Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 13:15

Субсидиясы 8 млрд «Қызылорда автобус паркі» Нәлібаевтың ғана сөзін тыңдай ма?

«Қызылорда автобус паркі»
Фото: Қызылорда әкімдігі

Өткен жылдың қазан айында Қызылорда қаласында экотакси қызметі қосылған болатын. Мемлекет бюджетінен 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, «Қызылорда автобус паркі» ЖШС теңгеріміне 100 электромобиль алынды.

 Бастапқыда айтылған жоспар бойынша аталмыш көліктер аймақтың экологиялық жағдайына оң әсерін тигізіп, жолаушылардың қалтасына салмақ түсірмеуі керек болатын. Алайда бұл жағдайдан жақында шу шықты. Жергілікті қоғам белсенділерінің айтуынша, толықтай мемлекет теңгеріміндегі кәсіпорынның электромобильдерді сатып алып, такси қызметін жүзеге асыруына заң бойынша рұқсат жоқ.

«Қызылорда автобус паркі» ЖШС осыдан шамамен 10 жыл бұрын аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев болған тұста құрылған мекеме. Негізгі міндеті – жолаушылар тасымалын жүзеге асыру. Осы уақыт ішінде кәсіпорын шетелден автобустар алдырып, қоғамдық көлік мәселесін шешуге тырысып келген. Кейбір ақпарат көздеріне сүйенсек, мекеменің сыртқы қарызы еселеніп өскен, ал сатып алынған техникалардың біршамасы күрделі жөндеуді қажет етіп тұрған көрінеді.

2024 жылдың қазан айында Қызылорда қаласы көшелеріне 100 экотакси бағытқа шықты. Электромобильдердің өндірісі – Қытай. «Қызылорда автобус паркі» ЖШС басшысы жаңа көліктердің электр қуат көзімен жүретінін айтып мақтанғаны есімізде. Алайда кәсіпорынның атқарып жатқан бұл қызметі заңсыз дейді қоғам белсенділері.

«Электромобильдерді мемлекеттік кәсіпорынның сатып алуы бастапқыдан заңға қайшы келді, өйткені «Қызылорда автобус паркі» ЖШС такси қызметімен айналысуға рұқсаты жоқ.

Сонымен қатар «АМЭКС» ЖШС-ның жеткізуші ретінде таңдалуы да күмән тудырады, өйткені жеткізу мерзімінің бұзылуына қарамастан, компанияға айтарлықтай салдар болмады. Бұл жоба жеке такси қызметтерімен бәсекеге түседі, сөйтіп, нарықтық әділетсіз жағдай туғызады, себебі мемлекеттік кәсіпорын қолдау алады, ал жеке тасымалдаушылар өз қаражатымен жұмыс істейді. Тағы ескеретін жайт, Қызылордада ауа ластану деңгейі жоғары емес, сондықтан электромобильдерді сатып алу негізсіз көрінеді», – дейді «Қызылорда облысының тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті Серік Теңізбаев.

Серік Мұстафаұлы экотаксиге қаржы бөлудің орнына, автобус паркін кеңейту орынды болатынын айтады. Метанмен жүретін автобустарды дамыту жолаушылар тасымалы үшін қолжетімді әрі тиімді болатыны анық.

«ҚР «Мемлекеттік мүлік туралы» заңына сәйкес, мемлекеттік кәсіпорындарға рұқсат етілмеген қызметтен алынған барлық кірістер республикалық бюджетке мәжбүрлі түрде қайтарылуы тиіс. Егер бұл заңбұзушылық ресми түрде дәлелденсе, «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-ның экотаксиден тапқан барлық табысы республикалық бюджетке тәркіленуі мүмкін. Бізде «әкім айтты» деген жазылмаған заң бар. Аталған кәсіпорын өткен жылы мемлекеттен 8 млрд теңге көлемінде субсидия алды. Бұл қаражат қайда?», – деп ашынады қоғам белсендісі.

Айта кету керек, облыс орталығында экотакси қызметі қосылған кезде, көпшілік «арзан таксимен жүретін болдық» деп қуанған еді. Алайда бүгінде аталмыш қызметтің құны өзге компаниялардан жоғары болмаса, төмен емес.

Біз бұл істің мән-жайын нақтылап білу үшін «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС-на хабарласып, автобус паркінің директоры Әбдібәкір Маштаевпен тілдестік. Алайда ол кісі сұрағымыздан қашқақтады. «Сәлден кейін хабарлас» деді де, кейін хабарласқанымызда «мұның жауабы интернетте жүр, соны алып пайдаланыңыздар» деді.

Сонымен Серік Теңізбаевтың осы мәселе туралы Фейсбук әлеуметтік желісінде жариялаған жазбасының астына жауапты компания пікір қалдырыпты. Ә.Маштаевтың «өзің іздеп тауып ал» деген жауабы осы болса керек. Онда істің бәрі заңды түрде өткені айтыла келіп, тек жеткізу кезінде мәселе туындағанын айтады. Нақты мәтін мынадай: Алайда автокөліктер шартта көрсетілген мерзімде әкелінбегендіктен, тапсырыс берушімен өнім берушіні мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы сотқа жүгінді.

Өнім берушімен әрбір кешіктірілген күн үшін жалпы сомасы 40,3 млн теңге төленгендіктен, сот тарапынан «АМЭКС» ЖШС-ға мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танылмады».

Алайда ресми жауапта біздің «электромобильдерді мемлекеттік кәсіпорынның сатып алуы қаншалықты заңды, экологиялық проблемасы жоқ Қызылордаға электромобиль не үшін керек?» деген сұрақтарымыз жауапсыз қалған. Тиісті компания бұған жауап бермейді. Сонда шынымен де Қызылордада «әкім айтты» деген жазылмаған заң» бар ма?

Айнұр Төлешова

Қызылорда облысы