«Су белден келеді» – Ахметжанов «теңізді» жасырмақ па?

Ақмола облысында су тасқынының әсерінен 20-ға тарта елді мекен сыртқы байланыстан қол үзген.
Бірнеше ауылдарда аулалар мен үйлерді су басты. Әлеуметтік желілерде көлігімен селге батып, қаза тапқан азамат туралы да айтылды. Оны ресми органдар да растап отыр. Судың ортасында қалған мал мен қайықпен қатынап жүрген халықтың жағдайына қарамастан, облыстық әкімдік «жағдай тұрақты, бәрі бақылауда» деп бірнеше рет мәлімдеме жасап үлгерді.
Бірнеше күн бұрын ғана Астрахан ауданында төтенше жағдай режимі жариялануы мүмкін екені айтылып, Бұланды ауданының әкімі облыс басшысы Марат Ахметжановтан сөгіс алды. Ал күреске тек облыс мамандары ғана емес, қорғаныс министрлігінің, Астана қаласы мен Қарағанды облысының мамандары мен техникалары тартылуда.
Өткен жылғы су тасқыны бұл уақытта «біраз жерге барып қалып еді». Биыл ондай ахуал қайталанбайтын секілді. Бірақ соның өзінде шығынға батып, қатты күйзеліп отырған өңірлер жоқ емес. Төтенше жағдайлар министрлігінің соңғы деректеріне сүйенсек, бүгінде Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Абай облыстары бақылауда. Ал шынайы «төтенше жағдайлар» Ақмоладан байқалады.
«Бүгінгі таңда бірнеше су басқан аумақтар бақылауда. Ақмола облысының Астрахан ауданы Жаңатұрмыс, Колутон, Старый Колутон, Ягодное және Атбасар ауданы А.Құрманов ауылдарында 69 жеке тұрғын үйді, ал Бұланды ауданы Новобратское ауылында 29 аула аумағын су басқан. Автомобиль жолдарында 26 су төгілу («Су төгілу» дегені не екенін ұқпадық – ред.) және 5 шайылып кеткен учаске бақылауда, 14 елді мекен көлік қатынасынсыз қалды. Су тасқыны кезеңінде 383 адам эвакуацияланды, оның 10-ы уақытша орналастыру пункттерінде, ал 159 эвакуацияланған адам туыстарының қасында тұрады, 214 адам үйлеріне оралды. Күштер мен құралдар үнемі дайындықта тұр. Эвакуацияланған халықты тасымалдауға арналған эвакуациялық пункттер мен көлік құралдары әзір. ТЖМ әуе кемелері де тұрақты дайындықта», – деп мәлімдеді ТЖМ 12 сәуірде.
Кісі өлімі тіркелді
Бәрін басынан бастайық. Алдымен Біржан сал ауданы Макинка ауылындағы жағдай ушықты. Наурыздың аяғына қарай ауылдағы мектеп тасқыннан зардап шегіп, оқу онлайн форматқа ауыстырылған. Шамамен 4 сәуірде ауыл тұрғындары көшелер мен аулаларды су алып, ол үйлерге кіріп жатқанын да хабарлады. Әлеуметтік желілерге фотолары мен видеоларын жүктеді. Жұрт назары Макинкаға ауып, уайым күшейген шақта Атбасар ауданының да жағдайы мәз емес екені аян болды. Мұндағы су тобықтан асып белге жеткен. Әсіресе Ақан Құрманов ауылы қатты зардап шегіп жатқан көрінеді. Астрахан ауданында, тіпті төтенше жағдай енгізілгелі жатыр. Өйткені ондағы бірнеше елді мекенді су басқан. Әсіресе Ескі Колутон және Еңбек ауылдарындағы жағдай өте күрделі. Жақсы ауданында өзен деңгейі көтеріліп, қатер артқан.
Мұның бәрі азаматтар мен олардың мүлкіне залалын тигізіп жатқаны айтпаса да белгілі. Оны былай қойғанда адам өлімі де тіркелді. Жол талғамайтын көлік ағыспен кетіп қалып, ішіндегі үш адамның бірі қаза тапқан. Ол туралы облыстық полиция департаменті айтты: «5 сәуір күні Астана – Атбасар – Жақсы – Рузаевка – Сарыкөл – Қостанай – Ресей Федерациясының шекарасы тасжолының 963-ші шақырымында жүргізуші жабық аумақты полиция посты мен қойылған белгілерге қарамастан айналып өтуге тырысты. Нәтижесінде, көлік тасқын суға батып, ішіндегі екі адамды құтқару мүмкін болды. Жүргізушінің денесі табылды».
«Жол жабылды, су басыпты, үйіне кіріпті» деген сөздерге еті өліп кеткен қазақстандықтардың көпшілігі көлік батып, адам қаза табатындай тасқынның болып жатқанына сенер-сенбесін білмей дал. Олар өткен жылғы он облыстан соң бір Ақмоланың жайы тез шешілер деп күткен. Тұрғындар да солай ойлапты. Алайда бүгінгі күнге дейін жанталас жалғасып жатыр, қауіп сейілді деп айту қиын. Көп жолдар жабылған, тұрғындарға түрлі көмектер қайықпен, арнайы көліктермен жеткізіліп жатыр. Сол себепті, бірнеше тұрғынмен телефон арқылы хабарласып, жағдайды сұрадық. («Жас Алаш» жағдай тұрақталған соң, су басқан бірнеше ауылға арнайы барып, репортаж жасауды жоспарлап отыр). Облыс тұрғындары ауылымыз теңізге айналды деп отыр.
Ескі Колутон ауылының тұрғыны:
«Жыл сайын бір нәрсе қайталанады. 8 сәуір күні үйімізде тізеге дейін су кірді. Әрдайым теңіздің жағасына барып: «Стоишь на берегу и чувствуешь солёный запах ветра, что веет с моря. И веришь, что свободен ты, и жизнь лишь началась» деген атақты сөзді айтқым келетін... Енді «море» бізге келді. Енді бұл су біраз тұрады. Немесе тағы біраз көтеріледі. Көшеде жүретін жер жоқ. Жер жоқ, расында. Су белден келеді.
Жұмыс жасалып жатыр, төтеншеліктер жүр. Бірақ неге осы нәрсенің қайталана беретінін, неге зардабын халық шегуі керек екенін түсінбеймін».
Ақан Құрманов ауылының тұрғыны:
«Үйге кіріп-шығу да, көшеде аяқ алып жүру де мүмкін болмай қалды. Жап-жаңа үйіміз бен барлық техникамыз, жиһаздарымыз бүлінді. «Тас түскен жеріне ауыр» дейді. Адам өмірінің қаншама жылын, тапқан-таянғанын үй салуға, ішін жайлы етуге, жылы төсек пен жұмсақ кілемге жұмсайды. Соның бәрі бір күнде жоғалды».
Тұрғындар атын атамауымызды сұрайды. Сірә, «қол сынса – жең ішінде» деп, әкімдіктер жасырып-жабуға тырысып жатқан сияқты. Тұрғындар бәлеқор атанып, қудалауға түсуден қорқады. Өзге тұрғындар да аудан әкімдігінің ешқандай комиссия жібермейтінін, материалдық шығын өтелмейтіндігін естіп келгендерін жеткізді. Айтуларынша, әкімдік мамандары мен шенділері ТЖ жарияланбағандықтан тек әлеуметтік көмек беретіндерін, материалдық көмек болмайтынын айтқан.
ТЖ жарияланбаса көмек те болмайды
Жағдайды Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен сұрадық. «Бұланды ауданы материалдық көмегін екі есеге көбейтті. Атбасарда аудан әкімі халықпен кездесіп, мән-жайды түсіндірген. Қазір жағдай тұрақталды, суда тұрған үйлер жоқ», – деп қысқа қайырды әкімдіктің ресми өкілі.
Десек те, суда тұрған үйлер жоқ екеніне де, басқа айтқандарына да күдік пен күмән көп. Мәселен, «Жас Алаштың» өткен сандарында Целиноград ауданы Қоянды ауылының жағдайы сөз болған. Біз барып, аралаған үйлердің жағдайы нашар еді. Жағдайды соңына дейін бақылауда ұстайық деп, спикерлерімізбен ұдайы байланыста отырмыз. Газет беттеліп жатқанда кейіпкерлеріміздің бірі Ықылас мырзаға қайта хабарластық. Ол:
«Сіздер келген кезде ТЖД мамандары жүр еді ғой. Олар жақында кеткен. Бірақ үй тұруға жарамсыз. Бала-шағамды алып, пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Облыстық әкімдіктен де, аудандық әкімдіктен де мүлде хабар жоқ. Кеше жауын жауып, аулам қайтадан суға толды... Бірақ бұл жолы да атқамінерлер келіп, араласады деп күтпеймін. Биыл ТЖ жарияланған жоқ, ешқандай көмек бермейміз деп отыр», – деп жауап берді.
Сәуірдің басында Ахметжановтың аппараты: «Қазгидромет мәліметі бойынша, қысқамерзім ішінде жауған жауын-шашын мөлшері бір жарым айлық норманың 170 пайызын құрады. Бұл су қоймаларының тез толуына әкеліп, су өткізу жүйелеріндегі артық су тасуына себеп болды. Су тасқынының салдарын жою бойынша жедел шаралар қабылданды және бүгінгі таңда халықтың тіршілігіне қауіп жоқ», – деп хабарлама таратқан. Бірақ әкім мен әкімдіктің Қазгидромет болжамдарын алдын ала оқымағаны, қыста жауын-шашын мөлшерін бақылап, соған сай әрекет етпегені қызық. Тура былтырғы сылтауды айтып, «табиғи апат қой» дегенге сүйеніп алғандай бір кеп. «Біз дұрыс әзірленбеппіз, кінәліміз» деген бірде-бір әкімді естімедік. Бұл жолы да ауылдар суға батып жатса да, әкімдер құрғақ шығатын секілді. Әйтеуір ырым болсын деп біреуіне сөгіс жарияланыпты.
Осы мәселелер жөнінде Ақмола облысы әкімдігіне ресми сауал жолдаған едік. Марат Оспанов есімді әкімдік маманы жауап беріпті. Ұзын сонар есептің арасынан іске жарамдыларын «теріп алдық».
«Өткен жылғы су тасқынын ескере отырып, Ақмола облысында су тасқынына қарсы іс-шараларды іске асыру өткен жылмен салыстырғанда үш есеге ұлғайды. Өткен жылдың жазғы-күзгі кезеңдерінде су тасқыны қаупі бар 175 елді мекенде алдын алу шаралары өткізілді. Бұл 94 елді мекенді су басу қаупін жоюға мүмкіндік берді. Осы жылғы су тасқыны мониторингін күшейту үшін Астрахан, Есіл, Жақсы және Жарқайың аудандарының 9 елді мекенінде Есіл, Қалқұтан және Аршалы өзендеріндегі су деңгейін бақылау үшін қосымша гидропосттар құрылды. Бірнеше маусымдық гидрологиялық бекеттер ашылды.
Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бағдарламасы бойынша өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға көп, ал Қоянды ауылында қар шығаруға өткен жылмен салыстырғанда 45 пайызға артық қаражат қарастырылған. Шығарылған қар көлемі былтырғыға қарағанда 47 пайызға көп. Әрі Қоянды ауылындағы тұрғындардың сәулет және қала құрылысы органдарының келісімінсіз жеке тұрғын үйлерді заңсыз салғанын атап өту керек».
Екі жарым беттік есептің ішінде біз қойған сауалдардың нақты жауабы емес, атқарылған істердің баяндамасы ғана беріліпті. Бюджеттің нақты көлемі көрсетілмеген, Целиноград ауданындағы су тасқыны қаупі кезеңіне дайындық барысын қандай мамандар бақылағаны айтылмаған. Тазаланбай тұрған қардың жайы түсіндірілмепті де. Ал инженерлік инфрақұрылым мен заңсыз құрылыстарға қатысты сауалымызға қалқып қана бірнеше сөйлем жазыпты. Білдей бір облыс әкімдігінің мұндай сападағы жауап бергені таңғаларлық. Нақтылау үшін орындаушы Марат Оспановтың қызметтік нөміріне хабарластық. Алайда жауап алу мүмкін болмады. Сондықтан ресми сауалымызды нақтылап, қайта жолдадық. Бұл жолы толымды, нақты жауап аламыз деп үміттенеміз.
Балауса Ділдәбек