Судан сақтанайық!
Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше, жыл басынан балалардың суға кетуі жиілеген.
Бұған құтқарушы мамандар алаңдаулы. Биыл Сыр елінде жазатайым 18 суға кету оқиғасы тіркелсе, 12 бала «тілсіз жаудың» құрбанына айналған. Иә, бұл сан үрейіңді ұшырады. Енді өткен жылдың цифрларына зер салсақ, былтыр 12 адамға суға кетсе, оның төртеуі бала. Ал 2019 жылы 26 адамның ажалы судан келсе, өкінішке қарай, оның 10-ы, 2018 жылы 22 жағдай тіркелсе, оның 8-і балалар. Облыста суға түсу маусымы ерте басталып, кеш аяқталады. Мұны сала мамандары жылда хабардар етіп, қауіпсіздік шараларын алдын ала ескертіп отырады. Дегенмен жедел-құтқару жасағы берген деректерге қарағанда, балалардың түрлі жағдайда суға кеткенін байқауға болады. Бірі мал суару кезінде каналға ағып кеткен, енді бірі абайсызда арыққа құлаған, суға түсу кезінде жүзуді білмегендіктен, мұздың ойылуынан, ата-аналарымен демалыс орындарына барғанда қараусыз қалғаннан т.б. Құтқарушылар жаз айларында отбасылық кештерді табиғат аясында ұйымдастырушылар көбейетінін айтады. Басқа облыстардан арнайы келіп, тынығуды әдетке айналдырғандар да жетерлік. Қызыққа кенелген отбасы балаларын еркіне қояды. Ойын баласы су жағалап жүріп оқыс оқиғаға кезігеді. Мұндай деректер жылда тіркеледі екен. Бұл туралы жедел-құтқару жасағы басшысының орынбасары Мейрамбек Доспенбетов айтып берді.
– Қазір суға түсу маусымы басталды. Біздің ұжым күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті. Кезекшілік пен рейдтік шаралар тұрақты ұйымдастырылуда. Десек те, жыл басынан бері 18 адам суға кетті. Оның 12-сі бала. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш еселеніп отыр. Негізі, балалардың суға кетуінің бірден-бір себебі – өңірде шомылуға арналған орын саны шектеулі. Бірі «Арай» паркіндегі «Сыр самалы» болса, екіншісі Белкөл аумағында орналасқан. Олардың жұмыс уақыты белгіленген. Ақысы да жылдан-жылға көтеріліп отыр. Көпшілікке қолжетімді емес. Сондықтан тұрғындар жақын маңдағы көл мен каналдарға барады. Дәл қазір дарияда су аз. Жұрт тартылған су терең болмайды деп ойлайды. Ал, шындығында, су тартылғанда терең тұстары көлшік болып қалады. Судың аз екенін көріп, таяз ғой деген оймен балалар суға түседі. Жүзу білмейтін бала бірден батып кетеді. Сол себепті қазір жағажайлар қатаң бақылауға алынған, – дейді ол.
Осы орайда, құтқару жасағының мамандары жазғы лагерьлер мен мектеп жанынан ашылған шағын тынығу лагерьлерінен арнайы ұсыныс болса, «балаларға суда жүзу ережелерін үйретеміз» деген ойларын да білдірді. Оқыс жағдайлардың көбеюіне жеткіншектердің өз беттерінше су жағалауына баруы да себеп болып отыр. Төтенше жағдай министрлігінің азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің мәліметінше, биылғы бес айда еліміздің су айдындарында 34 бала қайтыс болған. Бұл көрсеткіштің өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда 67 пайызға өскені байқалады. Құтқару жасағы техникалық құрал-жабдықтармен қаншалықты қамтамасыз етілген? Көкейдегі сұрақтарға жедел құтқару жасағы басшысының орынбасары Мейрамбек Доспенбетов былай деп жауап берді.
— Құтқарушылар төтенше жағдайлар министрлігі бекіткен ережеге сай әрекет етеді. Су астында қанша уақыт болу керектігі де арнайы көрсетілген. Оқиға орнына бір бригада жетеді. Құрамында бес адам болады. Кейде бір күнде бірнеше оқиға тіркелгенде мамандар жетіспей қалатыны рас. Ондайда ережені бұзуға тура келеді. Суға кеткен адамның ағайындарының халін көріп, іздестіру жұмыстарын жалғастыра береміз, – дейді ол.
Ал облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Исмағұлов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте шомылу маусымының басталуы және ауа райының қатты ысуына байланысты адамдардың су айдындарындағы қауіпсіздігі өзекті болып тұрғанын айтты. Қазір судағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар қолға алынған. Облыс әкімінің төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссияның отырысы да жақында өткен. Онда қала мен аудан әкімдіктеріне және тиісті мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берілген. Суға шомылатын жерлерді анықтап, жергілікті кәсіпкерлерді тарта отырып, талапқа сай коммуналдық жағажайлар ашу керектігі де тілге тиек етілді.
Сондай-ақ суға түсуге қауіпті аймақтарға 188 ескерту тақтайшасы орнатылған. Халық арасында үгіт-насихат және қауіпті учаскелерге бақылау жүргізу үшін облыстық төтенше жағдайлар департаменті тарапынан күнделікті сағат 15:00-ден кешкі 22:00-ге дейін рейдтік шаралар ұйымдастырылуда. Қазір Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 364-бабы бойынша 13 адамға ескерту шарасы жасалған. Талғат Исмағұлов ата-аналарды балаларды бақылаусыз қалдырмауға, ересек азаматтарды су жағасында демалу кезеңінде ішімдік ішпеуге, өз қауіпсіздігін сақтауға шақырды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Шірімбекұлының айтуынша, облыс аумағынан өтетін Сырдария өзенінің ұзындығы – 1274 шақырым. Мұнан басқа, 19 ірі, 220 шағын канал болса, 207 көл бар. Сонымен қатар 64 қауіпті учаске анықталған. Қала аумағында орналасқан 54 мектептің оқушылары мен ата-аналарына Whatsapp желісі арқылы топтар ашылып, күнделікті түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. 263 оқушыға онлайн режимде «Судағы қауіпсіздік ережелері», «Суда зардап шегушілерді құтқару, дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдері» бойынша сабақ өткізілген. Бауыржан Шірімбекұлы балалардың суға кету жағдайын азайту үшін бассейн санын арттыру керектігін айтты.
Осы орайда, ТЖ департаментінің ұсынысымен Жалағаш ауданында жабық бассейн құрылысы жүргізілуде. Бассейн жақын арада пайдалануға берілмек. Тілсіз жаудың құрбанына айналған бала санының не себепті артқанын білу мақсатында жауапты мамандардың жұмысы жүйелі екеніне көз жеткіздік. Кінә өзгеде. Яғни ата-ананың жауапкершілігі, баланы қадағалаусыз қалдыруға болмайтыны айтпаса да түсінікті. Балаға судан келер қауіпті мейлінше түсіндіріп, санасына сіңіру қажет. «Сақтықта қорлық жоқ» екенін естен шығармаған жөн. Осы мақала жазылып жатқанда Арал ауданында тағы бір баланың суға кеткені жөнінде хабар келді. 2006 жылғы жасөспірім туған-туысымен суға түсуге барған кезде батып кеткен. Баланы судан жақындары алып шыққан. Судан абай болайық, ағайын!