Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:45, 08 Тамыз 2024

Су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға 12,6 млрд теңге өтемақы төленді - Үкімет

у
Фото: gov.kz

Үкімет су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға тұрғын үй салу және сатып алу, сондай-ақ оларға жан-жақты көмек көрсету бойынша өңірлерде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты. 

Үкімет мәліметінше, су тасқынынан зардап шеккен 5 239 отбасыға арнайы салынған және сатып алынған үйлер мен пәтерлер берілген.

Қираған баспанасының орнына 4769 отбасы жаңа үйлер мен пәтерлерге ие болды. Сонымен қатар зардап шеккен өңірлерде 2568 жаңа үйдің құрылысы қарқынды түрде жүргізіліп жатыр, оның ішінде 470 нысан бойынша жұмыстар толығымен аяқталып, тұрғындарға кілттер табысталды. Солтүстік Қазақстан облысында құрылысы аяқталған 285 үй, Қостанай облысында – 57, Батыс Қазақстан облысында – 80, Ақтөбе облысында – 43 және Павлодар облысында – 5 үй пайдалануға берілді, делінген хабарламада.

Барлық облыста су басқан тұрғын үйлерді тексеру және бағалау жұмыстары 100% аяқталды. Жалпы сомасы 49,3 млрд теңгеге 8 853 отбасы тұрғын үйді жөндеуге және қалпына келтіруге тиісті төлем алғаны айтылады.

Сонымен қатар, 34 216 отбасыға 12,6 млрд теңгеге 100 АЕК мөлшерінде біржолғы өтемақы төленді. Ал, жоғалған бірінші қажеттіліктегі заттарын сатып алу үшін 150 АЕК-ке дейін қосымша төлемдер берілуде. Бүгінгі таңда 9,9 млрд теңгеге 21 869 отбасы осындай көмек алған.

Зардап шеккен бизнеске келтірілген залалды өтеу жұмыстарына қатысты өңірлік комиссиялар жалпы сомасы 7,9 млрд теңгеге ШОБ субъектілерінің 455 өтінімін қарап, мақұлдады.

Суға кеткен мал үшін берілген мемлекеттік көмек көлемі 2,8 млрд теңгеден асты.

Тегтер: