Субсидия Сапаровты шаршатыпты

11 ақпан күні өткен үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров күтпеген жерден мал шаруашылығына субсидия беру тәртібі өзгеретінін айтты.
Оның айтуынша, енді субсидия мал басына емес, өткізілген еттің әр келісіне төленеді. Министр жаңа жүйесін өткізу үшін өзі бұған дейін атқарып келген субсидия беру тәртібін «мемлекеттің ақшасын далаға шашу» деп атаудан тайынған жоқ.
Қазір мал тұқымын асылдандыру деген бағдарлама бойынша әр мал басына субсидия беріледі. Субсидия мөлшері түлік түріне байланысты болады. Мысалы, бір отандық асыл тұқымды сиырға 150 мың теңге бөлінсе, Аустралиядан, Солтүстік және Оңтүстік Америкадан немесе Еуропадан әкелінген сиырға 300 мың теңге субсидия беріледі. Ал жергілікті малға берілетін көмек бұдан әлдеқайда аз.
Бір қарағанда, бұл мал шаруашылығымен айналысатын ағайынға үлкен көмек сияқты көрінеді. Бірақ біздің елде кез келген жұмыс бюрократиясыз, жемқорлықсыз жүрмейді. Мемлекет бөлген мол субсидияның өзі жетер жеріне жеткен емес. Біріншіден, субсидия кооператив немесе арнайы қожалықтарға беріледі. Ал аз ғана малын өзі бағып, өзі өсіріп отырған қарапайым шаруа назардан тыс қалады.
Биыл қаңтардағы есеп бойынша, ірі қара малдың – 45 пайызы, қойдың – 39,5 пайызы, ешкінің – 64,7 пайызы жеке шаруалардың қолында. Яғни әр түліктің тең жарымынан астамын қарапайым малшылар бағып отыр. Бірақ мемлекет қолдауы негізінен кооперативтер мен ірі қожалықтарға бағытталған. Мұны шаруалардың өзі айтып отыр.
«Ауыл шаруашылығын қолдауда саны бірер мыңнан аспайтын орта және ірі шаруашылықтарға басымдылық берілген, солардың мүддесі бірінші орында тұрады. Ал жалпы өнімнің басым көбін беріп отырған миллиондаған шағын шаруалар тасада, ескерусіз қалып отыр. Субсидияны олигархтар, кәсіпкерлер алып жатыр. Мысалы, 4-5 гектар жері немесе санаулы малы бар тұрғындар субсидия ала алмайды.
Ал шаруа қожалығына кірмейтін, ауылда тұрып, азырақ мал ұстайтын мұғалім, дәрігер сияқты өзге кәсіп иелері субсидия жайлы армандамайды да, оларға мүлде мүмкіндік жоқ. Олар қолында екі сиыры болса, бірін өзі сойып жеп, екіншісін базарға апарып сатады. Мемлекеттен еш көмек жоқ. Ал олигархтар мал баққаны үшін жем-шөбіне бір субсидия, сатқаны үшін тағы көмек алады. Сонда олардың малы алты аяқты, алтын мүйізді ме? Осындай түсініксіз жағдайлар бар.
Сондай-ақ субсидияға бөлінген қаржы орта жолда қолды болғаны жайлы да әңгіме көп. Қысқасы, субсидиядан қарапайым адамдарға бір грамм пайда жоқ, одан да жеңілдетілген несие берсе, сол сәл тиімді болар еді. Субсидияның бюрократиясы басым, оған көп адам жете алмайды, ал жеңілдікті несиені алу бұдан оңай болатын шығар деп үміттенем», – дейді Жетісу облысында тұратын ардагер фермер Ж.Бижанов.
Министр малға емес, етке субсидия береді
Енді Сапаровтың су жаңа, «супер» субсидиясы жайлы айтайық. Министрдің ойынша, далада жайылып жүрген миллиондаған мал мен соны бағып жүрген 300 мың шаруаны бақылау, тексеру қиын екен. Сондықтан оларға субсидияны тоқтатып, қолына қалам-қағазын алып, ет комбинаттарының алдында күтіп отырмақ. Шаруалар әкелген етті өлшеп өткізіп алып, әр келісіне 200 теңгеден субсидия төлейді.
«Мал басына субсидия беріп келдік. Бірақ мұнда қарымта міндеттеме қарастырылмаған. 100 сиырдан 10 бұзау алса да, 80 бұзау алса да бірдей ақы төленді. Бұл енді мемлекеттің ақшасын далаға шашу дер едім. Сондықтан бұдан кету керек. Біз оны етке ауыстырып жатырмыз. Малды ет комбинатына немесе бордақылау алаңына өткізгенде өлшеп өткізеді, соның келісіне қарай субсидия береміз. Қай комбинатқа қанша ет келгені нақты тексеріледі. Елде небәрі 172 ет комбинаты бар, ал шаруашылық саны 300 мың. Сондықтан комбинатты бақылау оңай. Ал ана жақты тексеру өте қиын, сондықтан көптеген атышулы қылмыстық істер қозғалды. Ауылдың малын протокол бойынша кооперативке қосып, субсидия алып отырғандар анықталды. Мұндай істерді антикорға тапсырдық», – дейді А.Сапаров.
Министр түсінен шошып оянғандай, елдің бәріне белгілі жағдайды тізбелеп отыр. Ел арасына барса, бөлінген көмек барар жеріне жетпей жатқанын, субсидияны қолы жеткендер ғана алып жүргенін екінің бірі айтып берер еді. Бірақ Сапаров ауыл аралап, сапар шегетін адамға ұқсамайды, ол кабинетте отырып, «субсидияны бақылауға алу қиын екенін кеш те болса түсіне бастапты. Бірақ одан қандай қорытынды шығарғанын көріп отырмыз.
Министр «атышулы іс» дегенді бекер айтып отырған жоқ. Былтыр қарашада ауыл шаруашылығымен айналысып жүрген танымал қоғам белсендісі Алмасбек Садырбаев субсидияға бөлінген 1,2 миллиард теңгені жымқырды деген күдікпен ұсталған. Небәрі 2 аптадан кейін Жұманғарин фермерлерге субсидия берілмейтінін айтып қалды. Бұл сәйкестік пе, әлде келесі қадамы үшін әлдекімді құрбанға шалып жіберетін қазақ билігінің ескі әдеті ме, белгісіз. Қалай болғанда да, Садырбаевтың субсидия ұрлады деп күдікке ілігуі мен субсидияны тоқтату бір уақытта болды.
Кейінгі 5 жылда бұл салаға субсидия ретінде бюджеттен 2 трлн теңге бөлініпті. Сапаровтың айтуынша, жыл сайын 450 млрд теңге, ал қосымша қаржы қажет болса 500-600 млрд теңге бөлінеді. Осынша мол қаржы жұмсалып жатса да ауыл шаруашылығының жалпы ішкі өнімдегі үлесі 5 пайыз ғана. Жұрт ел экономикасының көшбасшысы болуға тиіс агробизнес, керісінше, бюджеттің масылына айналып кетті деп санайды.
Былтыр желтоқсанда бұрынғы премьер-министр, қазір жоғары аудиторлық палата төрағасы болып отырған Әлихан Смайылов субсидиялау жүйесінде кемшілік көп екенін айтқан. Оның айтуынша, субсидияның түрлері мен бағыттары үнемі өзгеріп отырады. Оларды іске асыру тетігі де жиі өзгереді. Кейінгі бес жылда 70-тен астам өзгеріс енген. Бұл субсидияның тиімділігін төмендетеді. Смайыловтың есебінше, ауыл шаруашылығын субсидиялауға бөлінген 2 трлн теңгенің 142 миллиарды тиімсіз жұмсалып, 2 млрд теңге мөлшерінде заң бұзу фактісі тіркелген.
Сапаров ұсынып отырған комбинатқа өткізген етке субсидия беру тәсілінің де табысты болуы екіталай. Өйткені елде небәрі 172 ет комбинаты бар, олар фермерлердің бәрімен қалай жұмыс істейтіні түсініксіз. Мұның соңы комбинат иелерінің монополиясын орнатып, қалтасын толтыруға апарып соқпай ма? Жаңа бағдарлама жаңа проблемаға айналмасына кім кепіл болады?
Министр бұрынғы мал басына субсидия беру жүйесін «мемлекеттің ақшасын далаға шашу» деп бағалады. Асыл тұқымды мал шаруашылығына арналған субсидия бағдарламасы 2019 жылы 15 наурыздан бері атқарылып келді. Ал Сапаровтың өзі сол жылы 18 наурызда ауыл шаруашылығы вице-министрі болып тағайындалған. Ортада тоғыз ай Солтүстік Қазақстан облысына әкім болғанын ескермесек, бағдарлама басталғаннан аяқталғанға дейін басы-қасында өзі жүрді. Сонда «мемлекеттің ақшасын далаға шашқан» кім? Өзі айтқан сынды Сапаров өзі көтере ала ма?
Сондай үлкен, сондай кішкентай Қазақстан
Қазақстан егіс алқабы және жайылымға арналған жер көлемі бойынша әлемде 6-орын алады. Елдегі жайылым алқабы 120 миллион қойға еркін жетеді деген ақпарат тағы бар. Оның үстіне ертеде «ежелден мал баққан еліміз» деп сөз бастаған халықтың біршамасы әлі де төрт түліктен жери қойған жоқ. Халықтың 40 пайызы ауылда тұрады.
Демек Қазақстан ауыл шаруашылығы дамыған, агроөнеркәсіптен алдына жан салмайтын, ет пен сүті өзінен артылып, экспортқа ағылып жатқан мемлекет болуы керек еді. Бірақ бәрі керісінше болып отыр. Мысалы, «ауыл шаруашылығы ең жақсы дамыған 10 ел», «мал шаруашылығы ең жақсы дамыған 10 ел» сияқты рейтингтердің ешбірінде Қазақстан жоқ. Тек бидай экспорттайтын 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреміз.
Одан да маңыздысы, елімізде ауыл шаруашылығынан түсетін табыс жалпы ішкі өнімнің 5 пайызын ғана ұстап отыр. Яғни бұл саланың ел экономикасына қосар үлесі өте аз деген сөз. Кең байтақ егіс алқабы, жайқалған жайылым жер тұрғанда егін егіп, мал баға алмай отырғанымыз ақылға қонбайды.
2025 жылы 1 қаңтардағы есеп бойынша елімізде 4 млн 217 мың жылқы, 7 млн 842 мың сиыр және 20 млн 175 мың қой мен ешкі бар екен. Қазақ даласына 120 млн қой сыятынын жаздық, демек қазір бағуға болатын малдың 6/1-ін ғана ұстап отырмыз. Бұл кемшіліктер ел экономикасына, халықтың тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер етеді.
Ауыл тұрғындарының күнкөріс деңгейі төмен дегенді жиі айтамыз. Істейтін жұмыс жоқ, мемлекеттің әлеуметтік көмегіне ғана сүйеніп отырған адамдар аз емес. Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономика министрі Серік Жұманғарин жыл сайын ел бюджетінің ең көп бөлігі – 38 пайызы (8-9 трлн теңге) әлеуметтік салаға жұмсалып жатыр деп, шыр-пыр болды. Жұрттың бәрі жұмыспен қамтылса, ауылдағы ағайынның қолында «10 сотық» жері, қорасында «екі сиыры» болса, ешкім әлеуметтік көмекке қарамас еді.
Қуаныш Қаппас