Суданда тырысқақ індеті 852 адамның өмірін қиды
Суданда тырысқақ індетінен қаза тапқандар саны 852-ге жетті.
Судан Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдемесінде елде тырысқақ ауруын жұқтырғандардың жалпы санының 29 мың 147 адамға жеткені айтылды.
Суданда маусым айынан бері толассыз жауған жаңбыр мен су тасқыны тырысқақ ауруының өршуіне себеп болды. Судан үкіметі 12 тамызда тырысқақты эпидемия деп жариялады.
Біріккен Ұлттар Ұйымының гуманитарлық істерді үйлестіру басқармасы қазанның 1-і күні 3,4 миллион судандық балаға індет қаупі төніп тұрғанын хабарлады.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры (ЮНИСЕФ) 5 қазанда Суданға тырысқаққа қарсы 1,4 миллион доза вакцина жібергенін жеткізді. Соғыс жүріп жатқан Суданда індеттердің өршуі денсаулық сақтау жүйесі тиімсіз болған кезде адамдардың өмірін қиындатып жатыр.