Су айдындарындағы жазатайым оқиғалар

Жуырда төтенше жағдайлар министрлігі ауылдық аумақтарды төтенше жағдайдан қорғаудың тәсілдерін пысықтады. Бұл жайында министрлікке қарасты Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төлендиев өз жоспарларымен бөлісті.
Біздің сауалымызға жауап берген комитет төрағасы былай дейді:
«Жуырда «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасының іске асырылуын мониторингілеу аясында жұмыс сапарымен Алматы облысына бардық. Алматы облысында 1,5 млн-нан астам адам тұратын 373 елді мекен бар. Осыған қатысты 54 ауыл жақын маңдағы өрт сөндіру бөлімдерінен 20 шақырымнан астам жерде орналасқан. Ал енді мұндай жағдайда «Ауыл құтқарушылары» бекеттер қауіпсіздікті қамтамасыз ету және көмекке келу уақытын қысқартуда аса маңызды рөл атқарады. Бұдан бөлек, Талғар ауданында Панфилов, Ават және Бәйтерек ауылдарындағы бекеттерді қарап, техника мен жабдықтардың жай-күйін тексердік. Сондай-ақ ауыл әкімімен кездесу өткізіп, «АВСЖ Строй» ЖШС-мен бірлесіп Балтабай ауылында жаңа бекет салу мәселесі талқыланды. Ұйғыр ауданының Шарын ауылында бекет және Шонжы ауылында өрт сөндіру депосын салу үшін жер телімдері қаралды. Кеген ауданында «Көлсай көлдері» ұлттық паркіндегі механикаландырылған бекет тексерілді, Саты ауылында бекет салу мәселесі талқыланды, сондай-ақ Ұзынбұлақ және Кеген ауылдарындағы жаңа нысандар қаралды. Райымбек ауданында Нарынқол ауылындағы жаңа өрт сөндіру депосы тексерілді. Жамбыл ауданында Ақтерек және Қазыбек бек ауылдарындағы бекеттердің құрылысы қаралды, сонымен қоса «Ақтерек» шаруа қожалығының басшылығымен кездесу өткізілді. Аталған бекеттердің ашылуы 13 мың тұрғыны бар 9 ауылды қамти отырып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болады. Қарасай ауданында Жібек жолы ауылындағы өрт сөндіру депосының құрылысы тексерілді. Балқаш ауданындағы Бақанас ауылында өрт сөндіру депосы және Қолды ауылында бекет салу үшін жер телімдері қаралды. Сапар қорытындысы ретінде Қонаев қаласында Алматы облысы әкімдігінің басшылығының қатысуымен кеңес өтті. Жиында материалдық-техникалық базаны нығайту және жаңа нысандарды жедел пайдалануға беру бойынша басым бағыттар жария етілді».
Бұдан бөлек, министрлік суда шомылу ережелерін, азаматтардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізді. Министрлік берген деректерге жүгінсек, бүгінгі күні еліміздің су айдындарында шомылуға рұқсат етілген 722 орын бар. Осы шомылу орындарында ТЖМ тарапынан ІІМ қызметкерлерінің қатысуымен 58 мыңнан астам патрульдеу және рейдтік іс-шара өткізілген. Рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде 3 877 құқықбұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шомылу маусымы басталғалы ТЖМ құтқарушыларының жедел әрекетінің арқасында 164 адам, оның ішінде 68 бала құтқарылыпты.
«Су айдындарында болған жазатайым оқиғалардың көпшілігі рұқсат етілмеген және жабдықталмаған су көздерінде болады. Әрбір азамат су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауы тиіс», – дейді министрлік өкілдері.
Бұған қоса қазірде ТЖМ құтқарушылары Сырдария өзеніндегі су деңгейінің төмендеуі мен топырақтың ылғалдылығы азаюы жағдайында ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен қамтамасыз ету үшін тәулік бойы жұмысын жалғастыруда.
Биылғы жылдың шілде айынан бастап ТЖМ қызметкерлері Қызылорда облысының Сырдария, Жалағаш, Қазалы және Шиелі аудандарында шұғыл іс-шараларға тартылды. Жұмыстар жүргізілетін аймаққа еліміздің барлық өңірлерінен ТЖМ күштері мен құралдары жіберілді. Қазіргі уақытта іс-шараларға ТЖМ 77 қызметкері, 26 бірлік техникасы және 25 жылжымалы сорғы станциясы жұмылдырылды, бұл егістік алқаптарға су жеткізу мәселесін тиімді шешуге мүмкіндік береді.
Жұмыстар сорғы жабдықтары мен мамандандырылған техниканы пайдалана отырып жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда егістіктерді суару үшін 14 595 017 текше метр су айдалды.
Жұмыс екі ауысымда ұйымдастырылған, іс-шаралар тұрақты бақылауда. Құтқарушылар күрделі далалық жағдайда еңбек етіп, жоғары дайындық деңгейін, кәсібилігін және қызметтік борышына адалдығын көрсетеді.
Төтенше жағдайлар министрлігі климаттық сынақтар жағдайында аграрлық секторды қолдау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды жалғастыруда.
Әнуар Қайырбек