Су тапшылығы жыл санап күшейе береді
Қазақстанда, оның ішінде әсіресе Оңтүстік облыстарда ағын су мәселесі жыл санап күрделеніп келеді.
Соңғы жылдары Оңтүстіктегі төтенше жағдайлардың көпшілігі трансшекаралық өзен-сулармен байланысты. Яғни, қыста өзен-сулардың тасуы, ал жазда керісінше, су тапшылығының орын алуы қалыпты жағдайға айналды. Бұл мәселені оңтайлы шешу үшін не істеу керек?
Қазақстанның су ресурстары жаһандық жылынудың салдарына тәуелді, мұздықтардың еруінің уақытша ұлғаюы су ресурстарының болашақ көлемдеріне әсер етеді. Егер 2000 жылдары орташа көпжылдық өзен ағыны 120 км3 болса, қазіргі уақытта ол шамамен 102 км3 құрайды. 2030 жылға қарай өзен ағынын одан әрі 99,4 км3 дейін қысқаруы болжанып отыр. Бұл ретте қазіргі кезеңде су ресурстарының тапшылығы байқалады.
Мәселен, Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарының экономика салалары, әсіресе ауыл шаруашылығы су ресурстарының тапшылығын бастан кешіруде. Осы облыстардың қолда бар су ресурстары халық пен экономика салаларының қажеттіліктерін өтемейді. Нәтижесінде су алу қоршаған ортаға зиян келтіреді.
Жуырда Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ұйымдастыруымен өткен су қорын қорғау және пайдалану саласында мемлекеттік қадағалауды енгізу бойынша қоғамдық талқылауда осындай мәліметтер айтылды. Талқылауға Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Аяшев, аталған комитеттің су қорын пайдалану және қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау басқармасының басшысы Марат Иманалиев, сондай-ақ су саласының ардагерлері қатысты.
Жиында айтылған мәліметтерге қарағанда, Қазақстандағы ағын судың 44 пайызы Қытайдан, Ресейден, Өзбекстаннан және Қырғызстаннан келетін трансшекаралық өзендерге тәуелді. Көрші елдердің экономикалық және әлеуметтік дамуының жеделдеуіне байланысты сырттан келетін судың көлемі жыл санап азаюда. Ел халқының жартысынан көбі тұратын Оңтүстік және Батыс өңірлер трансшекаралық ағынға барынша тәуелділікті сезінуде. Ал оңтүстік өңірлердің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудегі үлесі шамамен 70 пайызды құрайтынын атап өту қажет.
Сонымен бірге ресурстар тапшылығы аясында үлкен шығындарға жол берілуде. Суармалы судың шамамен 40 пайызы жоғалады. Бұл инфрақұрылымның тозуымен байланысты. Экономика салаларында суды қажет ететін технологияларды пайдалануға байланысты су ресурстарын тиімсіз пайдалану байқалады.
Ел экономикасына Ресей немесе АҚШ-қа қарағанда жалпы ішкі өнімнің бір долларына 3 есе және Австралияға қарағанда 6 есе көп су қажет. Өнім бірлігін өндіруге 129 м3 су жұмсалады, ал бұл көрсеткіш АҚШ пен Ресей Федерациясында – 44 м3, Австралияда – 21 м3.
Айта кетері, Түркістан облысында соңғы жылдары ағын суға деген тәуелділікті төмендету үшін бірқатар шаралар қолға алынып келеді. Соның бірі ауыл шаруашылығында тамшылатып суару әдісін енгізу. Суды көп қажет ететін дақылдардан бас тарту, орнына шығыны аз өнімдерді егу ұсынылуда.
Қазіргі уақытта Түркістан облысының шекаралық аудандары ағын судың 90 пайызын көршілес Өзбекстаннан келетін өзен-каналдардан алады.