Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:15, 18 Наурыз 2025

Су кодексі күшіне енгенше...

Су кодексі
Фото: Тurkystan.kz

Елімізде биылдан бастап күшіне ене ме деп күткен жаңа Су кодексі әлі күнге парламент қарауында жатыр.

 Жаңадан жазылған Кодекс жобасы соңғы рет осы айдың басында мәжілісте қаралып, сенатқа жолданған. Енді Жоғарғы палата соңғы сөзін айтып, президенттің қол қоюына жіберу керек. Тек Кодекс жобасына қатысты осыған дейін сарапшылар мен қоғам белсенділері тарапынан айтылған сын-ескертпелер қаншалықты ескерілді? Мәселе осында болып тұр.

Жалпы, бұрыннан келе жатқан кодекс нұсқасында өзен жағалауы қорғалып, норматив бойынша 35 метр жерге дейінгі аралықта ештеңе салынбау керек. Бұл дұрыс-ақ әрі осы талап жаңа жобада да көзделген. Бірақ талап бекітілгенімен, оның қаншалықты орындалып жатқаны беймәлім. Өйткені заң талабынан сытылып өтуге заңның өзінде саңылау тұрғанда бәрі де мүмкін.

Су мәселесіне келгенде көбіне Алматы қаласының мысалға келтірілетіні белгілі. Өзге өңірлерге қарағанда өзен-суы мол мегаполисте сөз болып отырған Су кодексінің нағыз сынға түсетін жері – осы. Әуелде заң талабы бойынша 20 метр аралықта ештеңе түспеу керек болған. Алайда 2009 жылы осы тыйым салынған аралық 35 метрге дейін ұлғайтылады. Нәтижесінде Алматыда ұлғайтылған 15 метр аралықта қалып қойған 14 мың құрылыс нысаны амалсыз заңдастырылады.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, бұл мәжбүрлі шара болған. Себебі су қорғау аймақтары мен белдеулерін құру процесі баяу атқарылса, су объектілері маңындағы жерлерді экономикалық игеру процесі қарқынды жүрген. Сөйтіп, өзен-судың айналасына шектеу-бақылау шаралары күшейтіледі.

Алайда осыған қарамастан, қоғам белсенділерінің сөзінше, 2009 жылдан бері су қорғау белдеулерінде бір Алматының өзінде 160 мың құрылыс нысаны түскен. Заңның қаншалықты орындалғанын осыдан-ақ түсінуге болатын шығар. Ең қызығына енді келеміз. Кодексте 35 метр деген талап қойылғанымен, ол осы бастан бүкіл құрылысты шектеп тастайды деген сөз емес. Өйткені осы уақытқа дейін салынып бастаған құрылыстардан бөлек, енді салынатын, яғни жобаланып, жоспарланып қойғандары да кіріп кетеді. Демек, заңмен тыйым салынғанымен, түрлі ғимарат әлі де салына бермек. Тек кодекс күшіне енгенге дейін жоспарланып қойғанын дәлелдесе болғаны.

Белсенді азаматтардың пікірінше, мәселенің өзектілігі де осында. Жемқорлық дендеген елде құжатты қолдан жасау кімге қиын болыпты? Қалаған құрылысын салғысы келгендер есебін тауып, құзыры жететін мемлекеттік қызметкерлердің аузын жемдеп отырса, 2025 жылға дейін жоспарланып қойған деген құжатқа қол қойып, мөр басып беру деген оларға не тәйірі? Сайып келгенде, жаңа кодекс енгізу арқылы шенеуніктер екі қоянды бір оқпен алып отырған болып шығады. Бір жағынан заң талабы қатайтылып жатыр, ол қоғам алдындағы ақталатын нұсқасы. Екінші жағынан, құрылыс салғысы келетіндермен бағаны көтеріп саудаласуға жақсы мүмкіндік.

Кодекс төңірегінде дау болған екінші маңызды мәселе, судың тазалығы жайында. Су саласы сарапшысы Анар Тілеулесованың айтуынша, ағынды су мал-жанға зиянын тигізгелі тұр. Себебі сенатқа жолданған жобасындағы 45-бапта «тазартылған сарқынды суларды жерүсті су объектілеріне, жер қойнауына, сарқынды суларды жинақтағыштарға және жергілікті жер бедеріне ағызу» туралы жазылған. Ондай жағдайда кім көрінген қалаған жеріне төге бермек. Соның салдарынан жер батпаққа, тұзды сорға айналып, бүлінуі бек мүмкін.

Мысалы, Алматының таулы жағында көп үй салынған. Бәрі суын төгіп, тұрған жерлерінде лай көшкіні болып жатыр. Неге ол табиғи құбылыс деп саналып, оған мемлекет шығындалуы керек?

Ең қауіптісі, ауылдық жерлердегі аурухана, ветеринарлық зертхана дегендер де ауыл маңына төге беруі мүмкін. Ал ол судың құрамы қандай екенін, қандай бактериялармен бүлінгенін ешкім қадағалап жатпайды. Оның бәрі жерасты суын бүлдіріп, сосын оны жұрт ішеді. Далаға жайылса, жайылымдағы мал ішеді. Арты не боларын бағамдай беріңіз.

Әу баста кодекстің жаңа нұсқасы қолға алынғандағы негізгі мақсат заман талабына сай етіп, солқылдақ тұстарын күшейту болған. Сарапшылардың ойынша, даудың көкесі жаңа кодекс қолданысқа енгеннен кейін басталғалы тұр.

Бекбол АМАНГЕЛДІ

Тегтер: