«Суды ұмытыңыз, қария!» Жамбылда желге ұшқан 738 миллион
Қайбір күні Бас прокуратура Жамбыл облысы Қордай ауданы Сарыбастау ауылында құжат бойынша 12,3 миллион теңгеге салынуы тиіс болған су мұнарасы салынбағанын анықтап, тергеу барысында аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы, «Қордай су» МКҚ директоры және кәсіпкер үшеуі 6 миллион 500 мың теңгені өзара бөлісіп алғанын анықтағаны жайында ақпар таратты.
Бұл іс бойынша кінәлілер жазаланып, алды 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұл ақпарды мысалға алуымыз – Талас ауданы Қаратау ауылдық округіне қарасты Есейхан ауылына 2018-19 жылдары ауылдықтар сапалы ауыз су ішсін деп мемлекеттен 738 миллион теңге бөлінсе де, тұрғындар бір күн де таза су ішпеген. Қыруар қаржы желге ұшып, «іс бітті, қу кеттінің» кері болған.
Ғани Бекбердиев, Есейхан ауылының тұрғыны: «Ауыз су ауылымызда бір күн де берілген жоқ. Тамшы су тамған жоқ. 700 миллионнан аса мемлекеттің ақшасы желге ұшты. Бұл «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша салынады деді, қаржысы жоғарыдан бөлініп қойған деді де жұмысты апай-топай бастап кетті. Жергілікті халықпен санасқан да жоқ. Әйтпесе, ауылда екі үйдің бірінде құдық бар. Мұның қатты бір қажеттілігі де жоқ еді. Оның орнына медициналық орталық салып берсе, үлкен жолға қосатын 12 шақырым жолымызды асфальттаса, тіпті газ тартып беруге болатын қыруар қаржы ғой. Білмеймін, қандай адамдар жобаны қараған? Өзі тастақты, таулы-қыратты жерден ылдидан өрге қарай су жүргізе ме есі дұрыс адам? Қалай болса солай қазды, жерімізді қопарды, топырағын алды, орны бомба түскендей үлкен шұңқыр болып қалды. Елге, халыққа, мемлекетке жаны ашымайтындардың тірлігі ғой.
Көршілес күрдтердің ауылы Қасқабұлаққа қызығамыз. Бізбен бірге жасалған ауызсулары сарқырап ағып тұр. Көшелері тақтайдай тегіс асфалт. Түнде самаладай жап-жарық. Камералар орнатып қойған. Облыс әкімі дейсіз бе, аудан әкімі дейсіз бе, қандай басшылар болмасын айналшықтап, сол ауылдан шықпайды. Бар жағдай соларға жасалған. Біздегі жағдай – осы. Не су жоқ, не жарық жоқ. Газдың қашан тартылатыны бір Құдайға аян. Жолымызды көрген боларсың. Облыс әкімдерінің ешқайсысы келген емес. «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына күйінемін» деп осындайда айтса керек».
Кәдірбек Мырзақұлов, Есейхан ауылының тұрғыны, зейнеткер:
«Ауылға ауыз су тарту жұмысы өте сапасыз, қалай болса солай істелді. Біз Сырлыбай екеуміз барып, кеңесімізді айттық. Бірақ құлақтарына ілмеді ғой. Қазір техниканың заманы, анау-мынау деп. Не болды ақыры – әр-әр жерден жарылды, ауыл сусыз қалды. Енді қазір көшеге жарық жүргізіп жатыр. Оны жердің астымен тартуда. Бұл тірліктері де шикі болып шықты. Қазір тиісті мамандар рұқсат бермей, жарық жанбай тұр. Ауылымызға көзімізді ашқалы жасалған игі іс – биыл көшемізге 1,5 шақырымдай асфальт төселді. Сәл ені тарлау, бірақ болады. Бұған да рақмет. Олар бірақ ауыз судың колодецтерінің үстінен төсеп кетті. Ертең судың адамдары келіп қайта қазып жүрмей ме деп сұрадық. «Суды ұмытыңыз, қария» деп күледі».
Манат Қамысбаев, ауыл тұрғыны:
«2018-2019-шы жылдары Жамбыл облысы Талас ауданы Қаратау ауылдық округіне қарасты Есейхан ауылына ҚР Президентінің «Шалғайдағы елдімекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету жобасы» бойынша «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында 538 000 000 (бес жүз отыз сегіз миллион) теңге көлемінде бюджет қаражаты бөлінгені туралы мұнда естіп-біліп жатырмыз. Оған қосымша ауылымызға ауыз су жүргізу барысында, мердігер тарапынан ауылымыздың жерлері тау-тас болған, су құбырларын жүргізетін трассаны қазу жұмыстары қосымша шығындарды талап етіп жатыр деген желеумен тағы да 200000000 (екі жүз миллион) теңгеден астам қосымша жұмыстарға келісімшарт жасалғанын білдік. Ауылымызға ауыз су жүргізу жұмыстарына мемлекеттік сатып алу жұмыстарын Талас ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі мемлекеттік мекемесі жүргізіп, аталған мемлекеттік сатып алу жұмыстарының жеңімпазы болып «Монолит-Дизайн 2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі танылған екен. Бұл бойынша ауыл азаматтары бірігіп, Жамбыл облысының прокурорына арыз жаздық. Бірақ нәтиже жоқ. Қордайдағы ауыз су бойынша ұсталғандарды естіп жатырмыз. Олар мыналардың жанында «шабақтар» ғой. Мынау «шортандардың» ісі. Шамасы келмей жатыр ма, қайдам».
Соңғы уақытта ауылдан жағдайы барлар арысы Таразға, берісі Қаратауға қарай көшіп жатыр екен. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» дегендей, ауылда бар жағдай жасалған болса, «айранымызды ұрттап, қойымызды құрттап» отырмаймыз ба қарағым», дейді көршілес күрдтер тұратын ауыл Қасқабұлаққа қызыға қараған ауыл тұрғындары...