдарға қосылып, солардың сойылын соғып жүруді патриотизм немесе өз міндеті санайды. Біздің билік жастарды мемлекеттік үгіт-насихат құралы ретінде ғана пайдаланып келеді. Бұл жастардың өзіне де, мемлекетке де тиімсіз.

Бұдан бөлек, мұндай ұйымдардың көпшілігі жас адамның шынайы ой айтуына мүмкіндік бермейді. Саяси немесе әлеуметтік тақырыпқа келгенде бәрі дайын мәтінді қайталауға, «жоғары жаққа ұнайтын» сөзді айтуға мәжбүр. Мұндай үрдістен асқан қауіп жоқ деп ойлаймын. Университет қабырғасында пікір айту мәдениеті, сыни ойлау, азаматтық ұстаным қалыптасуы керек болса, бізде ол белсенділік алмастырылып отыр. Нәтижесінде студент қоғамның белсенді мүшесі емес, бейімделген орындаушы болып шыға келеді. Мұндай ұйымдардан шыққан көпшілік ертеңгі күні өз ойын ашық айта алмайтын, жүйеге бейімделіп қалған, бірақ іштей шаршап, жүдеген ұрпақ шығады деп ойлаймын.

Дәурен Қуаныш, физик-технолог: Студенттің қолы бос болмауы тиіс

Көптеген студент ұйымға ең алдымен өз орнын табу үшін, өзімен пікірлес адамдармен араласу үшін қосылады. Университет – үлкен орта, онда алғаш келген жас өзіне жақын адамдарды, ұқсас көзқарастағы достарды іздейді. Ал ұйымдар дәл сондай орта жасап береді. Онда бірге жиналып, шара өткізесің, талқылау жүргізесің, адамдармен тез араласып кетесің. Бұл әсіресе отбасынан алыста, басқа қалада оқып жүрген жастар үшін маңызды. Өйткені адамға тек сабақ емес, орта да керек, ал ұйымдар сол орынды ұсынады. Кейбіреулер үшін ұйымға қосылуды, кейбірі өзін дамытудың, тәжірибе жинаудың жолы деп көреді. Онда сөйлей білуді, пікір айтуды, жұрт алдында өзін ұстауды үйренесің. Біреу іс-шара ұйымдастыруды, біреу командамен жұмыс істеуді, ал енді бірі жобалар жазуды меңгереді. Кейін мұндай тәжірибе жұмыс іздегенде, өмірде бағыт таңдағанда үлкен көмек береді. Сондықтан да ұйымдар көбіне жеке тұлғаның өсуіне мүмкіндік береді, сенімді арттырады, жауапкершілікті сезінуді үйретеді. Бірақ жастар ұйымдарына бәрі тек өз қалауымен емес, кейде амалсыздан да қосылады. Университет әкімшілігі немесе жатақхана беретін бөлім кей жағдайда «мына ұйымға мүше болуың керек» деп талап қояды. Сол себепті кейбір студенттер шын ниеттен емес, мәжбүрлі түрде мүшелікке өтеді. Кейбір жастар партиялардың жастар қанатына кіреді, өйткені оларға мансап жолында көтерілу мүмкіндігі бар сияқты көрінеді. Жастарды «белсенді» ету арқылы олардың көңілін өзіне бұрып, қоғамдық мәселелерге тым сын көзімен қарамауға үйретеді. Яғни, сырттай демократиялық көрінгенімен, іштей басқаша құрылымы бар. Жоғарыда шешім қабылдайтын аз топ, ал төменде солардың айтқанын орындайтын «белсенді студенттер» тобы.

Көпшілік алдында танылу, белсенді атану, басқалардың «мынау мықты студент» деген мақтауын есту жас адамның өзіндік бағасын көтеретін күш сияқты. Бірақ осындай сыртқы бағалауға тәуелділік пайда болса, адам өз құнын тек өзгелердің көзқарасы арқылы өлшей бастайды. Мен де ұйымға осы себепті қосылдым. Топтағы достарымның бәрі ұйымға қосылып, студенттік ұйымның әңгімесін ғана айтатын болды. Ал сен бәрінен қалып кеткен сияқты күй кешесің. Осындайда ұйым құрамына амалсыз қосыласың. Дамыған елдер жастардың ең басты миссиясы – оқу, іздену және өзін-өзі дамыту екенін жақсы түсінеді. Өйткені қоғамның келешегі дәл осы ұрпақтың интеллект және мәдени деңгейімен өлшенеді. Ғылыммен, өнермен, технологиямен, мәдениетпен айналысатын жастар ғана елдің ілгері жылжуына серпін береді. Сол себепті өркениетті мемлекеттерде студенттің басты міндеті – білім алу, өз ойын еркін айту, жаңа идея тудыру. Ал бізде кейде осы мақсат екінші орынға ығысып, жастар түрлі ұйымдар мен формалды шаралардың «массовкасына» айналып кетеді. Университет қабырғасындағы көптеген жиындар мен «белсенділік» көріністері шын мәнінде дамудың емес, уақыт жоғалтудың тәсілі болып барады. Жастарды түрлі ұранмен, «қатысу керек», «жақсы көріну керек» деген оймен осындай науқандық шараларға тарту олардың ойлау еркіндігін тежейді, уақытын бос әуреге салады.

Бірақ ұйымға қосылғаным үшін еш өкінген емеспін. Студенттік кезде қолы бос адам әр нәрсемен әуестенгіш келеді ғой. Тіпті солай басын тауға бір, тасқа бір соғып жүргенде жаман жолға түсіп, керексіз нәрселерге тәуелді боп кеткендер бар. Меніңше қолыңды босатпаудың амалы осы ұйымдар сияқты. Өйткені дәл сол орта мені жауапкершілікке, тәртіпке үйретті. Әрі бос жүргеннен гөрі, бір іспен айналысқан әлдеқайда пайдалы. Студенттік шақ – өте нәзік кезең, адам өз жолын, өз орнын іздейтін уақыт. Кейбір жастар сол кезде бос уақыттың жетегінде кетіп, керек емес әдеттерге бой алдырады, уақытын бос өткізеді. Ал ұйым – соның бір қорғаны секілді. Әрине, ол мінсіз емес, бірақ ол сені белгілі бір бағытта ұстауға, өз уақытыңды пайдалы өткізуге көмектеседі. Сондықтан студенттік ұйым деген ұғымды біржақты қарауға болмайды. Оның пайдасы да, зияны да бар. Егер оған шынайы ниетпен кірсең, ол сені адам етеді, өсіреді. Ал егер жай ғана көзге түсу, жақсы көріну үшін кірсең, уақыт жоғалтасың. Ең бастысы, адам өз әрекетінің мағынасын түсініп істеуі керек.

Дайындаған Е.ЕРБОЛОВА

Тегтер: