Су үнемдеу технологияларын түгел енгізуге бір жарым ғасыр керек

Соңғы жылдары қуаңшылық жиілеп, дариялар мен өзендердің суы тартылып барады. Осы бір қиындық елдің еңсесін баспас үшін үкімет, соның ішінде ауыл шаруашылығы министрлігі су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуді қолға алған.
Жақында су ресурстары және ирригация министрлігі 2024 жылдың қорытындысын жариялады. Ел аумағында шамамен 158 мың гектар жерге су үнемдейтін жаңа жүйелер орнатылыпты. Оның 130 мың гектарға жуығы оңтүстік өңірлердің үлесінде. Оңтүстіктегі диқандар 59 мың гектар жерге жаңбырлатып және тамшылатып суару әдістерін енгізіпті. Тағы 14 мың гектардан астам алқап лазерлік құрылғымен тегістелген.
Су үнемдейтін жүйелердің пайдасын жергілікті шаруалар көзбен көріп отыр. Мысалы, Қызылорда облысында 55 мың гектар күріш алқабы тегістеліп, нәтижесінде 200 миллион текше метр су үнемделген. Аз көрсеткіш емес. Бұрын гектарына 40–50 центнерден әрең алатын өнім енді 70–80 центнерге дейін көтерілген.
Министр Нұржан Нұржігітов жуырда Қызылорда облысында Жаңақорған мен Шиелі аудандарындағы жағдаймен танысып барғанда күріш пен көкөніс егетін шаруалармен кездесіп, жаңа технологиялардың маңызын түсіндірген екен. Оның үстіне, былтырдан бері мемлекет шаруаларға көрсететін көмекті де көбейткен. Тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелерін сатып алатындарға берілетін өтемақы 30%-ға артқан. Субсидия көлемі бұрын 60% болса, қазір 85%-ға дейін жеткен.
Енді соған өндірісті жолға қою қажеттілігі туындаған. Қазір Қазақстанда жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйесін шығаратын 4 зауыт бар. Олар Астана мен Алматы қалаларында, сондай-ақ Түркістан облысында орналасқан. Биыл Түркістанда тағы үш зауыт іске қосылады деген жоспар бар.
Дегенмен қазір еліміздегі жалпы егістік көлемі – 23,7 млн га. Ал жылына бар болғаны 158 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізіліп жатыр. Осы қарқынмен жүре берсек, бүкіл егістікті қамту үшін 150 жыл қажет екен. Тіршілік нәрін үнеммен қолданғанның орасан пайдасы бар екенін бәрі біліп отыр. Бірақ елдегі егістік алқабын түгел қамтуды көздейтін салалы министрлік сылбыр қимылдан арылмаса, көздеген межесі бұл ғасырда орындалмайын деп тұр. Сондықтан нәтижелі жұмысты арттыра түскен жөн.
Шарапат БИҒАЛЫМБЕК