Субсидия мен газдың әуселесі
Еліміздегі «Қаңтар қырғынына» себеп болған газ бағасы Қызылорда облысының тұрғындарына әлі салмақ боп тұр.
Бұған себепші «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ газ тасымалы үшін деп халықтан 1,4 миллиард теңгеге жуық қаржыны заңсыз алып келген.
Әңгіменің әлқиссасы, табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаменті «ҚазТрансГазАймақ» филиалына 2020-2025 жылдарға арналған көгілдір отын тасымалдау тарифын бекітіп берген еді. Онда тасымалдау қызметінің бағасын 34,6 пайызға төмендету керек болған. Алайда «ҚазТрансГазАймақ» мұнымен келіспей, департаментті сотқа беріпті. Бірақ сот газ тасымалдаушы компанияның арызын қанағаттандырмаған. Тіпті олардың екі бірдей талабын негізсіз деп тапқан.
Соттан жеңілсе де «ҚазТрансГаз Аймақ» 2020 жылы департамент бекіткен төлемді негізсіз қымбаттатып жіберген. Сөйтіп қара халықтың миллиардтаған ақшасын заңсыз табысына айналдырған. Енді антимонополиялықтар мен Қызылорда облыстық соты, филиалдың тұтынушылардан алған артық ақшасын газ бағасын төмендету арқылы қайтармақшы.
«2019 жылдың қараша айында тарифті 34,6 пайыз төмендету туралы бұйрық шығарған. Ол бұйрық 5 жылға бекітілген тариф және 2020 жылдың қаңтар айынан қолданылуы тиіс болған. Алайда «ҚазТрансГаз Аймақ» сол күйінше халыққа бекітілмеген тарифпен қызмет көрсетуді жалғастыра берген. Қайтару үшін, 44 пайызы тағы да түседі деп отырмыз», – деді Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы Жанат Оспанова.
Қара халықты қанаған газдың бағасына енді субсидияның жыры қосылды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы 2020 жылы аналық мал басына арналған жем-шөп үшін субсидия алған шаруалардан қаржыны бюджетке қайтаруды талап етіп жатыр. Оған Ауыл шаруашылығы министрлігі шығарған қағидадағы олқылық себеп. Дәлірек айтсақ, Ауыл шаруашылығы министрлігі 2020 жылдың 17 шілдесінде «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» бұйрық қабылдап, «Ауыл шаруашылығы малдарының азығына жұмсалған шығындар құнын арзандату» қолдау шарасын енгізеді. Аталған құжатты басшылыққа алған шаруалар субсидия алады. Өткен жылдың қазан айында оларға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан «Сіздің шаруашылықта субсидияланған мал басының сақталуын қамтамасыз ету бойынша міндеттемелерді сақтамағаны анықталып отыр» деген мәтінде хат алады. Ары қарай басқарма субсидия қаржысын бюджетке қайтаруды талап етеді.
Басқарманың «міндеттемені сақтамады» дегенінің мәнісі былайша боп шықты. Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген қағиданың қазақша нұсқасында кәсіпкерге «Субсидияланған аналық мал басының ағымдағы жыл бойы сақталуын қамтамасыз ету» міндеттелген. Ал қағиданың орыс тіліндегі нұсқасында – «в течение года» (жыл бойы) деп жазылып, сәйкессіздік орын алған. Ал субсидия алған шаруалар болса ереженің қазақ тіліндегі нұсқасын басшылыққа алғанын айтады.
«Шаруашылық иелері 2020 жылы қолданыста болған қағидаға сай «сол ағымдағы 2020 жылы» мал басын сатпай ұстап отырған. Тек келесі, яғни 2021 жылы ғана мал басын жаңарту және жақсарту мақсатында бір бөлігін сатып, оның орнына басқа мал алған. Әзірге Кәсіпкерлер палатасына 4 шаруа қожалығы өтініш білдіріп, құқығын қорғауды сұрап отыр. Олардан ауыл шаруашылығы басқармасы жалпы көлемі 7,2 млн теңгені бюджетке қайтаруды талап етіп отыр», – дейді мәселенің мәніне үңілген кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.
Осыған орай Палата заңгерлері Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген қағиданың қазақ тіліндегі нұсқасы орыс тіліндегісімен сәйкес келмейтінін алға тартып, министрліктен түсініктеме беруін сұраған екен. Ал министрлік құжатқа 2021 жылдың 13 шілдесінде өзгеріс енгізіліп, «ағымдағы жыл бойы» деген сөз «жыл бойы» сөзімен өзгертілгенін атап өтіп, «Осыған байланысты Қағиданың орыс тіліндегі нұсқасын басшылыққа алу қажет» депті.
«Жалпы министрліктің қабылдаған қағидасы о бастан шикі. «Жыл бойы» деген талапта да нақты қай кезден бастап есептеу керектігіне қатысты нақтылық жоқ. Екіншіден, кәсіпкер өзіне жауапкершілік алғанда 2020 жылы қолданыстағы құжатты басшылыққа алды. Бұл жерде ереже шығарып отырған Ауыл шаруашылығы министрлігінде тұрақтылық болмай отыр. Яғни кәсіпкер министрлік қай күні ережесіне өзгеріс енгізеді екен деп күтіп отыра алмайды ғой?! Үшіншіден, Құқықтық актілер туралы заңының 23-бабы 7-тармағында «Орыс тiлiндегi нормативтiк құқықтық актiдегi терминдер мен анықтамалар қазақ тiлiнде жазылған ретке сәйкес болуға тиiс» және 24-баптың 3-тармағы 3-абзацында «Қазақ және орыс тілдеріндегі нормативтік құқықтық актілердің мәтіндері тең түпнұсқалы болуға тиіс» деп анық көрсетілген. Ал министрліктің «қағиданың орыс тіліндегі нұсқасын басшылыққа алу қажет» деуін қалай қабылдаймыз», – дейді Палата директоры.
Субсидия алған шаруалар жауапты мемлекеттік орган мен тексеруші орган төлеген субсидияларды қайтарып алу талаптарын қайта қарап, тиімді шешім шығарса екен деп үміттеніп отыр.