Судан келер қауіп азаймай тұр
Жыл сайын жаздың шіліңгір ыстығында судан сая іздеймін деп, шомылуға барып, абайсызда суға кетушілердің саны азамай тұр.
Төтенше жағдай қызметінің құтқарушылары «халықтың шомылу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтамауы қайғылы жағдайлардың көбеюіне ықпал етіп тұр. Судағы қаза болу оқиғаларының көбеюінің негізгі себептері жабдықталмаған жерлерде шомылу және балаларды қараусыз қалдыру» дейді. Биылғы жылдың 1 шілдесіндегі мәлімет бойынша жыл басынан бері елімізде 116 адам, оның ішінде 42 бала суға батып көз жұмыпты. Орны толмас қаза оқыста орын алатындықтан туған туыстың да қабырғасын қайыстырып кетері сөзсіз. Сондықтан төтеншелік мамандар жыл сайын судан келер ажалдың санын азайту үшін барын салып тырысуда.
Атап өтер жайт халықтың көп жағдайда рұқсат етілмеген жерлерде шомылуы қаза болатын жандардың санын көбейтіп тұр екен. Ал рұқсат етілген жерлерде шомылу қауіптің алдын алуға да, құтқарушылардың дер кезінде көмекке ұмтылуына да ықпал етері анық. Осы орайда айта кетсек, биыл су айдындарынан 75 адам, оның ішінде 17 бала құтқарылған көрінеді. Яғни төтенше жағдай қызметінің құтқарушылары осынша жанның ажалына араша түсіп, судан құтқарып қалған. Қызметтері ерлікке бергісіз десек те күнделікті қызметтік міндеті адам құтқарудан тұратын олардың әрекеті жаз басталса қарбалас болып кетеді. Осы орайда құтқарушылар оқыс жағдайда адамдарды құтқарып қана қоймай, жаз басталғалы бері бассейндерде 53 166 баланы жүзуге де үйреткен екен. Дегенмен әр адамның өз басының қауіпсіздігіне өзі жауапты болуының берері зор. «Яғни мүмкіндігінше судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау және рұқсат етілген жерлерде ғана шомылудың маңызы артығырақ екенін әр адам түсінгені жөн» дейді төтеншеліктер.
Рас, еліміздің төтенше жағдай қызметі қауіптің алдын алу үшін барынша тырысуда. Бірақ халықтың төтеншеліктердің ескертуіне құлақ аспауы судан келер қауіпті азайтпай отыр. Еліміздің Төтенше жағдай қызметінің берген мәліметіне сенсек, елімізде шомылуға рұқсат етілген 497 орын бекітілген екен. Ал тұрғындардың осы бір нәрсеге мән бермеуі қайғылы жағдайларды көбейтуде. Яғни жоғарыдағы рұқсат етілген жерлерден бөлек аумақтарға да тұрғындардың үйір болуының соңы қайғылы жағдайлармен аяқталып жатады екен.
Сондай-ақ биылғы жылы су айдындарында суға шомылуға болмайтыны және тыйым салынғаны туралы 4 195 ескерту белгісі орнатылған. Алайда сол ескертуді көре тұра сол жазудың жанында шомылып, сол жазудан асырып суға секіретіндер жетерлік. Сондықтан төтеншелік мамандар суда шомылу маусымы басталысымен тыным таппайды. Мәселен судашомылу маусымы басталғалы бері Ішкі істер министрлігінің және әкімдіктердің өкілдері еріктілермен бірлесе отырып ел ішін аралап жүріп, 16 412 патрульдеу мен рейдтер жүргізген көрінеді. Бұл жұмыстарға 43 888 адам жұмылдырылып, соның нәтижесінде заң талаптарын бұзған 1 417 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.
Еліміздің төтенше жағдай қызметінің келтірген мәліметіне сүйенсек, «дегенмен тынымсыз жұмыс, халыққа түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда шығынның азаюын байқаймыз. Мәселен биылғы жылдыңбасынан бері еліміздің жағажайларында 116 адам, оның ішінде 42 кәмелеттік жасқа толмаған бала суға кетіп қайтыс болды. Өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда статистиканың азайып келе жатқанын байқаймыз. Өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырсақ былтыр 137 адам, оның ішінде 63 бала суға батып қайтыс болған екен. Қайтыс болған адамдардың саны 15,3%-ға, балалардың саны 33,3%-ға азайғаны байқалып отыр. Бірақ бұл мәліметке тоқмейілсуға болмайды. Еліміз үшін әрбір адамның өмірі қымбат. Жай ғана халықтың өз өміріне жеңіл желпі қарауының соңының осынша қайғылы жағдайды көбейтіп тұрғаны өкінішті. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарымызды жалғастыра береміз. Халық жүзе алмаса да суға терең барудан, мас күйінде шомылудан, балық аулау кезінде ережелерді бұзудан, өз күштерін жете бағаламаудан, жүзу құралын дұрыс пайдаланбаудан сақ болса екен. Қиын жағдайға тап болмас үшін, судағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауы қажет. «Шомылуға тыйым салынады», «Сүңгуге тыйым салынады», «Қауіпті!» деген белгілер орнатылған орындарда суда мүлдем шомылуға болмайды. Жүзудің шекарасы белгіленген буйкадан асып жүзбеу керек. Шағын көлемді кемелерге мініп және басқа да жүзу құралдарын пайдаланбаңыз. Тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде суға түспеңіз. Ең бастысы, балаларды су айдындарының жанында қараусыз қалдырмаңыз және ересектердің қарауынсыз шомылуға жол бермеңіз. Су айдынына абайсызда құлап, балық аулау кезінде ережелерді бұзғандардың да суға бату фактісі көп тіркелетіндіктен балық аулауға барғанда өте сақ болғандары жөн»дейді.
Тілсіз жаудан келер қауіптің алдын алу үшін бүгінгі күні төтеншелік мамандар күн түн демей тұрғындар арасында сақтық шараларын жасап, түсіндіру жұмыстарын күшейтуде. Күн ысыған кезде суға кету оқиғаларымен бірге тау басындағы мұздақтардың да еруі күшейеді. Ал бұл өз кезегінде Алматы секілді қалаларда су тасқыны қаупін күшейтпек. Әсіресе соңғы кездердегі аптап ыстықтар таудан келетін су көлемін арттыруына орай Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің де алаңдаушылығын туғызып, кеше ғана Алматы қаласының тауларын арнайы бақылап шықты. Мұздақ көлдердің жай күйімен бірге, төмен түсетін су мөлшерін өз көзімен көріп бақылаған еліміздің төтенше жағдайға Басты жауапты маманы Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевпен бірге Алматының төбесінен төніп тұрған тауларды арнайы аралады. Мегаполистің сел қауіпсіздігін бақылау және мониторинг жүргізу мақсатында мұздақ көлдердің жай-күйіне аэровизуалды зерттеу жүргізу нәтижесінде күннің ыстығына орай мүздақтардың еруінен қауіп қаншалықты екенін бағамдап көрді. Тексеріс нәтижесінде мұздақтар еруінен қауіптің де бары анықталды. Жалпы Алматы қаласының маңайында елу шақты мұздақтар мен Ақсай, Қарғалы, Кіші және Үлкен Алматы өзендері бар. Олардың он шақтысы қауіпті саналса, солардың жетеуінде ағымдағы жылы сел қаупін төмендету бойынша алдын алу жұмыстары да жүргізілуде. Мамандар күннің қатты ысуынан Алматы тауларындағы мұздық көлдердің бұзылу қаупі бар деген шешім шығарып отыр. Сондықтан сел қаупіне байланысты қазір қаланың жоғарғы бөлігіндегі өзен көлдердің жағдайы ерекше бақылауда. Жаздың күндері нақ осы температураның жоғарылауына байланысты халық суға түсу кезінде, мұздақтардың еруінен келер қауіп төтеншеліктерді жиі әбігерге салып жатады.
Осы орайда айта кетсек, өткен жылы Кіші, Үлкен Алматы, Қарғалы және Ақсай өзендерінің бассейндерінде сел қаупінің автоматтандырылған мониторинг жүйесі енгізілген болатын. Бұл өз кезегінде су деңгейін, ауа мен судың температурасын, қала тұрғындарына қаншалықты қауіп бар жоғын, топырақтың ылғалдылығын, жауын-шашынның қарқындылығын, тау өзендерінің жай-күйінің 10-ға дейінгі параметрлеріне автоматты түрде мониторинг жасап, мамандарға дер кезінде ақпарат беріп отырады. Мамандар жұмысын жеңілдеткен жүйе ақпаратты дерк езінде беріп отыруымен ерекшеленеді. Сондықтан мұздақ көлдердің жай-күйін тәулік бойы бақылауда жүйенің маңызы зор болып отыр. Дегенмен жүйе жұмысына сеніп отыра бермей қосымша мамандар тарапынан да жұмыстар атқарылуда. Мәселен тексеріс нәтижесінде мұздақ көлдерден суды ағызу бойынша алдын алу жұмыстарына барлығы қырық шақты адам кірісіп, қажет болған жағдайда бульдозерлер іске қосылатыны, эвакуациялық каналдарды тазалау және тереңдету жұмыстары жоспарлануда. Су тасқыны жағдайларының алдын алып, қалаға төнер қауіпті сейілтуде алдын алу жұмыстарының өз септігін тигізетіні анық. Сондықтан бұл бөгеттер қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз пайдасын тигізеді деп күтілуде.
Және Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мен қала әкімі Ерболат Досаев «Аюсай» шатқалында салынып жатқан селден қорғайтын бөгеттің нысанымен танысты. Үлкен Алматы және Ақсай өзендерінің бассейндерінде 122 сел қаупі бар учаске, 114 мұздық және мұздақ көлдер орналасқан. Желілік қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Ақсай және Аюсай шатқалдарында екі бөгет салынуда. Бүгінгі күні құрылыс белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуін мамандар өз көзімен көріп қайтты. Жалпы Аюсай бөгеті бойынша жұмыстарды аяқтау мерзімі 2022 жылдың соңына дейін, Ақсай шатқалы бойынша жұмыстарды аяқтау 2023 жылдың соңына дейін жалғаспақ. Бұл жұмыстардың барлығы алдағы уақытта Алматы қаласына келер қауіптің алдын алып, су тасқыны жағдайларын болдырмауға сеп болары анық.
Жалпы судан келер қауіптің алдын алуда көптеген жұмыстар атқарылуда. Жылдың төрт мезгілінде тыным таппайтын еліміздің төтенше жағдай қызметінің де еңбегі зор! Сондықтан алдағы уақытта судан келер қауіп азая берер деген үміт мол!