Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:35, 07 Мамыр 2024

Су басқан өңірлердегі климаттық белдеулер: Табиғат – Саясат – Инвестиция

су
Фото: Жас Алаш коллаж

Бизнесті міндеттеу арқылы шығынды өтеу – мәселені уақытша шешудің бір түрі

Қазақстандық миллиардерлер су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға бірінен кейін бірі қомақты қаражат аударды. Президент Тоқаевтың Forbes тізіміне кіретін ірі кәсіпкерлерге үндеу тастап, міндеттеме жүктегені сол екен, қазақ олигархтары жомарттық танытудан жарыса жөнелді. Бәрі жөн, бәрі жағдайға байланысты мәжбүрлік. Десе де... Осы табиғи үрдіс деп айта аламыз ба?

Алдымен, ақпарат үшін айта кетейік, қазірге дейін су басқан өңірлерге көмекке қанша қаражат жиналғанын қаржы министрлігі дөп басып айта алмай отыр. «Демеу Қазақстан қорына» да қанша қаражат түскені туралы мәлімет табу қиын. Ал «Қазақстан халқына» ҚҚ келіп түскен ақшаның есебіне көз жүгіртсек: 1-26 сәуір аралығында заңды тұлғалар – 4 233 562 271. Жеке тұлғалар – 491 475 535 теңге қаражат аударған. Сонда барлық қаржы көлемі: 4 млрд 725 млн теңгеден асқан.

Бұдан бөлек, еліміздегі су тасқыны салдарымен күреске үлес қосқан кәсіпкерлер мен компанияларға келсек, әу баста KAZ Minerals тобы мен «Қазақмыс корпорациясы» – 800 миллион теңге, RBK банк – 150 миллион теңге бөлген. Кейін «Қазақмыс», KAZ Minerals, «Алтын Алмас», «Қаражыра», RBK Bank бірігіп тағы 40 млрд теңге аударды. Алғашында су тасқынынан зардап шеккендерге Тимур Құлыбаев 1 миллиард теңге жіберген, кейін ол көмекті 30 млрд теңгеге көбейтті. Сол сияқты BI Group компаниясы да алғашқыда 500 млн теңге бөлген. Президенттің ірі кәсіпкерлер әр облысқа, ауданға, елді мекенге бекітілетінін айтқаннан кейін аталмыш құрылыс компаниясының су басқан аймақтарға бөлген көмегінің көлемі қазір 5,5 млрд теңгеге жетіпті. Тізе берсек, бастапқыда 1 млрд теңге аударып бастаған Вячеслав Ким, Михаил Ломтадзелер қазір көмек көлемін 20 млрд теңгеге, Болат Өтемұратов 10 млрд, Нұрлан Смағұлов 6,1 млрд теңгеге дейін ұлғайтқан.

Ал су басқан өңірлердегі жалпы ахуалға келсек, еліміз бойынша 39 254 адам үйлеріне оралған. Эвакуациялық пункттерде әлі 6 727 адам өмір сүріп жатыр. Құзырлы органдар «Атыраудан бөлек, Ақтөбе, Ақмола, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарын бақылап отырмыз» деп есеп беруде. Адамдарға өтемақы төлеу, мал шығынын жабу, үй салып беру, сатып алып беру, ол үйлерге қажетті тұрмыстық техника сатып алу жұмыстары да басталып кетті. Былайша айтқанда, үкімет те, елдегі бизнесмендер де, қарапайым халық та «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға» жұмылып-ақ жатыр.

су тасқыны
Фото: Жас Алаш коллаж

МЖС – мәжбүрлі жүктеме салу

Экономист-мамандар «бұл жолғы су тасқынының көрінісі Қазақстанда мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің (МЖС) дамымай отырғанын дәлелдеді» дейді. Сарапшы Тоғжан Шаяхметованың пайымдауынша, біздің қазақ олигархиясы өз бетімен шешім қабылдауға қауқарсыз екенін бұл жолы да көрсетті. Ірі олигархтар мемлекеттік саясатқа араласып, елге қажетті жобаларды жүзеге асыруға келгенде шабан. Ел басына қиыншылық түсе қалғанда оларға міндетті түрде президент немесе үкімет нұсқау беруі керек. Өздігінен суырылып шығып, жауапкершілік алып, «мен осындай аймақтың осы кемшілігін жөндеймін» деп жанашырлық танытатын олигархтар жоқ.

«Біз мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті (МЖС) орнатқалы 20 жыл. Бірақ оны әлі дұрыс жолға қоя алмай келеміз. Мемлекет пен жекеменшік серіктес болғанда сол елдің ірі олигархтары саяси күш болуы керек. Олар үкіметке ұсыныстарын айтып, жобаларын ұсынып, елге пайдасы тиетін қызметтер жасауы тиіс. Негізі МЖС – ескі әдіс. Бұл тәсіл 1950 жылдары Америкада пайда болған. АҚШ ең алғаш білім беретін ұйымдарды салуда мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнатқан. Сол елуінші жылдардан бері Нидерланды, Ұлыбритания, Германия, Малайзия елдерінде МЖС қатты дамыды. Бұл елдердің олигархтары үкіметіне үнемі тың ұсыныстар айтып, жаңалықтарын мемлекеттік деңгейде көтере алады. Өкінішке қарай, біз ондай деңгейге жетпедік. Осы жолы 12 аймақты су басып, халық абдырап жатқанда олигархтарымыз там-тұмдап қана қаражат бөлді де отырды. Артынша, президент міндеттеме жүктегеннен кейін барып қайтадан қаражат аударыла бастады. Бұл – дұрыс емес. Мұндайда олар өздері үкіметке ұсыныспен шығуы керек», – дейді экономист-сарапшы.

Маманның сөзінше, өңірлерді су баспай тұрып та елде МЖС-тің белсенділігі төмен болған. Оның себебі: біздегі олигархтардың дені тау-кен саласына, мұнай өндіруге, қаржы және сақтандыру қызметтеріне, экспорттық, импорттық саудаға, биржадағы саудаларға ғана қаражатын салуға қатты қызығады.

Негізінде, АҚШ-тың сонау елуінші жылдардан қолға алған мемлекет пен жекеменшік бірігіп мектеп салу тәжірибесін соңғы бес жылда біз де бастағанбыз. Үкімет елдегі мектеп тапшылығын «Жайлы мектеп» жобасы арқылы шешкісі келген. Бірақ бұл жобаны орындауда да олигархтардың белсенділігі көрінбейді. Болат Өтемұратов, Тимур Құлыбаев, Кеңес Рақышевтарға мектеп салудан гөрі болат өңдеп, мұнай өндіріп, түрлі-түсті металдарды шетелге саудалаған ыңғайлы. Мұндай азуын айға білеген олигархтарға мектеп салу кішігірім мұрын шүйіріп қарайтын шаруа іспетті.

«Мысалы, МЖС аясында үкімет жекелеген кәсіпкерлерге мектеп салуға мүмкіндік берді. Осы арада кәсіпкерлерге де салықтық жеңілдіктер қарастырылды. Мектеп құрылысы үшін олар мемлекеттен жерді де өте арзан бағамен алады. Ал енді отандық кәсіпкерлерге осы мектеп салу бос мақтан болды. Кәсіпкер бір мектепті салады да ол мектепке ата-бабасының атын береді. Бұл – бір. Екіншіден, ол мектептерінің құрылысы сапасыз болып, былтыр ғана салынған білім ордаларының іргесі сөгіліп, қабырғасы құлап, төбесінен су ағып, іші жылымайтын мектептерді де көріп жүрміз. Бір ғана Шымкентте сегіз мектепті бір өзі салған кәсіпкерді білеміз. Бір мектепті анасының атымен, енді бірін өзінің жақсы көретін ағасының атымен атаған кәсіпкерлерді де көріп жүрміз. Мұның барлығы біздің кәсіпкерлерде саяси сауатты көзқарас қалыптаспағанын білдіреді. Мұндай атмосферада бизнес жасап жүргендер де бірінші елдің жайын емес, өзінің пайдасын ойлап тұрады. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жетілмеген ортада ашықтық, еркіндік, саяси сауаттылық та жетілмейді» – дейді сарапшы.

Бұл серіктестіктің өзін орындатуда үкімет кейде міндеттейді, кейде түрлі жеңілдіктер ұсынып, бизнеске қолайлы орта жасайды. Әйтеуір билік бизнесті бірде уысына қысып, бірде босатып, өзінше бақылап отырған жайы бар.

Су тасқыны

Су алған өңірлерге жақын арада инвестиция бармайды

Елдегі су тасқыны, өзге де апатты жағдайлардың жиі орын алуы да шетелдік инвесторлардың көңіл күйін бұзуы әбден мүмкін. Мұндай жағдайда үкімет «2029 жылға дейін кемі 150 млрд доллар шетелдік инвестиция тартамыз» деген уәдесін орындай алмай қалады. Бұл уәдені кезінде экс-үкімет басшысы Әлихан Смайылов берген. Одан кейін үкімет басшысы болған Олжас Бектенов те осы үдеден шығуды жоспарлап отыр.

Экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов былай дейді:

«Шетелдік инвесторлар он ойланып, жүз толғанып барып қаражат әкеледі. Бізге миллиардтап қаржы салғысы келетін инвесторлардың қолын байлайтын онсыз да бірнеше фактор бар. Мынадай апатты жағдайлар ол инвесторлардың көңілін онсыз да бұзады. Шетел бізге бар жақсысын жайдан жай бере салмайды, олар бірінші кезекте өз пайдаларын ойлайды. Ал біз шетелден келетін инвестицияға мұқтажбыз.

1) Ел аумағында іс бастағысы келетін инвесторлардың қолын жемқорлық байлайды. Өткен жылы құны 1,1 млрд АҚШ долларына тең 47 жоба жүзеге асырылыпты. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 11,3 пайызға төмен. Инвесторлардың қазынаға құятын қаражатына жергілікті әкімдердің, министрлердің қол салуы өте жиі көрініс табады. Біз елге инвестор тартамыз десек, ең алдымен жемқорлықты тыю керек. Қазір шетелден келген инвесторлар біздегі жемқорлықтың атасын, көкесін көріп, басын алып қашады.

2) Экономиканы әртараптандыру керек. Экономика әртүрлі бағытта дамығанда бізге инвесторлар өздері-ақ келетін еді. Бізде әртараптанған экономика жоқ. Тау-кен, мұнай, түрлі-түсті металл, банктер, құрылыстар. Осы салалар ғана бар. Қалған салаларды дамыту керек. Экономиканың үлесін екі үш есеге арттыру керек. Экономиканы әртараптандырамыз деп бізге келген инвесторлар бұл салада мардымды ештеңе жасалмағанын көріп таңғалады. Мысалы, өткенде Малайзия елінен келген инвесторлармен әңгімелестім. Бізден су рудаларын алғылары келетінін айтты. Арал теңізінде ашық жатқан иодты өңдеу тәсілдері жоқ екенін көріп бас шайқады. Био, нано технологияның жетілмегеніне қайран қалды.

3) Батыс Қазақстан, Атырау облыстары бұған дейін инвестицияға қолайлы өңір болып келген. Қазір бұл өңірлерді су басу қаупі сөзсіз инвесторларды ойландырады. Және бұл жақтағы тасқын жыл сайын қайталанады. Үкімет одан сабақ алмайды. Оны инвесторлар ең алдымен зерттеп, біліп отыр. Тәуекелі бар жерге олар инвестиция салғысы келмейді. Сондықтан үкімет бұл аймақтардың басшылығымен септесіп жұмыс істеуі керек. Жағдай үнемі бақылауда болуы тиіс.

4) Инфрақұрылымды жетілдіру керек. Жекелеген аймақтарда инфрақұрылымның болмауы жобалардың жүзеге асуына үлкен кедергілер келтіреді. Бұған қатысты ендігі қиындық су басқан аймақтарда болады. Кез келген апатты жағдайдың алдын алуды үйрену қажет. Тәуекелдердің алдын алмай отандық ірі олигархтардан да, шетелдік инвесторлардан да, орта бизнестен де пайда көреміз деу қисынсыз. Үкімет бизнеске телмірмеуі керек. Керісінше, «мен қолайлы орта жасадым» деп бизнес жасайтын қалыпты орта қалыптастырып, бизнесменнен салықты да, кедендік төлемді де, кепілдікпен берілген трансферттерді де алу керек. Өз кезегінде бизнес те үкіметке ұсынысын айтып, керегін ала алатын деңгейге өсуі керек. Ал қазіргідей тартып алу, біреудің кәсібін иемдену, қалтасын қақшу, әке-көкелеп жүріп тендер алу тәрізді жабайы кәсіпкерлікпен біз өспейміз. Батыл әрекет еткісі келетін Бектенов үкіметі болашақта осы мәселелерді шешуді ойластырғаны абзал».

Су тасқыны
Фото

Расымен де, үкімет басшысы болып тағайындалғандағы Олжас Бектеновтің «Біз батыл әрекет ететін үкімет боламыз» деген сөзін ел ұмытқан жоқ. Су тасқынынан келген шығын тек ақшамен ғана есептелмейді, онда қаншама сенім, қаншама үміт өліп жатыр. Бизнесті міндеттеу арқылы шығынды өтеу – мәселені уақытша шешудің бір түрі. Ертеректе Нұрсұлтан Назарбаев бизнесмендермен кездескен бір жиында: «Біз сендерге баюға мүмкіндік бердік, енді сендер де мемлекетке көмектесулерің керек» деп, кейбір нәрселерге көз жұма қарағанының өтеуін сұрағандай қылып сөйлегені есте. «Көмектеспесеңдер, былықтарыңды ашамыз» деген доңайбат. Қаңтардан кейінгі «тазалауды» көзімен көріп отырған, шықпа жаным, шықпалап отырған олигархтарда бұл үрей тіпті күшейе түскен – билік айтса астындағы атын түсіп, жалғыз түйесін сойып беруге бар. Ал бұл инвестициялық климатқа да, бизнесті ынталандыруға да оң әсер етеді деп айту қиын.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Тегтер: