Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:21, 11 Наурыз 2022

Су тасқынының алдын алуға сақадай саймыз

None
None

Жыл сайын көктем шыға су тасқыны қаупі бар аймақтар елімізді әбігерге салатын болып жүр.

Осы көктемгі қарбаластың алдын алу үшін жақында Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Онда аймақтарымыздың көктемгі су тасқынына дайындығы талқыланды. Осы орайда айта кетер жайт, бұл бірінші рет емес, бұған дейін де су тасқынының алдын алу бағытында Жол карталары әзірленіп, бюджеттен арнайы қаржы бөлінген болатын.

Мәселен 2017 жылы Үкіметтің тапсырмасы бойынша 2017-2020 жылдарға арналған су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі Жол картасы әзірленіп, 41 млрд теңгеден астам сомаға 402 іс-шара іске асырылған болатын. Одан соң 2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралардың Жол картасы әзірленді. Былтыр осы Жол картасы аясында 37 іс-шара жүзеге асырылып, 2 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған. ҚР ТЖМ басшысы  Юрий Ильин «Жол картасынан бөлек өңірлерді дамыту бағдарламалары және 2022 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша облыстық жұмыс жоспарлары шеңберінде республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен әкімдіктер министрліктің аумақтық бөлімшелерімен бірлесіп су тасқыны қаупі бар елді мекендерді қорғауды көздейтін 148 іс-шараны іске асырды. Бұл өткен жылы 158 елді мекеннің қорғалу деңгейін арттыруға мүмкіндік берді», — дейді. Демек мәселе бақылауда, қаржы қарастырылған. Сондықтан тұрғындардың алдын ала үрейге берілуіне негіз жоқ деуге болады.

Осы орайда атап өтер жайт, төтеншеліктер өткен жылы 51 жағалауды нығайту және 72 шақырымға жуық өзен арнасын тазарту, 78 шақырым қорғаныс бөгеттерін салу және ағымдағы жөндеу, 2 гидротехникалық құрылысты салу және 6 гидротехникалық құрылысты жөндеу, 21 км су бұру арнасын салу және 25 шақырымын тазалау жұмыстарын жүргізген екен. Бұл атқарылған шаруалардың барлығы төтенше жағдайдың алдын алуға ықпал еткені анық.

Жалпы, су тасқынына қарсы іс-шаралар кешенін іске асырудың арқасында былтыр 340 елді мекенді су тасқынынан сақтау мүмкін болған. Тағы 385 елді мекенде қауіп барынша азайтылған. Биыл да төтеншеліктер қол қусырып отырмастан осы бағыттағы жұмыстарды атқаруда. Биыл да еліміздегі 285 елді мекенде су тасқыны қатері төніп тұр. Одан бөлек таулы аймақтарда мұздықтардың күрт еруі жыл сайын төтеншеліктердің тынышын қашыратын болғандықтан Алматы қаласы мен Алматы облысы секілді таулы аймақтардағы қауіпті азайту үшін Ақсай, Аюсай өзендерінде селді тоқтататын бөгеттер салу жұмыстары жүргізілуде. Сондай ақ көктем шығуын күтпестен таулы аудандарда 44 рет профилактикалық қар  түсіру, қар көшкіні қаупі бар учаскелерді 375 жер үсті зерттеулері жүргізілген. Елді мекендердегі су тасқынының алдын алу мақсатында қыстай 5 млн текше метрден астам қар ауыл сыртына шығарылған. Жақында ғана  «Көктем-2022» республикалық командалық-штабтық оқу жаттығу барысында  аймақтардың су тасқыны жағдайындағы іс-қимылдарға дайындығы тексеріліп, жоғары бағаланған. Осы орайда төтеншелік мамандар «Көктемгі мезгілде су қоймаларын бақылап отырудың маңызы зор. Қазіргі уақытта ірі су қоймаларының орташа толымдылығы 60-75% құрайды. Сонымен қатар, бос көлемдер қорын сақтау қажет. Аяқ асты жаңбыр жауып, мұздықтар еріген жағдайда сол бос орындар арқылы қауіптің алдын аламыз. Қазір осыған аса мән беріп отырмыз» дейді.

Су тасқынынан келетін қауіптің зардабымен күрескеннен гөрі, оның алдын алу әлдеқайда арзанға түсетіні анық. Мәселен соңғы бес жылда 34 автомобиль көпірінің және темір жолдардың 7 учаскесі су астында қалған. Оның соңы зор шығындарға ұшыратқаны анық. Жалпы елімізде су басуға бейім 278 автомобиль жолы мен 600-ден астам темір жол учаскесі бар екен. Қазіргі таңда оларды үнемі бақылап, су астында қалмауын, қирауына жол бермеу жұмыстары жүргізілуде.

Үкімет отырысында сөз болған тағы бір мәселе гидротехникалық құрылыс жұмыстарының жайы болды. Республика аумағында 1823 гидротехникалық тірек құрылыстары бар екен. Осы жылғы қаңтардағы жағдай бойынша 1646 гидротехникалық құрылыс тексеріліп, олардың ішінен 527 объекті жөндеуді қажет ететіні анықталған. Оның 396 коммуналдық меншіктегі екен. Жөндеуді қажет ететін гидротехникалық құрылыстардың ең көбі Қарағанды облысында орналасқан. Бүгінгі күні гидротехникалық құрылыстардың барлық меншік иелеріне тасқын суларды қауіпсіз өткізу және қажетті инертті материалдар мен техниканы дайындау үшін тиісті іс-шараларды жүргізу туралы ұсынымдар жіберілген көрінеді. Ал министрлік өз кезегінде  су басу қаупін жою мақсатында 41 апаттық су қоймасын және гидротехникалық құрылыстарды қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуді қолға алған. Жалпы 2017-2021 жылдар аралығында осындай 16 нысан қалпына келтіріліпті. Нәтижесінде 120 мыңнан астам халқы бар 16 ауылдық елді мекендерде су басу қаупі жойылған. Атап өтсек, Алматы облысындағы  жинақтау көлемі 42 млн текше метрді құрайтын Қызылағаш су қоймасы қайта жаңғыртылған. Бінеше жыл бұрын тұтас ауылды шайып өткен қойманың қарқынын әлі ұмыта қойған жоқпыз. Сондықтан мұндай айналасына қаупі бар су қоймаларының дер кезінде жөндеуден өтіп отыруы көңіл қуантады. Дегенмен онымен тоқтап қалмай биыл тағы 6 су қойманы қалпына келтіру жоспарланған. Қалған 19 су қоймалары 2025 жылдың соңына дейін қалпына келтіріледі деп күтілуде. Сондай ақ су өткізу мүмкіндігін арттыру мақсатында проблемалық учаскелердегі өзен арналарын тазартуды жұмыстарының да маңызы зор! Төтеншелік мамандар «Бүгінгі таңда республикалық автожолдардың ұзындығы 25 мың км құрайды, онда 1 313 көпір және 15 310 су өткізу құбыры бар. Оның ішінде 278 қауіпті учаске, 84 көпір және 883 су өткізу құбыры бақылауға алынды, оларда 700-ден астам жол-пайдалану техникасы бекітілген. Автожолдарды дайындау шеңберінде су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспары бекітілді және орталық және өңірлік деңгейлерде комиссиялар құрылды» дейді. Шыны керек автомобиль жолдарының маңайында су өткізу қарастырылмағандықтан көп жағдайда сулар тас жолдарды шайып өтіп жатады. Қыруар ақша бөлініп жасалған жолдар тілсіз жаудың салдарынан бүлінгендіктен, жергілікті халық жолсыз қиналып қалып жатады. Сондықтан министрліктің назарынан мұндай мәселенің де қалыс қалмауы маңызды. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қ.А.Өскенбаев «Тасқын суларды өткізу бойынша өткен жылдардың тәжірибесін талдаудан барлық өңірлер бойынша 673 қауіпті орынның тізбесі анықталды. Тасқын суларды өткізу кезеңінде жауапты тұлғалардың тәулік бойы кезекшілігі, белгілі бір қауіпті жерлерді аралау ұйымдастырылады. Көпірлердің, құбырлардың, дренажды құдықтардың тесіктерін қардан тазарту, тау және су бұрғыш арықтарды, науалар мен кюветтерді ашу бойынша дайындық жұмыстары басталды», — дейді.

Арнайылап көктемгі қарбалас кезеңіне орай өткен төтеншеліктердің Үкімет отырысынан жағдайдың толық бақылауда екенін ұқтық.

Тегтер: